Мавр Абдуллинге ағаштарды санап шығу үшін 50 миллион керек

Жанар Қожанова - 26.09.20191626

Ақтөбеде енді әр талдың өз құжаты болады. Әкімдіктегілер қаладағы ағаштарға санақ жүргізу үшін облыстық бюджеттен 50 миллион теңге сұратпақшы.

Мавр АБДУЛЛИН бастаған қалалық әкімдік өзен арналарын тазартамыз  деп жағасындағы ағаштарды отатқан, құны алты миллиард жеті жүз мың теңге тұратын жобадан кейін, және қаланы көгалдандырамыз деп бюджеттен  тал егуге 90 миллион теңге бөліп, артынан бәрін бірдей қуратып алған Ілияс ИСПАНОВТЫҢ әрекетінен кейін осылайша жаңа бастамаға көшпек екен. Қысқасы,  облыстық маслихаттың  кезекті отырысында Испановтан қалған ағаштарды санап шығу үшін бюджеттен тағы 50 миллион теңге сұрамақшы екен.

Ақтөбеде жасыл желекке қатысты дау республикалық бюджеттен алты миллиард жеті жүз мың теңгені бөлдіріп, өзен арналарын тазарта бастағанда шыққан еді. Сол кезде  табиғат жанашырлары қаладағы жасыл желектің оңды- солды оталып жатқанына наразылық білдірген еді.  Тұрғындар қазір де биліктің қаладағы ағаштарға санақ жүргізіп, бас басына құжат береміз дегендерін түсінбейміз дейді. Алдымен еккен ағаштарын қуратпай өсіріп алмай ма  деп отыр.

«Қанша ағашты студенттер екті. Соны биыл суармай бәрі қурап қалды. Бұрынғы әкім жарайды кетіп қалды. Қазір келген әкім қайда қарап отыр. Ағаштарға құжат не үшін қажет? Керек емес. Барлық талға бермейсің ғой. Қазір он тал ексең біреуі қурап қалады. Сол ақшаны қалталарынан шығарса ойлайтын еді. Өз қалтасынан шықпаған соң бәрібір», - дейді қала тұрғыны Сақтаған ЕРЖАНОВ.

Өзен арналарын тазартуға қатысты   миллиардық жобаны артынан тексеруге кіріскен құзырлы орындар қызыл кітапқа енген ағаштарды кескені үшін алдымен мердігер компанияларды жауапқа тартса, артынан жобаны дайындаған алматылық компанияға сот 7 миллион 575 мың теңгеге айыппұл салған еді. Одан кейін қаланың экс-әкімі Ілияс Испанов мырза Ақтөбені көгалдандырамын деп 90 миллион теңгеге 1 миллион  түп көшет отырғызып, оны да қуратын алған болатын.  Енді осындай әрекеттерге жол бермейміз деген жаңа билік ағаштарға санақ жүргізбекші екен.

«Қазіргі таңда ешқандай есеп жүргізілмеген. Мәселен бір талды кесіп тастады деп айтады қоғамдық белсенділер. Енді оларды жауапкершілікке тарту үшін ешқандай негіз жоқ. Өйткені есепте жоқ ол талдар. Ертең мына базаға енгізгеннен кейін осындай келеңсіз жағдайлардың алдын аламыз», -  дейді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Қамбар МҰҚАШЕВ.

Табиғат жанашырлары өзен арналарын тазарту кезінде үш мыңға жуық қызыл  кітапқа енген ағаштардың заңсыз кесілгенін айтады. Одан қалса қурап қалған миллион түп көшет пен  жүздеген шырша осының бәрі жауаптылардың жауапсыздығанан дейді. 

Коллаж: Жас АЛАШ

Мақала авторы:

Жанар Қожанова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.