Ақтөбеде Сапарбаевтың соңынан аялдамалары да кетіп жатыр

Жанар Қожанова - 24.09.20191230

Елордаға Сапарбаев кеткен соң аялдамалары да аялдайтын емес.  

Ақтөбеде әкім ауысса аялдамалар да ауысады. Бердібек САПАРБАЕВ облыс әкімі қызметінен кеткенде соңынан кадрлары да ере кете бастады. Енді сол командаластарына салғызған аялдамалары да кетіп барады.

2019 жылдың 24 шілдесі күні облыс орталығына әкім болып тағайындалған Мавр АБДУЛЛИНГЕ Ақтөбенің экс-әкімі Ілияс ИСПАНОВТЫҢ салып кеткен аялдамалары ұнамай қалған сияқты.

2019 жылы 6 млн, 2018 жылы 63 млн теңгені Испанов мырза осы аялдамалар үшін иегеріп тастап еді. Қысқасы, Сапарбаевтың кезінде бір аялдаманың құны бір миллион алты жүз мың  теңгеге шықты.  Бастапқыда USB қондырғысы бар аялдамалар салынды. Сосын олар әйнекті аялдамаларға ауыстырылды. Енді Мавр Абдуллин келер жылы бюджеттен 79 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр. Өйткені жаңа әкім ескі әкімнен асып түспек.  

Мавр ЕРҒАЛИҰЛЫ қыста жылы, жазда салқын болып тұратын жабық аялдамалар салмақшы. Жаңа аялдамада жарық, жылу, ауыз су, тіпті теледидарға дейін орнатамыз дейді. Алайда бюджетте  ақша жоқ деген әкімдіктегілер ауыстырамыз деген 184 аялдаманың алғашқы сексенін жекеге жалға беріп, кәсіпкердің ақшасына салдыртпақшы екен.

«Әкім ауысса, аялдамалар да ауыса береді.  Дұрыс емес қой бұл. Тағы да бюджеттің ақшасы. Тағы да жаңа аялдамалар. Халықтың салығынан жиналған ақша шашыла беру керек пе?», - дейді қала тұрғыны Сара ИСАЕВА.

Әкімдіктегілер қайта салынатын жаңа аялдамалдардың біреуінің құны қанша болатынын әзірге білмейді. Жобасы енді дайындалып жатыр дейді. Алайда тек осы аялдамалардың құрылысы үшін  келер жылдың бюджетінен тағы да 79 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр екен. Бір анығы Абдуллиннің аялдамаларының құны Испановтікінен асып кетпесе, кем түспейтін сияқты.

«Бүкіл қаланы өзгертеміз. Бірінші Әбілқайыр хан, Молдағұлова даңғылдарынан бастаймыз. Қыста жылу берілетін аялдамалар болады. Жазда жүргіншілер кондиционердің астында тұрады. Ішеміз десе суы да болады. Телевизор көруге де болады. Маршруттардың кестесі қойылады. Мемлекеттің ақшасы жоқ. Бәрі жеке ақшалар», -  дейді Ақтөбе қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлім басшысының орынбасары Ислам ІЗБАСҚАН.

Жалпы, әкім ауысса аялдамалардың да ауысуы тек Ақтөбеге ғана тән емес. Алматы облысындағы «Жас АЛАШ» тілшісі, әріптесім Ербол ІЛИЯСТЫҢ Баталов мырза, аялдама салу бәйгесі қашан аяқталады? атты мақаласы осындайда еске оралады екен. Айтпақшы, алдағы күні біз де Ақтөбедегі аялдамалар «хикаясын» толығырақ өз оқырмандарымызға ұсынатын боламыз.  

Фото автордікі.


Мақала авторы:

Жанар Қожанова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.