Өтебай Қанахин

Мұхтар Мағауин - 22.09.20192760

Өтебай Қанахиннің есімін алғаш рет мектепте, тоғызыны, әлде оныншы класта оқып жүргенде жадымда тұтыппын. Өткен соғыс тақырыбына арналған «Ауыр күндерде» деп аталатын повесть, әлде романы мен тұрақты жаздырып алатын «Әдебиет және искусство» – кейінгі «Жұлдыз» журналында жарияланған еді. Авторы Қиыр Шығыста – Орыс-Жапон соғысының тарихы және А.Степановтың аттас романында сыпатталатын Порт-Артур қамалында әскери қызмет атқарған жылдарда жазылған екен. Қазірде сонда тұрып жатқан сияқты. Кейінде білгенім, Совет–Герман соғысына қатысқан, бұдан соң Жапон шебіне түскен қазақ офицері осы, шетте жүрген кезінде нұсқалаған шығармасын 1953 жылы поштамен Қазақстан Жазушылар одағына жолдайды. Мұнда сол замандағы белгілі жазушы Мұқан Иманжановтың қолына тиеді. Шетін жағдайдағы өзгеше дүние. Кемістік жақтарын көре тұра, жоғары бағалапты. Өз кезегінде Сәбит Мұқановтың алдына тартады. Сәбең де құлдырап түсіпті. Атаулы хат жазып, Қазақстанға шақыртқан екен. Ө.Қанахин тезінен әскерден босанып, елге оралыпты. Қаламгерлік, журналистік қызмет басталады.

Өте-ағаңды алғаш рет жүзбе-жүз 1965 жылдың ақырында көрдім. «Жазушы» баспасында бас редактор болып отыр екен. Мен осыдан екі айдай бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне келгем. Қаламгерлер үйінің үшінші қабаты. Бітіп тұрған, «ХV-ХVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары» деп аталатын монографиялық жұмысымды, ғылыми аппаратын жеңілдетіп, мәшіңкеге бастырып, «Қобыз сарыны» деген атпен «Жазушы» баспасына ұсындым. Бірінші қабатты тұтасымен қамтып жатқан, әрі сырлы, әрі айбынды нәшірият. Ең алдымен бас редактор Өтебай Қанахиннің алдына барғам. Кесір, кежірі жоқ, ашық мінезді, қаудырлаған кісі екен. Жалпы жұртқа қалайын білмеймін, жасы жиырма бестен жаңа асқан мені ұлық тұтып, ықыласпен қабылдады. Ежелгі әдебиет тарихына қатысты жекелеген мақалаларымды оқыған екен. 67-жылдың жоспарына ұсынам, деген. Мен тым кешеуіл көріп, аңырап қалсам керек, «Мұхтар шырағым, бізде тақырыптық жоспар атаулы бір жыл бұрын жасалып, бекіп кетеді, қазір келесі 1966 жылға тиесілі кітаптардың өзінің көпшілігі өндіріске тапсырылған, жаз ортасына дейін тақи таза бітіруіміз керек, ал бұл кезде арғы жылдың жоспары келіп тұрады, – деді. – Соған ілініп кетсек те жаман болмайды. Мен ұсынам. Алайда, мұнда директор бар, анда Баспаком, одан да жоғарыда Орталық Комитет, алдағы май айына дейін қаншама өткелектен өтуі керек...» – деген. Мен іс мәнісін кәміл аңдап, қауіп ойласам да, бас редакторға риза болып, ақыры шегіне жетіп кетейін деп, директорға кіріп шықтым. Дүйсенбек Еркішев деген, бұрын мансапты қызметтер атқарған, егде жастағы, байыпты, салиқалы жан екен. Бұл кісі де жылы жүз, жақсы пейілмен қабылдады. Таң қаларлығы, әдебиетші болмаса да, әдеби ахуалды жіті қадағалап отыратын сияқты, менің бұл кезде аса жоғары бағаланып жатқан зерттеу және сын мақалаларыммен жақсы таныстығын байқадым. Уәде бере алмаймын, әйткенмен мақұл көрем, деген. Ақыры, жоғарыдан тоқтау салынса керек, баспаның екі басшысы қабатынан қолдаған, тіпті, соңғы сәтте директор қосымша талап жасаған «Қобыз сарыны» 1967 жылдың жоспарына енбей қалды. Енді 1968. Алайда, көп ұзамай, маған оң көзқарастағы Қанахин жоғарылап, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне қызметке ауысты, директор Еркішев пенсияға кетті, сөйтіп, үмітті кітабым ауаға ілініп қалған. Алайда, арада екі-үш ай өткенде «Жазушы» баспасына Ілияс Есенберлин келіп түскен, артық-кем емес, тура үш күннен соң менің өзім де осы Ілекемнің шапағатымен осы баспаға орынбасар бас редактор мансабына бекідім. Сөз жоқ, 1968 жылдың жоспарына да өтпеуге тиіс «Қобыз сарыны» монографиясының жолы ашылды. Алайда, Өтебай Қанахин ілкіде талап еткен, анығы – бұл қалыпта жүзеге аспас оң ниеті жадымда тұр. Және қайтадан табыспақ екенбіз. Өтебай Қанахин арада екі жыл өткенде, 1969, Ілияс Есенберлин тұсында, «Жазушы» баспасының құрамында төтеден ашылған, болашақта дербес журналға айналуға тиісті «Жалын» альманағына алғашқы бас редактор болып бекіді. Мансап тұрғысынан алғанда мұншама төмендеуі – отбасы мәселесіне байланысты деп естідік. Ол заманда әрқилы жағдаймен некелі әйелінен айрылысу – ерекше оқиға. Әсіресе, партия, совет қызметкерлері үшін. Өте-ағаң бұрнағы, орыс текті зайыбынан ажырасып, қазақ қызына үйленбек екен. Соның қарымтасы. Енді Өте-ағаңмен баспаның апталық лездемесі, жалпыға ортақ жиындар мен оқиғалар кезінде үнемі кездесіп жүрдік. Шүйіркелесе сөйлесіп, тығыз араласпасақ та, шырайымыз түзу. Болашақ жеңгеміз, уылжыған жас Сағираны алғаш рет осы кезде көрдім. Қасында дәп өзіндей қыз серігі бар, әлдебір мерекеде Өте-ағаңа бір шоқ гүл әкеліп еді. Көп ұзамай ағамыз бен екеуіміз тағы да екі тарапқа кетіппіз.

Ақыры, арада жеті-сегіз жыл өткенде үй-жайымызбен көршілес шықтық. Біз – жазушылардың «Сары үйінде», Өте-ағаң кейінірек салынған «Ақ үйде». Дабыралы Жамбыл көшесі. Енді тұтас бір қазақ ауылы есептіміз. Өте-ағаңмен қонақжай, етжақын араласымыз болмады, әйткенмен, біздің жазушылар қауымының әрқилы мерейтойлары, ортақ дастарқан кездерінде тоғысып қаламыз. Оның үстіне, Сағира жеңешеміз біздің Бақытжамалмен құрбылас және түсіністі абысын шықты. Іргелес тұрған соң жиі кездеседі, кейде базарға бірге барысады. Жас жеңгеміз де Өте-ағаң кейіптес, ашық мінезді, жайдары кісі екен. Еркін қалжыңдасамыз. Осы орайда бір жолы ағамызға айтқаным бар: «Өте-аға, сіздің үйдегі жеңгем мен біздің үйдегі келініңіз құрдас екен, есебі, сіз бен біз де тепе-тең боламыз», – деп. Өте-ағаң: «Жөн-ақ!..» – деп қарқылдап күліп еді.

Бұл Өтебай Қанахин кешегі Совет-Герман соғысына қатысқан, одан соң тағы нешеме жыл бойы әскери қызметте болған, жинақтап келгенде бізден бірталай үлкен, бұл кезде алпысқа тақап қалса да, жас жігіттей, бойы тіп-тік, кеудесі шалқақ, жүрісі жедел, бар қимылы қунақ. Ашық-жарқын, еркін сөйлеседі. Ұзақ әскери қызметпен қатар, тума бітімі. Арамыз бес-алты емес, тура он жеті жас. Алайда, мәтелде айтылатын бел-құрдасқа тақау көрінеді. Оның үстіне, кейінгі балалары – Саябек пен Құралай біздің ортаншылармен тұстас, біз ғана емес, Қадырдың, Жайсаңбектің үйінен шыққан, алды төменгі кластарда оқитын, арты әлі мектепке де ілінбеген, таза қазақы қаншама баламыз шүпірлеп, бәрі бірге ойнайды. Саябек әкесіне тартқан ақкөңіл және аңқау екен, үлкенірек балалар қызықтап айтатын.

Бір күні кітапханадан қайтып келе жатсам, Өте-ағаң аралас ауламызда қатты ренжіп тұр екен. Әлдебір сұғанақ, көлденең балалар Саябектің белесебетін ұрлап әкетіпті. Бұл не сұмдық, деген Өте-ағаң кейіп. Үлкен емес, қатарлас балалар алды. Бала болса да тісқаққан ұры. Сыртқы есіктен озып, қорықпай, даланда тұрған дүниені ұрлау оңай ма... Бүгін орайы келмеді, ертең милицияға тапсырам... Бекер әуре боласыз, дедім мен. Милиция таппайды, тіпті іздемейді. Одан да өзіміздің балалар тақау төңіректі қадағалап жүрсін, мүмкін, жосығы аңдалып қалар... «Жоқ, мәселе велосипедте емес, – деді Өте-ағаң. – Мына балаларға әсері жаман ғой. Дүниеде осындай былық барын көрді. Оның үстіне, анау ұры бала, ертең өскенде кім болады? Нағыз рецидивист қылмыскер болмай ма. Егер осы қазір ұсталып, тергеліп жатса, әрине, кешіреміз, ешқандай ауыр шара қолданылмайды, бірақ өмірлік сабақ болар еді...»

Ертең жоқ, арғы күні біздің Мағжанды милиция бөліміне шақыртқан. Күмәнді емес, куәгер ретінде. Әкесі, немесе шешесімен бірге. Мен бардым. Алыс емес, екі-үш квартал жоғарыда. Жолай Ілиясты жетектеп алған Жайсаңбекті қуып жетіппін. Олар да куәлікке барады. Қадыр қайда, Қазыбекпен бірге? – деп едім, бұлар бізден бұрынырақ шақырылған екен, жаңа, үйден шыға бере қарсы кездестік, Қадырдың өзі емес, Салтанат, деді. Ұрлыққа жол берген сендердің өздерің, енді ай даладағы бізді мазалайсыңдар деп, мілисаға ұрсып кеттім, депті. Қалиханның балалары ше? Оларды білмеймін, бәлкім, өтіп кетті, мүмкін ертең шақырар, әйтеуір жауапсыз қалдырмайды, деді Жайсаңбек. Сонымен не керек, сол күні және бір аптадан кейін тағы да, Саябекпен құрбылас және ересектеу балалар, һәм ата-ана ретінде біз де, белесебеттің болуы рас, ұрлануы да рас, бірақ ештеңе білмейміз, күмәнді кісілеріміз жоқ деп, екі қайтара анықтама беруге тура келген. Әуелде ауызша, кейінде жазбаша. Әрине, Саябектің белесебеті сол беті, ұшты-күйлі жоғалды. Осыған жалғас тағы бір күндері Өте-ағаңмен үй маңында ұшырасқанда қатты ренжімесем де, наразылық шетін аңдатып едім. Өте-аға, айтып едім ғой, ештеңе шықпайды деп, керісінше, үлкендер үшін әурешілік, балаларға теріс тәрбие болды, мілисаның кім екенін көрді, деп. Өте-ағаң оқыс қызарды. Иә, иә... қате болды, деген. Бұл елеусіз жағдаятты еске түсіріп отырғаным, жас кезінде отты майданға түскен, одан соң әскер қатарында, шет жұртта, сөз жоқ, қаншама сұмдыққа куә болған Өтебай Қанахин осы егде шағының өзінде тумыстағы сенімпаз, аңғал, ақкөйлек қалпынан таймаған екен. Әділдікке жақ совет милициясы өзінің міндетін адал атқаруға тиіс деп біледі. Және мынау қисынсыз ұрлықтың біздің балаларға теріс әсері өз алдына, әлдеқайдағы әлдебір сұғанақ бала тиесілі ескерту алып, жаманшылық жолдан тыйылуы қажет. Таң қаларлық мінез.

Көп ұзамай-ақ, бұдан гөрі мәндірек, Өте-ағаңның жазушылық қызметіне байланысты зорлық іске ара түсуге тура келген. 1984 жылдың 1 ноябрь күні мен Есенберлин заманынан үйреншікті «Жазушы» баспасына бас редактор болып қайта оралдым. Басқа тараптағы он үш жылдан соң. Бірден-ақ бар мен жоқты түгендеп, баспаның асты-үстілі барлық жағдайын айқындаған едім. Және бұрынғы бас редактордан қалған екі шкаф қоқысты ақтарып, аршып, біржола тазартуға тура келген. Осы қатарда Өтебай Қанахиннің «Қарт сарбаз хикаясы» романы қолыма ілінді. Баспадан шыққан, түптеліп, дайын болған кітаптың екі данасы. Біреуі – тап-таза, жап-жаңа, екіншісі – алғашқы бетінен бастап әрқилы сия, қызыл-ала, көк-ала қарындашпен сан түрлі белгілер соғылған. Бұл романның кейісті оқиғасын сырттай естіген едім. Өткен 1983 жылы жарыққа жеткен, ізінше саяси қателері мол, зиянкес кітап ретінде түп-тамыры, бар тиражымен жойылған.

Енді жақынырақ, бар тарихымен нақты танысуға тура келді. 1983 жылдың Баспакомда, Орталық Комитетте бекіген тақырыптық жоспары. 82-жылдың соңғы тоқсанында барлық редакциялық өткелектен өтіп, жаңа жылдың 18 январь күні өндіріске тапсырылған. 20 сентябрьде екінші, негізгі терімге қол қойылады. Кітап редакторы, проза бөлімінің меңгерушісі. Және бас редактор Есет Әукебаевтың өзінің мақұлымен. Яғни, осыдан бұрын мемлекеттік цензурадан өтті деген сөз. Алайда... жаңа ғана қол қойып, кітапты басып шығаруға рұқсат берген Әукебаевтың мемлекеттік, ресми цензурадан да күшті, үстеме, Әукебаевтық цензурасы бар. Шамасы екі-үш айдан соң, «Қарт сарбаз хикаясы» жиырма мың тиражбен басылып, түптеліп, біржола дайын болған кезінде іске қосылмақ. Кеше ғана өзі қол қойды, енді ештеңесі өзгермеген дәп сол кітаптан қаншама идеялық қате табады да, бұдан әрі таралуына тыйым салады. Баспадан көтеріліп, Госкомиздаттан өтіп, КГБ-ға мағлұм болып, одан әрі ЦеКа-ға жеткен ойбай-аттан. Қазақ ұлтшылдығын насихаттаған, советтік идеологияға қайшы, орыс халқына қарсы кітап екен. Бұл не сұмдық! Жарыққа шықпасын! Жойылсын! Енді осыншама кісәпір кітапқа кім ара түспек. Жарым дүние дүрлігіп жатады. Жоғарғы жақтың ауызша, немесе үнсіз бас изеген мақұлынан соң, «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаев қатал қаулы шығарады. «Қарт сарбаз хикаясының» бар тиражы жойылуға тиіс, сол типографияда тұрған қалпында тұтасымен пышаққа түсіп, макулатураға айналуы керек. Ал осыншама зиянды кітапқа жол берген проза редакторына сөгіс, осыған керісінше, мұндай ғаламат қатені айқындап, «Жазушы» баспасын, Госкомиздатты, қала берді бүткіл Қазақстанды жат сарынды, идеялық қатеден арашалап қалған Есет Әукебаевқа кезекті алғыс. Енді бүткіл Госкомиздат жүйесі, төраға Шериаздан Елеукенов, бас редактор Нұрғазы Шәкеев, үлкенді-кішілі тағы қаншама бақылаушы: «Апыр-ай, Есет Әукебаев сияқты қырағы көз болмағанда қайтер едік...» – деп, тәубасына түсіп, уһ деп дем алады. Әукебаев «Жазушыға» бас редактор болып бекігеннен бергі нешеме жылдағы әлде елуінші, әлде жетпіс, сексенінші игілік!

Мен Қанахин романына қатысты ресми іс қағаздарымен танысқаннан соң, атаулы «Қарт сарбаз хикаясы» романының өзін мұқият оқып шықтым. 1916 жылғы оқиғалар және қанды көтерілістің шынайы шежіресі. Бастан-аяқ өз кезінде жария және күні бүгінде әрқилы архивтерде сақталған нақты, тарихи деректерге құрылыпты. Сонымен қатар, танымы мол, халық тағдырына қатысты қаншама толғамы бар көркем туынды. Ал романның идеялық тұрғысы... бүгінгі коммунистік ұғым шеңберінен шықпаған. Қазақстанның, Қырғыз бен Өзбектің ресми тарихтары тұрғысында. Бір сөзбен айтқанда, идеялық қате, ұлтшылдық, орысқа қарсылық дегендей қиғаш ұғымдардың елесі де жоқ. Бастан-аяқ шындық және советтік әдепкі идеология ауқымында. Мен таң қалмадым. Мәселе жалақор, қисық-қыңыр Әукебаевта ғана емес. Бұл кезде кез келген оң пікір, шынайы хикаяларды теріске бұра салатын былғаныш дәстүр біршама қалыптасқан. Оның мен өзім тікелей куә болған өзгеше бір көрінісі – 1970 жылғы «Алдаспан» антологиясының қатаң тағдыры. Онда да ағымдағы, коммунистік, ресми идеологияға қайшы келетін ешқандай сұмдық жоқ еді. Алайда, әуелде осы Әукебаевтың жымысқы көрсетуі, содан соң Орталық Партия Комитеті – Михаил Есенәлиев, Сапар Байжанов, бұлардың үстіндегі Саттар Имашевтің былғаныш әрекеті мен тиесілі жарлығы нәтижесінде оң ісіміздің бәрі теріске айналған. Мұнда да сол сияқты. Осыншама айқай көтерілуі – тек бастапқы дақпырт, көлденең жалаға байланысты болатын. Егер Әукебаев, немесе басқадай бір «қырағы» жолдас аяқ астынан шу көтермесе, «Алдаспан» да, «Қарт сарбаз хикаясы» да сол қалпында жарыққа жетіп, көпке таралар еді, және бұдан соң ешқандай пәлекет шықпас еді. Баспадағы Әукебаев тек қана әсіре белсенді қозғаушы күш, қазақ-ноғай аңызындағы «ала тай» екен. Бірақ кездейсоқ жағдай емес. Совет өкіметі өзін өзі алып жеп, ақыры құрдымға батар зобалаңның әуелгі бір толқыны.

Айтқанымыздай, бейкүнә кітап туралып кетті. Енді қайткенде де жаңадан ақтап алу, қатарға қосу мүмкін емес. Дәп осы мезетте басқа бір кілтипан алдан шыққан. Табиғи жағдай, аталмыш роман редакциялық талқыдан өтіп, редактор, бөлім бастығы, бас редактордың өзі мақұлдағаннан соң, директордың пәрменімен өндіріске тапсырылар қарсаңда, Өтебай Қанахин өзіне тиесілі, заңды қаламақысын алған. Бірінші тираждың алпыс пайыз ақшасы. Енді... кітап шықпай қалған соң, мойнында ілініп тұр. Автордың ғана емес, баспаның да теріс есебінде. Ал бұлай қалмауға тиіс. Тезінен шешу керек. Мен авторды шақырттым.

Сырттай естуімше, адал кітабы арам жалаға ұшырап, құрдымға кеткен кезде Өте-ағаң ауыр инфаркт алыпты. Әйтеуір, ежелден жинақы, әскери кісі, оның үстіне бұл кезде денсаулығы жақсы, тым теріске аумай, әбден оңалған тәрізді. Қазақта «Ауырып тұрдың, – Аунап тұрдың», – дейтін, көңіл делбер мәтел бар. Өте-ағаң әдетінше ширақ, екпінді, алайда кейісін жасырмаған. Осылай да осылай болды деген, дүниеден түңілген кейіпте. Мен жалалы іспен бажайлап таныстым, романды да зерделеп оқып шықтым, дедім. 1916 жылдың өшпейтіндей шежіресін жасапсыз, дедім. Бұл сөз Өте-ағаңа ауыр тиді. Жоғалған пышақтың сабы ғана емес, жүзі мен қыны да алтын екен, дегендей. Мүлде құлазып қалды. «Енді алдан тек қана жақсылық күтейік, – дедім. Жұбату ғана емес, үміт сәулесі. – Заман өзгеріп жатады. Құрдымға кеткен әлдебір шығармалардың қаншама жылдан соң қайта тірілгенін білесіз... Алайда, дәп қазір басқаша амал жоқ... Сізді шақырғаным, мойныңызда бірталай ақша ілініп тұр. Романның әуелгі алпыс проценті. Соны жоққа айналдыруымыз керек...» «Білем... – деген Өте-ағаң. – Өткен күз, осында отырған кезінде Әукебаевтың өзі телефон соққан. Қарызды тезінен жабыңыз, пәлен мың сомды баспаның кассасына тапсыру керек. Әйтпесе, заң жүзінде өндіріп аламыз деп. Байқап отырмын, сол әңгіме қайта көтерілмек. Сонда қалай? Мұншама ақшаны мен қайдан табам?» Тауып қажеті жоқ, дедім мен. Бәрі де оп-оңай. Әуелгі, жазықсыз кітапты турағаннан соң, сізге екінші мәрте зорлық жасалмақ екен. Шындығында, сіз көк тиын да төлемейсіз...» Тағы да: «Қалай?» – деген Өте-ағаң таң қалып. Авторлық құқұқ заңы бар, дедім мен. Сіздің кітабыңыз баспада қабылданды. Тиесілі шарт жасалды. Заңды ақшасын алдыңыз. Енді осыдан соң басқа бір тараптан әлденендей қырсық шығып, кітап жарияға жетпей жатса, жаңағы алпыс процент қаламақы автордың пайдасына шешілуі шарт. Оны аз десеңіз, әуелгі тираждың қалған қырық проценті. Адал, заңды еңбегіңіз. Сізден әлдене талап етуге ешкімнің хақысы жоқ. Айтқанымдай, керісінше, кітаптың толық құны сіздің қалтаға түсуге тиіс... Өте-ағаң сенер-сенбесін білмей, дағдарып, азғана отырды. «Сонымен...» – деген ақыры. «Сонымен, сіз берешек емессіз. Керісінше, алашақсыз. Әйткенмен, кішкентай бір кілтипан бар. Алғаныңыз рас, баспаның борышқор есебіне қосқаны да анық. Енді... авторлық құқық сотына арыз бересіз. Сондай да сондай. Бәрі күмәнді. Анығы – заңды түрде қабылданған кітабым басылмай қалды. Енді кезінде авансқа алған ақшаны санаттан шығаруды сұраймын және қалған қырық пайыз қаламақымды кесіп беруді талап етем, деп». Өте-ағаң әлде қисынсызға таңырқап, әлде мұндай төтенше істің мән-мағнасын ұқпай, іркіліп қалып еді. Екінші қайтара пысықтадым. Авторлық құқық қорғау агенттігіне бір жапырақ өтініш жазасыз. Сонымен бар шаруа орнына келеді, дедім. Өте-ағаң шошып кетті. Сонда мен... сотқа арыз түсірем, баспаны сотқа берем бе? Бұл – аты ғана сот, дедім. Сіз ешкімге жала жаппайсыз. Тек өзіңіздің авторлық, азаматтық құқұғыңыз сақталуын ғана талап етесіз. Бұл жерде аса сауатты, білгір юрист отыр. (Еуропалық нәсіл, орта жастардағы бәденді, толықша әйел еді, бүгінде аты-жөнін есіме түсіре алмай тұрмын, жаңылмасам, Ида Борисовна сияқты, – М.М.) Қашанда біздің жазушылар қауымына тілектес. Арада екі күн өтпей, тиесілі шешім шығарып берді... «Құдай сақтасын, – деді Өте-ағаң шалқасынан түсіп. – Өмірі көрмегенім сот еді, енді осы жаста не болса да өз тарабымнан сотқа жүгінбеймін.!..» Амал жоқ, Өте-ағаңды қайыра үгіттей бастадым. Бұл – әдепкі сот емес, қалай аталса да, шын мәнісінде юристік консультация, басқа шаруасы жоқ, әлгіндей, әредік, авторлық құқұқ тарабында ғана үкім айтады, сіз ешкімге жала жаппайсыз, тек өзіңіздің адамдық, азаматтық, авторлық үлесіңізді талап етесіз... Бәрібір көнбеді. Құдай сақтасын, осыншама заман адал ғұмыр өткеріп, ақыры ақша үшін сотқа шағыну деген... Енді мен ашық ренжімесем де, кейісімді жасырмадым. Өте-аға, сіз өзіңізді ғана емес, бізді, мына баспаны да қолайсыз жағдайда қалдырып тұрсыз. Сіздің қарызыңыз ендігі жаңа директор мен жаңа бас редактордың мойнына жазылмақ. Тым құрғанда финанс заңын аяқасты қылды деген сөгіс естиміз. Қайткенде кеміс ақшаның орны тығындалуы керек. Сіз оп-оңай, адал қадамға баспай отырсыз. Сонда не істейміз? – дедім. «Алған ақшамды орнына салам, – деді Өте-ағаң. – Әрине, пенсиям жетпейді. Басқаша бір амалын тауып. Тақаудағы екі-үш жыл ішінде...» «Өте-аға, – дедім мен. – Біз бұл борышты алдағы төрт-бес айда біржола жабуымыз керек. Қазір Госкомиздат тарабынан жаппай тексеріс жүріп жатыр...» Өте-ағаң өңі қашып, шарасыз қалыпта маған қарап еді. «Онда, – дедім, ең соңғы көзірімді шығарып, – адал ақшаңыз құрдымға кетті. Әйткенмен, тағы бір амал бар. Жаңа кітап ұсынасыз. Тезінен келесі жылдың жоспарына ұсынып, қолма-қол алдынала шарт жасап, тиесілі жиырма бес процент қаламақыны манағы қарыздың бір бөлігі ретінде ұстап қаламыз. Яғни, жоғарыдан ешқандай түртпек болмайды. Қалғаны – кітап өндіріске кеткенде. Кейін, кітап шыққан соң мана өзіңіз бас тартқан қырық пайыз және екінші тираждың толық ақшасы. Яғни, бар түйткілді жаңа кітаппен шешеміз...» Өте-ағаң жеңілейген орнына бұрынғыдан әрмен күйзеліп қалды. «Мұхтар шырағым, көп рақмет. Бірақ менде жаңа шығарма жоқ. Ауырдық, сырқадық, жаңадан жазу қайда, жан сақтаудың өзі мұң болды. Жаңа кітабым жоқ...» – деді. Дәп сол сәтте маған төтенше ой келгені. «Онда... – дедім, – тіпті оңай жолын табамыз. «Қарт сарбаз хикаясы» деген тағы бір кітап шығарайық...» Өте-ағаң маған таңырқай қарап еді. – Бұрынғы «Сарбаз» емес, – дедім. – Сол аттас жаңа «Сарбаз». Әскери тақырыпта үлкенді-кішілі қаншама шығарма жаздыңыз. Солардың ішінен бірнеше іңгіме, шағын повестерді таңдап аласыз. Тіпті болмаса, баяғы, немесе кейінгі романдардың бірінен тұтас бөлім, тараулар. Сол көп дүниенің біріне «Қарт сарбаз хикаясы» деген тақырып қоясыз. Алдыңғы кітаптың атына сәйкес. Болды, бітті. Асса екі апта ішінде дайын, жаңа жапсырылмаларын менің қолыма жеткізіңіз. Қалғаны – әлгі айтқанымдай. Жаңа шарт, жаңаша есеп. Бар айырма, өткендегіден көтеріңкі, ең жоғарғы қаламақы қоямыз. Міне, бар түйін шешілді!..» – дедім өзіме өзім риза болып, уһ деп дем алып. Өте-ағаң бетінің ұшы қызарып, азғана отырды да: «Мақұл, Мұхтаржан, – деді. – Жаңа... «Сарбазды» осы оншақты күнде алып келем...» Бөгелмей, кетуге айналды. «Өте-аға, – дедім мен. – Осы соңғы сөзім күшінде. Әйткенмен, әуелгісін де ойланып көріңізші. Небәрі бір жапырақ қағаз. Сонда бұрнағы барлық қарыздан құтыласыз. Оған қоса, шайлық емес, соғымдық тағы көп ақша. Ал мына жаңа кітабыңыздың барлық қаламақысы шашау ықпай, Сағира жеңгемнің қазынасына құйылады...» Өте-ағаң өзінің қалыпты кейпін тапты. Басын кегжите көтеріп, маған қолын ұсынған. Алайда, ләм-мим деп тіл қатпады.

Сол беті, әуелгі емес, ортаңғы да емес, соңғы, ең ұтымды нұсқа іске қосылған. Өте-ағаңның алғашқы «Сарбазға» тиесілі жүз пайыз қаламақысы, кейінгі «Сарбаздың» кесімді алпыс пайызы – қаншама адал ақша құрдымға кетті. Есесіне жаңадан құралып, ол да «Қарт сарбаз хикаясы» аталған әңгіме, повестер жинағы сол жылы күзде жарыққа жетіп еді. Бакстапқы кітаптың нақпа-нақ өзі сияқты: қосымша шығын шығармай, бұрнағы иллюстрациялар іске жаратылған, яғни, екі басылымның сыртқы кейпі бірдей, алайда, ішкі мазмұны екі түрлі.

Көп ұзамай менің өзім де баспадан кеттім. Осыдан біраз бұрын жазушылардың Құрманғазы көшесіндегі жаңа үйіне көшкенбіз. Соңғы төрт-бес жылында Өте-ағаңмен жолымыз түйіспеген сияқты. Мүмкін, әлдебір жиын, немесе әріптестердің мерейтойында көріскен де шығармыз, тек есімде жоқ. Әйткенмен, күтпеген, көлденең өлімі көңілге дық түсірген. Иә. Қысасты  қаза. Сексен, тоқсан жасаса керек еді. Баяғы шерлі кітаптан соңғы жүрек талмасынан біржола оңалып кетпеген екен. Шынында да, соншама еңбек зая болып жатқанда, темірөзек болмаса, кім шыдар. Қаламгерлік қызметтегі басты кітап, пенделік ғұмырдағы ең үлкен қайғы – қамырықты шер, қайта оралмас арман.

Ақыры, орны толды. Кеш те болса. «Жазушы» баспасынан соң бір жарым жыл өткенде мен республикадағы ең басты әдеби ұйытқы «Жұлдыз» журналына бекіген едім. Совет өкіметінде, ақыр түпке жеткен «жариялылық» кезеңі басталған заман, 1988 жылы июль айында, еркін сайлау арқылы. Толық хүкімді бас редактор. Қайта тірілген Алаш арыстарының мәңгілік шығармаларын түйдек-түйдегімен жариялай бастадық. Көп ұзамай тәуелсіздік келді. Ендігі сарын тіптен басқа. Жаңа әдебиет, жаңа толғамдар. Өте-ағаңның әйгілі романын естен шығармасам да, әжептәуір кешіктіріп алған екем. Ақыры, 1994 жылдың алғашқы екі санында жарияға жеткіздім. Кітаптың қилы тағдыры айғақталған шағын алғысөзбен. Өте-ағаңның артта қалған отбасының ерен қуанышы және, өлгенді тірілтіп, өшкенді жандырған әдеби журналдың үлкен мерейі.

Шынында да. Өтебай Қанахиннің «Қарт сарбаз хикаясы» романы сол беті жойылып кетпеуге тиіс еді. Қатардағы жай ғана роман емес, қасыретті 1916 – қарусыз Алаш жұртының ұлт азаттық көтерілісінің қазақ әдебиетіндегі ең толымды, ең мәнді сыпат тапқан үздік көрінісі. Тар заманда жазылуы, керек десеңіз, өз кезінде түрмеге жабылып, өлімге кесілуі – бұл кітаптың құнын арттыра түссе керек. Кейін, еркіндік дәуірде осы тақырыпта қандай және қанша шығарма туса да, Өтебай Қанахиннің «Қарт сарбаз хикаясы» андағайлап, оқшау тұрмақ.

Иә, айтпақшы. Өте-ағаңның ұлы мен қызы ер жетіп, бой түзеуге тақаса да, кәмелетке толмай қалып еді. Алда қаншама қиындық тұрған. Әйткенмен, жеңгеміздің қажыр-қайраты, балалардың атаға тарта туған жетесі бар, бүгінде қатарға қосылып, тіпті, көп жұрттан озық, еңселі жағдайда ғұмыр кешіп жатқан сияқты. Екеуі де жоғары білім алған, абыройлы, жақсы қызметте көрінеді. Саябек осы жақында ғана мұншама шалғай Америкаға телефондап, біздің Едігемен хабарласыпты. Бала кезден біліс бауырлар ғой. Ал Құралай, интернеттен оқыдым, жұмыс сапарымен әкесінің туған өлкесіне барып қайтқан екен. Ондағы қазақ үлкен жазушының тұяғы деп, құрметпен қарсылапты. Сағира жеңгейдің де кеудесі көтеріңкі болса керек, Өте-ағаңмен жиырма жыл бойы бақытты тұрмыс кешті, ұлын өсірді, қызын жеткізді, енді үйелмел-сүйелмел қаншама немересін қызықтап жатқан көрінеді. Осыдан артық қандай қуаныш болуға мүмкін. Оның үстіне бұл балалардың атасы – тік жүріп, тік кеткен ұлтшыл жазушы Өтебай Қанахин болса!..

Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ.

1-2.ХІІ.2018 

Көшіріп басуға болмайды 

Мақала авторы:

Мұхтар Мағауин

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар