Серікжан Мүрасылов. Қарауыл

Сайт Әкімшілігі - 25.09.20192498

Кімнің күні қарақаттай дейсің? Біреуге ақша, біреуге уақыт жетпейді. Бірақ осылардан да қымбат – отбасы мен денсаулықты ешкім  ешқайдан тауып бермейді. Осындай орман оймен жылы орыннан жылжып кеткен еді. Бұрынғы башылыққа бір табан жақын жайлы жұмысында жік шығып, басын қуғынға салғаны үшін қолын бір сілтеген. Содан бері соры ма, бағы ма түсінбес түнек оймен қаланы бетке ала берді.

Қағажу көңілін қалтасындағы аз ақша одан әрмен ауырлатып жіберді. Жолай жолыққан дүңгіршектен бір бума газет алды. Жарнамасы жалт-жұлт. Еміне қарап отыр. Әйтеуір қос қолға жұмыс болса дейді. Кез-келген жазуға бір шұқшиып, қажетін қаламмен дөңгелектеп қойды. Қалтафонын алып, біріне телефон соқты. Орыс жігіті екен: «Ертең жұмысқа кел. Алдымен рең басыңды көрейін», – деді. Қыртысталған қабағы ашылып,  шаруасы шалқығандай көңілденіп кетті.

Ертесі айтқан жерінде, айтқан уақытында болды. Алматының алма бағын отап жота-жонға жыпырлата салған еңселі үйлердің  алдына тоқтады. Биік қақпаның ар жағынан қарынды орыс шығып, мұның бас-аяғын көзбен тінте қарап, жарайсың дегендей емеурін танытты. «Күндік ақшаңды апта аяғында аласың. Әр сменаң 5000 теңге. Қолма-қол»,  – деді. Келісе кеткен ол бүгіннен шаруаға кірісті. Алдында тұрған ағылшынның киноларындағыдай үлгідегі бес бірдей үй  қарауында. Тырс еткен пенде көрінбейді. Әйтеуір өлі тыныштық. Анда-мұнда шетел көліктері келіп кетіп жатады. Шеткеректегі үй әлде бір мықтыныкі екенін жәңегі орыс желдіріп айтып еді. «Көзіңді қақпадан алма. Бөгде адам кірмесін. Мына пульт осы үйдің есігінікі. Сақ бол, сергек бол!»

Содан бері  жайланып отыра алсашы. Бір кезде  сүліктей қара  шетел көліктері  қақпаны көздей алдына тоқтады. Жүгіріп жанына барды. Көлік  терезесін төмен түсіріп, ішінен шашы иығына төгілген бір шал ерін ұшымен есендесті. Әйтеуір қазақ екен деп іші жылып салғанмен мына сөзіне тіксініп қалды.

– Күнде ауысасыңдар. Жаңа қарауылға түсіндіруден шаршадым. Мына үйге менен, менің төрт көлігімнен басқа ешкім аттап баспасын. Сосын, түңгі бір-екіде қақпаны ашып, үйді  шыр айлана қарап шығасың. Ананың салығы, мынаның салығы деп әкімшіліктен келгендерді тіптен жолатпа. Оларға ақша төлейтін, жалпы мемлекетке салық аударатын мен емес. Мен мемлекетке барымды берген адаммын. Ешкім жоқ де. Ұқтың ба?– деді де, қақпаны ашуға бұйырды. Ол ойланып қалды. Сәлден кейін айтқандай әкімшілік  қызметкерлері жетті.

– Мына үйдің иесі келді ме? – деді, қарауыл:  «жоқ!» – деді.

– Қанша жыл болды, азғантай ғана мемлекетке салық аударады, соның өзін бермей берекемізді қашырады. 

– Кешіріңіз жұмысым емес, дегенмен бұ кісі кім өзі?» – деді қарауыл.

– Әлгі, министр болған, онда да президент әкімшілігінде істеген абыройлы кісі» – дей салды, керенау қолын сілтеп. Сөйтті  де бірнеше төлем қағаздарды қарауылға ұстатып, жөндеріне кетті.

Кеш батты. Тау жақ суық болады. Қала деп жеңіл киіне салғанына жыны келді. Жарқырай жанған  үйлердің терезесінен ұшқындаған сәулеге қарап, одан әрмен жаурады. Көзі жылтырап сағатына түсті. Сағат түнгі 10 болды дегенде, тағы да бір көлік келіп тоқтады. Ішінен араққа сылқия тойған ұзынтыра біреу тәнтіреңдей түсті.

– Ей! – деді, айқайлап, – Меңіреу боп қалғансың ба? Әлде таяқ тілеп тұрсың ба? – деді қышқырып. Ештеңе түсінбеген қарауыл жақындап барды. Қарқ-қарқ етіп күлген әлгі, тағы да ма дегендей қарауылға қадала қарады.

– Анау тұрған менің үйім. Күнде болмаса да, түнде ішіп келем. Өйткені шаршаймын. Түсінесің бе, шаршаймын. Жауым көп. Мына сарай жауларымның ақшасына тұрғызылған. Менің жауым білесің бе? Халық, халық! – деді, саусағымен қарауылдың кеудесін нұқып.

