Жантас Еркін. Эфтаназия

Сайт Әкімшілігі - 30.09.20191412

Ол бүгін өлуі керек еді…

Полиция машинасы тұр. Төбесіндегі түрлі-түсті жарқырауығынан таныды. Аяғы сыздап барады. Сыздаған аяғын сүйретіп машинаға жақындады. Сол жақ терезе төмен түсті.

- Не керек?

- Авария болды. Көмек керек.

Аяр ма екен деп түрін одан сайын аянышты ғылып еді, селк етпеді. Бетінен таңданудың да, тосырқаудың да нышаны байқалмайды.

- Қай жақта?

- Қала сыртында. Осыдан бес шақырымдай…

- Өзің жалғыз ба?

- Есімді жиғанда, қасымда ешкім болмады.

Қайыршыға қарағандай қыли көзімен жаралыны басынан аяғына дейін бір шолып шықты да:

- Кеттік, - деді бұйыра

- Аяғымда жарақат бар. Алдымен…

- Аяғыңды атып тастамай тұрғанда  машинаға отыр, сволыч!

Ол қатаң шыққан дауыстан зәре-құты қалмады.  Сыздап тұрған аяққа қарамастан «Police» жазуы бар көліктің артқы салонына кіре берді.

Көлік ішінен күлімсіген темекі иісі шығады. Әр бұрышқа сіңіп алғандай. Жүрегі лоблып, құсқысы келді. Соған қарағанда мен шекпейтін адам болғаным ғой деп ойлады. Онысына аздап қуанып та отыр. Полиция сол жақ терезесін тағы түсіріп, «LD» жазуы бар  көк қорапты ұсынды. «Шегесің бе?» дегені.

- Жоқ, рахмет, - деді ол жаңағы бәсең дауыспен.

- Мынауың жаңалық ғой. Қойып кеттің ба не, бір сағаттың ішінде?

Көк көйлекті «LD» шегетін мырзаның нені меңзеп отырғанын түсіне алмады. Басы мең-зең.  Оның үстіне мынау темекі түтіні қолқасын қауып барады. Өз жақ терезесін түсірмек боп еді;

- Ол жақ ашылмайды. Білсең, бұл полиция машинасы.

Осыларды «милиция» деуші ме еді, әлде «полиция» дей ме. Жаза басып қате атап қалса шамданып шыға келе ме деп сескенеді. Шамырқанса бұлардан қырсық адам жоқ. Тебіндеп кеткен бет түгі мен қалың қасына қарап өзінен үлкен деп ойлады.Етегі резіңке болмаса анау қарны да арнасынан асып түсіп, көйлектің пор-порын шығаратын сияқты. Бұрын полиция көрмегендей тұрпатына бажырая бір зер салып алды. Жадын жоғалтып алғанын ескерсек, адамдармен алғаш тілдесуі. Әр қараған сайын оған осынау төртбақ семіз бұрыннан таныс секілді көрінді.

- Біз таныс емеспіз бе осы?

- Сен? Менімен? Ха-ха-ха! Менің танысым болсаң сені алдымен емханаға апаратын едім. «Мы свойх не бросаем».

Ашықтығың үшін рахмет деді. Әбден мен сияқты жаралыларды жарға итеріп қаладан өз пайдаңды тауып жүрген найсаптың бірісің-ау, дәу де болса. Сот алдына барайық, сенің  де үстіңнен бір қағаз түсірермін. «Түсір, түсір,не істеп аласың?» дегендей әккі сақшы да қызыл шоғын жымысқы езуіне қыстыра берді.

Олар қала ішін аралап біраз жүрді. Жүргізуші жолды нашар біле ме, әлде біреуді іздеді ме, бұрыш-бұрышты көп тіміскіледі. Полиция міндеті шығар деп ойлады.

- Идиоты, кәмелетке толмаса к**тін қысып, үйде отырмай ма, клуб кезбей…

Серігінің неге зығырданы қайнап отырғанын түсінген болды. Бұлар жасөспірімдер жоқ па деп түкпірлерді тінтіп жүрген болды.

- Осылай күнде, рейдтен-рейд… Қуатынымыз жезөкше мен наркомандар, одан қалса бомбждар.

«Осыны не үшін айтып келемін бұл жындыға. Бұның да айырмашылығы не олардан. Қайта анау көше қаңғып жүргендер тәуір. Өз аяғымен жүреді, ұсталса тиын-тебенін қыстырып кетеді. Болмай бара жатса, басқаша қызмет көрсетеді. Әйтеуір амалын табады. Ал мынау арттағы нағыз жындыны үнемі бақылап тұруы керек. Өлгенше…Тфу, қайыршының бүгін де өле алмағанын қарашы. Вроде, ауыр жүк көлігі соққан сияқты еді…». Мент өз ойынан өзі түңіліп отыр. Соңғы уақыттарда мүлдем жолы болмай жүр.

Аурудың аяғы әлі қақсап келеді. Шіркеуде соғатын қоңыраудың даусындай әлдебір үн миының ішінде де маза берер емес. Қарсы беттегі «Радио сағат» 23:45-ті көрсетіп тұр.

- Ол жақта не істеп жүрсің?

Тосыннан шыққан дауысқа сәл тосылып қалды.

- А-а-а-а?!

- Не істеп жүрсің дейм онда?

- Білмеймін…

- Айтқың келмейді әә? Протокол бәрін айтқызады әлі…

Есінде шынымен ештеңе жоқ. Қалай тап болды, қалай келді – бәрі өшіп қалған. Әйтеуір есін жиса  иен трассаның қабақ жағында етпетінен жатыр. Басынан тамған қан мұрын ұшына жайылып, езуінде қатып қалыпты. Қазтарын әрең қозғады. Алғашында өзін дәл бір музейге арналған манекен сияқты сезінген. Қайта қазір кісімен тілдесіп, іші жылып қалды.

Бензин калонкасына келді. Ондағы сағат 23:59-ды көрсетіп тұрды. Мұндағы сағат дәл уақыттың өзіндей үлкен екен дейді.

- Сенде тиын-тебен жоқ па?

Ол басын шайқады.

- Онда отыра бер…

«Енді қашып кетпеймін ғой» деп айтқысы келді. Сол-ақ еді қашу туралы ойы өзіне ұнап қалды. Қашу керек. Не үшін қашуы керек? Өзі де білмейді. Санасына әлдебір қашып келе жатқан адам бейнесі орала береді. Ол неге қашып келеді? Оны да білмейді. Қуғыншы жоқ ғой. «Неге ол қашады?», «Не үшін қашады?». Осылай деп бөтен дауыстар миында қайта жаңғырығып әкетті. Дауыстардан арылмаққа терезе жаққа көз тастады, «оператор» деген бейджігі бар бір көк қалпақты кісі паралелл тұрған көлікті жуып әлек. Бұған қарап болмашы ыржияды. Бұл да күлген болады. Ішінен….

- Сен дәретханаға бармаушы ма ең?

Бұл тағы басын шайқады.

- Ендеше оқиға орнына...

Сағат 00:31. Бұлар әлі жетпеді. Екі бағдаршамның қызыл түсінде ғана аялдағаны болмаса, өте жылдам жүріп келеді.  Арадағы үнсіздікті бұзып «Lost yourself» әні безілдеуін қояр емес. Анда-санда айлакер көзімен алдыңғы айнадан шофер де бұған күліп қарайды. Бұл да оған күлген болады. Ішінен…

Бірақ әлі де ештеңе түсініксіз. Мынау жолдарды бағана ол жүріп өтпеген. Анау «операторды» мүлдем кездестірмеген. Ал ағылшын әнін қайдан есінде сақтаған? Бұлар қайда барады?  Бәлкім түрмеге. Бәлкім мұның өзін соттап жіберетін шығар. Несіне көмек сұрады екен.

- Сен анау, бағанағы әбестігім үшін ренжіме. Сен ғана емес күніне ек-үш конфликт болады. Бәріне сыпайы боп отыра алмаймыз ғой… Солай ғой…

Мент соңғы сөзін нығыздап жеткізді. Радионың даусын басып қоясыз ба деп айтайын деп еді, аузынан басқа сөз шығып кетті:

- Біз қайда барамыз?

Жалт қарады. Сен бірдеңе біліп қойған жоқсың ба деген сұраулы жүзі бар. Бет пішіні бағанағыдай-селк етер емес. Қан-сөлсіз. Бір байқағаны, бұлар осындай эмоциясыз болады екен. Тіпті айнадан қарағандары да.

- Ол жағын уайымдама. Оқиға болған жерге барамыз.

Жаңа бензин калонкасында қашып кетпегеніне өкінді. Бірақ қашқанда қайда баратын еді. Бәсе дейді-ау, «оператордың» жымысқы күлкісі жаман болатын. Жүрегі бірдеңе сезді.

Қане, бәрін басынан бастап еске түсірейікші. Әуелбастан менттің өз жоспары болған. Бұл тек соны орындауға көмектескен. Қорлықты жоқ жадынан көретін болды. Ақыры есінде ештеңе жоқ,неге пайдаланып кетпеске деп отырған болар. Тіпті өлтіріп кетсе де, сүйегін кім іздейді. Әлем қазір бұған жат, бұл әлемге. Мынау қоршаған ортаға сіңісті болуы үшін жоқ дегенде өзінің қайда, қашан өмірге келгенін білу керек емес пе. Ал бұл жаңа туған сәбидей бейкүнә ойда жүр. Тап-таза ойда…

Мүмкін жүргізушіге тастап кет деп жалынып көрер. Мүмкін басқаша келісіп көрер. Бұлармен келісу оңай еді ғой. Ойлан, ойлан! Бостандығының орнына не ұсынса болады? Мүмкін интимдік қызмет түрлерін ұсынып көрер. Бәрібір отбасы білмейді ғой. Отбасы демекші, үйдегілері уайымдап қалған шығар. Уайымдаса неге іздеу салмайды.  Жоғалған соң үш тәуліктен кейін ғана іздеуге арыз беретіні бар еді ғой, айтпақшы. Әзірге олар мұның хәлін білмейді. Олар ештеңе білмейді. Бұл да олар туралы ештеңе білмейді. Жары кім, баласы қандай-ештеңе есінде жоқ. Мүмкін оның отбасы болмаған да шығар, кім білсін. Бұл бойдақтық құрып жүріп жезөкшелерге барған, сосын шала мас күйде түнделетіп жолға шыққан, осылайша көлік апатына тап болған. Бәрі қарапайым әрі кешірімді. Тек санасының салдығы ғана кешірілмейтін күнә. Қалпына қалай келтірмек?! Тым құрығанда бір дәлел болғанда.

- Сен өзі анау нелерге барғаннан саумысың? - дейді мент ішін оқып отырғандай.

Сұрақты сұрамай қойса да, менттің нені меңзеп отырғанын жақсы түсінді.

- Білмеймін…

- Жасырма енді. Бәрібір түбі ашылатын бір шындық ғой. Енді лично мен де сенің орныңда болсам, алдымен соларға баратын едім. Ал сосын барып…

Мент үнсіз қалды. Қарғыс атқыр, үнсіз қалды. Мынау анық бірдеңе жасырып отыр. Аңдуы жаман еді бәленің. Енді бұдан бар шындықты суырып алу керек. Мүмкін менің жағдайыма осы кінәлі шығар. Осыны ойлағаны сол еді бұлар межелеген тұсқа да келіп жетті. Әлдебіреуге терезеден шығара қол бұлғады, артынша алдындағы алып дарбаза екі жаққа бөліне қалды. Бұлар қараңғыда сұлбасы ғана сылаңдаған алып ғимаратқа кіріп келе жатты. Уақыттың дүкілдеген жүрегі артта, қалада қалып қойғанын анық түсінді. Себебі мұнда тіпті қарайтын сағат та жоқ. Тағы та түсініксіздік басталды. Тек бұл жолы жауап жақындай түскендей ме қалай?! «Қашу керек» деді бір дауыс ішінен. Осы жолы нақты шешті. Машина алқызыл жолақты автотұраққа тақай бере бұл да ытқи жөнелді. Бұл жолғы қашуға жан-дәрменін салған. Болмады. Болатын еді, әнтек жарасы бітпеген жүйке тұсынан тағы бір соққы тимегенде.  Есеңгіреді де қалды. Мент айлакер ғана емес, шапшаң екен деп ойлады. Ол өз ойына тәнті болды. Аяқ-қолын сілкілеп, арбаға таңып жатқанда да, ойлары орнында болатын. Әйткенмен «белгісіз сөйлесулерден» кейін ішкі даусын мәңгіге жоғалтып алды.   

Белгісіз сөйлесулер

Доктор: Ол бүгін түнде өлуі керек болатын. Неге қайтып алып келдіңдер?

Мент: Ол өле алмады. Тағы бір көрсін…

Доктор: Осымен екінші рет қайтып келді

Мент: Ертең есін ұмытқан соң, қайта алып кетемін. Уәде етем, осы жолы өлетін болады

Доктор: Миының ісігі өлтірсе дұрыс еді…

Ол бүгін түнде өлуі керек болатын. Бірақ бағына орай «Жындыхана» деген жазуы бар алып ғимараттың ішіне қайта кіріп бара жатты... 

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар