Газ да жоқ, су да жоқ: 266 миллион қайда?

Жанар Қожанова - 25.09.20191552

Ақтөбе облысындағы Хромтау қаласындағы "22 квартал" шағын ауданы үш жылдан бері көгілдір отын мен ауыз суға зар болып отыр. Тұрғындар әкімдік екі жылдың ішінде үй салынбаса мемлекеттен тегін берілген он сотық жерлерін тартып аламыз деп қорқытты дейді. Содан кейін жер алғандар жаппай үй салған. Енді 600-ге жуық шаңырақ жергілікті биліктің газ бен су тартып береміз деген уәдесін үш жылдан бері тағатсыздана күтіп отыр. 

«Қазір ұлыған үйде отырмыз. Тоқ плитамен бөлмелерді жылытамыз. Үйде сегіз адамбыз. Бір жаста, жас жарымда немерем бар. Квартираға кете алмаймыз. Бәрі дайын деген соң екі айда үйімізді салдық та кірдік. Жерді алып қояды деген соң. Отырмыз енді қалтырап, дірілдеп», - дейді  Хромтау қаласының тұрғыны Алтынбике ЖӘПІШОВА.
Көгілдір отынды ала жаздай күткен хромтаулықтар қазір  үйлерін тоқ пешпен жылытып, тамақтарын газ баллонға пісіріп, амалдап отырғандарын айтады. Бәрінен бұрын салқын үйде тұру кішкентай балаларымызға қиын болды дейді.
«Үйімізді сатып жіберіп, көшіп келдік. Осыдан үй салынбаса, жерімізден айырылып қаламыз деп қорқып. Содан бері газ жоқ. Үйімізде садикке баратын кішкентай балаларымыз бар. Газ да жоқ, су да жоқ. Қаланың ішінен су тасып ішіп отырмыз. Плитка қосып тамақ пісіреміз. Сол плиткамен бір бөлмені жылытамыз. Сол бөлмеге жатамыз», - деді тағы бір тұрғын Күнсұлу ЖАБАЕВА.
Хромтау қаласының әкімі тұрғындардың жылусыз отырғандарына үйлерге газ жүргізіп беруге тиіс болған мердігер компанияны кінәлайды. Өздері тапсырыс берген жеке компанияға сөздерін жүргізе алмаған әкімдік енді шала біткен жұмыстарды өздері аяқтауға кірісіп жатыр екен.
«Мердігер ақаулар мен ескертулерді орындамай отыр. Құрылыс кезінде дұрыс салынбаған болмаса ақаулар табылған, біздің тарапымыздан жасалған ескертпелерді орындамай отыр. Оларға бірнеше рет хабарлама берілді. Бүгінгі таңда орындалмауына байланысты аудандық экономикалық сотқа талап арыз жолдадық», - дейді Хромтау қаласының әкімі Сағындық ШАБЫҚБАЕВ.

Хромтау қаласының әкімдігі соңғы жылдары қалада жеке үй тұрғызу үшін тұрғындарға 700 жер учаскесі берілгенін айтады. Ал сол бөлінген жерлерге коммуникация жүргізу үшін бюджеттен 266 миллион теңге бөлініпті. Шенеуніктер көгілдір отынды бес күннің ішінде береміз деп сендірді. Ал ауыз су мәселесі тағы екі үш айға кешігетін сияқты. Дегенмен үш жыл бойы биліктен күдер үзіп, жылусыз отырған халықтың әкімдіктің мәселені бес күнде шешіп береміз дегендеріне сенгісі жоқ.

Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Жанар Қожанова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.