Шетпедегі шаң немесе 25 карьер қашан жабылады?

Мадияр Төлеуов - 24.09.20191213

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданына қарасты Шетпе елді мекенінің тұрғындары ауыл маңындағы шебін өндіретін карьерлердің кесірінен шаң көтеріліп, адам денсаулығына зиян келтіріп отырғанын айтып жергілікті билікке арызданып жатыр. Дегенмен қоғам белсенділерінің айтуынша бұл мәселе бірнеше жылдан бері қозғалса да карьер иелері қарапайым тұрғындарды былай қойғанда, облыстағы басшылардың да сөздерін құлағына ілмейтін көрінеді.


«Былтырғы жылы аймақты Ералы ТОҒЖАНОВ басқарып отырған шағында карьерлердегі шаң ауыл жұртына зиян шектіріп жатқанын айттық. Тұрғындар шағымын ескеріп Маңғыстау ауданы әкімдігі мен атқарушы орган өкілдері комиссия құрып, тас уату жұмыстарын жүргізетін «Маңғыстау қазына" ЖШС, "Дженгиз ишаат", "Интегрейтед Саплай Сервис", "Мұңал-М" ЖШС, "Азия тас 1000" сияқты көптеген компанияның өкілдерімен кездесіп, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың ережесін бұзып отырғанын өз көздерімен көрген. Ережеге сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар шаң шықпауын бақылап, күніне үш мезгіл су сеуіп отыруға міндетті. Комиссия мүшелерімен тілдескен карьер басшылары су себетін қондырғылар орнатып жатқанын айтып, мәселе сол күйінше жылы жабылған. Бірақ ешқандай да өзгеріс жоқ» , - дейді Шетпе ауылының тұрғыны Амалбек ИМАШ.


Жуырда ғана облыс әкімінің орынбасары Бақытжан ҚАШАҚОВ Қаратаудың қойнауын толассыз үңгіп жатқан карьерлерге барған екен. «МККДСМ" мекемесінің «аты бар да, заты жоқ» су себетін қондырғылары мүлдем жұмыс жасамайтын көрінеді. Ауыл мен қиыршық тас өндіретін карьерлер арасы 1 шақырымға да жетпейді. «Карьерден шыққан шаң көзді ашып жүруге де мүмкіндік бермейді. Тіпті денсаулығымыз сыр бере бастады. Қанша басшы ауысып, өз уәделерін үйіп-төгіп кетеді. 15 жылдан бері таусылмаған жыр ғой. Мәселе шешілмейтін болса басқа жерге көшкіміз де келіп отыр" , - деп ауыл тұрғындары қоғам белсенділеріне назын жеткізді.

Шетпеде 30 мыңға жуық халық қоныстанған. Заңсыз жер иемденген 27 мекеменің басшылары жиналыстарда жүзін де көрсетпейді. Қаратаудың етегі кең. Ауылдан әрірек тұстан шебін өндіруге болады. 8 карьер 2 гектар жерді заңсыз алған. Оны жергілікті билік те мойындап отыр. Адам өмірі араша сұрап тұрған кезде шешілмейтін бұл не мәселе ?! , дейді облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Киікбай ЖАҚЫПҰЛЫ.


Карьерлерді арнайы бақылаған  облыс әкімінің орынбасары Бақытжан ҚАШАҚОВ 1 айдың ішінде карьерлер жыраққа көшірілетін болсын деп Маңғыстау ауданының әкімі Тілек ЖЕТКІЗГЕНҰЛЫНА тапсырма берген. «Атқамінерлердің осылай шағымымызға құлақ асып отырғанына разымыз. Бірақ шешілсе жақсы ғой, бұл мекемелердің басшылары жоғарыда «көкелері" бар біреулер емес пе деп қорқамыз" дейді Шетпе тұрғыны Амалбек Имаш.

Ауылдағы карьер саны 1998-2000 жылдары үшеу болса, 2005-2008 жылдары 4, 2010-2014 жылдары 13, 2015-2016 жылдары бесеуі қосылған. Карьер саны бүгінде 25-ке жеткенімен, экологиялық талаптарды сақтау жағы көңіл көншітпейді. Шетпе – Маңғыстау облысындағы 90 жылдық тарихы бар ең көне ауданның орталығы. Ғалымдардың айтуынша, Шетпе топонимі парсының чешме – «қайнар көз, бұлақ» деген сөзінен пайда болған. Бірақ Қаратаудың етегіне жайғасқан Шетпенің аты бүгінде бұлағымен емес, керісінше бұрқыраған шаңымен қатар аталады. Жыл сайын жазылып та, айтылып жүрген мәселені тұрғындар шешетін уақыт келді деп санайды. Әйтпесе, қиыршық тас өндіріп отырған карьерлер адам өміріне үлкен қауіп төндіреді деп есептейді.


Фотолардың авторы Талант ҚҰСАЙЫН.

Мақала авторы:

Мадияр Төлеуов

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.