Гүлден Әбдібақыт. Шырғалаң

Сайт Әкімшілігі - 25.09.20191612

«Ол оқып қойса «босағамдағы күшік балтырымды қанатты» деп айтатын шығар.  Айта берсін. Бірақ Ол ештеңеге ден қойып оқымайтын.  Кітаптың өзін шұқшиып парақтап отырғанын көрмеппін. Шырғалаңы көп өмірінің өзі бір том болар адам ғой. Кітап кітапты оқығанын қайдан көріп едіңіз? 

Жер бетінде бақыт ЖОҚ. Ал бақытсыздықтың шегі ЖОҚ.

 

***

 – Асықпаңызшы, жайырақ айдаңызшы, өтінемін! Өзіңізді ойламасаңыз да шиттей балаларыңызды ойласаңыз етті, – деп шырылдап келемін. Менің сөзіме құлақ асатындай безілдеймін.

 – Мен ол салдақыны тапсам өлтіремін, – көзіне қан құйылып, бетінен зәрі төгіліп қарқынды барған сайын үдетіп келеді. Қашып келеді. Бақыт сыйлаймын деп бағдарынан адасқан, басқаны бұнымен қас-қағым сәтте алмастыра салған майдансыз жарынан безіп барады. Түйіні көп тағдырында тұйыққа тіреліп, басар жерін бағамдай алмай, миы сан саққа құбылған Майра апайым дәл қазір құбыжыққа айналып кеткендей. Аждаһа айдаһардың ауызына түсіп бара жатқандай машина артындағы қос балапаны шыр-шыр етеді. Ештеңеге шімірікпеген бойда, біздің айқайымызды  да   шыбын шаққан құрлы көрмей, Майра апай  ашудың жетегінде қызыл бағдаршамнан да зу ете қалды. Демім алқымыма тығылып: "Жаратқан ием, БАР болсаң, бізді сақта!" деп балаларды бауырыма тарта түсемін. Машина оңға бұрыла бере басыма аспаннан ауыр соққы тарс етті де, әп-сәтте әлем астаң-кестең болды да кетті.  Тас түнек шыңырауға бір-ақ «гүрс» еттім де кеттім.  Тілсіз, түпсіз тұңғиыққа құлап барамын ба, әлде жоғары самғап барамын ба, ештеңені білмеймін құлдилап кеп әппақ әлемнің арасынан бірақ шықтым. Денем өзімдікі емес сияқты. Аяғым жерге тимей, қалықтап тұрмын. Тынысымды да, денемді де сезіп тұрған жоқ сияқтымын. Мен қайдамын?!

 

***

Ауылдан қалаға ала дорбамды сүйреп бұл үйге келгенімде пультпен басқарылатын қақпасынан бастап, төрт түйеге жүк болар үлкен, әсем аспашамына шейін таңқалып қарап, таңдайымды тақылдатқам. Байлыққа белшесінен батып отырған бұл шаңырақтың отанасы Майра апай мені жылы қарсы алып еді. Балаларына қарап, үйін жинап, тамағын пісіріп беретін қызметім үшін қомақты айлық та тағайындап, жайлы жатын орын сайлап қойыпты. Шексіз риза болғанымды жасыра алмай, маған жүктелген қызметті артығымен істеп жүрдім. Байлығы баршылық үйдің ас бөлмесіне өзім қожалық етіп, аста төк дастарханның ас суын дәмді етіп әзірлеп, бәрінің бауырына кіріп, орнымды тауып алдым. Майра апайым жалақымды да ай сайын артығымен меріп тұрды. Өзімнен артылған еңбегімнің өтеуін ауылдағы ата-анама сәлем-сауқат етіп жіберіп, бір жасап қалдым.

Адам тойынайын десе топсасынан тайып кетеді екен-ау. Әйтпесе, адам жаратылысының шүкіршілігі мол болса, Құдай да оған қасірет атаулыны қимайтынын болар. Төңірегім түгелденген соң да жаным бір тиянақ таппағандай. Әлде кім «сен іздеген бақыт басқа» деп сыбырлағандай. Жаным әлде бір нәрсе іздеп ала сұрғандай, шарық ұрып шаршағандай, тағат таба алмай-ақ қойды. Жан-дүниемді ұғынатын, көңілімді түсінетін серік іздегендеймін...

Мен онымен телефон арқылы таныстым. Хат хабарымыз түгесілмек емес... Кездескіміз келді... Жақынырақ ұғынысып, жар болып жұғысып, жылы құшақта махаббаттың дәмін татқымыз келді... Сол әсерлі шақтың шаттығынан шыға алмай жүрген күндердің бірінде ол мені кездесуге шақырды.

Майра апай қыз болып қиылып, жігіт атаулымен алғаш кездесуге шыққалы жатқанымды білген соң, өзінің қыз кезіндегі әдемі қызыл көйлегін кигізіп қоя берді. Ұлпасына шаң жұқпаған сезімімді көңілімнің көгіне қондырып «Абай» мен «Абылай хан» қиылысқан көшедегі "Malena" coffe boom-ға қарай аяңдадым. Уәделескен жерге қыз баласы әдейі кешігіп келуге міндетті-ау. Ал, мен алқынған көңілдің алаңымен алып ұшып, жетіп келіппін. Ерте келіп қойыппын. Айнаға қайта- қайта қарағыштап, далабымды бір өшіріп, бір жағып, ығырым шықты. Келер емес.

 «Қызыл көйлек мүсініңе құйып қойғандай», –  деген таныс дауыс желке тұсымнан сыбырлады. Аппақ раушан құшағыма құйылды. Біздің әңгімеміз жарасып кетті. Өзін ақтады. «Махаббат – көзсіз сезім» деді. «Неке – ол тұсау емес, адамдардың ойлап тапқан қақпаны» деді. Мен бәріне иландым. Себебі алғаш рет оны көргенде бір ысып, бір суып, жүрегім атша тулап сала берген. Мендік күй, мендік сезім баяғыша екен. Бәріне басымды изеп, бәріне еріксіз көнгенім – жүрегімнің жүргізген әмірі еді. Шын сүйгендер- жазалы болмайды! Мен онымен арамызды суытпай жолығып тұрдым. Алдымда не күн туарын білмесем де берілгенім жоқ. Әр кездесуден  үйге ақ раушан гүлдерін құшақтап қайтатынмын. Гүлдерді үйге алып келген сайын Майра апай мұңайып қалатын «Мақсат та маған  ақ раушан сыйлаушы еді, қазір әкелмейтін болды» деп шағынатын. Мен содан кейін кездесуде сыйлаған гүлін үйге әкелмей, сыртқа қалдырып кететін болдым.

Бір күні Мақсат аға мен Майра апай ұрсысып қалды. Мақсат аға басқа әйелмен кездесіп жүргенге ұқсайды. Ол әйелден келген хаттарын ұялы телефонынан оқып қойыпты. Сол күннен бастап Майра апайдың сеніміне селкеу түсті. Екеуі жиі ұрсысады да жатады. Мақсат аға да үйге көп келмейтінді шығарды. Майра апай балаларын жетектеп төркінін паналайтын болып алды. Айрандай ұйыған аядай отбасының ынтымағы сөгілді. Жанұя шаттығының туы жығылды. Сонда да дымамды шығармай, тісімді тісіме басып, бәрін бақылап жүрдім. Майра апай шаңырағын шайқаған әйелдің мен екенімді білмесе екен дедім. Оның күйеуін сүйетінім үшін кінәлі емеспін.

Мен қазір сіз өмір сүріп жатқан дүниеде емеспін. Мен қазір Құдайдың ең сүйікті қызметшісімін. Құдай теңдік ұғымын терең бағалағандықтан, сіздер жақта жоқ «бақыттың» бәрі мұнда құйылған. Бірақ б...». Әрі қарайғы жерін оқу мүмкін болмады. Бір қанаты өртенген хатты мен талай жылдар бойы тазаланбаған жертөледен тауып алдым. Біреудің ашып оқығандығы парақтың умаждалып, мыжылғанынан көрініп тұр. Хат иесінің кім екені де, хат кімге жолданғаны да жазылмапты. Хаттың соңғы бөлігі өртеніп кеткендіктен ары қарай хат иесінің не дегісі келгені түсініксіз.

Біз бұл үйді бір ұйғыр атадан сатып алғанбыз. Үй Алматы қаласының тау етегінде орналасқандықтан, бұл маңда қала ішіндегідей шұбап жатқан адам қарасы жоқ. Көбінде жастар түнге жалға алып сауық кештер ғана өткізетін болса керек,  жер-төленің асты алькоголді сусындардың бос бөтелкелеріне толы екен.

Белгісіз хаттың егесін табуым керек деп түйдім іштей.

Хаттағы Майра есімді әйелдің мекен-жайын табу қиынға соққан жоқ. Қала орталығындағы аудандардың бірінде көп қабатты үйде  тұратын қарапайым қала тұрғыны екен. Екі баласын шетелде оқытып жатқандықтан коттедж үйін сатуға қойыпты. Бұл мәліметтің бәрін риэльтордан сұрап білдім.

Құпияға толы хат маза таптырмай бір күні жұмыстан соң хаттағы «Майра апайға» соғып қайтқым келді. Бірден жетіп барғанды ыңғайсыз көрдім де, көп қабатты тұрғын үйдің алдына келіп қоңырау шалдым.  

 «Сіздің үйді сатып алған қызбын» деп едім, Майра таңданыспен үйге кіруімді өтінді.  

 – Сізді бұлай тез келеді деп ойламадым, – деді есік ашып жатып.

–  Жұмысым осы маңға жақын еді, – дедім өтірігімді қиысындырып.

Майра шай қойып, үстел жасауға кірісті.

–  Әуре болмаңыз, апай!

–  Жоқ, несі әуре. Сіз маған жақсылық жасадыңыз, үйімді сатып алдыңыз, балаларыма жақсылық жасадыңыз. Абай Лондонда, Аиша Кореяда оқып жатыр. Оқуын бітсе, оралады ғой. Маған үй өте үлкен. Тіпті, тазалап шаршайсың. Сондықтан сатуға тура келді.

–  Күйеуіңіз қайда?

–  Ол қайтыс... Онымен ажырасып кеткенбіз...

Жараның аузын тырнап алғанымды сезіп, тартынып қалдым:

 – Кешіріңіз...

 – Ештеңе етпейді. Кел, дастарханға отыра ғой.

Екеуміз көп әңгіме айттық. Қолы қандай ашық болса, көңілі де сондай дархан жан екен. Басынан кешкен көп шытырманын айтып сырласып,  екеуміз кешті батырдық.  Көлік апатынан бір аяғы кемтар болып қалған екен.   Алла сақтап балалары аман қалған. Мен білетін көлік ішіндегі тағы бір жанның өлімі туралы тіс жармады. Бір кездері өмірдің шырғалаңынан кемтар болған жанның енді көңілін шырғалаңға салмайын дедім.

Тысқа шықсам көзбайланып,  айнала самаладай ақ шаммен жарқырапты. Тіршілік қайнаған қалада сабылысқан пенделердің аяғы саябырсыпты. Жанымнан өтіп бара жатқан бірлі-жарым бейтаныстардың жүзінен сұп-суық леп есіп тұла бойымды шымыр еткізеді.  Суық сорған тас қорғанды паналаған қала адамдарының жүрегіне де салқын тиіп қалған сияқты. Күздің қара суығынан жаураған тәнім де жылу іздейтіндей. Гүл сататын дүңгіршектің шырағы күңгірт жанып тұр. Қасынан аяңдай бере еріксіз бас сұқтым. Қызыл-жасыл дүниенің хабаршысындай әсем гүлдер көңілге жылы қуаныш сыйлайды. Қалтама қолымды салып, үшбу хатты аялай бір сыйпап дұғамды бағыштадым. Қолымдағы ақ раушанның жалғыз күлтесі үзіліп жерге түсті...


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар