Жетісайда жаяуларға жол жетіспейді (видео)

Бақытжан Әбдіраш - 23.09.20191026

Түркістан облысы Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласында жекеменшік «Сырдария» университеті бар. Бұл оқу орны жұртты оқытқаннан бұрын қосымша әуреге салып отыр. Жергілікті жұрттың айтуынша бұл университеттің иесі және негізін қалаушы бұрынғы парламент депутаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, бүгінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Оңалбай АЯШЕВ. Халықтың хәлін ойлап, қамын жасауға тиіс Аяшев мырза білімнен бизнес жасап отыр дейді жергілікті жұрт.


«Сырдария» университеті орналасқан Әуезов көшесімен қилысатын Мұсабаев көшесінің 34 үйінің тұрғыны Замира ЖАНДАРОВА бірнеше жыл бойы көше тұрғындарына келеңсіздік келтіріп келе жатқан бұл мәселені тұрғындармен бірігіп бірнеше рет көтерген. Алайда нәтиже жоқ. Ол бұл туралы Жас АЛАШ тілшісіне телефон арқылы хабарлады.

- Мәселенің мәні былай. Мұсабаев көшесімен Әуезов көшесі қиылысатын сол жақ бетіне былтыр жаяу жүргіншілер жолы салынған. Алайда жаңа тротуардың қақ ортасында электр бағаны тұр. Көшенің тарылғаны сондай, тротуар түгілі қатар келген екі көлік сыймай қалады. Көшенің оң жақ бетіне «Сырдария» университетінің бас ғимараты орналасқан жағына жаяу жүргіншілер жолы салынбай қалып кетіпті. Өйткені, біраз жолды «Сырдария» университеті заңсыз қоршап алған. Тіпті Әуезов көшесінде орналасқан жаяу жүргіншілер жолындағы гүлзар егетін жерді де университет территориясына кіргізіп алған, - дейді Замира Жандарова.


Сонымен қатар, университеттің жеке көлік тұрағы болмағандықтан, оқытушылар мен студенттердің, өзге де университетке келушілер көліктерін көрші үйлердің алдына қойып кетеді екен. Әбден мезі болған тұрғындар «ауызша шағым жасап ескерткеніміз еленбейді, тіпті көлік қоймаңыздар деп ескерту жасасақ та ескеріп жатқан ешкім жоқ. Үйден асыға шыққан біз өз көлігімізді шығара алмай, көлік иелері сабақтан шыққанша сағаттап күтуге мәжбүрміз» дейді.

ОҚМПУ ректоры әуре болғысы келмесе керек, аудандық ақсақалдар алқасына қолқа салып, енді сол көшені, яғни университеттің маңын арбат жасамақ көрінеді. Тұрғындардың тағы бір реніші, жыл сайын талапкерлер ҰБТ тапсыратын кезде көшені түгелімен темір қоршуалармен қоршап тастайды екен, ол апталап ашылмай тұрады. Тұрғындар шулап жүріп әрең аштырады.

Тіпті университетке қарасты делінген футбол алаңының да құжаттары жоқ, заңсыз орналасқан деседі. Сонымен қатар, футбол алаңы жанындағы жуынатын шағын ғимараттың екінші қабатына асхана салып жатыр.

Осы мәселелерді «Сырдария» университетінің негізін қалаушы Оңалбай Аяшев мырзаға ескертіп, түк шығара алмаған соң, жаяу жүргіншілерге арналған бұрынғы жолды қайтаруды сұрап «Нұр Отан» партиясына, аудандық әкімдікке, аудандық Сәулет және қала құрылысы басшысына, қала әкіміне, тіпті, облыс әкіміне арызданыпты. Енді соған жауап күтіп отыр.

Суреттерді тұрғындар ұсынды.


Мақала авторы:

Бақытжан Әбдіраш

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.