– Жасырмаймын. Сол үшін халық өлтіріп кетуі мүмкін. Сен мені қорғай аласың ба? – деді қарауылға. Қарауыл әрине, міндетім ғой дегендей басын изей берді. Сөйтіп, әлгі масты сүйрелей есік алдына жеткізіп салды.

Таңды көзімен атыратын адам үшін сағат шіркін де жылжымайды-ау. Әр тапанын санап, әрең дегенде түңгі 12-ні болдырды. Есінен бір шықпаған шатақ шалдың айтқан бұйымтайын орындамаққа қолына фанарь алып, пультпен қақпаны ашты. Қақпаның ар жағы басқа бір әлемге енгендей. Тас төселген тегіс жол ақ мәрмәрмен қапталған абажадай үйге апарады екен. Қарауыл жан-жағына жалтақтай қарап алға басты. Самсаған шолақ шамдар жолдың екі жанын жарқыратып, айналаны айшықтап тұр. Бақша, алаңқайларға  ақырған арыстанның, шүйліккен бүркіттің, тропикалық аң-құстардың кескінделген мүсіні қойлыпты. Әр жерге егілген адам бойындай гавай аралдарында өсетін жасанды пальма ағаштары мен жапырақты өсімдіктері көрік бергендей көз тартады. Қарауыл үйге жақындап, шал айтқанындай есік алдын, жан-жағын қалдырмай адақтап шықты. Пәледен қорқатындай қауіп жоқ. Қартайғанда жан тәттінің кері ғой деген қарауыл күбірлей, күңкілдей кері айланды.

Сыртқа шықса үстіне қымбат киім киген бір жас жігіт мұның кішкентай үйшігіне кіріп алып, бірдеңеге мықшыңдап жатыр. Айналасына алақ-жұлақ етеді. Әлгі неме қарауылды көре салып, уысындағы ақ затты тыға қойды.

– Сен кімсің ей? – деді  қарауылға қорқа қарап.

– Мен жаңадан келген қарауылмын!– деді, қатқыл үнмен. Ә, дегендей әлгі жігіт тынысы кеңіп, дірілдеген қолдарын үстел үстіне қойды. Қойды да:

– Батя біліп қоймасын, мен анау шеттегі жасыл шатырлы үйдің ұлымын. Брат, түсінесің ғой, аздап көңіл көтеріп, мынадан ұрып алмасам, вообще қызықсыз маған–деді де, уысындағы ұнтақты суға қосып, шприцпен, тамырына пісіп алды.

Жаны жабырқаған қаруыл мына көріністен кейін мына жұмыста байласа адам тұрмасын түсінді. Әлгі нашақор болса есін жоғалтып, ыржақтап, аяқ-қолы ербеңдеп, кереге жағалап жүріп жоқ болды.

Сағат таңғы бесті көрсетеді. Ұйқы қысқан қарауыл шайға деп қойған сумен бетін шайып,  үйлердің алдын арлы-берлі аралады. Байлардың шалқыма өміріне сырттай қызыққаны бекершілік екен. Текке келіп, текке кететін ақшаның буына мастанған олардың күні шын мәнінде осылай басталып, осылай аяқтала ма деген  оймаза аузына Алланы салды. «Шүкір, тәубе» –деді. Тас қаланың тасмаңдай тірлігінің түбі мағынасыз, мәнсіз екеніне жаны жабырқап, алтын бесік ауылынан алыстап кеткеніне көзіне жас келді.

Құдайдың тағы бір таңы алаңмен атты. Кеуде, басын сипалап, осы таңды көрсеткен Аллаға шүкірлік айтты. Қызарған көзін уқалап, үйіне жетуге асықты. Үйдегі жарын, жан баласын көруге құмартты. Алайда жұмыстың аты жұмыс. Кешегі көріністен арыла алмай тұрған  айқұш-ұйқыш ойын, шатақ шалдың көлік дабылы бұзды. Жүгіріп барып, қақпаны ашып, әкімдіктің адамдары тастап кеткен төлем қағаздарды шалға ұстатты. Қарауылдың бұл қылығын жақтырмағандай ежірейе қарап, әлгі қағаздарды жыртып, желге шашып жіберді.

– Екінші мына қылығыңды көрмейін. Мен мемлекетке салық төлеуге қақым жоқ! – деп жүріп кетті.

Қу құлқынның құлдары-ай! Баламыздың аузынан жырып ішкен суыңа, жаққан жарығыңа, басқан жеріңе, жалдаған баспанаңа ақша төлеумен өтетін өкпек желдей өміріңе өкпелеп жүріп өліп қалғаныңды білмей де қаласың. Неткен әділетсіз өмір? Неткен тасбауыр қоғам? Неткен аяусыз адамдар? Қарауыл басын шайқай берді. Шылыққа толы қала шындығының шетін көргеніне және оған  еш шарасыздығына налыды. Халық пен биліктің арасындағы көзге көрінбес – дуалды не халық, не билік құлата алмасына жаны ауырды. Мынау  тұрған бес бірдей даңғара үйдің қабырғасына қаншама халықтың қарғысы мен көз жасы, запыран зары қоса қаланды екен десеңізші.

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар