Байахметов жұтым суы «жырға айналған» ауылдар үшін жауап бере ала ма?

Сәтжан Қасымжанұлы - 30.09.20191836

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВ жыл басында «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» аясында үстіміздегі жылы облыстағы 60 ауылдың әлеуметтік мәселесін қамтитын, яғни, ауыз су, жол жөндеу, газ құбырын тарту сияқты жобалардың қолға алынатынын мәлімдеген болатын.

Осы мәселелерге орай зерттеу жүргізген «Жас АЛАШ» тілшісі бір ғана ауданда ауыз су мәселесі әлі күнге дейін «ауызша шешіліп» келе жатқанын анықтады. Атап айтқанда, Аякөз ауданының Мамырсу, Мыңбұлақ, Ақшатау, Қопа  ауылдарында «Ауыз су», «Ақ бұлақ» бағдарламалары бойынша атқарылып, былтырғы жылы тапсырылуға тиісті істерге әлі күнге дейін нүкте қойылмаған. Соған қарамастан атқарылған жұмыстар қатарында қабылданып кеткендері де бар.

Қызығы сол, бюджеттің миллиардтаған қаржылары кететін қат-қабат шаруаларды дер кезінде нақты мақсатқа пайдаланып, осы істі ойдағыдай аяқтауға  жауапты болған сол кездегі аудан әкімі Бақытжан БАЙАХМЕТОВ қазір ШҚО әкімі Д. Ахметовтің орынбасары қызметінде отыр. Отырғаны жөн шығар, бірақ, «Өзінің туып-өскен жерінің өзекті мәселесін тиянақты аяқтай алмағанына қарамастан, оны қабылдап (бәлкім, кабылдатып) жіберген  басшы  облыстың бүкіл осындай мазмұндағы істерін қалайша реттей алмақ?»,- деген сауал туындайды еріксіз...

Бұл сауалға жауапты оқырман еншісіне қалдырып, Мәжіліс депутаты Нұртай САБИЛЬЯНОВТЫҢ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен Бас прокуратураның назарына ұсынған дерегіне жүгінелік. Н. Сабильяновтың мәліметіне сүйенсек, өткен жылы ШҚО, Аягөз ауданын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Алайда, Мәжіліс депутатының мәліметінше, аудандағы осы салаға қатысты қарастырылған сегіз жобаның 7-і қағаз жүзінде қалып, біреуі ғана соңына дейін жеткізілген. Бір ғана Мыңбұлақ ауылына былтырғы жылы 200 млн. теңге бөлінгеніне қарамастан, биыл тағы да 177 млн. теңге қосымша қаражат қарастырылыпты. Нәтижесінде қыруар қаражат бөлінгенімен, таза ауыз суға кенелу мұңға айналған.

Мәжіліс депутатының бұл тұрғыда анықтаған жайлары биылғы жазда Аякөз ауданындағы ауылдарда сайлаушыларымен өткізген кездесулерінде айтылған болатын. Ауыз су құбырын төсеуге жер қазылып, бүгін ертең ауласынан су келетініне қапысыз сенген жұрт ақыр аяғында іс аяқталмай сан соғып қалғандарын айтып, Н. Сабильяновқа шағымданғанына куә болғанбыз. Тіпті, соған қарамастан Мамырсу, Ақшатау ауылдарында «істің толығымен аяқталғанын баяндап, қол қойылып кеткені» туралы да хабардар еткен. Мамырсудағы кейбір отбасылар, ауыз суға әлі толықтай қол жеткізе алмай отырғанына шағымданса, енді бірі судың тұнық таза емес, сарғыш түспен шығатынына налыған. Ал, Ақшатауда су құбырын тарту әлі жалғасып жатыр.

Жалпы, Аягөз ауданында бюджеттен бөлінген қаржыны қалауынша қарпып қалу ауданның бұрынғы басшысынан қалған «дәстүр» екендігіне депутат келтірген мәліметпен қатар, арнайы барған сапарымызда да көз жеткіздік.

Ауыл аты Мыңбұлақ болса да ауыз суға зар

Мәселен, Мыңбұлақ ауылының халқы ауыз су игілігін биыл да толықтай көріп үлгермейтіні белгілі болып отыр.


-Қазір біз күндізгі 12-ден бастап бір сағатқа жетпейтін уақытта ғана бес-алты отбасы маңайдағы бір адамның иелігіндегі құдықтан екі реттен су алып отырмыз. Жарайды, тамақ істеуге, ішуге жетеді дейік. Ал, кір жууға, балаларымызды шомылдыруға, мал суғаруға қайдан аламыз? Амал жоқ, іргедегі өзен суын пайдаланған боламыз. Ал, биыл мына «Ақ бұлақ» бағдарламасымен келген су жартылай басталып, аяқталмай қалды. Жақсыгелді деген талдықорғандық бір азамат басы-қасында жүрген. Бірақ, нақты қай мердігер компанияның адамы екенінен хабарым жоқ. Сол күйі істің соңы жұмбақ болып қалды. Судың тасымалы күн жылыда білінбейді, нағыз бейнетті қыс түскенде көріп отырмыз, - дейді ауыл тұрғыны Аяулы МҰСАХАНОВА.

Біз аталған тұрғынның нұсқауымен су беріп отырған, құдығы бар үйдің есігін қақтық. Үй иесі Сейфілмүлік ИБРАЕВ құдық иесі екенін жасырған жоқ.

-Қыстыкүні шын бейнет көреміз. Боран қатты болады. Құдық мотормен істеп тұр. Ол сынып қалса, кейде, әр отбасы қаражатын бөліп бірігіп, алатынымыз да бар. Жарты сағатқа ғана қосамын. Артық күшке жанып кетеді. Түс ауа бестен кейін бір қосам, жақын маңай алады. Жалғыз мен емес, екі-үш осындай құдығы бар үйлер бар. Қысқасы, ауыл аты «Мыңбұлақ» болғанымен, ауыз суы мұңға айналып отыр, -дейді С. Ибраев.

Ақсақал ауыл іргесінен су құбырының төселуі басталғанымен, мыңбұлақтықтардың көсегесін көгерту биыл жоқ екенін, құбыр үшін қазылған тереңдігі 2,5 метр шұңқыр жабылмай, мал мен адамның мертігуіне де себеп болатынын айтып өтті. Тап осыны растағандай жанындағы ойын жасындағы немересі «Мен шұңқырға түсіп кетіп, жылдам шығып кеттім» деп жайып салды...

-О баста жақсы қарқын алған жұмыс жартысына жетпей сәуір айында тоқтап қалды. Себебін түсіне алар емеспіз. «Жоғары жаққа» шығып, хат жолдайын десең, зейнеткерлік жасқа келген қарттар қатарында болғандықтан ұяламыз. Жастар болса, әкімдікке барып, мәселені мән-жайын анықтауға өз істері үшін алаңдай ма, аттап баспайды. Суды 200 метр жердегі құдықтан флягтармен тасып жүрміз. Мыңбұлақтың табиғаты тамаша, бау бақша салуға да қолайлы. Бірақ, күнделікті шай-тамағыңа әрең жеткізетін сумен қайтіп бақша саламыз?-дейді ауыл тұрғыны Қапура ОМАРОВА.


Тек Мыңбұлақ қана емес, бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаражаттың жұмысы соңына дейін жеткізілмей, өзге де ауыл тұрғындарының аузын «айға қаратып кеткен» себебін білмек оймен Аякөз аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының сектор меңгерушісі Медет ТӘТЕНОВТІ сөзге тарттық.

«Қоспәтерлі үйлер бір үй болып көрінген»

-Мыңбұлаққа 2018 жылы 200 млн. теңге бөлініп, толықтай игерілген. Ал, 2019-ға 10 млн. теңгесі ғана бөлінді әзірге. Негізгі сомасы 415 млн. теңге. Қазіргі күнге дейін жартысы ғана игерілген. 13,9 шақырымның 9,9 шақырымына ауыз су құбыры төселді. Биылғы маусымда аяқталуға тиіс жұмыстың тоқтап қалу себебі сот процестері жүріп жатыр. Осы жұмысты атқаруға тиісті болған алматылық мердігер компаниямен маусым айында келісім-шарт бұзылды. Жұмыс биыл аяқталмайды. Келесі жылдың маусым айына дейін созылуы мүмкін. Ақшатау ауылында былтырғы жылы су құбырын тарту аяқталды делінгенімен, жергілікті тұрғындардың ауызсуға толықтай қол жеткізбегені рас. Сотқа тартылған мердігер компания қазір қалған жұмыстарын аяқтап жатыр.

-Аякөздің іргесіндегі Мамырсу ауылындағы бірқатар отбасылар, көршісіне енген су құбырынан сырт қалғандықтарын айтып  дабыл қағып отыр. Бұған не дейсіз?..

 -Мамырсуға арналған ауыз су тарту жобасы 2011 жылы жасалғанда, қоспәтерлі үйлер картада бір ғана үй болып көрсетілген. Жобалаушылар әрбір үйді көріп шығуға тиіс болатын. Яғни, қабырғалас екі үйге екі құбыр өткізулері керек болатын. Ал, олар карта бойынша, жүріп өте шыққан. Мердігер компания басшысының да айтары сол, жобада бір үйге бір труба болып көрсетілген. Сметада қаралмағандықтан, ары қарай, қайтадан қолға алып, артық шығынға батқысы келмейді. Мен бұл жоба қабылданған кезде жүрген жоқпын, тек білетінім - жұмысты «Юко» компаниясы 2017 жылы жоба бойынша қолға алып, сол жылы толықтай аяқтаған. Қоспәтерлі үйлерге су тартуды олар картада көрсетілген негізде жүзеге асырған,-дейді М. Тәтенов.

Қалай десек те Аягөз ауданының ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз етуде көптеген кемшіліктерге жол берілгені көрініп тұр. Бюджеттен бөлінген 2,5 млрд теңге қаражатқа сәйкес, су құбырын толықтай тартуға жауапты болған мердігер компаниялар жұмысын дер кезінде қадағалап отыруға ауданды 2014-2019 жылдары басқарған Бақытжан Байахметов бастаған жергілікті шенділер көз жұма қарағаны көрініп тұр. Құбырлары үңірейіп, шұңқырлары жабылмай тоқтап қалған жұмыстардың кейбірінің «қағаз жүзінде орындалғаны» да «бармақ басты, көз қыстылыққа» апарғанын аңғартқандай. «Судың да сұрауы бар» дегендей, жерлестерінің көкейінде көптеген күмәнді сұрақтарды қалдырып, облысқа жоғарылап кеткен Б. Байахметов жұтым суы «жырға» айналған ауылдастарына жауап бере алар ма екен?... Білуімізше, бұл мәселе қазір құқыққорғау органдарының да назарына алынып, тексеру көзделіп жатыр.

Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.