Ермек Қаныкейұлы. Артық адам

Ермек Қаныкей - 21.09.20192229

Жасы қырық бестер шамасындағы ер адам автобус күтіп, аялдамада тұр. Қолында ықшам сөмкесі бар. Күн райының қолайсыздығына қарамастан, тым тараш киініп алыпты. Басында шляпа, үстінде сыдырмалы қалтадан көз сүрінетін былғары күрте, бұтында джинсы, аяғында табанының биіктігі бір қарыс қара сапок. Оған жұрттың көбі назар аударып қарайды. Бірақ, адамдар оны ұзақ бақыламады: таңғы қарбалас кезі, әрі мұндайлар Алматыда аз емес қой. Тек бір ғана болжам жасауға болатындай: бұл пақыр еліктеп, солықтауға көп салынған, бәрі болғысы кеп, ақырында өзін-өзі жоғалтып алғандардың қатарынан емес пе екен!

Ол жұртпен бірге терлеп-тепшіп, асығып кеп тоқтаған 38-ші автобусқа отырды.

Күзгі жаңбыр жақында айығатын түр білдірмейді және мол жауып тұрғанын автобустың төбесіне сатырлағанынан сезуге болады. Аспанды тұтып алған қорғасын бұлт жердегілерге салмағын салады. Жол жиегіндегі жапырағын жоқтап жылаған ағаштардың көз жасы асфальттың бетіне бекер тамады. Оны автомобильдердің ауыр доңғалақтары басып-жаншып, өзіне қайта шашады. Автобустың ішіндегі жұмысқа асыққан адамдардың ісіне бозарған жүздерінде бір көңілсіздік бар. Әсіресе, аналарына сүйеніп отырған бастауыш сыныптың оқушылары қалғып-шұлғып сабаққа барғысы келмейтінін білдіре ме, қалай? Ал буланған терезеден сыртқа үңілсең, лай суда жүзіп жүргендей сезінесің. Көз алдыңа қаптаған қалың сұлбалар келеді.

– Өй, жоқ дедім ғой, жоқ! – деп қолын жайып манағы сәнқой адам біреуге сөйлеп жатыр. Қасында бала көтерген сыған қатыны тұр. Кетпейді. Безбүйрек бетінде «мүмкін емес» деген сенімсіздік бар.

– Өй, өзі, айтсаң сенбейді, міне қара! – деп қалтасынан «оңай» карточкасын алып шығып, терминалға жапсыра қойып еді, қызыл белгі баж ете қалды. – Әне, көрдің бе, кіре салып басқам, сол кезде жасыл жанған, мектепте математикадан бақылау жазғанда мұғалімдердің «дұрыс» деп қоятын белгісі бар ғой, сол сияқты. Сен оны білмейтін боларсың! – деп ұзақ-сонар шұбырта жөнелді. Неге ақталып жатқанын өзі де сезбей, сасқалақтап жатыр. Анау сонда да кетпейді, қанға сіңген ата кәсіп пен тым тәсілқойлық біздің стилякты босататын емес.

– Өй, мынау қызық екен! – деп жан-жағына жалтақтап, өзінен-өзі қуыстанған ол ақыры бар құпиясын ашып салды. – Саған беретін ақшам жоқ, себебі, әйелім мына сөмкеме түсте жейтін тамағымды, ал мынаған деп, – қолындағы «Оңайын» төбесіне көтеріп тұрып, – ары-бері жүретін 160 теңгені салып берген!

Автобустағылар қыран-топан күлісіп жатыр. Арасында күлмегендер де кездесіп қалды. Соның көбі еркектер екенін пакеттері мен боқшаларын тыққыштағанынан байқауға болады.

– Өтірік жылтырағанның сазайын тартың ба, бәлем! – деп бір қатын оны қағытып қалды.

– Жігіт-ақ екен, жұмысқа барып қана келетін, ал автобус сынып қалса, тағы сол сияқты, онда қайтесің? – деп кекету мен «жанашырлығын» қосақтап тұрып, түйреп өткен қатпа қара, мұндай да жағдай болады дегендей, бетінде алақанның суреті бар екі жүздікке әр түрлі мағына беріп, қайыршы қатынға ұстата салды.

