Азия жазушыларының форумын өткізген елдің қаламгерлері неге кедей?

Шарафат Жылқыбаева - 25.09.20191835

Қазақстан Республикасының Президенті

 Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына!


Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Жуырда еліміздің астанасында жүздеген жазушының басын қосқан «Азия жазушыларының тұңғыш форумы» деген тамаша жиын өтті. Халықаралық деңгейдегі ауқымды басқосудың біздің мемлекетте өткеніне қуанамыз, әрине. Шет елдік қонақтарға бас қаланың көрікті жерлерін аралатып жүргенде форум қатысушысының бірі — жапон жазушысы зәулім, әсем ғимараттарға қарап тұрып менен «Мынандай қымбат үйлерде кімдер тұрады?» деп сұрады. — «Жазушылар тұра ма?»  Мен бұл сұраққа дәл жауап  таба алмай қысылдым.

Құрметті Президент! Сіз жазушының ұлысыз ғой. Кеңес кезінде қаламгерлер қандай дәурен сүргенін көрдіңіз. Олардың қай мөлшерде гонорар алып, шығармашылықпен айналысуына нендей жағдай жасалғанын білесіз. Ал Қазақстанда қаламгер қауымның жағдайы қандай? Сіз осыған бір сәт назар аударыңызшы.

Нақты мысалмен сөйлесек, балалар басылымдарының басын біріктіріп отырған «Жас өркен» ЖШС газет-журналдағы материалы үшін авторға көп дегенде 3-4 мың теңге гонорар береді. «Ана тілі», «Үркер» сияқты газет-журналдар қарайтын «Қазақ газеттері» мекемесі 1,5-2 мың теңге төлейді. Ал Президенттің әрбір сәтін жариялайтын ата газет «Егемен Қазақстан» журналистерге 1,5 теңге, көлемді мақаланың өзіне 3 мың теңге береді. Бұл басылымдардың гонорары (жалақысын айтпағанда) он жыл бұрын осындай еді, әлгі өзгермеді. Қаламгер адам бір материалды жазу үшін қанша уақыт ізденіп, көз майын тауысып, қанша энергиясын шығарады? Ал мақаласы үшін алған 1,5 теңгеге 1 келі кәмпит сатып ала алмайды. Бұны мен айтпасам да жұрт біледі. Жалпы гонорар мәселесін бірінші боп мен көтеріп отырған емеспін. Ақын-жазушылар баспа ісі, басылымдардағы гонорар мәселесіне байланысты бірнеше рет жиын өткізді. Бірақ жағдай өзгерген жоқ.

Бүгінде Қазақстанда кітабына спонсор іздеп, әкім-қараларды жағалайтын жазушылар да көбейді. Іштен шыққан рухани дүниесін халыққа жеткізу үшін қаламгерлер адамилықтың төменгі деңгейіне түсуге мәжбүр. Жапон жазушылары неге ұзақ жасайды, ал қазақ қаламгерлері неге ерте тозады? Сізден осы туралы ойлануды өтінемін.

Ал енді баспаларға келейік. Қазіргі Қазақстандағы баспалардың қайсысы жеке меншік, қайсысы үкіметтік екенін айырып болмайсың. Кітаптың әр баспа табағына 10 мың теңге белгіленген деп естиміз. Бірақ кейбір баспалар 7-9 мың теңгенің келісімшартына қол қойғызады. Қалған ақша қайда кетеді? Оны тексерген ешкім жоқ. Қазақ баспаларының арасында үкіметтік тапсырыспен жыл сайын тек өз басшысының ғана кітабын шығаратыны бар. Себебін сұрасаң, «үкімет  бір дана кітапқа ғана рұқсат берді» дейді. Елге керек дүниесінің жарық көрген күніне жете алмай кеткен қаламгерлер ше? Әділдік қайда?  

Құрметті Президент! Еліміздегі кітап шығару мен тарату саласына дамыған елдердің жүйесін енгізетін уақыт келген сияқты. Азия жазушыларының форумына қатысқан шет елдік әріптесіміз қазақ жазушысы 10 баспа табақ кітапқа  200 доллардан сәл асатын ақша алатынын естігенде қатты таң қалды. Жапония ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін күйреген экономикасын отыз жылда қалпына келтіріп қана қоймай, барлық салада әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналды. Ал Қазақстанда отыз жыл ішінде баспа  ісі мен авторлардың гонорар мәселесі бір жүйеге келген жоқ. Қазір республикада баспалардың еңбек иесін қанауына кең жол ашылған. Үкіметтік тапсырыспен 2000 данамен шығатын кітаптарды да баспа өзі сатып, жоғарыдағы тиесілі мекемелермен бірге пайдасын көруде, авторға «10 мың теңгелік» гонорардан басқа ештеңе төленбейді. Шыққан кітаптан екі данасын сыйға алған автор еңбегінің жарыққа шыққанына «шүкір» деп кете барады. Баспалардың гонорар жүйесі неге ашық емес?

Құрметті Қасым-Жомарт  Кемелұлы! Жапонияда жазушыны бір кітабы бір жыл асырайды. Қазба байлығы жөнінен әлемдегі алдыңғы санаттағы мемлекет саналатын Қазақстанда қаламгерлер еңбегінің елге жетуі үшін неге уайым жеу керек? Азия жазушыларының форумына қатысқан жапон қаламгері қазір көптеген қазақ жазушысы кітабын өз қаржысына шығарып, өзі сататынын естігенде таң қалды. Жапонияда қаламгер адам жазған дүниесінің жарыққа шығып, елге таралуы үшін қам жемейді. Ол бар уақытын тек шығармашылық ізденіс пен жазуға арнайды.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Шет елде жүргенде «Елбасының арқасында іргелі мемлекет құрдық» деп мақтанатынның бірі менмін. Бүгін «Сол мемлекет кім үшін?» деген сұрақтың жауабын таппағандықтан сізге хат жолдап отырмын.

Хат иесі: Шарафат Жылқыбаева, Еуразия Жазушылар Одағының мүшесі

Мақала авторы:

Шарафат Жылқыбаева

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.