Сенатор: Халықты масыл жасаған өзіміз

Оралхан Дәуіт - 27.09.20196683


Бүгін Парламент Сенатында заң шығару процесін одан әрі жетілдіру мәселесі туралы парламенттік тыңдау өтті. Онда жоғарғы палата депутаттары заң әкелетін органдардың кем тұстарын айтып, бірнеше ұсыныс әзірледі.

Сенат депутаттарының көбі мемлекеттік органдар дайындап әкелетін заң жобаларының сапасыз болатынын, қазақ тіліндегі нұсқасында қате көп кететінін, тіпті, кейде алдарына мүлде керек емес заң жобалары да келетінін айтып, пікір таластырды.

Кезінде жоғарғы сотты басқарған Бектас Бекназаров қана әріптестерін  қате заңдарды қабылдайтын орган сенат болғандықтан, түпкі жауапкершілік депутаттарда екенін мойындауға шақырды.

«Масылдықты меңзейтін заң»

Бектас Бекназаров  кейбір заңнамалық актілерге атаулы әлеуметтік көмек туралы өзгеріс асығыс енгізілгенін, соның салдарынан, қоғамда дау-дамай басталғанын айтты.

«Қазір қоғамда ең көп талқыланып жатқан әлеуметтік мәселені қарайық. Тез арада дайындалып, әлеуметтік атаулы көмек туралы заң қабылданды. Әрине, түсінемін, тез арада қабылдау керек болды. Бірақ, осыны талқылау кезде ол заңның неге апарып соқтыратынын болжай алдық па? Қазір масылдық деген мәселе айтылып жатыр. Ал, осы масылдықтың туындауына осы заң үлес қоспады деп кім айта алады? Оны халық көріп отыр.

Бес баласы бар, күні-түні еңбек етіп, ата-анасы екі жақтан жұмыс істеп жүрген отбасын әрқайсысына шаққандағы табысы 21 мың теңгеден асып кетті деп, мемлекеттік көмектен тыс қалдырдық. Сөйттік де, ешқандай жұмысы жоқ, аракідік табыспен күн көріп жүрген отбасыларға бейғамдықты меңзейтін заң қабылдадық. Меніңше,  ойландыратын мәселелер», - дейді сенатор.


Заң шикі болса, алдымен кінәлі – депутаттар


Бектас Бекназаров мемлекеттік органдарды сынап жатқан депутаттар алдымен халық алдындағы өз жауапкершілігін толық сезіну керек дейді.

«Бүгінгі парламенттік тыңдауда үкіметке де, соның ішінде әділет министрілігіне де, мемлекеттік органдарға да біршама сын айтылды. Оның бәрі, әрине, дұрыс. Бірақ, құрметті әріптестер,  мен барлығымыздың назарымызды мына мәселеге аударғым келеді. Осы заңдардың бәрін қабылдайтын кімдер, қандай орган? Шала болсын, асығыс дайындалған болсын, көп нәрсесі жан-жақты тексерілмеген болсын, ол заңдарды қабылдап отырған бір ғана орган – Парламент Сенаты. Ол біздің өз жауапкершілігіміз. Сондықтан, құрметті сенаторлар, егер қабылданған заң уақыт талабына, адам құқығы талабына сай келмейтін болса, халықтың алдында ең бірінші кінәлі осы залда отырған біз. Осыны естен шығармайық», - деді мінберден сенатор.

Депутат осыған дейін «мыңдаған, мыңдаған емес, тіпті, миллиондаған ааматтардың құқығын қамтитын кодекстердің өзі қабылданған кезде алдын ала болжамы жоқ, жаңсақ қадамдарға барғандарын» мойындады.  

«Мысалы, біз осыдан біраз жылдар бұрын әкімшілік-құқық бұзу туралы кодексті қабылдадық. Сол кодексті талқылаған кезде, көптеген нормаларды бұзған азаматтарға қатысты өте үлкен айыппұлдар белгіледік. Ол мыңдаған адамның тағдырына әсер етті. Бірнеше жыл өтпей жатып ол айыппұлдардың мөлшерін бірнеше еселеп азайттық. Сөйтіп, жан жақты талқыланбаған қате шешімге бардық.

Қылмыстық кодексті де қабылдадық. Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілген кезде әкімшілің құқық бұзу кодексіндегі елуден астам фактілерді қылмыстық кодекске ауыстырдық. Сол кезде керісінше, қылмыстық кодексті ізгілендіру мәселесі көтеріліп жатқан болатын.

Кейін өмірдің өзі көрсетті, әкімшілік жауапкершілікпен шектелетін жағдайда көп адамды қылмыстық жауапкершілікке апардық. Біз жауаптымыз ба ? Меніңше, жауаптымыз», - деді депутат.

Сондықтан, депутат кез келген заңның, кодекстің сапалы болуына  халық алдында және президент алдында ең бірінші жауапты депутаттар екенін естен шығармауға шақырды.

Мақала авторы:

Оралхан Дәуіт

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Серікбаева Алма 28 Қыркүйек, 2019

Мен атаулы әлеуметтік көмек туралы ойымды қайда, кімге жазарымды білмей жүр едім, бүгін осы жерге тап болдым, заң дұрыс па, бұрыс па білмеймін, себебі сарапшы емеспін, бірақ жұмыс істеуге қабілеті бар, дені сау адамдарға атаулы әлеуметтік көмек бергенді дұрыс деп санамаймын, бұл көмек жалқау халықты одан сайын жалқаулыққа итермелейтін көмек. Менің ойымша көмек тек балаларға берілуі тиіс, мейлі от басында неше бала болса да, мектеп бітіріп немесе оқу орнын бітіргенше, 18 немесе 21 жасқа дейін. Мұндай ой білдіруімнің себебі, атаулы АӘК алып отырған отбасы ауылды жерде осы көмекті қанағат етіп, жұмысқа жарамды отбасындағы адамдар жұмыс істемейді, ал жұмыс істесе бірін-бірі көрсетіп бітеді, анау жұмыс істейді, қосымша АӘК алады деп. Біреуге жалданып азын-аулақ тиын-тебен алғанша, үйде жатып пособия алғаным артық дейді. Ауылда үйде жатып пособия алып жатқандардың жағдайы жақсы, оларда төлейтін налог жоқ, трактор, машинаға запчасти сатып алмайды, бензин, солярака сатып алмайды, жұмысшы жалдамайды, оларға еңбекақы төлемейді, есесіне үйде жатып ай сайын тегін ақша алады. Ал шаруасы бар адамдаға пособия төленбейді, себебі малы бар, оның шығыны басынан асады - малға дәрі -дәрмек, жем-шөп, бензин, солярка, запчасти, налог, ауылда жұмысшы жоқ, жетіспейді, бәрі пособия алып шалқасынан түсіп жатады, әрең жалынып-жалпайып тапқан жұмысшыңа төлейтін еңбек ақы, малшының еңбек ақысы бар, осының бәріне ақшаны қалай табамын деп жүргенде өз балаң мектепке дайын емес, өйткені тапқаның шаруаның өз шығынын жаппайды, ал малды ай сайын сата бере алмайсың, себебі қой ай сайын қоздамайды, сиыр ай сайын бұзауламайды. Қой қырқуға, қый оюға, шөп тасуға, тракторист, шоферлық, құрылысшы, мал бағушы деген сияқты жұмыстарға жұмысшы табу қиын. Менің ұсынысым - АӘК пособиясын алып тастап, оның орныны тек балаларға ғана пособия төлену керек, ал еңбекке жарамды адамдар ауылдың әкімшілігінде тіркеуде тұрсын, шаруа қожалықтары сол әкімшілікке мынадай уақытқа мынадай жұмысқа маған жұмысшы керек деп заявка берсін, ал әкімшілік өзіндегі тіркеуде тұрған адамдардан жіберіп тұрсын, осындай жүйе қойылса жақсы болар еді. Ал жергілікті әкімшілік өз беттерімен бұл істі атқармайды, жоғарыдан бұйрық болмаса, себебі осындай халықпыз, жоғарыда не айтса соны істейміз.

Жауап беру

Ұқсас жаңалықтар