Тұмағаң – Тұманбай Молдағалиев

Мұхтар Мағауин - 29.09.20192453

Тұманбай Молдағалиев есімін мен ақынның әуелгі қадамдарынан бастап, мектепте, тоғызыншы класта оқып жүргенде танысам керек. «Қазақ әдебиеті» газеті, «Әдебиет және искусство» (кейінгі «Жұлдыз»), «Пионер», бәлкім, «Қазақстан әйелдері» басылымдары арқылы. Мүбарак Жаманбалинов екеуі қатарлас, үндес шықты. Үйреншікті, іш пыстырар, күнделікті өлең атаулыдан мүлде басқа кейіп, жаңа сезім, өзгеше серпін. Уақыт оза келе, жасы көп үлкен Мүбарак кешеуілдей берді, ал Тұманбай күн өткен сайын өрлеген. Жалпы жұртшылыққа кеңінен танылды. Мен университетке келіп түскен 1957 жылы шыққан алғашқы, «Студент дәптері» аталатын жыр жинағы сол замандағы қазақ әуезі үшін елеулі оқиға болып еді. Жастар поэзиясы туралы 1959 жылғы атақты кездесуде ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезовтің өзі болашақ үлкен қаламгерлер санатында жоғары баға берген. Бұдан соң кітап артынан кітап. Сол бетінде Тұманбай Молдағалиевтің бүткіл шығармашылық ғұмыры ешқандай бұдырсыз, даңғыл әрі өрісті болғаны көпке белгілі.

Тұмағаңды жүзбе-жүз, алғаш рет қашан және қалай көргенім есімде жоқ. Тәрізі, 1965 жылдың қара күзінде «Қазақ әдебиетіне» жұмысқа тұрғаннан соң. Тым көп ұзамай, 1967 жылы жазғытұрым, Ілияс Есенберлиннің ғұзырындағы «Жазушы» баспасында жақынырақ танысуға мүмкіндік туды. Поэзия редакциясында аға редактор екен. Өте сыпайы, жүзі ашық, ұстамды, бейсауат сөзден тыс және әр жердегі басқа бір ақындарымыз сияқты ішімдікке әуестігі байқалмайды және кімге болсын тілектес. Алдынан өткен үлкенді-кішілі ақындардың ешқайсысына артық міндеті, солақай белсенділігі жоқ, сонымен қатар бұл кезде көркемдік тұрғыдағы талабынан да айнымаған. Есімде қалғаны – Надежда Лушникованың тақырыптық жоспарға еніп, айлық графикке түскен өлеңдер жинағын мүлде жарамсыз деп тапты. Редакция меңгерушісі Ғафу Қайырбековпен келісті ме, келіспеді ме, білмеймін, екеуміздің арамызда болған әңгіме. Мен айттым: «Тұмаға, ойлап қараңыз, қазақтың өзі ана тілін ұмытып жатқан заманда, әлдебір ауылдан қазақ тіліне жетік, оның үстіне қазақша өлең жазатын орыс қызы шыға келеді. Айтарға жақсы емес пе? Кемістігі көп болар, бірақ осындай, ерекше жетістігі бар. Ақылыңызды аямаңыз, қайта жаздырыңыз, демеңіз, оңдап, түзетіңіз, қайткенде кәдеге асыру керек» деп. «Шалағай ақын үшін емес, қазақ тілінің мерейі үшін» деп. Тұмағаң мыйланып қалды. Қалай жетілдірді, қалай оңдады, анығын білмеймін, арада екі-үш ай өткенде, «міне, жобаға келді» деп алдыма тартып еді. Бөгеліссіз жарыққа шықты.

Ең қызығы, Надежда Лушникованың осы, «Көңіл хошы» аталатын өлеңдер жинағы келесі, 1970 жыл болса керек, республикалық Комсомол сыйлығын алды. Ол заманда жас қаламгер үшін аса үлкен марапат. Бұдан бұрын санаулы ғана жан – осы Тұмағаңның өзі, Қадыр мен Жұмекен ғана жеткен, түптеп келгенде Мемлекеттік сыйлыққа жалғас мәртебе. Жастар одағының көсемі Өзбекәлі Жәнібеков болатын. Сыйлық комиссиясының құрамындағы Шерхан Мұртазаевтың, Тұманбайдың өзінің, мен білмеген тағы бір азаматтардың мейлінше қолдауына қарамастан, «Қобыз сарыны» ілінбей қалды. Яғни менің Қазақ хандығы дәуірінде жасаған, көпшілігінің шығармасы түгіл, аты-жөніне дейін ұмытылған ақын-жыраулар туралы зерттеуім. Ол кезде парасатты, кейінде «ұлтжандылар» есебіндегі, бұрын-соңды ешқашан жүзбе-жүз көріспеген Өзбекәлі, неге екені белгісіз, ғұмыр бойы маған қайшы болып өтіп еді. Сол сәтте анау орыс қызының кітабын белге басып, бекер шығарған екем деп өкінбедім. Қайткенде де маған бермес еді. Ал Мұқағалидың ешқандай жазығы жоқ-ты. Мүлде атаусыз қалған. Бәрібір бағасын танымайды. Бұл кезде орынтағы қозғала бастаған Өзбекәлінің төтенше әрекеті – манағы менің «қазақшылық» кеңшілігімнің рабайсыз асқынған көрінісі емес. Кәдімгі арзан, сатымсақ саясат. Сонымен, Тұмағаңның әуелгі, терістеме пікірі дұрыс болып шықты.

Көп ұзамай Тұмағаң «Балдырған» журналына ауысты. Жыл аяғында мен де академияға кеттім. Көрісуіміз сирек, бірақ пейіл-ықыласымыз түзу. Ақыры, арада екі жыл өткенде біздің дастарханда тоғыстық. Мен өмірімдегі ең алғашқы ресми сыйлыққа жетіп едім. Дабырасы әжептәуір: «Мемлекеттік баспасөз комитеті, Қазақстан Ленин комсомолы, «Жалын» баспасы мен «Жалын» альманахының жабық бәйгесі» деген. Мен бас сыйлық – бірінші орын иегері болып шықтым. Абыройын айтпағанда, тура мың сом жүлдесі бар. Аса көп ақша, ол заманда мынау деген қызметкердің алты-жеті айлық еңбекақысы. Тең жарымына тақау – төрт жүз елу сомына бәйбішеме он екі персондық ағылшын сервисін әпердім. Осы жақында ғана орталық универмагқа түскен; көршілес тұратын, өз ортамызда кенеусіз бай саналатын Қадырдың Салтанаты алдымен алыпты, біздің Бақыт қызығып қана қойған. Енді, міне, оның да осыншама қазынаға қолы жетті. Шынында да, күні бүгінге дейін біздің шаңырақтағы отбасылық ең қастерлі мүкәмал саналады. Өзгеше сыпатынан ғана емес, ерекше тарихына байланысты. Хош. Қалған бес жүз елу сом... әрине, үштен бірге жуығы кішігірім мерекеге жұмсалуға тиіс. Менің алғашқы сыйлығымның құрметіне ең жақын және алыстау жүрсе де, тілектес ағайындардың басын қостық. Төрдің төбесінде Тұмағаң отырды.

Отыратын себебі – Тұманбай Молдағалиев бұл кезде «Жалын» альманахының бас редакторы. Кешегі төрешілер алқасының белді мүшесі. Яғни атаулы сыйлықты өз қолымен бұйырғандай. Әуелде телефон соғып құттықтады. Содан соң, арнайы шақырғанда азғана өкпесін айтып еді. «Маған сенбедің бе, алдын ала неге құлаққағыс жасамадың» деп. «Ой, Тұмаға, сізге айрықша сенгендіктен» дедім. Тұмағаң жақсы мен жаманды қапысыз таниды деп білгенім. Алайдаәлсіздік жасап күнібұрын айтып қойсам, бәйгенің шарты бұзылғаны өз алдына, сіздің көңіліңізде күмән тумай ма? Тіпті маған дауыс бермей қоюыңыз да мүмкін ғой», – дедім. Тұмағаң күлді. «Тауып кеттің» деген. Алайда дастархан басында манағы сөзін басқа бір тұрғыда қайталап еді. «Өзіне сенді. Абай атамыз айтқандай, осы сенім Мұхтарды барлық өткелектен алып шығады» деп еді. Мен бұл сөзге мейлінше риза болдым.

Бұдан соңғы заманда әуелгі түзу амандығымыз бүкпесіз ықылас-пейілге алмасты. Сирек те болса әрқилы жағдайдағы өзара шақырысымыз бар. Бұл кезде Тұмағаң бұрынғыша альманах аталатын «Жалын» журналына берік бекіген. Атақты ақын. Жарасты азамат. Төрт құбыласы түгел тәрізді. Ел-жұртына да, әдеби ортада да сыйлы. Тек жақсы атағы ғана бар. Әйткенмен бір мүлтігі байқалып қалған. Әдепкі, күнделікті өмірдегі кеңшілік – басқа емес, баспасөзде өзінің қарама-қарсы мағынасы, үлкен кемшілікке айналмақ. Шын мәнісінде республикадағы екінші әдеби журнал, жастарға арналған «Жалын» альманахы енді ерінбеген жазарманның ат шалдырып, аунап-қунап, қона жататын ойнағына айналыпты. Бұрнада ара-тұра, мүлде сапасыз дүниелерді көзім шалса да, бұл жағын толық байыптамаған екем. Ақыры, түбегейлі танып, қатты айтуға тура келді. Әуелде, Есенберлин тұсында «Жазушы» баспасының панасында ашылған альманах бұл кезде одан еншілеп шыққан «Жалын» баспасының құрамында. Яғни жастар нәшіриятының әжептәуір дербестігі бар, әйткенмен басыбайлы бір бөлімі сияқты. Директор Бексұлтан Нұржекеев – көрнекті прозашы ғана емес, өзіне де, өзгеге де қатал талап қоя білетін қызметкер. Әлдеқалай алдына бардым ба, арнайы телефон шалды ма, «Жалын» альманахының 1979-80 жылдар, соңғы жеті-сегіз санына кең көлемді рецензия жазуға ұсыныс айтты. Менің қосымша қаламақы табатын әдепкі бір шаруам. Байдың өзінде артық ақша болмайды, осы реттегі тілектес пейілі деп білдім. Артық сөз айтқан жоқ. Менің нұсқаумен жүрмейтінімді біледі әрі әдеп жөні. Мен журналдың тиесілі кітаптарын мұқият оқып шығып, мәшіңкеде қырық бетке тарта үлкен рецензия жазып бердім. Сол тұстағы жастар шығармашылығы, жалпы әдеби ахуал турасындағы шолу мен талдау. Арада екі жыл өткенде, тағы да осы альманахтың 1981-82 жылдардағы жеті кітабына пікір бердім. Әуелгі көлемге жақын, сол сарында. Әлбетте, журнал бетінде жақсы дүниелер жоқ емес, алайда жасығы көбірек. Және бұл сөз жастарға емес, жасамыстарға, қазіргі әдебиет түгіл, ағымдағы баспасөзде есім-сойы белгісіз, көбіне қырық-елу, тіпті зейнет жасында жаза бастаған, әуесқой, дарынсыз талапкер атаулыға қатысты. Өндіріс, әкімшілік саласында жүрген немесе өткенде еңбегі сіңген әлдебір жақсы кісілер, көбіне жеңұшынан жалғасқан тамыр-таныс. Аса сорақы жағдай. Осыған орай, екі ретте де қатты айтыппыз. Әрине, мақтамен бауыздап дегендей. Кейде зілді кекесін, ащы әжуа да кетіп қалыпты. Бексұлтан екі рецензияны да ықыласпен қабылдады, бұрнағы әдетінше аса көтеріңкі, мол қаламақы қойды, өзара талқыға салғамыз жоқ, бар сөз осымен тынған. Директор мен бас редактор арасында қандай әңгіме болғанын білмеймін. Әрине, ай ма, апта ма, көп ұзамай Тұмағаңмен де жүздестік. Өткендегі кең көлемді, кейісті мақала туралы сөз болған жоқ, амандығымыз бұрынғыша, менің ойымда ештеңе жоқ, Тұмағаң да көңілге алмаған сияқты, дәп сол сәтінде емес, артынан байыптағаным, шындығында, бар сөзім әділетті болған соң, салмағын ұмытып кетсем керек, бірақ одан журналға жеңілдік келмейді.

Осы екі аралықта Тұмағаңмен менің өзімнің шаруама байланысты тоқайластық. Қазақтың қазіргі заманғы тұлпар аты туралы хикаят. Кешеуілдеп жатқан соң арнайы соғып едім, Тұмағаңның үлкен ескертпесі бар екен. «Хикаяттың кейбір тұсын қайта жазсаң» дейді. «Жүйрік өлмесе. Мынауың тым қатаң». Мен: «Сонда Совет өкіметінде ең ақыры төрт аяқты мал да өлмеу керек пе? – дедім қитығып. – Қызметтен қорлық көріп, жұмыстан зорығып өлген кісі емес, бәйгеден қалған ат. Осындай да талап болады екен!..» Тұмағаң құмығып қалды, проза бөлімінің бастығы Кәдірбек Сегізбаев жерге қарады. «Жоқ, – деді алдымен ес жиған бас редактор. – Өте аянышты. Анау, қастандық жасаған адам – нағыз қаражүрек екен... Ептеп жұмсартса...» «Қалайша? – дедім. – Повесте аты-жөні де жоқ қой. Белгісіз біреу...» «Тым құрыса өкінсе...» – деді Кәдірбек. Бұл ерекше талап – екеуінің қайсысынан шыққанын білмеймін. Тәрізі, Тұмағаңның өзінен бастау алған, Кәдірбек қостаған. Шынында да, кәдімгі совет адамы атақты жүйрікке қастандық жасайды, коммунистік идеологиямен сыйыспаса керек. Әлде ұлғайған жас, әлде дүбара таным. Жалпы жұртқа көркемдік талабы босаң тартқан Тұмағаң енді мінсіз шығармада саяси қате кетпеуін қадағалап отыр. Қалай айтсаң да, айнымақ емес. Мен амалсыз күлдім. Ал «Жүйрік» қайткенде де осы тақауда жарияға шығуы қажет еді. «Жұлдызға» апарсам, жеріне жеткенше кемі жеті-сегіз ай. Москвада, «Советский писатель» баспасының алдағы жылдық жоспарына «Жыланды жаз» – «Змеиное лето» деген атпен хикаяттар жинағын ұсынғам. «Жүйрік» осы құрамда. Редакция меңгерушісі, тілектес Арнольд Тамм мақұл көріп отыр. Әйткенмен бір кілтипан бар. Орыс тіліне аударылмақ туынды өз жұртында түпнұсқада жарыққа шыққан болуы – міндетті шарт. Қайтсем деп ойланып отырмын. Содан Кәдірбек айтты: «Мұхасы, жаңағы өкініш тұрғысында бір анықтама қоса салсаңыз... келісіп кетер еді». Тұмағаңа қарап едім, әуелгі талабынан жұмсарған, бас изегендей болды. Мен тағы да күлдім. Содан соң қалам, қағаз сұраған едім. Сол арада, табан аузында тұтас екі-үш сөйлем қостым. «Енді ризасыз ба?» – дедім Тұмағаңның қолына ұстатып. Тұмағаң қысыла қызарғандай болды. «Мә, Кәдірбек, жарап жатқан сияқты...» – деген. Кәдірбек көңілсіздеу көз салды да, басын изеді. «Енді осы жарымжан үзіктің журнал редакциясында зорлықпен қосылғаны туралы куәлік жазып бересің!» – дедім Кәдірбекке. Жаңа менің алдыма түскен қағаздың бір бетіне солай деп жазды. Тек «жарымжан» және «зорлықпен» деген анықтамалар жоқ – «редакция талабы бойынша...» «Қай санға?» – деп сұрағам. «Бірінші кетті, екінші санға...» қайсысының айтқаны есімде жоқ. Сондай-ақ ілкіде «жойдасыз талапқа көнуім – Мәскеу баспасының шарты бойынша» деп айтқан-айтпағанымды білмеймін. Ақыр көнген соң, бұлай ақталмасам керек. Не де болса қорлық.

Ол заманда, кітап шығару кезеңінде редакторлардың мүлде орынсыз, ұсақ-түйек пікірін қабылдауға мәжбүрсің. Тым құрыса жүздің бірінде. Әлдебір сөз, тіркесті қысқартуға тура келеді. Ал төтенше қоспа жасауым – тұңғыш және соңғы рет. Бұдан кейінгі кезеңде, «Аласапыраннан» бастап, атақ-беделімізге сүйеніп, бірде-бір сөзімізді жаңартпайтын болдық. (Алайда жаппай «тәуелсіздіктен» беріде сыртыңнан түзеп жіберу әдепкі жағдаятқа айналыпты.) Сонымен, «Жүйрік» тағы да іркіліп, «Жалын» альманахының үшінші санында (1980) басылды. Мәскеудегі орысша повестер жинағы да көлденең себептерден бөгеліп, ақыры 1984 жылы жарыққа жетті, «Жүйрік» – «Судьба скакуна» хикаяты бел ортада. (Ал осы, менің ең үздік хикаяттарымның бірі түпнұсқа, кітап жүзінде он жылдан соң, екі томдық «Таңдамалы» құрамында әрең көрініп еді.) Қашанда өз сөзің үшін өлуге бейілсің, ал ең бейкүнә түзетудің өзі кез келген жазуыңның қадірін түсірсе керек. «Жүйрік» қайткенде бүлінбеді, әуелгі қолжазба тап-таза, орыс тіліндегі алғашқы аударма да сол қалпында, кейінгі басылымдар және табиғи кейпінде. Тұмағаңның дәп осы жолғы көлденең қысасы – менің өткендегі ауыр сындарымның қарымтасы емес, бұл кісіде ондай мінез жоқ, керісінше, алғашқы қадамнан бастап қалыптасқан «бадырақ көз» – идеялық тазалық, яғни идеясыздық ұстанымға байланысты. Жақсы ақын, жайсаң азаматтың осындай кертартпасы бар екен. Бұдан да қызығы, Тұмағаңның осы бір ісіне мен ашулана да алмадым. Басқа біреу болса ақыры бітіспес араздыққа ұласар еді. Ал осыншама адал, яғни аңғал, кірнесіз кісіге өкпе арту, ренжу мүмкін емес екен. Әйтеуір, жүз шайыспадық.

Кейінгі жылдарда Тұмағаңмен ішек-қарнымыз араласпаса да, әдепкі, көпке ортақ думан, мерейтой дастарханында ғана емес, өзара, үй ішіндік жағдайда, тым жиі болмаса да, өзара қонақтасып жүрдік. Айтқанымдай, Тұмағаңда көлеңке жоқ, ал мен әр ісіне кешіріммен қарасам керек. Адамдық сыйластық одан әрі жалғасты. Қашанда жылы жүзді кездесулер, риясыз, бейбіт әңгіме. Сондай-ақ екеу арамызда ел тағдыры, әдеби шеру, әлдебір әріптес, қандай да бір шығарма туралы талқы, пікір алмасу да ғадетімізде жоқ. Әйтеуір, іш пыспайтын, қоңыртөбел әңгіме. Жан жадырамаса да, жайланып отыратын қазақы кеңес. Жаңа заманның ақыны болса да, Тұмағаң ескілікті күндердің сарқыты сияқты көрінер еді. Сөйлеген сөз, отырған отырыс. Бар мінезі. Мейірбан отағасы. «Біздің Күлтай» деп сөйлейді. Балаларын көп қызықтайтын сияқты. Оның ішінде жалғыз ұлы Дәурен ерекше. «Машинада өзіммен бірге жүргенде қорқып отырам» дейтін. Қала жолында пәлекет көп қой... Кейінірек немересі Мұқашты аузынан тастамайтын. Қыздарына да үзіліп тұрады екен. Тұңғышы Құралай мезгілсіз дүниеден өткен кезде қатты қамықты. Көңіл айтып барып шыққан бес-он минуттың өзі соншама ауыр болды. Перзентін жоқтап бірталай мұңды өлең жазды. «Бес жапырағым бар еді, – Бір жапырағым желге ұшты...» – дегені есте қалыпты. Әдепкі жырларынан мүлде басқаша сарын.

Төрт жас үлкен болса да, «бел құрдас» дегендей, Тұмағаңмен қатарлас қаншама ғұмыр өткерген екенбіз. 1983 жылы жаз ортасында Якутияда қазақ әдебиетінің онкүндігі болды. Мен, бұрнада бір жазғанымдай, алдағы «Шақан-Шері» романына қатысты жер бедері мен табиғатын аңдамақ үшін сұранып жүріп, тізімге әрең ілініп едім. Жиыны жиырма шақты қаламгер. Ұлыс астанасы Якутскідегі ғажайып қарсылаудан соң, үшке бөліндік. Біз – Әзілхан ақсақал, Тұмағаң бар, кейінгі жастардан Иранбек, тағы бірер жігіт және екі орысымыз бар – терістік-батыстағы Сунтар ауданына аттандық. Вилюй өзені, мен нысана тұтқан жер. Одан әрі – гауһар кенішті Мирный кенті. Ағайын жұрт ортасындағы өзгеше бір сапар болды. Біздің топтың басшысы – жасы да, жолы да үлкен Әзілхан ақсақал емес, Тұмағаң. Оның себебін айтып ақталғаны бар. Әуелгі жоба бойынша, бұл бөлікті Жұбан Молдағалиев бастамақ екен. Әлдеқандай себеппен шегіншектеп қалған. Алайда бұрнағы бекіп кеткен тізімде тұр. Сондықтан Жұбағаңның орнын екінші Молдағалиев алмастырыпты. Жетекші ретінде. Әйтпесе жалпы есепте бұрыннан бар. Сонымен, шалғай Якутия – Саха жұртындағы шеткері, өзгеше ауданды аралап кеттік. Орталық қыстаққа арнайы рейспен жетіп едік, бұдан соң кейде машина, көбіне кеме немесе шағын ұшақ. Бір ауылдан арасы шалғай екінші ауылға барамыз. Біз тобымызбен түскен бетте, анадайда, қатарынан тізіліп, түгелдей ұлттық киімге малынған, басты бір әйел ою-өрнекті орамалмен дөңбектей ақ нан ұстаған, енді бірнешеуі чорон – үш аяқты ағаш тостағандармен қымыз дайындап тұрған үлкенді-кішілі, қыз бен жігіт, ақсақал, бала-шағалы якут – сахалар көрінеді. Біздің ортамыздағы, жасы жетпіске шыққан, бірақ сыптығырдай, сөзі шалт, қимылы ширақ сары орысымыз екпіндей тұра ұмтылып, қалған жұрттан жарым арқан, шылбыр бойы озып, алдымен өтеді. Өздері өңдес қазақтарды күтіп тұрған саха ағайындар тосырқап қалған еді. Ізінше біз де жеттік. Енді апыр-жұпыр. Алғашқы кездесу рәсімінен соң, мен әлгі сабазды шеттете бере, тым оқыс қимыл жасағанын, бәріміз бірге жүруіміз қажетін, алға тек делегация басшылары озуы мүмкін екенін айтқан едім. Меңірейіп тұрып әрең тыңдады. Содан екінші жолы тағы да алға түскен. Енді мен Әзілхан ақсақал мен Тұмағаңа айттым:«Жаңа бір ауылға барғанда аяқтарыңызды тездете басып, ілгері озыңыздар. Әйтпесе бәрімізді мына жалғыз орыс бастап келген деп ойлайды ғой» дедім. «Немесе маған рұқсат беріңіздер. Анау орыспен қатар жүгіріп, жарысқа түсейін» дедім. Әзағаң аңырып қалған, Тұмағаң маған қарап жымиды да қойды. Ештеңе өзгермеді. Жүйрік орысымыз үшінші ретте де алға ұмтылмақ еді, күнібұрын қамданып тұрған мен жеңінен ұстай алдым. «Табарыш Скалковский, спакойно... – дедім. – Сабыр сақтаңыз, дастарханға үлгереміз». Сонда ғана ұққан сияқты. Төртінші жолы өңмеңдеп озбады. Бұдан соң басшы орынға орыс әйелі шыққан. Бұрын көзім шалмаған, қырықтың ішіндегі, сыртының өзі тырдай, қиылған жирен шаш, жұтынып тұрған ақсары қатын. Қарсы алу кезінде жүгірмейді. Есесіне ортақ дастарханда алдымен бастап, суырыла сөйлеп отырады. Қазақстан шегіндегі, қазақтар өктем жалғыз мекеме – Жазушылар одағында өз орындарын біліп, әдептен аспайтын ағайындар сыртқа шыққанда құтырып кетіпті. Бәрі де қисынды. Билеуші нәсіл ғой. Осындай да қорлық болды. Бірақ бұл жағына менен басқа ешкім назар аудармаған сияқты.

Ал Тұмағаң маңғаз қалпынан жазбаған. Қандай да кездесуде әлдебір өлеңін оқиды. Саха ағайындар мазмұнын танымаса да, мағынасын анық аңдайды. Қошеметтеп қол соғады. Содан апта бойы думандатып, Якутскіге қайтып оралдық. Таң ата. Тым құрыса жарты сағат ұйықтап үлгермедік, Якут университетінде үлкен кездесу бар екен. Сол беті шала-шарпы жуынып, дүркірей аттандық. Акт залы, кәдімгі өзіміздің қазақтар иін тіресе елбіреп отыр. Ғалым ұстаздар, көкөрім студенттер. Және, байқауымша, астанада тұратын ұлт зиялылары. Әлдебір профессордың кіріспе сөзінен соң кезек бізге келді. Ең алдымен шыққан Тұмағаң келістіріп тұрып туысқан саха жұрты мен қазақ достығы туралы жаңа бір өлеңін оқып берді. Әрине, дүркіреген қошемет. Содан соң күтпеген жерде маған сөз берілді. Әлбетте, ежелгі тарихтан бастаймыз. Ортақ тамырымыз, Түрік қағанатындағы бірлік, көлденең себептермен туыстас тайпалардың арасы ажырағаны, ең ғажабы, саха жұртының Байкөл төңірегінен тартып, Лөнә дариясын бойлап, солтүстікке қарай шеру тартқан мыңжылдық көші, ақыры, жаңа заманда қайта қауышып отыруымыз. Тағы да жаппай қошемет. Алайда осындағы туысқан қауымнан гөрі өзімнің Тұмағам артығырақ риза болған сияқты. Менің тарихшылығыма емес. Анау тілде тәп-тәуір сөйлегеніме. «Орысша жақсы біледі екенсің, қазақ ауылы, қазақ мектебінде оқыдың ғой, қайдан үйреніп жүрсің?» деген таңғалып. Ең әуелі менің тарихи жадыма назар аударса керек еді, ол да ауыл баласы, мына, кітаптан жаттаған азғана орысшама соншама сүйініп отыр. Ақжүрек ақынның аңғалдығына күліп едім. Тағы бір таңырқау. Осыдан көп кейін, 90-жылы болса керек, Жүрсін Ерман бауырымның ұйымдастырып бастауымен бір топ қаламгер Сары-Арқаның төсіндегі еркін саяхатта ең алдымен Ұлытауға түстік. Қошемет, құрмет өз алдына, ғажайып қымыз. Мен, әрине, туа біткен ындыныммен рақаттана сімірсем керек. Бір шарадан соң екінші шара. Тұмағаң бұл жолы да қайран қалған және мейлінше риза болып еді. «Дәп осылай, тоқтаусыз және дәмдеп қымыз ішкен қазақ көрмеп едім» дегені. Бұдан артық қандай мақтау керек?!

Иә, айтпақшы, манағы Якут сапарында байқағаным, қашанда биязы, сыпайы Тұмағаңның алаңғасар қаншылдығы да бар екен. Ұлыс астанасындағы алғашқы күні, орталық театрда өткен салтанатты кештен соң, біздің топқа төрт-бес қазақ қызы келген еді. Жүздері жарқын, күле сөйлеп амандасып жатыр. Әуелгі көрген жасаң жігіттеріміздің бірі: «Тұмаға, осындағы қарындастар, саха жігіттерімен Мәскеуде оқуда танысып, тұрмысқа шыққан екен», – деді. Тұмағаң жалт бұрылды да: «Әй, қыздар, мұнда неғып жүрсіңдер, қазақ табылмады ма?!» – дегені. Сағынышты туыстарын көріп, жадырап тұрған қарындастарымыз бірден төмендеп қалып еді, мен қолма-қол іліп әкеттім: «О не дегеніңіз, Тұмаға. Көріп жатырмыз, бұл сахалар да қазақтың бір руы сияқты. Орыс-орман, қапқаз емес. Балалар бақытты болсын!» – деп. «Иә, – деді Тұмағаң да жұмсарып. – Бақытты болыңдар... Мүмкін, жігіттеріңмен бірге Қазақстанға көшіп келерсіңдер?» Осыдан бұрын Қадырдан естігенім бар еді. Әлдебір әдеби шарамен Литвада жүргенде, сол жаққа күйеуге тиген келісті қазақ қызын көріп, Тұмағаңның көңілі бұзылыпты, «міне, қарашы, қазақтың жақсы қыздары қайда кетіп жатыр» деп. «Солайы солай, бірақ ендігі заман басқа. Ұлттың қожырауы емес, әлемдік ортаға шығуының бір көрінісі деп қарасақ ләзім. Қыз кетті, бірақ қазақы қаны бар жиендер болады. Ең бастысы – осыған қарымта есепті, жат жұрттан келген келіндер қазаққа тазалай сіңіп кетуі шарт».

Осы, екі аптаға жуық өзгеше саяхатта, барар және қайтар жол, ұшақ ішіндегі уақыт өтпес, іш пысар ұзақ отырыста қатарлас болып едік. Өте жайлы серік екен. Кәкір-шүкір, мәнсіз әңгіме, көбіне-көп жеңіл-желпі қарта. Атын ұмыттым, көнге бір тиыннан салатын әлдебір ойын, білмейді екем, өзі үйретті. Әуелде ұтып еді, ақырында мен қарымтадан озып, еркін еңсердім, нәтижесінде екі, әлде үш сом пайдаға шықсам керек. «Көңілге жақсы, үйреніп алдың, енді ойнап жүр, бұдан гөрі көбірек ұтасың» деген мені тағы да мақтап. «Жоқ, Тұмаға, мен не істесем де, орта жолдан тоқтай алмайтын адаммын, дәнігіп, біржолата беріліп кетсем, жазуым қайда қалмақ? Тек өзіңізбен ойнамасам. Келесі жолы төрт сомға жетуім мүмкін. Немесе мына үш сомды қайтарып аласыз, мен қарызда қалмас үшін» дедім. Тұмағаң «әй, айтасың-ау» деп күлген де қойған.

Осының алдында ғана, 1982 жылдың ақыры, Тұманбай Молдағалиев Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа жетті. Әлбетте, шын көңілмен құттықтадым. Үйіне барғаным, той дастарханында отырған-отырмағаным есімде жоқ. Екі жылдан соң мен де кезекті додаға түспек болдым. Жалпы жұрт жапырлап оқыған, әдеби ортада да жоғары бағаланған «Аласапыран». Жазушылар одағының Олжас бастаған секретариатынан ұсынылдық. Бірауыздан. Енді құжат түгендеу, қағаз толтыру машақаты бар. Арнайы үлгі бойынша. Жалпы жобасын одақтан алуға мүмкін екен. Мен Тұмағаңа жүгіндім. Әуелгі ақсақалдарды айтпасақ, кейінгі лауреаттардың бәрі де екі-үш аунап барып әрең алған екен. Қалижан Бекхожин, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков... Өткен 1980 жылы марапатталған Қадыр Мырзалиевтің өзі әуелде бір жығылып тұрған. Шашасына шаң жуытпай, таза шыққан жалғыз Тұманбай екен. Мен қолқа салып, осы Тұмағаңның лауреаттыққа ұсынған кездегі барлық қағазын сұратып алдым, «ақжолтай ырым үшін» дегем. Әрине, оң тілеуін айтты, «сен алмағанда кім алады» деген. «Бұйырса...» дедім мен астамшылық жасамай. Ақыры бұйырды, алдық. Тұмағаңа екінші қайыра алғыс айтып едім. Бұдан соңғы құрметті қонақтардың бел ортасында болды.

Тұмағаң жанына жайлы «Жалын» журналында тұтас бір мүшел – он екі жылға жуық қамсыз отырған еді. Бұдан соң, 1984-86 – екі жылдан астам Жазушылар одағының қатардағы бір секретары болды. Яғни әкімшілікке жақын міндет. Тұмағаңның қолы емес-ті. Ақыры, шамалы үзілістен соң, балалар журналы «Балдырғанға» барып орнықты. Бұрнада азғана уақыт жауапты хатшы міндетін атқарған, енді бас редактор. Сол заманның тілімен айтқанда, жалақысы тәуір, машинасы бар, аса ірі болмаса да, дербес, абыройлы қызмет. Ең бастысы – алып бара жатқан ауыр және жауапты жұмысы жоқ, уақыты мол, қандай да қаламгер үшін жерұйық есепті өзгеше мекен. Бұл жерде Тұмағаң ширек ғасырға жуық – өмірінің ақырына дейін отырған екен. Қай жағынан да бақытты ғұмырының, күн еңкейген шақтағы байсал кезеңі.

Тұмағаң «Балдырғанға» өткеннен соң, арнайы телефон шалып едім. «Өте дұрыс болды, енді қырық жыл бала боласыз» деп. Кейінірек бір кездескенде қалай барып, қалай бекігенін айтып еді. «Журналға ұсынылдым, – дейді. – Тәрізі, комсомолдың орталық комитеті тарапынан. Ай өтті – дыбыс жоқ. Екі ай өтті – көңіл күпті, күтіп отырмын. Үш ай өтті – ешқандай қозғаусыз. Төртінші айға кетті. Бесінші ай. Енді шынымен күдер үзе бастадым. Содан соң, әлдеқалай айтқанда, қызметте отырған ағайындардың бірі«Қисанов ағаңа барсаңшы» деді. Қабылдауына жазылып, алдына бардым. Атымтай аға деп, үлкен бір кітабымды автографпен. Кекірейген кесірлігі жоқ, өте қарапайым кісі екен. «Білем, білем» деді. Содан соң «Ал, не бұйымтайың бар?» деген. «Балдырғандағы» түсініксіз жағдайды айттым. «Міне, төрт айдан асты, орталық комитетте, Сапар Байжановтың алдында жатыр» дедім. Қолма-қол телефон тұтқасын алды. Тәрізі, «Кремлевка». Бірден-ақ қатаң сөйледі. «Мен – Қисанов...» Ар жақта далбырлап жатыр. «Әй, Байжанов, – деді кідірместен тура тартып. – Мына Тұманбай баланың қағаздарын енді қанша уақыт к...тіңнің астына басып отырмақсың?!» Дәп солай, төтесінен. Ар жақтағы тіл байланған азғана бөгесіннен соң, манағы сарынмен бірдеңе айта бастап еді, Қисанов сөз аяғын тосқан жоқ. «Болды!» деген. Содан соң телефон тұтқасын орнына қойып, «Болды, – деді маған да. – Бүгін бітпесе, ертең осы уақытта өзіме тағы келесің!» Мен, бір жағы, риза болып, екінші жағынан, қайран қалып, рақмет-алғысымды айтып, шыға бердім. Үйге келсем, абыр-сабыр. Мені ЦК-дан Байжанов деген кісі іздеп жатыр екен, осы аралықта екі рет телефон шалыпты».

Міне, нақты болған оқиға. Әлдебір елеусіз министрлікте екінші қатардағы қызметте отырған Қисанов орталық комитеттің бөлім бастығының пілдей орынбасарын есіктегі баладай жым қылды. Бұл кісі Қазақстандағы кадр мәселесіне тікелей араласып тұрады деген лақап бар еді. Рас екен. Осыншама мықты болатыны – Қонаевтар әулетіне күйеу, Димекеңе айрықша сыйлы дейтін. Яғни қай тараптағы қандай да сөзі өтімді. Басқасын білмеймін, дәп осы жолы қазақ әдебиетіне қатысты игілікті бір шаруаны шешіп беріпті. Тұмағаң әлі де таңырқай отырып айтқан. Мен мәз болдым. Осыдан он бес жыл бұрын осы Байжанов «Алдаспанды» талқандауда айрықша белсенділік көрсетіп еді. Қазақтың мыңжылдық мәдениетін, өткендегі алапат аруақтарды аяқасты қылған сабаз. Енді бүгінгі әлдебір замминистр төбесінен ұрып жерге тығып, қайтадан суырып алып сілкілеп, оп-оңай тәубасына түсірген екен. Күні кеше сол «Алдаспанды» пір тұтқан Тұмағаңның арқасында.

Жасы үлкен жақсы ағамен аз-кем демейін, тура қырық жыл біліс, дос-жар қалыпта қатар жасаппыз. Ешқашан оң пейілінен айныған емес. 1988 жылы июль айында мен сол кездегі жаңа бір рәсім бойынша, баламалы жолмен «Жұлдыз» журналының бас редакторы сайлауына түскенде, алдыңғы қатарда дауыс берді. Бұдан соңғы заманда арамыз алыстамапты. Одақтағы дау-дамайсыз әдеби шаралар, әртараптағы, әрқилы, аралас, ауыс, отбасындық қонақасылар, қаламгер қауымның қашанда думанмен өтетін еңселі мерейтойлары – қай бір қызық есте тұрсын.

Ең үлкен қуаныш – ресми түрде тәуелсіз мемлекет атанып, ту көтеруіміз. Арада бес-алты жыл өткенде ел астанасы Ақмолаға көшетін болды. Бас кеңсе қоныс аударудан азғана бұрын республика президенті арнайы пресс-конференция шақырды. Мен әдетте билік тарапындағы мұндай жиынға бармас едім. Осы жолы ғадетімді бұзуға тура келді. Кең залда Тұмағаң екеуміз тағы да қатар отырыппыз. Назарбаев астананы Алматыдан көшіру, жаңа орталықтың мән-мағынасы туралы айтып жатыр. Кенеттен... «Егемен Қазақстанда» Тұманбай Молдағалиевтің өлеңі шығыпты; Алматыны жоқтайды, біз бейне бір алыс шетелге көшіп бара жатқандай...» дегені. Нақты есімде жоқ, шамасы осы. Осыдан төрт-бес күн бұрын бұл өлеңді мен де оқығам. Мүлде басқа сарын. Әлде оқыс эмоция, әлде ұлттық сана, қазақи танымның күңгірт тартуы. ...Міне, ерекше көш басталып кетті. Бірақ... Ақынның көңілі ала-бұла. Керуенге қосылғысы келмейді. «Мен кетсем, Алатауымды, Күзетер басқа кімің бар...» «Мен кетсем, арман Алматым, Жетім де қалар мұңайып...» Тұспал Нұрекеңе арнай айтылыпты. Ақыры, ең соңында астарсыз, ашық кетеді: «Көңілің неден суынды, Дүниеге бізді әкелген, Ұмытпа Жетісуыңды!..» Түп мағынасы анық: Алатауың мен Алматыңды, туған жерің Жетісуды қалдырып, қайда шығандап барасың?! Ғажап емес пе?! Әлдекімдер президенттің өзінің қолына тікелей жеткізген сияқты. Енді «...біз бейне бір алыс шетелге көшіп бара жатқандай...» Тұмағаң қатты күйзелді. Отырған орнында шөгіп кеткен. Өлеңді алғаш оқығанда тіксінсем де, ақыры күліп қана қойғам. Енді жаным ашып кетті. «Тұмаға, ештеңе етпейді, бәрі түзеледі» дедім. Көп ұзамай сыртқа шыққан соң айттым. «Нұрекең көші-қонның мән-мағынасын айғақтап берді ғой. Міне, осы тұрғыда жаңа бір өлең жазасыз. Сонымен, бар шаруа орнына келеді» деп.

Президент аппараты, басқа да маңызды мекемелер Ақмолаға көшті. Шамасы, ай өтпей әуелгі бір той рәсімі жасалып еді. Арнайы рейспен Ақмолаға ұштық. Небәрі жиырма шақты ғана кісі. Бәйкен ақсақал Әшімов, батыр генерал Сағадат Нұрмағамбетов, биліктің бір тұтқасындағы Иманғали Тасмағамбетов, тағы біреулер. Қаламгер қауымнан Тұманбай, Қадыр, мен және бір орыс, бір неміс, бір жойыт – Щеголихин, Бельгер, Симашко. Баспасөз министріміз Алтынбек Сәрсенбаевтың қолтаңбасы. Ұшақ ішінде Бәйкен ақсақал бастап, көтеріңкі отырдық, жағалай суретке түстік. Жаңа заман табалдырығы. Кеше ғана атауына дейін өзгеріп, жат жұрт басқан, енді қазаққа қайтып оралған, ұлыстың мәйек, ұйытқысы болуға тиіс ізгілікті Ақмола. Бұл кезде кейінгі зәулімдер жоқ, облыстық ғимараттың тым кеңіс емес, бірақ жетімді, тап-тұйнақтай әдемі залдары. Артық дабырасыз салтанатты жиын кезінде көкірегіміз көтерілді. Ізінше атаулы банкет. Орталық тұста қатар-қатар дастархан тұнып тұр. Жалпы, жұрттың жағасы жайлау, алдан тек қана мерей мен мәртебе, баянды игілік күткен ерекше думан, қуанышты көңіл.

Бір орында отыра бермейсің, азғана тояттан соң шеткері шығып, сырттай тамашалап тұрмыз. Тұмағаң екеуміз. Дастарханға жалғас бір жақ бүйірде жатаған бітімді шағын сахна бар екен. Атақты өнерпаздар ән салып, күй тартып, мерекені қыздырып жатыр. Кенет Тұмағаң маған айтты: «Мұхтар, мына жаңа астанаға байланысты өлең жазып әкеліп едім. Соны қалай оқуға болар екен?» деп. Түріне қарасам, әжептәуір толқып тұр. «Пәлі, Тұмаға, – деп күлдім. – Байқап тұрсыз, концерттік программа бар, арнайы хабарсыз әркім өз орнында, кезегімен шығып жатыр. Қазір мына Айман қарындасыңыз скрипкасын тартып болады. Сахнаға жақындап тұрайық. Елеусіз үзілістекөп бөгелмей, бірақ тым асықпай жоғары шығасыз да, өлеңіңізді оқып бересіз» дедім. Тұмағаң аруағын шақырғандай, бірден оңалды. Мұсақожаева сахнадан түскен бетте, бабымен көтерілді, қойнынан екі парақ қағаз алып, жан-жағына байыптай қарап азғана бөгелді де, майпаңдап оқи жөнелді. Иә, астананың Ақмолаға көшуі – ерекше оқиға, айтулы мереке. Ел ағасы Нұреке, сен халқыңның болашағын ойлап, жаңа бір жерге ту тіктің. Енді Қазақ елінің нақ ортасында тұрған астанамыз біздің тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын бекіте түспек. Құтты болсын, ұзағынан, мәңгілік болсын!.. Сөзбе-сөз есімде жоқ, ұзын-ырғасы осындай. Тұмағаң сәл-пәл ентігіп, әжептәуір тершіп, төменге түскенде, қошемет жасап қолын ұстап, қарсы алдым. «Қалай?» деді маған қарап. «Тамаша болды, Тұмаға, бәрі орнында, ештеңеге алаңдамаңыз» дедім шын көңілмен. Бұл өлең кейінірек сол «Егемен Қазақстанда» әдемілеп басылса керек.

Иә, Тұмағаңмен арамыздағы қатынас барлық уақытта да риясыз,  бірқалыпты, сыйластық жағдайда болды дедім. Тіпті «Жалындағы» хикаятыма байланысты қисынсыз талаптан соң да айтарлықтай реніш тумапты. Бары сол, көлеңкесінен қорықты демейін, қандай да көлденең толғам, төтенше суреттен тартынатын рабайсыз қауіп, әлеуметтік өмірде тереңге бойламаған, аңғал, әсіресақтық көрінісі. Адам атаулының өзара қатынасы ешқандай бұдырсыз болса дейді. Ал өкімет, сол өкіметтің жетекшісі туралы артық-ауыс сөйлеу күнә есепті. Бірде «мен назарбаевшыл емеспін» деген сөзіме тіксініп қалған екен. «Олай деп айтпасаңшы» деді. Ана кісіні қорғауы ғана емес, мені сақтандыруы. Ал бұл кейінгі қиғаш мақалалардан көп бұрын, есімде жоқ, әлдебір жағдайдағы қостау лепес болатын. «Соған қарамастан...» деген тұрғыда. Осының өзі артық сияқты. Көпе-көрінеу, албаты пікір айтсаң, мүлде шошып кетпек. Биліктегі шонжарлар ғана емес, кез келген әріптес, тіпті, көлденең әлдекім туралы. Адам атаулының бәрі жақсы, ал жазушылар қауымында жаман кісі жоқ. Сол заманда біздің әйелдің әлдеқалай айтқаны бар, «сенің тұстастарың ішінде адамгершілік, адалдық жөнінде Тұмағаңа жететін ешкім жоқ» деп. «Ешкімді алаламайды, ешқашан ешкім туралы жарамсыз сөз айтпайды» деп. Ал біздің ортада бәрі басқаша ғой. Менің өзім көңілдегіні ірікпей, жарып, тіліп отырам. Осыншама кереғарлық. Жамандау емес, пікір қайшылығы, өзіндік көзқарас деп білеміз. Ал Тұмағаңа дарынды мен дарынсыз, шыншыл мен алдамшы, ақжүрек пен сұмжүрек – бәрі бірдей екен. Мана айтқанымыздай, күнделікті, бейбіт өмірде алай да, былай да болар, ал қаламгер, оның ішінде баспасөз тетігін ұстап отырған тұлға үшін жарамсыз, тіпті зиянды мінез. «Жалын» журналына қатысты, кезінде тікелей рецензия есебінде жазылып, кейінірек «Тасқа басылған қолжазбалар» кітабында, ақыры он үш томдықта басылған, жалғасты екі мақалада жеріне жеткізе айттық.

Қайткенде де осы, төрт аяғы тең жорға, сыршыл ақынның қолынан лирикалық проза тууы мүмкін екен. Тұмағаңның, орысты білмеймін, қазақи көркем прозаны ықтиятпен қадағалап оқитыны бар еді. Менің «Аласапыран» және басқа да шығармаларым туралы дәйекті пікірін естігем. Яғни бүгінгі қара сөздің жай-жапсарынан біршама хабардар. Ақыры жаңа ғасырдың алғашқы бір жылы ғой деймін, өмірбаяндық хикаят алып келді. Мұңды балалық шақ туралы. Ол замандағы жалпыға ортақ тар дүние және өзіне тікелей қатысты отбасындық қиындықтар. Саясат жоқ, тек тұрмыстық әуез. Жетімдік көргені, сол кезеңде сүйеніш болған жақын туыс, жақсы адамдар жөні. Өмірбаяндық қана емес, заманауи һәм адамзаттық сарындар. Мен бірер күнде оқып шығып, қолма-қол «Жұлдыздың» кезекті санына жібердім. Және ризашылығымды Тұмағаңның өзіне тікелей айттым. «Ақынның прозасы деген – өзгеше жанр, осымен тоқтамаңыз, басқадай қилы хикаят болмаса, осы балалық шақ естелігін одан әрі жалғастырыңыз, ақыры, өзіңіз көрген, сүйемел, қолдау жасаған Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов сияқты ағаларға жетесіз, мұның бәрі сіздің ғұмырбаян ғана емес, қазақтың әдеби шежіресі» деп. «Өзім де ойлап жүрмін, сенімім аздау еді, енді жалғасын жазып әкелем, әдебиеттегі алғашқы қадамдар, одан соңғы жағдаяттар төңірегінде» деді. Арада жарым жыл, бәлкім, сегіз-тоғыз айдан соң тағы да естелік жазбаларын ұсынды. Ұмытпасам, жетпіс-сексен бет мөлшерінде. Әуелгі нұсқасына жетпегенімен, бұл да тәп-тәуір дүние. Мен тағы да журналдың кезекті санына ыңғайлап едім. Бес күн өтті ме, он күн өтті ме, Тұмағам қайта келіп тұр. «Болмайды екен, мына соңғы жазбаларды қайтарып бер, басылып шықса әлдекімдердің көңіліне келуі мүмкін» дейді. Мен үгіттей бастадым. «Тұмаға, ешкімнің көңіліне келетіндей ештеңе жоқ, біз бұдан зорғысын да жазып жүрміз ғой» деймін. «Жоқ, болмайды екен, саған, басқаларға жарасқан жазу – мен үшін теріс қадам есепті» дейді. Ақыры, алып кетті. Аса құнды емес, бірақ тым елеусіз де емес осы естелік Тұмағаңның архивінде сақталды ма, жоқ, сол бетімен апара сала жыртып тастады ма – анығын білмеймін, жұмсартып, өңдеп, жөндеп жатырсыз ба деп қайыра сұрамаппын.

Бұл кезде, анығы осыдан біршама бұрын, Тұманбай ақынның шығармашылық ғұмырында жаңа бір кезең басталған. Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған мадақ жырлар дейтін тақырыптағы. Көңілі кең, кімге болсын тек жақсылық қана ойлап тұратын Тұманбай Молдағалиев бұдан бұрын да арнау өлеңдерге айрықша мән беретін. Мәселен, пәленбай деген, жасы үлкен қаламгер ағаның 70 жылдық, 80 жылдық мерейтойы. Немесе жасы кіші інінің 50 жылдығы, 60 жылдығы. Немесе үй алған, бала туған, келін түсірген, әрқилы қуаныш күні. Тұмағаң міндетті түрде өлең жазып әкеледі және көп алдында оқиды. Ағайын жұртқа құрмет қана емес, өзінің риясыз пейілі. Және әрқайсысын жекелей алғанда, әсерлі, шынайы толғау. Құрап-сұрап қиналып отырмаған. Тәңірі берген өзгеше дарын нәтижесі. Қолына қалам ұстаса болды, зырқырай жөнелмек. Баяғы замандағы қазақтың төкпе ақындарының жаңа замандағы көрінісі. Тұманбай Молдағалиев, одан бұрын қалыптасқан Ғафу Қайырбеков. Кешегі Иса Байзақов, баяғы Орынбай мен Жанақ, Шөже ақындар үлгісі. Өлең көкірегін кернеп, шығасы себеп іздеп тұратын сияқты. Поляк Янушкевичтің нақты бір куәлігі бар. «Таңертең далаға шықсам, Орынбай ақын Алатауға қарап алабұртып отыр екен» дейді. Алдында ғана ақынның табан аузында айтқан, кенен толғау, ғажайып жырларын тыңдап қайран қалған. Тағы да қыстығып, шабытына мінген екен. «Толғап, шырқағым келіп барады» депті. «Онда Алатауға қарап айта бер» дейді Янушкевич. «Алатау не береді, маған тыңдаушы керек» депті Орынбай. Міне, Тұмағаң да осы сияқты, кеудесіне жыр толып барады, азғана сылтаумен үздіксіз ақтарылып жатуы содан. Өзінің де айтқаны бар: «Өлең жазбасам, Бірдеңем жоғалғандай, Мазам кетіп жүргенім, оңала алмай...» деп. Сондықтан жаңа өлеңсіз күні жоқ. Сырлы жырмен қатар, әрқилы арнаулар – осы қажеттіліктің жеңіл бір тармағы. Әлбетте, жекелеген кісілерге қатысты өлеңдер әрқилы шығуы мүмкін, қажетінше көңіл делбейді, ешкімге зияны жоқ. Ал мемлекет басшысының жөні бөлек. Кім болса да. Оның үстіне бірді-екілі толғау емес. Президенттің туған күніне, тәуелсіздіктен бастау алатын әрқилы мерекелерге, ел өміріндегі елеулі оқиғаларға, бір сөзбен айтқанда, Назарбаевтың жеке басына, қапысыз қызметі мен ерен еңбегіне арналған өлеңдер, тұтас ширек ғасыр бойы тоқтаусыз ағындаған мадақ жырлар, топтаса келгенде, үлкен бір том болып қалар. Тіпті бір том емес, ширек том, жетпіс-сексен өлең болсын. Жамбылдың Сталинге, Ленинге, айнымас балшабектерге бағыштаған толғауларының өзі, жинақтап қарағанда, бес-алтаудан аспайды. Және, бұдан бұрын бір айтқанымыздай, әдебиет тарихындағы дәстүрлі мадақ жанрының үздік үлгілері ешқашан ескірмес, тіпті уақыт озған сайын түрлене түсер құнды мұра. Ал Тұмағаңның нұрсұлтаннамасы бұл дәрежеге жетпес еді, сыпайылап айтқанда, бірсарынды, таптаурын, арзан қолпаш қана. Тек өз кезінде ақынның пенделік тірлігіне септесті демесек.

Ақыр түбі өлшеусіз зиянға шығыпты. Кейінгі буын жас қазақ Тұманбай Молдағалиевтің ұлттық поэзия деңгейін көтерген сыршыл ақын болғанын біле ме екен? Осыншама кенеусіз және тынымсыз жалбақ жырлары әйгілі Тұманбай ақынның қадірін кетірді демейін, шығармашылық тұлғасына көлеңке түсірді. Ал өкіметімнің қолдауына келсек, ақын дүниеден өткен соң, бұл тарапта мүлде дерлік ұмытылды. Халық сайламаған қандай да билік туған жұртына жат, жақтастарының өзіне опасыз болмақ. Өтті, кетті. «Сақал сипағанша...» дегендей. Жалпылдап жүрді, қошеметтен айнымады, соған орай көтерді де, көзі тайып, уақыты өткен соң мүлде керексіз қылды. Үлкені бар, кішісі бар – ешқайсысы жоқтаған жоқ, марқұмға рәсімді құрмет жасалмады.

Өстіп жым-жырт төрт-бес жыл өткенде Тұмағаңның есім-сойы қайта жаңғырды. Жоқтаушысы бар екен. Өкімет болмаса, туған халқы, сыйлас, ізін басқан әріптес қауым. Ешкімге күні қарап тұрмаған, жан-жақты қаламгер Есенғали Раушанов арнайы мақала жазып еді. «Тұмағаң неге мұншама шетқақпай қалды?» деп. Бір замандағы атақты ақынның әдеби шерудегі үлкен орнын, сыршыл өлеңдерінің ешқашан ескірмесін айтып... Бұл кезде Тұмағаңмен қатарлас, ілгерінді-кейінді өткен танымал әдеби қайраткердің көбі қазақ халқының рухани өмірінен ойып орын алған. Батыс өлкеде Қадыр Мырзалиев пен Фариза Оңғарсыноваға, Жұмекен Нәжімеденовқа мектеп, көшелер аты беріліп, облыстық қалаларда еңселі ескерткіштер тұрғызылды. Ақыры, 80 жылдығында Тұманбай Молдағалиевқа да ұлтарақ бұйырыпты. Туған ауылында басы мен иығы кейіптелген, жарым кеуделі бюст орнатылды. Және әлде көше, әлде мектеп. Бары сол. Оның өзі қаншама кешеуілдеді.

Әлбетте, Тұманбай Молдағалиевтің тіршілігінде өзі орнатып кеткен, ешқашан аласармас, айдынды ескерткіші бар: сырлы, мұңды, сазды, бір заманда оқыған, естіген жұрттың бәрінің көңілін толқытқан, алдағы қаншама дәуір бойы кейінгі ұрпақтың да көңіл сазына үн қосатын әсем ырғақ, таза ұйқасты өлең-жырлары. Уақыт оза келе, пенделік кәкір-шүкір ескіріп, ұмытылып, шынайы сезімге толы таңдама толғамдары алға шығуға тиіс.

Күміс Бұлақ, Мэриленд, АҚШ

Көшіріп басуға болмайды.

Мақала авторы:

Мұхтар Мағауин

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар