«Балаларын митингке алып баратындарды жауапқа тартуымыз керек»

Сәтжан Қасымжанұлы - 26.09.20191210

Сенат депутаты, Қазақстандағы бала құқығын қорғау бойынша бұрынғы омбудсмен Сәуле АЙТБАЕВА кейбір отбасылардың рұқсат етілмеген митингке балаларын қоса алып баруы оның құқығын бұзу деп санайтындығын айтып, алаңдаушылығын білдірді.

«Соңғы уақыттары еліміздің бірқатар қалаларында болып жатқан митингтерге ересектермен бірге оң-солын танып үлгермеген жасөспірімдерді қойып, балалардың да қатысатындығын көріп жүрміз. Күннің ыстығында, тіпті, кейде жаңбырға да қарамай үлкендердің олардың өзімен бірге алып жүріп, балаларының құқығын бұзып жүргенін түсінбейтін секілді. Митинг кезінде қоғамдық тұрақтылыққа нұқсан келуі салдарынан көптеген құқықбұзушылықтар, күш қолдану, тіпті, жаппай тәртіпсіздіктер белең алып кетсе, мұның бала өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті екенін түсінетін кез жетті,-дейді С. Айтбаева. Сенатор өзін алаңдатқан жайға қатысты ойын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша заң актілеріне түзетулер енгізу жайы талқыланған жиында айтты.

С. Айтбаеваның айтуынша, Қазақстан бала құқықтары туралы халықаралық конвенцияны қабылдаған елдер қатарына жататындықтан, балалардың қауіпсіздігімен қатар, алаңсыз білім алып, ертеңіне сенетін қажеттіліктер берік қалыптасуы тиіс. 

"Баланың өз ата-анасы болсын, асырап алушысы болсын, мейлі, қамқоршысы болсын, митингтерге, қарсылық акцияларына алып баратын болса, заң талаптарына сай жауапқа тартып, әкімшілік шаралар қолдануды қарастыруымыз керек. Есесіне мемлекетімізде баланың қызығушылығы қорғалып, оның еркін ойлануына мүмкіндік туады.»,-дейді Сәуле Айтбаева.  

Фото: 7news.kz

Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.