– Қасірет қой мынау, адам мүмкіншілігінің жеткен жері біздің ғасырда осы ма?! – деп бір жас жігіт қайғылы сұрақ тастады. Тегі, ақын немесе ақын болғысы кеп жүрген біреу болар. Автобустың ішінде күбір-сыбыр көбейіп кетті. Мына жайтқа кейбіреулер тіпті мән беріп те жатқан жоқ, құлақтарына құлаққап салып алған, естімейді, өзімен-өзі күліп, сөйлесіп тұр. Алдыңғы жақта бір қатын саясатқа кетті: «қазақ», «тозақ», «азап» деп тақпақтағанда таңдайы тақ-тақ етеді, нені мегзеп жатқаны белгісіз, өзі бір сөйлеуік екен, ал сөзі жазып болмастай былапыт-боқтау. Опозицияның көшедегі нұсқасы. Біздің пақыр жым-жырт.  

Оқырманға бұдан әрі жұмбақтай беру өз тарапымнан көргенсіздік болар және кім көрінгенге жәбірлетіп соншама не жетті деп сыншылардың сынына ұшырап қалмай тұрғанда, таныстырып өтсем, бұл адамның есімі – Жақсылық еді. (Өзіме көп жайт кейін мәлім болды.) Өсіп-өнген атаның баласы. Өмірде көп қиыншылық көрмеген. Өзіне шақ білімі де бар. Аздап жеңіл-желпі сатиралық кітаптарды оқып жүреді. Бейімбетті пір тұтады. Жас кезінде ақын болғысы келген. Бір танысы ақын болу қазір «невыгодный» деген соң, бастамай жатып, таза тастаған. Қаланың оңашалау ықшам ауданның бірінде қырық шаршы метр жалға алған пәтері бар. Үш баланың әкесі. Әйелі өзінен бір мүшел кіші болған соң, «топырлатып» ол, әлде бұл тудырып тастады. Үй кішкентай болса, бала көп сияқты көрінеді екен. Аты ұзын, айлығы аздау, президент, вице-президент дейтін лауазымды тұлғалар басқаратын бір ЖШС-да жұмыс жасайды. Оларды өмірі көрген емес, Есілдің бе, Елисейдің бе, бір жерінде тұрады-мыс.

Жаңа автобуста бір нәрсені бүгіп қалды. Бүгін жалақы алатын күні. Ана қатын қалмай қойып жүрер деп қорқып айтпаған. Іштей жасап қойған жоспарлары бар: балаларға тосын сый жасамақшы еді.

– Бала деген бар мен жоқты қайдан білсін! – деп марқұм шешесі айтқандай, екі кішкентайы самолет пен машина аламыз деп жүр. Әрине, ойыншығы, бірақ таза темірін көздеп қойған. – Әке, айлығыңызды алғанда деп... күту мен үмітке толы өтініш айтқанда, Жақсылықтың жүрек тұсы шым ете түскен. Бұдан былай «айлық алғанда» дейтін сөзді айтпауымыз керек екен, мынау әкелер мен шешелердің қулығы ғой. Басқа табыс жоқ екенін ел естімесін. Жақсылық жұмысының аты мен айлығын сұрайтындардан қатты жапа шегеді. Бірі тым ұзақ та, екіншісі... соны екі есе қосып айтса да ел күңіреніп кетеді.

Жақсылық аман-сау аялдамасына жетіп түсіп қалды. Шіркін, ауаның таза екенін білгің келсе автобусқа отыр: шыққанда сезесің. Ол Сайынның ар жағына шығып, Фарабимен жүрмесем болмайды екен деп ойлады. Қалада, бір жақсысы автобуста болған нәрсе онымен бірге кетеді. Шектен шыққан бейғамдық, ұрыс-керіс, шаншу сөз, қорлық пен мазақ, жарқ-жұрқ етпе махаббат та. Әсіресе, соңғысы қиын. Қобалжытады. Бірақ ол да ұмытылады.            

Қаланы ерінбей-жалықпай шеңбер жасап айналып шығатын бұл автобус адамдардың неше түрлісін көрсетеді. Жолдың да жаңасын, ескісін, салынғанын, салынбағанын да. Көпірлердің үстімен де, астымен де жүреді. Даңғылдармен жүйткиді, ұзын, қысқа, шолақ көшелерге бұрылады, кейде тіпті тротуарларға да шығып кетеді. Шаһарға шаруа күйттеп келгендерді де, жұмысы бітіп кеткендерді де салып ап, бір күн бойы бір жолмен ғана жүретін оларды ақыл-ойы бар адамдар басқарады.

Үш бағдаршамнан, үш жаяу жүргіншілердің жолынан, алты ұзын, алты шолақ көшеден өтіп, кеңестік кезеңнің сұп-сұры бетон үйлерінің арасындағы көктен түскен мөлдір мұз сияқты ғимаратта орналасқан жұмысына жеткен Жақсылықты қызметтес күзетші Рысқұлов жағымен және екі аялдамадай жаяу жүріп келгенін айтқызбай білді. Шляпасының ернеуі құлап жатыр, су күртенің жауырынына сіңіп қапты. Ол да дайын отыр екен. Бұның шляпасын ілгішке емес, төмен қараған раушан гүлі сияқты лампаға ілді, күртесін аударып апарып жылу жүйесіне жапты. Амал жоқ күтуге тура келді. Кепкен соң өзінің киімін Жақсылыққа, оныкін өзі киіп ап шығып кетті. Бұл күндіз, ол түнде істейді. Оның қайда баратынын ешкім де ешқашан білген емес: қатын-бала, арман-мақсат дегеннен жұрдай. Болған екен, қазір жоқ!..

Жұмыс басталды. Шлагбаумдар, жылжымалы есіктер, лифтілер іске қосылды. Кабинеттер, коридорлар, әжетханалар ашылып,  адамдар жүре бастады.

– Жақсылық Қабенович сіз директордың қабылдауына шақырыласыз! – деп хатшы қыз телефон шалған соң, ол қабылдау күтіп отыр. Бұл өзі жаңа келген басшы. Келгеніне ай болса да оны құттықтап келушілерден алды бір сәт те босаған жоқ. Ал кезек күтіп отырғандар әлі де көп. Кеше кезекке жазылып кеткендердің де бар екенін естігенде Жақсылық түк те түсінбеді. Тек хатшы қызға қарап қояды, ол жылы жымиып күледі, өзі бір ілтипаты мол, көргенді бала.

Түс болды. Түстен ауды. Үш болды. Жақсылықтың қарны ашты. Көзіне кешегі қара көже елестеді. Ойша сөмкесіндегі ас құйған ыдысын алды. Ішінде қойдың төсіне таман орналасқан қысқа бұғана қабырғасы бар екен. Бала кезінен жақсы көретін асы. Әуелі қабырғаны алып шықты. Түбіндегі шеміршегінен тістеп тұрып, басына қарай қабыршақ етін сыдырып апарып жеді. Сосын, имек басын тісімен тістеп, қалып қойған еттер жоқ па екен деп тексерді. Тіске ілінбейтін еттерді, тілімен тазалап шықты да, қабырғаның түбіндегі кемік майын қатты тістеп, «сорып» алды. Сосын, қабырғаны қасық орнына пайдаланып, кеспені имек басына іліп ап, жей бастады. Қалайы қасықтан гөрі қабырғамен кеспе жеген ғажап! Байқап көр! Әсіресе, наны қолмен иленген кеспе көжені немен салыстыруға болады. Тек ет болмаса! Сосын, сорпасын ішіп салды да, қатық болғанда қатып кетер еді деп ойлады. Ал арасына сыр мен шұжық салып, целлофанға ораған қос тілім нанды былай алып қойды, пакеттегі малма шайға қайнақ су, екі түйір қант пен сүт қатып, күрешкемен ішіп отырып, самауырдың шайына не жетсін деп те қиялдады...

– Жақсылық Қабенович, сіз директордың қабылдауына шақырыласыз! – деп хатшы қыз сыңғыр ете қалғанда, мен осы сөзді қашан естіп едім деп аңтарылып қалды. Қыз жылы жымиып, есік ашып тұр. Өй, өзі бір әйбәт бала, осындай балаларды бастықтар қайдан тауып алады екен деп ойлап келеді. Бөлменің төбесіндегі хрусталь шамдардан бөлменің орта тұсына алтын арай төгіліп тұр. Шамасы күн кешкіріп қалған сияқты. Терезеден сыртқа көз тастап еді қараңғы тәрізді, әлде перде жабық па, онда ол да қара болды ғой, көше шамдарының жарығы байқалмайды. Қызық екен! Бұрыш-бұрыштарға күңгірт көлеңкелер орнап апты. Ортадағы ұзын столға дейінгі жер бітпейтіндей көрініп келеді. Столдың ар жағында тағы соншама жер жатыр. Бөлменің биіктігі мен ені ешбір уақыт пен кеңістікке сыймайтындай.

Жақсылық жаңа бастыққа қарап қапты. Шашы қап-қара, бірақ мұрты мен қасына қырбақ бурыл кіріпті. Көз ұясы шүңіректеу біткенімен аясы ашық, мөлдір мейірім бар, әлде қарашығының көгілдір түсінен бе екен? Жалпы бет әлпетінде еркектерде сирек кездесетін тартымдылық бітіпті. Отырған отырысынан ширақ, қағілездеу, шапшаң адам екені аңғарылады. Ол Жақсылыққа кіріп келе жатқанда қарағандай боп еді. Қазір екі шынтағын стөлінің үстіне қойып, қолдарын иегіне тіреп ап, алдындағы «жеке парақтар» тігілетін құжатқа қадалып қапты. Мына иттің күттіргені аз болғандай, мына отырысы не, тағы? Осы ой Жақсылықты аш қарнынан арман ішін тырнап өтті. Көзіне өшпенділіктің жылан жүрісі атойлап шыға келгенін жасыра алмай, анаған назарын наразылау тастады. Оның да күткені осы болу керек, Жақсылыққа орындығымен қоса шалқайып елеусіздеу көз тастап алды да аман жоқ, сәлем жоқ, құйтырқы сұрақ қойды.

–  Сенің мына жүрісің не жүріс? – деді ұялы телефонының бетін түріткілеп отырып.  

Мынау сасып қалды. Әйтсе де, үнсіздік көпке созылмады.

–  Бұл сұрақты бұрын да естігем, бірақ қанша рет екені есімде жоқ, шамалауымша аз емес-ау! – деді Жақсылық.

–       Кімнен?

–       Қатынымнан!

–  Солай де! – анау осы сөзге ерекше екпін түсірді. – Ол не қылмадың дейді?

–  Соны енді сізден сұрасам деймін? – Мынау тағы бір ағаш оғын атып жіберді.

–  Солай де!.. – Бастық бұған енді байыптап қарады. – Өй, өзің маған ұқсайтын сияқтысың ғой? – деп Жақсылыққа ыңғайсызданғандай көз қадады. Көзі көк бадырақтау адамның таң қалғаны қызық екен!

–  Мен де соны байқадым. Сізде мұрт бар, ал менде ол жоқ, қасым да ағармаған – деп Жақсылық тәптіштеп түсіндіріп жатыр.

–  Жарайды, мен тырнағымды алып алайын, ал сен ойлан! – деп бастық тартпаларын суыра бастады. Тырнақ алғышты Жақсылық оған өзі ұсына қойды. 

– Жағымпаздау жігітке ұқсайсың? Шыныңды айтшы, жалпы қандай адамсың? – деді тырнағын тырсылдатып алып жатып.

–       Атаққұмармын! – деді Жақсылық.

–  Анаң қара! Жә, бір-бірімізді қыжыртуды қояйық та мына дүниеде атаққұмар емес адам бар ма өзі, сенікі соның қай түрі?

–  Мен балаларыма жақсы әке болуды армандаймын. Айталық, олардың жанында күнде боламын. Бірақ, естерінде қаламын ба, жоқ па, міне сол мені ойландырады. Бүгін олардың қалауын орындасам деймін: ол машина мен самолет, мүмкін осыны естерінде мәңгі сақтап қалатын шығар. Байқайсыз ба, мен есте қалғым келеді! – деп Жақсылық қарап отыр.

–  Еске алу мен есте қалу де, мен де содан қатты зардап шеккен адаммын, – деді ол жан-жағына байыптап қарап, бейне бір бәрін жаңа көріп тұрғандай. – Әкем мені әкелік махаббатпен құшағына қысқаны есімде жоқ!

–  Жо-жоқ, олай демеңіз! Сізді әкеңіз құшақтап тұрып, мүмкін қуанды, мүмкін жылады, менің оған күмәнім жоқ! – деді Жақсылық, – тек ол шақта сіз есіңізді әлі білмеген болуыңыз керек.

–  Мүмкін! Қазір де біліп кеткенім шамалы...

–  Ал, мені әкем құшақтаған, себебі ол қорыққанынан құшақтады. Маған кәмелеттік жасқа жетпей жатып мотоцикл алып берді және алғаш рет артыма мінгесіп ап, оны жүргізуді үйретті. Мен өзі бала кезімнен дарақылау едім, атқа мінсем тұра шабам, бір түрлі қанат біткендей болады. Сол шақта да жылдамдықты арттырып жібердім білем. Міне, сол кезде әкей зәресі ұшқан болуы керек, мені құшақтап алғанын сезбей қалды. Бұл мені соншалық елеуретті, бірақ есімде.  

–  Сенің еңбек тарихыңды қарап шықтым, – деді ол ұзақ үнсіздіктен кейін өзара әңгімені мүлде басқа арнаға бұрып. – Байқаймын, бір орында жиырма бір жыл қызмет ету, жылжу емес, батпақтау! Сондықтан, ертеңнен бастап, жұмыстан босатыласың!

– Неге?

–  Өзгеру үшін! Бұл сенің қамың, ал менің қамымды өзін-өзі бір орыннан жылжыта алмағандар қалай ойлайды, сосын мен саған не үйретемін...  сендер өткені бар, болашағы жоқ адамсыңдар...

–  Өзгеру сізге лайық болуы мүмкін, ал менің жеткен жерім осы! – деп Жақсылық оған шарасыз кейіп танытты. 

–  Сен артық адамсың! «Пенсионерсің» түсіндің бе?

–  Ал, сіз ше?!

–  Мен де!

–  Сонда кім қалу керек?

–  Үшеуіміздің, тек біреуіміз!

–  Ананың не жазығы бар? – деп Жақсылық өзінің сыңары туралы ойлап, шырылдап кетті.

Жақсылық бастықтың кабинетінен қашан шыққаны, тіпті сонда болған болмағаны да есінде жоқ. Қызметтесі келмепті, келіп қалар деп біраз күтті. Жоқ! Бүйтпеуші еді. Амал жоқ, ыңғайсыздау болса да жұмыс киімімен жолға шақты. Оған енді ешкімде назар аударған жоқ. Ол Төле би көшесімен Панфиловқа дейін жаяу келді. Биылғы күрделі жөндеуден кейін осы көшемен жүруді ұнатады. Әсіресе, түнгі шамдары жанған кезде жаныңа ғарыштық бірдеңе құяды.

Жаңбыр кешке таман сіркіреп жауып кетті. Бұл тіпті керемет болды, шамдардың күңгірт жарығы мұң тербейді: сенің жылап алам десең де еркің. Кім байқайды! Төле би көшесінің бойында ашық күні қаланың әсем көшелерін сыпырып, су шашатын «ойыншық» тракторлары тағдырдың тәлкегіне ұшырағандай күрегіштері мен сыпыртқыларын түсіріп тізіліп тұр. Қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақпен қала бағытындағы автобустар асықпай-саспай ауыр қозғалады. Оны экспоның шолақ тұмсық кішкентай автобустары рұқсат етілмеген жолмен басып озып, заулап барады. Бейне бір көлшікте жүгірген шошқаның торайы сияқты. Тротуарды жағалап аққан жаңбыр суы арықпен ақпағанына ыңғайсыздана ма қалай, қысылып ағады.  

Ол көше жиегіндегі әлі де ашық тұрған дүңгіршектен ыстық шай алып ішті. Бүгінгі түскі тамақ сол күйі желінбей қалды. Сөмкесіндегі арасына сыр мен шұжық қыстырған нанды алып жесем бе екен деп тұрды да сатушыдан ұят болар деп ойлады әрі бірдеңе жегеннен гөрі, бірдеңе ішкісі келетін сияқты. 

Сыртта мойнынан су кетіп, сүлкіні түсіп біраз жүрді де оңашалау бір кафеге кіріп, екі саптаяқ сыраны сіміріп алды. Көңіл әп-сәтте кеңіп сала берді. Қалтасын қайта-қайта қысып қояды. Қомақты ақша бар – бақандай 110 АЕК. Соның 55 АЕК-і өзінің таза еңбекақысы, ал қалғаны қайдан келді, оны бастық біледі. Ол сұрап еді анау сауалына саусақпен ернін басып, сосын сол саусағын есікке қарай нұсқап тұрып, Жақсылықты жылы шыраймен шығарып салған. Қолына бір қорапты ұстатып жіберген. Сол бастығы берген қағаз қорапта не бар екен деп оған да қарап қояды, бірақ ашқан жоқ.

Тап жанында Опера және балет театрының әсем ғимараты төбесінде көк туы желбіреп тұр. Алдында адамдардың қарасы көбейген. Біреулер гүл құшақтап кіріп жатыр, біреулер біреулерді тосып жүр, тағы біреулер біреулерді күтіп алып жатыр, енді біреулер қолшатырдың астында оңаша сөйлесіп, ұрлана сүйіседі. Жеңіл машиналардың да түр-түрі келіп, тоқтап жатыр, кетіп жатыр. Шлагбаум кейбірін кіргізеді, кейбірін кіргізбейді. Бұларды да алалай ма қалай, әйтсе де бәрі әдемі, бәрі сұлу, басқа бір өзгеше әлем. Жақсылық өзін театрда отырғандай сезінді. Тұрып-тұрып бағдаршам жанған кезде Қабанбайды кесіп өтіп, театрдың алдына келді. Фонтанды жағалап кеп, сол жағындағы афишаға қарап еді Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсының жаңа қойлымы жақында болады деген хабарландыру ілініпті. «Шаштараз» түсінікті, ал Севильдік деген не? Қала болуы керек деп жорамалдады. Ғимараттың батыс жақ қанатында Дж.Вердидің «Риголеттосы» ілініпті. Бүгін болатын опера осы екен. Сол жағында тағы бір «Коппелия» деген балет тұр. Тіпу, бәрі де біздікі емес қой! Сөйтсе де, «Риголлетоға» кіргісі келді. Сағатына қарап еді 6-дан 25 минут кетіпті. Билеті де жоқ, оны қайдан алатынын да білмеді. Кассаны қарап еді, жабық сияқты. Ал киімінің ыңғайсыз екені және аздап сыра сасып тұрғаны өзіне жақсы сылтау болды. Сөйтіп, романдарда болатындай бұрыла беріп еді: жанына жоғарғы класстың қара мерседесі кеп тоқтай қалды, ішінен әсем аяқ сыртқа кербез шығып, жерге жұмсақ тиді. Мынау сол ғой! Қиялдағы арман аруы! Ары қарай айтудың өзі ауыр, оны манағы өзінің бастығы қолтығына сырбаз алып, театрға қарай бет түзеді. Сұлу келіншек Жақсылықтың жанынан өтіп бара жатып, бір жері ауырсынғандай қабағын мұңдана, жоқ оған солай көрінген болу керек, жиіркене, жоқ... әйтеуір көз жанарын бір түрлі тастады. Анау тіпті назар да аударған жоқ, өзіне-өзі тым сенімді, жүрісінде сұмдық бір салтанат бар. Инаугурацияға бара жатқан президент сияқты. Жақсылықтың ішін алай-түлей бір сезім аямай осқылап өтті. Қызғаныш, көрсеқызарлық, өз дәрменсіздігін сезіну – оны шыңырау түбіне қарай тастап жібергендей болды. Ешбір ойсыз, түйсіксіз келген жолымен кері жүріп келеді. «Алмалы» метросына кірді, «оңайдағы» соңғы ақшасын шыр еткізді. Сосын, эсколатормен құдыққа тастаған қауға құсап сырғыды. Ол платформаға дейін қабырғалардағы суреттерді тамашалады. Ал текеметтің түріндей мәрмәр едендегі бедердер, сырмақтың қошқармүйіз оюлары, міне бұл шешесін еске түсіреді. Байғұс шешей, басыңа мынау құсаған мәрмәрдан құлпытас қоя алмадым-ау! Мұнда олар аяқтың астында жатыр.        

Алыстан гүріл естіледі, метроның ішінде самал жел соғып тұр, тас орындықта бір жас қыз Булгаковты оқып отыр. Қыздар соны оқитынын бірнеше рет байқаған. Әйелдер бірдеңе біледі. Оқуым керек екен деп ойлады.  

Тунельдің қабырғасын өткір жарық тіліп келеді, гүріл күшейіп, доңғалақтардың релсьті үйкеген шиқылдары метроның ішін солқылдатып жіберді. Бетті қатты жел қағып қалды. Вагон кеп тоқтады. Адамдар ішке кіріп кетті, метроның іші бос қалды. Баспалдақтан асыға түсіп келе жатқандарды күткен жоқ, есік жабылып, вагон жүріп кетті. Диктордың саңқылдаған тұнық даусы сондай жағымды. Вокзалды еске түсіреді. Тазалық пен тәртіптің Жақсылық көрмей жүрген мекені екен. Вагон ішіндегі кондиционерлер жылы және таза ауаны адамдарға желпіп тұр. Өзінен сыра мүңкіп тұрғанын сезіп, қысылайын деді, ептеп бұрыш жаққа жылыстады.  Жер астында адамдар тіл қатыспай ма қалай, көбі үнсіз. Сондай ойшыл, таза, мәдениетті жүздерге қарап тұру ғажап! Вагонның қабырғасына жапсырылған жарнамаларда өңкей бір сұлу адамдар саған күліп қарайды, диктордың үш тілде айтып жатқан ескертулері мен өтініштері кісінің көңілін бір түрлі ізгілендіретін сияқты. Бәрі тек тәртіп жайында айтылып жатыр, тіпті сәт-сапар тілеген тілегінің өзі қандай! Көзіңді аш, Жәке! Елес пен қиялдың жетегінде жүруді тоқтат! Қара жан-жағыңа! Күйбеңдеуді қой, Жәкесі! Үш әлемде өмір сүріп жатырсың: көк те, жер де, жердің асты да, олар саған ештеңе айтпай ма.... Қайнаған, қарбалас өмірге ілесе алмасаң оған ешкім кінәлі емес. Өз қасіретін халық қасіретіне айналдырғысы келетін пенделердің бұл дүниеде бары мен жоғы бір есеп. Дүниенің доңғалағы даналарсыз да, аналарсыз да дөңгелей бермек. Жер адамдар үшін айналады деп кім айтты саған деп тұрғандай!      

Ол «Мәскеуден» шығып, Жұбанов–Сайын көшесіне дейін такси ұстады. Абай да, Алтынсарин да көлік кептелісінен бітеліп тұр екен. Қараңғы әрі жаңбырлы күнгі сұрғылт ауада бу көтеріліп, автомобилдердің жарығына шағылысып тамшылар ойнайды. Көше самсаған қалың отты баяу лықсытады, бейне бір домна пешінде балқыған шоқ тәрізді. Ал қарсы көшеде олай емес: аққан жұлдыздай заулап жатқан қос шырақ. Жылдамдықты арттырған біреуді жол полициясы қуып берді, жүрісінде тышқан көрген мысық жүріс бар, ал ереже бұзған машинаның жол жиегіне «қап!» деп барып тоқтағаны тұрысынан сезіледі. Алтынсаринмен сиренасын қосып, қарсы жолмен науқасқа «өмір» тілеп бара жатқан жедел жәрдем машинасы зәреңді ұшырады. Жақсылық осы бір сиренаны естісе, төбе құйқасы шымырлап кетеді.

Ол үйіне жетіп, пәтерінің домофонын басты. Қызы көтерді. – Папа келді! – деп мамасына айқайлап айтып жатыр, әйелінің ар жақта қазанға бірдеңені қуырып жатқаны қасықтың шақырлағанынан естіледі. Ұлдар әдеттегідей кіреберісте футбол ойнап жатыр.

Кешкі тамақ көңілді ішілді. Балалар қуанып жүр. Өздеріне ойыншық алып берген «аяз атаға» тағы да өтініш жазбақшы. Жақсылық қораптан өзі ойлаған тосын сыйы шыға келгенде таң болды. Мүлде ұмытып кеткені қалай? Сасқанынан балаларына «аяз ата» берді деп өтірікті соғып жіберген.          Түн. Үлкен ұлы көпке дейін ас үйде жүріп алды: мамасының айтуына қарағанда, өтпелі кезең көрінеді. Ал екі кішкентай ешкімге орын бермейміз деп тым еркінсіп ұйықтайды. Қалам қағаздары қастарында шашылып жатыр.  Құшақтарында машина мен самолет. Ананың «тосын сыйы». Мұнысы несі? Өзі көріпкел ме, данышпан ба? Бұған «Артық адамсың», «болашағың жоқ» дегені қай сасқаны? Қазір кімнің болашағы бар? Сенім дегеніңіз – архаизмге айналағаны қашан?  Бұқараға биліктің сөзін айтуды қою керек қой, атаңа нәлет, «аяз ата!» деп айқайлағысы келді, бірақ кімге?!..

Жақсылық еденге салынған төсегіне қисайып жатып, теледидарды қосты. Бәрі де ақылдасып алғандай сиыр сілекей телетоптамаларды көрсетіп жатыр. Басқа арнаға ауыстырды. «У-шу» кешкі жаңалықтардың анонсын таныстырып өтті: бүгінгі жауында «Алматы-2» вокзалында жолаушылар тізелерінен су кешіп, «дабыл қағып» жатыр дейді. Әкімнің атына ауыр-ауыр сындар айтыпты. Әй, жарандар-ай, десеңізші, оның не жазығы болды екен! Тағы біреу сыбайлас жемқорлықпен «құрықталыпты», енді темір торға «тоғытылатын» көрінеді, оны қолына кісен салып, машинаға отырғызып жатыр, ту сыртынан қарасаң, өзінің бастығына, өзінің сыңарына, тіпті өзіне де ұқсайтын сияқты. Қой, құрысын, көзіме қай-қайдағы елестейін деген бе? Теледидарды өшіріп тастады. – Тезірек таң атса екен! – деп ойлады, – ертең де күн бар ғой, ал бүрсүгүні, оның арғы күні, бүгінгінің бәрі де ұмытылады деп өзін-өзі жұбатты. 

Жұбайы құрсағын құшақтап төсегінде ауыр аунайды. Жақындап қалған-ау, көңіл аударуды қойды. Жаңбыр толастайын депті. Ертең жылы болатын сияқты. Қыс та келмей қоймас.   

 

Мақала авторы:

Ермек Қаныкей

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар