Камшат Төленді. Тоғызыншы қабат

Сайт Әкімшілігі - 23.09.20191575

Мен айтар әңгіме алғашында сізге қызық  болмасы анық.  Себебі  мен жанды зат емеспін, сөйлер тілім жоқ. Мен жай ғана қаланың  кешкі көрінісін  тамашалауға арналған, мазаны алған керексіз уайымдарың мен шынайы сезімдеріңді  оңашада  шығаратын тоғызыншы қабаттың  шатырымын.  Мен  жай ғана шатыр емес адам қиялының ең  ұшқыр бояуларымен қанып, тіпті оны жандандырып жіберуге  немесе құрдымға жіберуге де дайынмын.  Себебі мен тікелей адам ойларынан энергия аламын. Солай өзімді қанағаттандырамын.  Адамдарға тән барлық  сезімдер мен эмоцияларды мен де сезіне аламын. Маған тек қана олардың осы шеңберде болғаны ғана жеткілікті.  Маған олардың  әлеуметтік жағдайы,  білімі мен жас ерекшелігі  жынысы  әрі  мінез-құлқы еш маңызды емес. Маған бәрі де бірдей, тек ойы ғана маңызды. Егер  сізге менің  айтпағым қызықсыз болса, әрі қарай тыңдамасаңыз да болады. Себебі  сіз менен алыстасыз, яғни менің  шеңберімде  емессіз. Сондықтан мен әрі қарай жалғастыра бермекпін.

Тоқтай тұр,  адам аяғының дыбысы естіледі.  Осында көтеріліп келе  жатыр. Туфлидің  дыбысы таныс. Бұл – Берік Теленов. Таныстығымызға біраз жыл болып қалды.  Темекісін тұтатты.  Соңғы уақытта жиі  шылым тартатын болыпты. Таң  атпай  келгеніне қарағанда, көкейінде бір емес, біраз кермек ойы бар сияқты. Ол ажырасқан. Жалғыз ұлы бар. Мен көп сөйлеп кеттім. Кейінгі кезде мен де сыр бере бастадым-ау. Бұрын бұндай емес едім. Беріктің санасын мазалаған   нендей ой екен,  түрі де бір қажып кеткен.  Не болды екен?  Менің  шеңберіме келген екен, ақыры ойын білейін. 

Таңғы сағат жетілер шамасы. Таң рауаны білінер-білінбес сәулесімен алып қаланы себезгілеуде. Жұмысына жиналуға оқталып жатқан Берікті бір ой мазалауда. Бәрі де қу дүниенің ермегі. Оның қызметі бүгінгі күнмен аяқталуы да мүмкін. Ол жұмысынан, өмірінің осы сәтіне дейін жинаған бар абыройынан да, өз ұлы  Жандостың сенімінен де айырылудың аз-ақ алдында қалып тұр. Ол терең күрсінді де, жоғарыға шықты. Үйдің ең жоғары бөлігі ол шатыр. Шатырдан таң атқан сәтті соңғы рет көруге бел буды.

                                              Беріктің  ойы

Есімімді ұмытып қалардай сонша ішкенім не? Уффф! Жағдай  қиын. Мен кінәлі боламын. Бәріне де мені кінәлі деп танып, елге бетімді  қаралайтын болды. Ақымақ басым-ай, неге ғана мен? Білем,  жіберген қателіктерім де болды. Енді  бәрінен де қиыны,  жалғыз ұлым Жандос.  Оның  хәлі не болмақ? Не әрекет етсем болады, барлығын да орнына қою  үшін? Ойлан, ойлан, Берік!  Осындай болмас үшін  басында ойлану керек еді. Енді бәрі де кеш.  Не бетіңмен қарамақшысың,  сені ешкім де құтқара алмайды, тек бірақ жол бар.  Ол осы жерде. Тек  келесі әрі  соңғы қадам  өзіңнен,  шеш енді.  Жоқ,  не  ойлап тұрмын мен, тууһ кеше вискиді аздап ішу керек еді.  Дәрігер айтып еді ғой, алкоголь өте зиян деп,  асқындырып жіберсе, өзің кінәлісің?!  Тағы да өзім кінәлімін. Неткен тар еді мына жер, басым  сынып барады. Таза ауа да  менен қашқақтайма қалай өзі?

Таза ауа жұтайыншы, жел айдап келмесе мына тар қалада, қандай таза ауа бірақ!

Осы кезде үйге Жандос келеді. Ол әкесінен өткен жолғы ісі үшін кешірім сұрауға келсе, әкесі үйдің ішінде жоқ. Үй есігі ашық. Әкесінің көлігі сыртта тұрған болатын. Жандостың ойында жоғарыда ашық тұрған мансард есігі көзіне түсті. Дереу сонда барды. Қабырға шетінде тұрған әкесін көріп:

– Әке, әке сіз не істегелі жатырсыз?

– Балам, сен мұнда неге келдің?

– Балам бұл жерден кет. Мен сендерге қиянат жасадым, сендерге бақыт сыйлай алмадым,  Жандос, – деді  даусы дірілдей.

– Неге олай дейсіз әке, тым болмаса мені ойлаңыз. Әке мына жалғанда қу тірлік ешқашан адамға бақыт сыйлаған емес, сіздің осы жалғанға өкпелеуіңіз бекер, тағдырға өкпе артып, өз жаныңызды жегідей жемеңіз. Сізде мен бармын әке, райыңыздан қайтыңыз, әке!

– Балам, сен өмірді түсінбейсің, өмір сені тек ойыншық ретінде көреді. Өмір ойыншығына айналған мына мені көр.

– Балам, кешір мені!

– Әке, қателесесіз. Сіз өмірде ең мықты ойыншысыз. Менің  әкемсіз. Әкесі жоқ, анасы жоқ қаншама балалар бар. Кеше біз Шынармен балалар үйіне бардық. Ондағы жас бүлдіршіндер мен біз қатар оқушылар бар екен. Олардың бар арманы – ата-анасымен болу. Әке, сол жетім балалардың бар арманы – қос қанаты болу. Әке, сіз менің алып қанатымсыз, сол қанатымнан айырмаңыз, әке!

Жандос әкесіне қолын созды. Берік оның сөзінен кейін, теңселіп барып құлады.

Тоғызыншы қабат

Өмір  деген осылай. Сіз күтпеген оқиғалар кейде сізді бақытқа бөлесе,  кейде  бар қайғы-қасіретімен сізді шыр айналдырып жіберері анық. Беріктің ойы мен үшін анау айтқандай қорқыныш сезімін ұялатқан жоқ. Ол  өз  ойынан адасқаны, тіпті   қандай  қадамға баратынын сезініп  те  жатқан жоқ. Мен  оны өз-өзіне  қол жұмсайды  деп әсте, ойлаған жоқпын. Солай  болса екен деп те тілемедім. Айттым ғой,  маған тек адамдардың  ойы маңызды деп. Сондықтан мен Беріктің ойынан еш  энергия ала алмадым. Есесіне,  Жандос келіп көңілім бір марқайып қалды. Жастықтың, өмірге деген ерекше махаббаттың, таза  шынайы сезімнің энегиясын алдым. 

– Қандай, таза рухани күш десеңізші. Таңертеңгілік тойымды ас сияқты.  Рахмет , Жандос !Сен келсең  рухани байып  қалам.

 

***

Осыдан біраз уақыт бұрын. Мектеп. Сынып іші. 10 "б" сыныбы. Сынып жетекшісі Мақпал Райысова ішке кіріп келді. Сынып журналын қойып:

– Сәлеметсіңдер ме, оқушылар, отыра беріңдер! Сендерге бүгін жаңадан ауысып келген оқушыны таныстырмақпын.

Оқушылар жамырасып:

– О, супер, ұл ма, қыз ба, қыз болса әдемі шығар, –  деп жамырасып кетті.

– Қәне, Шынар ішке кіре ғой, Шынар өте тәрбиелі, тәртіпті, сабақты жақсы оқитын қыз. Шынармен тез достасып кетіңдер. Шынар терезе жақтағы соңғы партаға отыра ғой, әзірге сол жер бос!

Шынар ақырын ғана жаңа сыныптастарына жымиып, соңғы  партаға келіп жайғасады.

– Сонымен, біз қандай тақырыпқа тоқтаған болатынбыз?

Осы кезде есік қағылады, есікті ашып Жандос кіреді.

– Кешіріңіз апай, кіруге бола ма?

– Теленов кіріп алып, рұхсат сұрайтының не, тағы да ұйықтап қалдың ба, отыр.

Жандос өз орнының бос еместігін байқап:

– Апай мен түсінбедім, өз орнымды таппай қалдым.

– Тағы не болды, Жандос? Сенің орның бұл сыныпта кімге керек? Артта орын жетеді емес пе? Отыр кез-келгеніне Жандос!

– Апай, сіз түсінбедіңіз менің тұрақты орным осы жер, ал бұл жерде тек мен ғана отыруым керек!  

– Сен қырсық бала, осы қашан қоясың осындай қиқар мінезіңді.

– Шынар, сен ренжімесең, басқа орынға отыра қойшы, бұл біздің Мажорымыз, есімі оның – Жандос, мән бермей-ақ қой! Жандос келесі жолы менің орныма отырарсың мүмкін.

Сынып ду күлді.Шынар жаймен ғана келесі орынға отырды.

– Сонымен әлем әдебиеті Шыңғыс Айтматов "Шынарым менің, шырайлым менің".

Жандос үйге кеш келеді. Әкесі көп күтіп қалған болатын.

– Балам, қайда жүрсің? Кешкі асты бірге ішеміз деп едік қой.

– Мен кешкі асты анаммен іштім. Ескертпегенім үшін кешіріңіз, әке!

– Жандос мен сенің әкеңмін, бұл үйде тек менің ғана айтқаным болу керек. Ал анаң сенің ешқашан маған көңілі толмаған. Сондықтан бұдан былай анаңа баруыңды доғар.

– Өтінем, тағы да бастамаңызшы. Анамның еш кінәсі жоқ.

– Жандос, тоқта мен әлі сөзімді аяқтамадым.

– Қырсық.

Берік терең күрсіне шылымын тұтатты.Осыдан екі жыл бұрынғы оқиға есіне түсе кетті.Үй іші. Қонақ бөлмесі. Берік пен Анар айқайласуда.

– Неге олай дейсің, баламызды ойласайшы. Мен балам үшін жұмысымды да тастадым. Үйде отырып  екеуіңнің қамыңды ойлаумен болдым. Сен неге олай еттің қайдағы бір сылқым үшін бе?

– Анар болды жетер ажырасамыз.Қайда барсаң, онда бар.Бірақ Жандос менімен қалады.

– Бұлай, қате шешім жасама.Жандостың өміріне балта шабуға жол бермеймін.

Бөлмесінен шыққан Жандос:

– Әке,анам  неге жылап жатыр, неге дауласып жатырсыздар?

– Балам, кешірші, дәл қазір бізге әкеңнен алшақ кету керек, түсінесің бе, құлыным!

– Сен не деп тұрсың әй, мен түсінікті етіп айтпап па едім. Былай тұр Жандос бар бөлмеңе, ал сен кет бұл жерден.

– Әкее...

Арадан қанша жыл өтсе де Жандос өз әкесіне қатты ызалы. Ол өзінің әкесіне дәл осы «әке» сөзін айтуға құлықсыз. Анасы мен әкесін қанша татуластыруға беттеседе онысынан еш мән  шықпады.

Мектеп. Әдебиет пәні. Мақпал апай: – Сонымен үй тапсырмасына мен "Менің ең аяулы жандарым"  атты тақырыпқа эссе немесе өз туындыларынды жасап келіңдер, – дедім. Қане, кім бірінші бастайды?

Оқушылар өз жұмыстарын біртіндеп мұғалімге айта бастайды.

Мақпал апай: –  Керемет, маған Алмастың алып келген шағын фильмі ұнады. Маржанның шығарған өлеңі қандай тамаша.Ал енді біздің Жандос не дайындап келіпті?

– Апай мен ештеңе орындаған жоқпын.

– Қызық, оның нендей себебі бар екен, Жандос? Осы сен сабаққа немқұрайлы қарағаныңды қашан қоясың? Тіпті сені  түсіне алмай қойдым, айтшы сен қалай түсінуге болады. Қарапайым шығарма жаза алмайсың, тіпті өзіңе жақын жан жоқ па өмірде? Жандос, сен мені қорқытасың.

Әбден тоқтамастан сөйлеген  Мақпал апайына Жандос сәл жымиып күлді.

Мақпал апай  Жандостың қасына келіп:

– Неменеге мәзсің сен, сабаққа мүлдем қатыспайсың, Жандос!

Бір ақ параққа Мақпал апайының сабақ түсіндіріп тұрған сәті салынған суретті көріп, мұғалім аң-таң болады.

– Жандос мынаны сен салдың ба? Бұл мен ғой, сонда саған сурет салған ұнайдыма? Неткен ұқсастық, жоқ мынау деген талант қой Жандос!

–Ал сіз болсаңыз тоқтамастан ұрса бересіз, сөйлей бересіз, мен сізді үндеместен тыңдап, осылай салуыма тура келді. Сізге ұнамады ма ?

– Әрине ұнады. Керемет, демек сен мені жақсы тыңдайды екенсің ғой. Жарайсың, Жандос!                                                   

– Көрдіңдерме балалар, арамыздан тағы да бір талант жарқ етіп шықты. Жандостан біз мұндай күтпеген едік.Өте жақсы, сонымен кім жалғастырады?

– Кешіріңіз апай, мен өз шығармамды оқысам бола ма?

– Әрине, Шынаржан оқи ғой.

Бәрінің ойы тек Шынардың оқыған шығармасында, өте әсерлі болды, кейбірі көздеріне жас алды.

– Өте әсерлі Шынар. Анаң қандай керемет жан еді.Осы шығарманы жазған сенде, бәрімізге жақсы ой салдың. Бүгінгі жұмыстарың маған қатты ұнады.Балалар барлықтарыңа өте жақсы деген бағалар қоямын.

Мектеп. Сабақ аяқталып, оқушылар үйді-үйіне тарасады. Жандосқа Шынардың шығармасы қатты әсер қалдырады. Мектептен шығар тұста Жандос Шынардан жаңағы шығармасын сұрамаққа беттейді. Бірақ қалай сұрарын білмей дал болады. Анадай жерде автобус күтіп тұрған Шынарға барып:

– Шынар, №5 автобус өтпеді ме? Автобусқа мінбесе де, алғашқы әңгіменің басын жалғап, Шынар алғашында таңданып:

– Жоқ, білмеймін, ондай автобус осы жерден өтпейді ғой. Саған арғы көшедегі аялдамаға бару керек шығар.

– Ммм, солай шығар. Айтпақшы сенен жақсы жазушы шығатын сияқты.

– Рахмет, сенен де мықты суретші шығатын шығар. Мақпал апайға керемет ұнадың ғой бүгін.

– Мақпал апай өте жақсы ұстаз. Мен салуға қорықтым, ұрсатын шығар деп. Апайдың түсінігі мол. Шынар, мүмкін болса, жазған шығармаңды маған бересің бе?

– Аа, не үшін?

– Жай әншейін, бір кісіге дәл сенікіндей жазып көрсетейін деген едім?

–  Ол кісі анаң ба? Жарайды ал. Аналар  үшін болады.

– Рахмет, Шынар. Үйіңе абайлап бар.

– Оқасы жоқ, бірақ сен автобуспен бармайсың ба? №5 автобус осы жерден жүреді, мен жай айта салдым.

– Жоға, мен автобуспен ешқашан жүрген емеспін. Жарайды сау бол, Шынар!

 Шынардың ойында:

– Неткен жұмбақ жан еді. Мақпал апай айтқандай "қызық" өзі.

                                     

                                          Тоғызыншы қабат

Кешкі уақыт. Жандос  жоғарыға көтерілді. Кеудесін кернеген ауыр сезімдерін сыртқа шығару ол үшін әдеттегідей, ақ параққа қара  қарындашпен сыр шертуге оқталды. Бар ойын ақ параққа қарындаштың үшкір өзегіндей анық  етіп төккісі келді.  Бірақ қауқары келмеді.  Ол  шеңберге таяу қалып еді. Ия, жақындады. Бұл таптырмас  мүмкіндік.  Қане, Жандос бұл жолы не ойлады екен.

 

                                          Жандостың  ойы

Неге менің көңілім бір марқаймай-ақ қойды? Бозбала шағымда үнемі бұлданам да жүрем, тіпті, менімен ешкім де достасқысы келмейді. Бәлкім, әкем мен анамның ажырасуы мені қатты қинап жіберді ме? Әлде мен ешкімге де керек болмай қалдым ба? Жоқ, мен өзіме керекпін. Мені тек қана ақ парақ пен қара қарындаш қана құтқарады. Әрине, бұл менің  хоббиім, біз біргеміз. Жақсы достасып та кеттік, тіпті Мақпал апай да қосылып қатарымыз көбейіп жатыр. Менің салған  портреттерім  Мақпал апайға ұнайды. Менің  аяулы ұстазым,  сізге дейін  мен ешқашан бұндай тылсым күшті сезініп көрмеппін.  Шабыт бердіңіз. Сіздің шынайы күлкіңіз бен  мейіріммен қараған көздеріңіз менің қаламымды еріксіз тербетеді. Менің анам секілдісіз. Мақпал апай менің шығармашылық шабытым болғаныңыз үшін рахмет. Сізге осылайша айтқым келеді. Бірақ басқалар мүлдем бөлек түсініп қалуы да мүмкін. Әсіресе, еріккен қыздар, сіз туралы артық  өсектер айтып  қойып жүрсе, мысалы Әйгерім. Одан бәрін де күтуге болады. Жоқ, мен не ойлап кеттім, менің  ойым болашақта болуы керек. Керек емес ойлар неге мазалайды, осы. Мен болашақта танымал суретші боламын. Мен арманыма жетемін. Бәлкім, осылай армандаған да дұрыс шығар. Шіркін, осы әкемді айтам,  нені армандайды екен. Анамды сағындым. Оның ыстық тағамдарын. Анама қиын болмаса екен. Ол өте жақсы адам. Ертең ешкімге де білдірмей анама барып келсем бе екен. Әкем білсе, тағы да ашуланатын шығар. Осы өмірде мені кім түсінеді? Бәріне де қолымды бір-ақ сілтеп, алысқа кеткім келеді. Бірақ әкем мен анама қиын болады-ау.

 

                                          Тоғызыншы қабат

Мен сені түсінемін, Жандос. Сен мынау әлемде өзіңе қолдау беретін жан таппай сабылып жүрсің-ау. Сен әлі жассың ғой, сонша ойланғаның не?  Армандарың әлі-ақ орындалады. Маған сен. Сен осында әрдайым келген сайын ақ парағыңмен сырласасың.Ал мен сенің көзің мен санаңдағы ойларыңды оқимын. Тіпті кімді  ойлайсың, кім сені қуанышқа бөлейді және кімді ойлап тұнжырайтыныңды да білемін. Саған көмектескім-ақ  келеді, бірақ мен жансызбын. Бұл мүмкін емес, тіпті ұстап жүретін қалта телефоны да емеспін. Мен жай ғана кірпіш пен бетоннан құйылған темір тіреуіштермен қоршалған, тоғызыншы қабаттағы шатырмын. Менде бар болғаны осыдан бірер жыл бұрын көрші Нұрлан ағайдың көркемдік  үшін отырғызған   хош иісті гүлдері мен емен ағашынан ойып жасалған отырғыш қана бар. Менің бар байлығым осылар  ғана. Осыған да шүкір, әйтеуір ой шеңберім болмағанда, іш-құса болып өлерім анық. Сол себептен де мен сені жақсы түсінемін. Сенің сырлас досың болғым келеді. Сен әкеңе қатты ренжулісің, бірақ  бұлай жалғаса берсе, саған да әкеңе де қиын болады. Меніңше әкеңді тыңдаған жөн. Себебі сенің әкең, күндіз түні  самайынан суық тер шыққанша еңбек етуде. Мейлі  ол тым өктем болса да, ол сен үшін сенің болашағың үшін күресуде. Рас, арасында артық кететіні де бар. Бәрі де бұл өмірде қателеседі. Сенің әкең де өз өмір жолында  аздап  қателесті.  Оның басты қателігі сені ойламауында. Мейлі ол сенің анаңды тастап, басқа біреуді тапса да бұл оған жарасады. Себебі ол бастық. Берік Теленов – білдей бір қаланың әкімі. Жақсы, бұл жерде таяқтың екі ұшы бар делік. Егер кезінде Анар Ыдырысқызы  тым жұмысбасты болмағанда, бәлкім бәрі де басқаша болар ма еді, кім білсін...

Менің көңілім босап кетті. Дәл осында Анар Ыдырысқызы қатты жылап еді. Тіпті ол кезде ауа-райы да бұзылып тұрған болатын. Міне, содан бері сенің көңіл-күйің  сол ауа-райындай, еш өзгеріссіз. Иә, білемін  соңғы уақытта қалам мен парақты серік етіпсің. Байқаймын, сенде кішкене болсын өзгерістің ұшқыны бар. Меніңше, сен өз сынып жетекшіңді жиі салатын болыпсың. Ол саған ерекше сезім сыйлайтыны көрініп тұр. Мақпал апай, қандай жан екенін білмедім. Бірақ сен оны жиі суреттеуіңе қарағанда, тоқтай тұр, мен не ойлап кеттім, өзі? Не, сен Мақпал апайыңды ұнатасың ба? Қазір,  тұра тұр, жел маған оның салған парағын ұшырып әкелші! 

Демек Мақпал апай, өзі ашаң жүзді,жас шамасы жиырма үштерде сияқты.Көздері ойлы, қарашығында бір мейірім бар ма, қалай өзі? Қап, менің ойлағаным қате болса екен. Жандос, сабағыңды оқы, қайдағы жоқ махаббат-сахабатпен теңселмей. Туу,  ол мені естімейді ғой, жел  қайдасың сен!

Әкімшілік аппараты. Мәжіліс залы. Облыстық мәслихат отырысында кезекті жоспарлы жұмыстарды талқылауда.

Берік Теленов: – Алдағы жылдың жоспарында бекітілген негізгі жобалардың іске асуына барынша мемлекеттен әлеуметтік-материялдық  көмек бөлінеді. Сол себептен сол істі басты қадағалауды Марат Доспановқа жүктеймін. Өздеріңізге белгілі Марат Доспанов  білікті маман ретінде ұсынған кандидатура, яғни менің жаңа орынбасарым. Сондықтан алғашқы ісіңізге сәттілік,- дей отырып, бүгінгі мәслихатты жабық деп жариялаймын.

Мәжіліс залынан соң, Марат Берікке алғыс айтуды жөн көрді.

Марат:

– Берік Сапарович, сіздің соңғы түйініңіз маған ұнады. Маған сенім артқаныңыз үшін үлкен рахмет. Алдағы уақытта ісіміз оңға бассын!

Берік:

– Марат, осы іске өзіңді арнайы ұсындым. Сенің жақсы маман екеніңді кадрлар бөлімінен білдім. Сол себептен де бүгінгі алғашқы қадамың құтты болсын! Екеуінің ойын осы уақытта кадрлар бөлімінің меңгерушісі Майра бөледі.

Майра:

– Берік Сапарович, сізді ТЖМ басшысы қоңырауда күтіп тұр екен.

Берік:

– Аа, иә, о кісілермен байланысқа шықпағалы біраз болды. Бұл жолы не болып қалды екен. Асығыстана кабинетіне кетеді.

Майра жай ғана күлімдеп, Маратқа қарап:

– Білуімше, кезекті бір жағдайға, кезекті қаржылай бір көмек, сіздің ойыңызша да солай ма?

Марат:

– Әдетте төтенше жағдайлар қоғамда үрей туғызатын, қазіргі уақытта "ақша" деген сиқырлы күштен кез- келген қорқыныш сейіле ме қалай өзі?

Майра:

– Сұраққа сұрақ қойдыңыз ғой  сізде, менің есімім Майра Несіпқызы, алғашқы жұмыс күніңіз құтты болсын.

Марат:

– Рахмет, Майра Несіпқызы, сізге де сәттілік!

 

***

Мектеп. 10 «б»сынып. Үлкен үзіліс кезінде Шынар Жандостың қасына келіп:

– Жандос, Сәлем. Кеше маған хабарласыпсың, жай ма?

– Сәлем, Шынар. Сенен кеңес сұрайын деген едім. Мысалы мен анама хат жазғым келеді, бірақ қолымнан ештеңе  шықпай қойды.

– Ааа, солай ма, оның еш қиындығы жоқ қой, тек өз ойыңа не келеді соны жазасың, бар болғаны сол.

– Жоқ, олай емес. Мен олай жазар болсам, тек "Мақпал апай бүгін маған ұрысты" деген сияқтыларды жазамын, басқаша сен сияқты әсерлілеу қылып.

– Түсіндім, иә, ол үшін сен көп кітап оқу керексің.

– Кітап дейсің бе?

Осы сәтте дәл олардың жанына Әйгерім келеді.

– Не туралы әңгімелесіп жатырсыңдар, Шынар?

– Жай, Жандос кітап туралы сұрап жатыр?

– Мәссаған, Жандос сен кітап оқиын деп жатырсың ба? Мынау деген жаңалық қой, әлде папаң айтты ма кітап оқы деп.

– Жоқ, өзім шештім. Ал сен ше ешқандай кітап оқымаған шығарсың, тек әліппеден басқа?

– Жандос, неге олай айтасың? Әйгерім жәй қалжыңдаған шығар?

– Хммм, сол әліппені қалай үйренгеніңді білесің бе? Ата-анаң әр жиналыста позор болып.

– Кетші бар, Әйгерімм!

– Әйгерім оның не, Жандостың ашуына тидің ғой.

– Тисе тиіпті де, өзінше қораштанады ғой, байдың баласымын деп, сен онымен неге араласасың? Ол осындай тиіп қалсаң болды, өзінше кісі бола қалады.

– Әйгерім, ол саған ұнамай ма,  сен де араласпа, байқаймын Жандоста сені ұнатпайды ау шамасы.

– Туу айтпаш, оның атын. Қазір алгебра сабағы ма, кешегі бақылаудан 2 алған шығар, көреміз қазір.

Сыныпқа сынып жетекші Мақпал апайы кіреді.

– Балалар, сендерді, мен Жанат ағайларыңнан әдейілеп сұрап алдым. Бүгін Алгебра пәні болмайды. Есесіне менің сендерге тамаша бір тапсырмам бар.

Оқушылар қуанып:

– Апай пикникке барамыз ба, жоқ киноға барайықшы.

– Жоқ балалар, бұл жолы ешқандай пикник те, кино да, музей де жоқ. Біз "Қайырымдылық" акциясын ұйымдастырамыз. Біз топ-топқа бөлініп, әрбір топқа тапсырма беремін. Сонымен бізде 17 оқушы, бес-бесеуден 3 топ, ал қалған екі оқушыға ерекше тапсырма беремін. Так, жеребе бойынша бөлінеміз.

– Аты аталмағандар Шынар, сосын Жандос. Сонымен Шынар мен Жандостың тобына қосылам деушілер барма?  Жоқ болса онда сендер бір топ боласыңдар. Сонымен балалар мен сендерді неге бөліп жатырмын, біз алдағы аптада "Балауса" балалар үйіне барамыз. Сондықтан сендерді топ-топқа бөліп, сондағы балалармен ойын-сауық кешін ұйымдастырамыз.  

– Апай, мен түсінбедім, Шынар мен Жандос онда бармайды ма, олар не істейді сонда?

– Айгера, оларда барады. Айтып тұрмын ғой бәріміз бірге барамыз деп. Оларға мен басқа тапсырма беремін. Ал сендер 3 топ әрқайсыларыңа әр түрлі, әрі қызықты тапсырмалар. Сонымен Алмастың тобы сендер ән-би, квн дайындаңдар. Әсемнің тобы түрлі сыйлықтар, тәттілер. Мақсат сенің тобың шар, плакаттар мен түрлі ойыншықтар жинасын. Ал Шынар мен Жандос осы сәтті видео мен фотоға түсірсін және балалардан интервью аласыңдар. Шынар сұрақтарды менен алып кет. Иә, балалар, бұл теледидардан шығады, сондықтан жақсылап дайындалыңдар!

– Апай мен қатыспасам болмай ма?

– Жандос, осы жолы еркелігіңді көтермеймін. Қатысасыңдар барлығың, а то бір апта бойы Жанат ағайларыңа математикаға жаздырып қоямын. – Жандос ұқтың ба, Шынар екеуің маған жолығыңдар!

Мектеп іші.  Оқушылар қызу дайындық үстінде. Сыныпқа Мақпал апайы  келеді. 

– Оқушылар бүгін бізде ең маңызды күн болып тұр. Сол себепті барынша өзімізді жақсы қырынан көрсете білейік. Бірлік бар жерде, әрдайым нәтижесі жақсы болады. Сонымен бәріміз дайынбыз ғой!

– Әрине,  апай,  біз бәріміз біргеміз,  берік қамал іргеміз! 

– Жақсы,  олай болса бәріміз дайын болсақ кеттік.

– Мақпал апай,  сізге бір өтініш бар еді. Мен Шынарлардың командасына қосылсам болады ма? Мен оларға көмектесіп жүремін.

– Неге,  өзіңнің командаңдағы жұмысты кім істейді? Әйгерім, егер екі жұмысты қатар алып жүрем десең,  кәнеки,  көмектесе ғой.

– Ой, апай уайымдамаңыз,  мен барлығына көмектесем,  апай қосыла берсем болады ғой,  солай ма?!

– Мақпал апай, бізге расымен де көмектесетін бір адам керек,  жақсы болды ғой! 

– Сонымен оқушылар,  барлығымыз өзіміздің  орнымызда болайық,  жауапты болыңдар, біз саябаққа қыдырып бара жатқан жоқпыз. Түсінікті ғой!

– Түсінікті,  Мақпал Сәбитқызы!!!

Үй іші.  Жандос кешкілік  балконға шығып,  сәл тыныстап алғысы келді.  Кенет оның ойына Шынар айтқан сөздер сап ете түсті. Әр адам баласы  армандайды,  шабыттанады,  қиялға беріледі.  Сол сәттегі сезімде адам баласы керемет шабытқа ие болады.  Сол шабытты ояту үшін,  жан дүниеге жақын нәрселерді жиі ойлау керек.  Жан дүниесін шабытқа толтыру үшін,  музыка,  табиғат аясы,  тыныштық,  таң шапағы,  тамаша сурет бәрі де жетіп артылады. Жандостың ойына лезде, қағаз бен қалам алып,  дәл осы Шынар айтқан сөздерді салғысы келіп кетті.

                                      

Тоғызыншы қабат

Міне менің жан тынысым – Жандос, маған тағы да қонаққа келді. Жандос бұл жолы көңілді көрінесің. Саған осылай жүрген жарасады. Өзіңді ойласам есіме бірден таза энергиямен, жаңа серпіліс лебі келеді. Мақпал апайың жайлы ойым  расымен де артық  кетті. Менде есімнен адасып тынатын шығармын?! Сен тағы да қағаз қалам мен келгенсің бе? Мақпал апайыңды саламын деп келген жоқ шығарсың? Жандос, сен  суретші боларың  анық. Бірақ мені бір ой толғандырады. Әрине, мен суретші емеспін, сендей қылқалам шеберіндей ойлау,шабыт алу қолымнан мүлде келмесі анық. Бірақ  сен осындай керемет тың  идеяларды қайдан аласың? Мақпал апайыңнан ба? Әлде?  Көп көлгірсіп кеттім білем, бұл жолы сен, тоқтай тұр, Мақпал апай емес, мынау басқа ғой. Жастау көрінеді. Бұл Мақпал апай емес пе? Міне ғажап, енді саған басқа бір сұлу шабыт сыйлапты  ғой.  Демек, сен менің ой шеңберімде кілең қыздарды салатын болғансың ба? Жаман емес, бұл да бір таңқаларлық  жайт.  

                                           Жандостың ойы

Ехх,  бүгін  көңіл-күйім сондай жақсы, бұл күн өте жағымды әрі есте қаларлық  күн  болды.  Мақпал апай да риза, бәріміз де нәтижелі  еңбек еттік. Шынар да ерекше құлпырып жүрді. Өзіне күлімдеп жүрген сондай жарасады,бетіндегі кішкене  меңі өзіне жарасымды-ақ. Таптым, мен оның  суретін салып, ертең оған сыйлайын.Шынарға міндетті түрде ұнайтыны анық. Мақпал апай атпақшы, «Шынарым менің, шырайлым менің» дәл өзіне ұқсап кетті.Міне,дайын. Ертең  кешке қарай ма, әлде осында қонаққа шақырсам ба екен. Білмедім, бір реті келегенде берермін.Кеш болып кетті. Әкем  қайда екен, жұмыстан келіп те қалған шығар. Тездетіп ішке кірейін. Керемет.

– Ұлым,  Жандос, Жандос.  Қайдасың?

– Қазір, әке,  мен мұндамын.

Әкесі баласының  шатырдан шығып келе жатқанын көріп, қатты қобалжыды.

– Жандос, онда  не істеп жүрсің? Ол жер ойнайтын жер емес қой. Балам, сақтықта қорлық жоқ. Абайлап жүр, ана мансардты жаптырып тастаймын-ау. Жандос, жазда   саяжайға тауға кетеміз.

– Ой,  әке,  неге сонша уайымдап кеттіңіз. Мен үш жасар бала емеспін ғой,  өзіңіз  қалайсыз?

– Балам-ау, менде бәрі жақсы. Жүр үйге кірейік. Мынау не  сен сурет салып жүрсің бе?! Міне қызық, сен өзгеріп жүрсің ғой Өткендегі  сыныптас қыз сенің досың ба?

– Ол Шынар ғой, екеуіміз  бір тапсырма орындаған  соң,  мен оны  аялдамаға дейін шығарып салғам.

– Солай де.

– Шынар жақсы қыз. 

Шынар кешкілік асын ішіп болған соң, дереу Жандостың жазған шығармасын  оқып шығуға  кірісті. Алдымен әкесіне  әдеттегідей сүт қатқан кофе дайындап бергісі келді.  

– Әке,  жұмыста қиындықтар болып жүр ме,  соңғы кездері түндеде жұмыс жасап жүрсің ғой?

– Ааа,  қызым,  иә,  соңғы уақытта жұмыс көбейіп кетті.Саған да көңіл бөлмей жүрмін.  Апта соңында  міндетті түрде бір жаққа барамыз. Уәде беремін. Жарай ма, қызым?

– Жарайды папа, тек шаршамай жүрсең болды. Саған кофе әкеліп берейін.

Мараттың телефоны шырылдайды.

– Алло, Кеш жарық,  Асқар Сәкенович,  иә, айта беріңіз. Қандай мәселе бойынша? Бухгалтерлік бөлім, иә түсінікті. Әкімге байланысты құжаттар,  неге, неліктен? Қалайша? Шикілік бар. Жарайды, Асқар Сәкенович,  ескерткеніңізге рахмет. Әрине  телефонмен сөйлесетін шаруа емес,  иә,   ертең талқылау керек. Рахмет,  сізге де Қайырлы түн!

– Әке,  міне сүт қатқан кофе. Тыныштық па, пап,   даусың қатты шықты ғой.

– Рахмет,  қызым,  бәрі жақсы бара ғой,  ұйықта!  

– Ааа, Шынар, айтпақшы,  сұрайын деген едім сенің  үстеліңнен  Теленов Жандос  деген бір дәптер көрдім.

– Иә, менің сыныптасым Жандостың дәптері ғой,  менде қалып қойыпты.  Оны неге сұрадың,  әке?

– Солай ма,  жай ғой  қызым,  Қайырлы түн, қызым!

– Қайырлы түн, әке!

Біздің бастықтың  баласына ұқсас екен,  қызық  бірақ,  есімдер ұқсас келе береді ғой,  қап-ай   не болса да, жақсы болса екен бәрі.

 

                                             Тоғызыншы қабат

Сәлден кейін жауын жауғалы тұр. Желде өз жұмысын орындауда. Бұл қала үнемі жауыннан көз ашпайды.  Жаратқанның берген тамаша сыйы, қаланың сұрықсыз реңін жиі жуғысы келетін шығар. Алып қаланың тар ауасы адмдардың да тынысын жиі тарылтатыны осындайда білініп қалады. Бәрі  де көңілсіз. Әрдайым асығыс. Барар жері, басар тауы жоқ, ындыны жарымай жүрген бақытты да бақытсыз жандар. Сіз маған ренжімеңіз, бұл менің күн сайын, тіпті сәт сайын көріп жүрген қызықсыз, жиі қайталана беретін көрінісім. Бұл сіздер, яғни адамдар үшін қалыпты  құбылыс болса мен үшін  бұл күнделікті жиналатын қоқыспен тең.  Иә. Естуге жағымсыз болса да осы. Бірақ  кейбіріңіз өзіңіздің өміріңізді мәндірек ету үшін пайдалы іспен, нәтижелі еңбекпен айналысып, содан рахат аласыздар. Мысалы, осы менің шеңберіме сән беріп, хош иістерімен жанға қуаныш сыйлайтын жиектегі әсем гүлдерді, кім өз қолымен отырғызды дейсіз?!  Иә, білесіз өткенде айтып едім ғой, сегізінші қабатта тұратын қолы шебер Нұрлан ағай. Өзі өте жақсы адам. Қолынан келмейтіні жоқ. Осы үйдің  құтқарушысы деп айтсам да артық емес. Көршілері үйлерінде бірдеме бүлінсе, қауырт оқиғалары бола қалса, бірден осы Нұрлан ағайға алып-ұшып жетіп барады. Осы адамдар қызық, біреуге жүгінгенді жақсы көреді. Нұрлан ағай сонда да бір қабақ шытып көрген емес.Сондай кеңпейілді жан. Ал оның жары  Раушан апай мүлдем басқа, тіпті екі жүз пайыз қарама-қарсы жандар. Айтпай-ақ, қояйын. Артық әңгіме болып жүрер. Раушан апай әлі күнге дейін Нұрлан ағайдың әр басқан ізін аңдумен жүреді. Тіпті, осы үйдің барлық  қыз-келіншектерінен қызғанып, ұрыс шығарып, жұртты да қүйеуін де әбден мезі  қылып біткен.  Раушан апай осы әдемі гүлдерді жұлып, менің шеңберімнің әсем көрінісе нұқсан келтіруге дейін барған. Міне, сізге нағыз есі ауысқан әйел! Сіз менің артық, тым көп сөйлегеніме мән бермеңіз. Бұл менің шымбайыма қатты батқан болуы керек. Сіз неге мені тақырыптан ауытқып кетті, деп ойлап отырған боларсыз. Ал сіз ойладыңыз ба осы  жоғарыдағы оқиға сипатын диолог етіп, жазып жатқан кім деп ойлайсыз? Әрине, автор.  Ал ол автор кім екенінен білгіңіз келмей ме? Онда мен сізге бір құпияны ашайын. Автор Нұрлан ағай емес, Раушан апай да емес. Керісінше олардың  қызы –  Әмина.  Әмина олардың ең кенжесі, әрі болашақ  жас журналист. Өзі бала күнінен кітаппен достасып үлгерген, ақылды әрі сырын ешкімге де аша бермейтін аса құпиялы жандардың бірі. Әмина Қазақ Ұлттық Университетіне түсуді армандайды. Ол өз армандарының орындалатына сенеді,әрі арманына жетуге талпынып жүр. Менің бар білерім осы. Бірақ  мұнда біз білмейтін  қаншама «гәп» бар. Әңгімемнің ауаны өзгеріп сала бергеніне шамданбаңыз, сізге келесі құпияны ашайын деп отырмын.

Жандостың анасының үйі. Анар Ыдырысқызы баласына ас қамдауда.

– Балам, мектепте сабағың қалай, бәрі жақсы ма,  өткен жолы маған Мақпал апайың хабарласқан болатын.

– Иә, мама, Мақпал апайым бұл жолы не депті?

– Әдеттегідей айтқан жоқ, бірақ сен оған қатты ұнапсың, бір сурет салып берді дейме, әйтеуір ...

– Мақпал апайды ерекше таңдандырған сияқтымын. Мама мен сізге бір қыздың жазған шығармасын, көрсетейін дегенмін. Ол қыздың шығармасы сыныптағы барлық оқушыларға ұнады. Сізге де ұнайды.

Анасына шығарманы оқып береді, Анар шығармадан соң,көңілі аздап босаңсиды.

– Жандос, балам, сен ержетейін дегенбісің? Бұрын сенен мұндай байқалмайтын. Балам, шығарманы жазған қыз сенің сыныптасың ба?

– Мама, менің өзгерген түгім де жоқ. Тек соңғы кезде айналамдағыларға мән бере бастадым. Өмір туралы ойлануға. Айтпақшы Шынар біздің сыныпқа жаңадан келген қыз, осы шығарманы жазған сол қыз. Сізге ұнады ма?

– Әрине, балам, осы қызбен мені бір күні таныстыршы, сендер жақсы достасып алдыңдар ма?

– Әзірге жоқ, бірақ алдағы уақытта танысып жатарсыздар.

– Жандос, көкейіңде жүрген ойларың болса айт. Еш жасырма, мен сенің ең жақын адамыңмын!

– Әрине.

Сол кезде Жандосқа әкесі хабарласады.

– Алло!

– Балам, мен  кешке келе алмаймын. Шұғыл жұмыс шығып қалды. Сондықтан үйге Асыл әпкең келеді. Әпкеңнің айтқанын тыңда.

– Иә, түсіндім, Әке, мен Асылмен ...

– Менің айтқанымды тыңда, Жандос, қазір қайдасың, тағы да ана үйдесің бе?

Осы сәтте Анар келіп қалады.

– Жандос, берші телефонды.

– Берік, сен неге баланың көңілін мазалайсың. Ол өзі біледі, қай жақта оған қолайлы, сонда болады.

– Дәл осы сұрақты саған қою керек Анар. Осы сен Жандосты қашан жайына қоясың, сен оның ойын бұзып жатырсың!

– Сен әлі өзгермепсің, Берік!

Жандос: –  Мама, мен бекер келген сияқтымын. Қазір әкем келіп, сізді тағы да ренжітеді. Мені уайымдамаңызшы, мен кетейін!

Жандос үйіне кетеді. Бірер минуттан соң, Берік Анардың үйіне келеді. Оған бірден дүрсе қоя береді.

– Жандос, қайда?

– Ол үйге бармап па еді? Шығып кетті ғой, жаңа ғана.

– Анар, өтінем Жандосты бұдан былай мазалама. Әйтпесе балаңды тек түсіңде де көрмейтін боласың, сен оның болашағын бұзасың!

– Берік, бұлай деуге қалай дәтің барады. Мен оның туған анасымын. Сенің көзіңді қу дүние басқан, көзіңді аш. Сен баланың болашағын ойламақ түгілі, алдымен өзіңді ойла. Жандос ержетіп келеді, ал біз оған әлі бір зат сияқты қарап, тек таласуды ғана білеміз. Неге оны менен бөлесің, Берік?

–  Жетер, болды. Жандостың өміріне араласпа.

Есік қатты жабылып, Анар еңіреп жылады.

Жандостың үйі. Асыл әпкесі студент. Өзінің достарымен бірге үйді басына көтеріп, улап-шулап жүр. Кенет есік қағылады.

Асыл: – Тыныш, шуламаңдар, өшір өшір музыканы...

– Бұл кім?

– Бұл мен, үйдің иесі.

– Жандос, сен бе едің?

– Өз үйімізге кіре алмай қалдық қой, сендерді кім шақырды?

– Жандос, сен ренжіме. Берік аға айтып қоймаған соң, амал жоқ келдім. Саған тамақ жасайын деген едім, бірақ сені келмейтін шығар деп ойладым. Сен мамаңнан тамақтанып келген шығарсың?

– Рахмет, аш емеспін, бірақ маған бола алаңдамай-ақ қой. Папама өзім  хабарласам, ал қазір менің ұйқым келіп тұр?

– Қалайша, қазір сағат  кешкі 8 емес пе, ұйықтағаны несі?! Қызықсың, сен кел одан да бізбен ән айтып, би билейік. Жүр мен сені достарыммен таныстырамын.

Жандосты жетектеп алып, қонақ бөлмеге алып барады. Қонақ бөлмесі азан-қазан, шашылып кеткен.

– Қыздар,бұл менің ағамның баласы – Жандос  деген інім. Жандос бұл Аселя, анау қыз Сара, оның ар жағындағысы Лаура.

– Стоп, Асыл! Сен не істеп кеттің,мен айттым ғой менің ұйқым келіп түсінбедің бе? Кетші үйден, боссың!

– Я поняла, байдың баласы ғой. Сен бар ғой кішкентай болып алып, өзінше болма.Между прочем, сенің папаң, менің ағам, понял. Девчата посмотрите бұған, кеттік қыздар жиналыңдар, кеттік кафеге барайық!

– Асыл үйдің кілтін тастап кет.

– Міне, ал. Папаңа үлкен сәлем айт!

Кенет есік қоңырауы тағы да соғылды. Бұл тағы да еріккен Асыл шығар деп ойлап, бірден ашып:

– Асыл, тағы не ұмыттың сен, Әмина?

– Әмина, сәлем. Кештетіп жайшылық па?

– Сәлем, мазаласам кешір, Жандос. Үйде Берік ағай бар ма? Жалғызсың ба?

– Иә, менің әкемді бәрі іздеп жүреді, әйтеуір. Әкем іссапарға кеткен.

– Иә, білем. Бүгін таңертең менің папама айтып жатқан. Сенің қолың бос болса, жүр біздің үйге, кешкі ас ішеміз.

– Аа, солай ма, Әмина, рахмет. Бірақ мен анамның үйінде тамақтанып алған едім. Рахмет шақырғаныңа.

– Бас тартушы болма. Жүр әйтпесе, менің мамам ренжиді. Раушан апай сені асыға күтіп отыр. Жүр кеттік.

– Әмина, ыңғайсыз емес пе?

– Дым да.

***

Кешкілік ас өте дәмді, әрі сіңімді көңілге жайлы болды. Бәлкім бақытты да базарлы отбасында жайбарақат отырып ішкен шәйдің  өзі жанға рахат сыйлайтын болғаны ғой. Әминаға рахмет.  Көңілімді бір серпілтті. Нұрлан ағай да, Раушан апай да мені сондай сағынысып қалған екен. Бар шын ниеттерімен менің көңілімді аулап, Әмина екеуіміздің балалық шағымыздың балғын сәттерін еске түсірді. Әмина менен бірер жас үлкен. Кезінде бірге талай тебісіп, алысып ойнаған едік. Қазір бойы талдырмаш, ашаң өңді болып, бойжетіп қалыпты.

– Ал, Әминаш, Жандос екеуің сыртқа шығып, таза ауа жүтып келмедіңдер ме?

– Мәә, папа, тым кеш емес пе?  Жандостың уақытын аламын ғой?

– Жоға, Жандос балам да  қарсы емес шығар. Меніңше Жандос қазір ел қамын ойлап жүрген жоқ. Әкімдікке өзіңді ұсынып жатқан жоқ шығарсың, Жандос?

– Жоға, Нұрлан аға, сізде әзілді жібересіз-ау. Менің  әкем тұрған да қандай әкімдік, сосын мен аса ұната бермеймін. Тіпті әкем де ол қызметтің маңайына жолата қоймас, әзірге.

– Жандос, алтыным сол. Өзің сондай ақылды болып ержетіп келе жатырсың. Біз сені  өз баламыздай көреміз. Әттең, Анармен де көріспегелі көп болып  қалды. Сен үшін көп жылайтын, Анар-ай...

– Жәә, болды Раушан сенде қызықсың, Жандосқа қайдағы бір нәрселерді айтып, Раушан сен де бір...

– Раушан апай, алаң болмаңыз. Мен анаммен жиі кездесіп тұрамын. Тіпті әкем де қарсы болып, талай рет сөзге де келгенбіз. Мен бар болғаны олардың  сіздердей тату болғанын қалаймын. Сіздерге көп рахмет. Раушан апай, Нұрлан аға, мен алдағы уақытта келіп тұрамын. Шақырғандарыңыз үшін  рахмет!

– Жақсы, Жандос сау болып тұр.

– Сау бол Жандос. Қайырлы түн!

– Әмина, саған да!

 

Тоғызыншы қабат

Сіздерге айтар әңгімем түгесіліп қалмай тұрғанда,  бір түйіткілді ашып алайық. Менің ой шеңберімнің  қалтарыстарында осыдан бірер күндер бұрын  біреу кіріп, өзінің мардымсыз ойларын тастап кетіпті. Ал мен ұйқылы ояу, оның нендей ой болғанын, кім ойлағанынан да бейхабар болыппын. Мүмкін өзім соңғы уақытта мардымсыз бірдемелерді ойлағандықтан шығар. Сонымен  мен сіздерге сол ойлардың кімге тиесілі екенін айтқым келіп тұр. Ол кез тас қараңғы, түн ортасы ма, білмедім, әйтеуір   қаланың шамдары аз- аздан сөнуге айналған. Кенет терең күрсінген,  ер адамның аяқ  алысы естілді. Менің ой шеңберіме келіп, ақырын темекісін тұтатты. Бұл – Нұрлан ағай болатын.

Неге келді? Не  үшін темекі тартып тұр? Ол кісі бұндай күйде еш жүрмейтін еді ғой. Менің санамда осындай сандырақ ойлар жүйітки жөнелді. 

        

Нұрлан ағайдың ойы

Не болып кетті өзі? Әминаның айтуы рас болса ше, иә, расымен де солай сияқты. Ол Беріктің  телефон арқылы дәрігермен айқайлап сөйлесіп жатқанын көріп қалдым деп еді. «Сірә, Берік ағай, бір аурумен ауыратын сияқты, Әке байқаған жоқсыз ба?»  Ал мен болсам, сенбеп едім.  Қу тіршілік кімді де болмасын дертке шалдықтыратыны рас, бірақ Беріктің  бұлай ауыратынын мүлдем ойламап едім. Егер дем арасында жедел-жәрдем келмегенде не болар еді. Берік-ай жап-жас болып, мұндай дертке қалай іліктің. Білем, сары уайым, дүние, абырой, атақ бәрі бар. Жасың  небәрі 42-де. Сонда денсаулық  керек болмады ма? Қап, ойламаған сұмдық ойларым қалмады. Қалай ғана, соншалықты  дәрігерден бас тартып,  ауру төбеден келіп құлатқанша жүре беруге болады? Анар ше, олда хабарсыз. Сендер ажырасқалы бері жалғыз ұлың  Жандостың да мазасы жоқ. Еһ, қу өмір-ай, біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы деген осы да.  Алла тағала сен жайлы жақсы  ой түйсін, дертіңе шипа берсін. Әумин.

    

Тоғызыншы қабат

Салқындап барады. Менің жайқалып өсетін гүлдерім, күздің қара суығынан бара-бара өз әсемдігін жоғалтыпты. Бұл қалада ауа-райы құбылмалы екені бәріне де белгілі, адамдары да солай өзара тату немесе араз,әркелкі. Өмірдің өзі олар үшін ақ пен қарадан тұратынын әлдеқашан үйретіп тастатаған. Меніңше сол ақ пен қараны түрлі түсті етіп бояуға да болады емеспе, ал олардың түсінігінше мүлдем басқа. Боямасыз өмірге әбден еттері үйреніп алған. Мағыналары жоқ. Сіздің ше? Сіздің де өміріңіз осындай бояусыз өмірден тұрады ма? Жоқ, менің айтпағым бұл емес еді. Сіз менің нендей дүниеден жасалғанымды білесіз. Автор Әминаның айтқысы келгені  шындығында келгенде бұл емес. Жақын арада ол менің ой шеңберіме алғаш рет келіп, өз армандамен бөліскен болатын. Соңғы кездері Жандосты көрмейтін болыппын. Сөйтсем арада бір жарым жылдай уақыт өтіпті. Сол оқиғадан кейін Жандосты соңғы рет көруім екен. Әкесінің дертінен кейін ол мұнда келуді мүлде доғарыпты. Керісінше Әмина келіп, анда-санда болсын көңілім бір марқайып қалуда. Әмина өте ақылды қыз. Оның  ойлары мені жиі таңғалдырады. Дегенмен де Әминаның  ешкім де тыңдай алмайтын ойы бар сияқты. Мына әлемде ой тыңдаудың шебері мына мен секілді болсашы, шіркін-ай...

                                    

Әминаның ойы

Менің есімім – Әмина. Айтар ойымды жинақтай алмай әбден тосылдым. Мені кім тыңдасын. Қазір  әлемде бәрі де  тыңдаудан, түсінуден қалған. Адамдар өзгермелі, уақыт өткен сайын біздер сенімнен айырыламыз. Тағдыр бізді өмір соқпақтарымен  қанша тәрбиелесе де, өмірімізге бәрібір өкінішпен қараймыз. Айта берсең өмір философиясы еш таусылмақ емес. Алайда мен мұның  барлығын кімге айтудамын. Кім мені тыңдайды? Жанымды мазалаған ойларымды осылай тарқатып, кеуде қуысымды кернеген ауыр ойларымды аспан көгіне жібергім келеді.  Күн көкжиигіне жетіп, сол жерде қалықтап, жер әлеміне айтылған үндеу секілді ақ бұлттармен астасып, менің  ойларым көрініп тұрса екен. Қызық, ғажап деп осыны айт! Күздің соңғы айы болса да көкжиектен күн күлімдеп, адамдарды мына өмірдің ауыр ойларынан тоңбасын дегендей, бар шуағымен Жер әлемді бауырына басып жылытқысы келгендей. Кенет менің  Күн болғым келіп кетті.  Егер мен Күн болсам, өзіме жақын жандарды әрдайым өз құшағыма бөлеп, жүректеріне жылу сыйлар едім. Сонда олар өз ойларына еш жамандық  ұялатпай, жақсы әрі жылы ойлармен өмір сүретін еді.  Сосын Күн болсам, өзім жақсы көретін  жанды әрдайым мейірім шуағына бөлеп жүретін едім. Мәселен, Жандосты. Тіпті мен оны әлемнің  қай бұрышында жүрсе де көре алатын едім.  Жандос менің күндей құлпырған  сәулелеріме жылынып, Айға қарап мен жайлы ойласа екен.Оның жүзіндегі әрбір сезімді мен өз шуағыммен жандандырып жіберетін едім. Жандос, қайдасың  сен ? Мен сені сағынып барамын? Тезірек саған барып, сен жайлы ойларымды жайып салғым келеді. Әттең, ең  өкініштісі оны сен оқи алмайсың. Менің ойларымды айтам.  Мен саған сол кезден бері ғашық болып келемін. Балалық шақта балаң оймен сенің бейнеңе жай ғана  қарағыштай беруші ем. Қайдан білейін арты соқыр сезіммен жауапсыз махаббатқа ұласатынын. Сен Шынарды ұнатады екенсің. Кейін білдім. Сол күні кешке сені біздің үйге кешкі асқа шақырғым келген. Бірақ сен үйіңде болмадың. Кешкі таза ауада сенімен бірге  серуенге шығайық деп ойлағанмын. Бірақ бұл ойым ерсі болса да,мен өзіңе бірнеше рет қадам жасауға оқталдым. Бірақ  бұл қате шешім. Иә, қыз бала болғандықтан мен өзімді барынша тежеп жүрдім. Бірде сенің әкеңмен қатты ұрсысып жатқаныңды құлағым шалып қалды. Лифтіден шықтың. Ашулы күйі баспалдақпен төменге жылдамдата түсіп кеттің. Білем, отбасында ұрыссыз, кикілжіңсіз күндер болмайды емес, болады. Алайда сен артық кеттің. Берік ағай өте сезімтал жан. Сенің оған деген көзқарасыңды айтпай-ақ біледі.Жандос, сенің әкең бәрініңде дұрыс болғанын қалайды. Анар Ыдырысқызы да Берік ағаның қателігін кешірсе де, бәрі де  мүмкін еместігін айтып, Берік ағайға салқынқандылық танытады.

Түсіністік. Сыйластық. Мейірім. Махаббат. Осы төрт  ұғым дәл қазір  жеткіліксіз. Кез-келген елде де осы төрт ұғымға зәру болып жүрген қаншама жандарды көзімізбен көре тұрсақ та, жүрегімізбен көрмейміз. Жандос,  сен де мені байқамадың.  Менің әкем сені осында жиі көтеріліп, сурет салып жүрегеніңді байқапты. Сендегі бұл өзгеріс мені қуантты. Сен өзіңе ұнайтын сүйікті ісіңмен айналысып жүрдің.  Сыртыңнан сүйсініп  те жүрдім. Бір күні  әкең сені іздеп бізге келді.  Мен сенің мансардқа көтеріліп жатқаныңды айттым.Ол қатты қобалжыған болуы керек. Дереу сонда қарай кетті. Менің әкем  аң-таң. Алғашында мен неге екенін білмедім, бірақ сен үшін қатты қорықтым.  Себебі әкеңмен тағы да кикілжің болып жүрер деп ойлап, тысқа шығып едім.  Көңілді үнмен естілген дауыстар құлағыма шалынды.  «Шынар жақсы қыз», – дедің жарқын үнмен. Шынар, ол кім? Сыныбында  Шынар есімді қыз жоқ еді ғой. Мүмкін жаңадан келген сыныптасы шығар. Ойым сан-саққа бөлініп  кетті. Тездетіп, үйге кіріп кеттім. Көңілімді күманды ойлар билеп алды. Міне, содан бері сен жайлы ойласам болды, сары уайымға салынатын әдетті шығардым. Бірде  анам менің бойымдағы осы өзгерісті байқап, әбден тергеп сен жайлы ойлайтынымды біліп алды. Мен де ештеңе жасырған жоқпын, бәрін жайып салдым. Бір жеңілдеп қалдым. Сосын анам сені кешкі асқа Берік ағаймен бірге шақыруды жоспарлап жүрген. Алайда Берік ағай жұмысбасты, әрі қолы да бос емес. Мүмкін болған жоқ. Жандос, кешірші біз сол күні саған сенің әкең жайында айтпақшы болған едік.  Еш реті келмеді. Дастарқан басында сенің әкең, яғни Берік ағай инсультпен ауырады, жүрек талмасы бар деп қалай айтамыз. Әкем айтуға оқтала бергенде, мен бөгет болдым. Сенің көңілің алаңдайды ғой.  Әрбірден соң, біз кім біз. Біз сегізінші қабатта тұратын ұзақ жылдан бері көршілес болсақ та, бәрібір бөгде адамдармыз.  Осы оқиға қатты мені қынжылтты.  Енді бәрі де кеш. Сен менен жырақтасың. Қайтадан Күн болғым келіп кетті. Сенің жүзіңді көру үшін. Жүрегіңе жылы шуағымды сыйлау  үшін. Жандос, сен мені естимісің?!  Жандос, сен мені естимсің!                

                                    

Тоғызыншы қабат

Есімнен адасатын шығармын. Менің ой шеңбермімде осылай  бей-берекет айқайлауға болады ма? Сұмдық, денем түршігіп кетті десем де болады. Сірә, мендегі тас бетондар түршігеді деп ойлайсыз ба?  Әрине менің де жан дүнием энергия мен эмоция алғысы келеді. Уақыты кері айналдырып әкелу менің қолымнан келмесе де, мен ой шеңберімде бірнеше ой қорларын сақтай аламын. Күндердің күнінде, бәлкім мына ой шеңберіне ешкімнің де келмесі анық. Сол кезде жылы көктемнің самал желімен осы ойларды тербетермін. Иә, тап сол сіздердің  тыңдай беретін үнтаспаларыңыз секілді, менде жалықпастан тербей беремін.  Менің ойым тағы да шашырап кеткені анық. Акылымнан алжаспай тұрғанымда, сіздерге тәптіштеп бәрін де айтайын. Сонымен арада біршама уақыт өткені рас.  Демек, Әмина ұзақ уақыт бойы  Жандосты ойлап жүрген бе? Бұл таңғалдырады. Тоқтаңыз мен ұмыпай тұрғанымда, қаладағы қым-қуыт өмірдің , мына сіздің ойларыңызда  шатасып жатқан шырмауын тарқатайын. Әрине, оқиға бәрі де сіз ойлағандай «хеппи-енд» болуы керек, деп жобалаған боларсыз. Олай болса, тыңдаңыз.  Жандос әкесін  ауруханаға апарған сәттен бастап, күрт өзгерді. Анасы екеуі күні-түні көз ілмей,  құдайдан Беріктің  айығып кетуін тіледі. Ал осы жағдайға себепкер болған Беріктің қызметіндегі біршама олқылықтар мен Марат Доспановтың алдын алу операциясы болмағанда, Беріктің басы үлкен даудың астында жататын еді.  Ал Берікке бұл төтенді Майра Несіпқызы алып келген болатын. Отбасылық  жағдайы мен дәрігерлік анықтамасынан  толықтай хабардар болып жүретін, Майра Несіпқызы – бұл жолы буынсыз жерге пышақ  ұрыпты.  Жалған құжаттар. Салық Комитетінен келген арыздар.  Тағы да жетіп жатқан қауесет. Артық-тыртығын біле алмадым. Жел айдап келген керексіз әңгімелер. Бәлкім дәл осы оқиға Жандостың  отбасына берілген сынақ та шығар. Әркім әртүрлі қабылдайды. Сынақ. Тағдыр.  Кеубіреулер қарғыс дейді.  

Бұл – өмір. Бәрінен де Әминаға қиын. Бәлкім, уақыт өткен соң ұмытар, ойлары өзгерер. Дегенмен мен Әминаға көмектесер едім. Ойларын ақ бұлттармен Жандосқа жіберуге де болады.  Егер Жандос сезсе?

Қалада уақыт тез өтеді. Мұны қалалықтар әбден мойындап, өмір салтының   қалыпты жайына жатқыза-мыс. Дегенмен де уақыттың  шын қадірін түсінген жан бұлай қаланың өміріне бей-жай қарамас еді. Қалалықтар тым асығыс. Олар осылай уақытты ұтуға тырысады. Алайда уақытпен жарысамыз деп көп нәрседен айырылып жатқанынан хабары жоқ. Маған олардың өмірі не үшін ақ пен қара бояудан тұратыны енді  мәлім болды.   Демек, олардың  өмірлерін түрлі-түсті бояумен бояуға уақыт жоқ.  Расында да уақыттары жоқ. Осындай қым-қуыт өмірлеріне дән риза. Себебі қалада тұрады.  Менің   көріп, сезіп біліп жүрген, сіздердің күнделікті өмірлеріңіз мен үшін ешбір энергия, эмоция да сыйламады. Себебі мен жоғарыдан қараған сайын жиі  қайталанатын бір оқиға көремін. Ол оқиға да емес, ол сіздердің  өмірлеріңіз. Ақ пен қарадан тұратын. Боямасыз. Энергиясыз. Маған түкке де пайдасыз.

Адамдар биіктікті ұнатады, тіпті кез-келген жағдайда алып қарасада биіктікке талпынады.  Ойлары дұрыс. Ал биіктеген сайын ой қауіпті қаруға  айналатынын біле ме екен...

 


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар