Жамбыл Нухы. Ұшқын

Сайт Әкімшілігі - 02.10.2019915

Жаңа туған ай жүзінен секпілді кейіп байқалған түн. Жартылай жарық, жартылай қараңғы кеш жаныма тұрақсыздықтың кермек дәмін татырғандай. Жарық  сәулесіне бір еліттіріп, түн жұмбағына бір шомдырып, алабұртқан көңілді шатастырған қос түйіс таңдауға ерік берді. Шағылысқан күн нұрынан қос жанарымды ашып-жұмуға мұрсат жоқ. Жарық сәулесінің ызғары тұла бойымды шарпып өткендей, сұстылықты байқадым. Сосын, сосын түн қабырғасынан өзімді іздей бастадым. Жылылықты да! Тазалықты шалшық судан іздеген бүлдіршін іспетті, жан-жылулығын түн құрсауындағы ызғардан тапқандаймын. Аңсарым ауғаны соншалық жарық сәулеге бұрылмастан, қапас қойнына сіңіп кете бардым, түн өзіне батыра берді.

Жақсы мен жамандықтың шашбауын көтерген бұл замана үміт пен үрейден ғана тұрады. Үмітім – қараңғылықты жарыққа айналдыру, үрейім – жарық!

Мен жарықтан қорқамын...

 

***

– Жұлдыздар қозғала ма? – деген сауалдан шошып оянғандай болдым, дауысы екпінді естілді.  Сөйтсем, үшінші мәрте сұрап жатыр екен. Сол сәтте қандай ойға шомып жатқанымды ұмыттым. Жомарт ініме қарасам сауалына жауабын күтіп жатқандай.

– Жоқ, оны қайдан шығардың. Аспан әлемі шексіз, әрине, жұлдыз көлемді болғасын бір орнында тұрады.

– Ал, анау неге қозғалады, сонымен қоса жанып-өшіп те тұрған сияқты.

Мен алдыңғы қиялымнан арыла алар емеспін.

– Өй, көке әне, моншаның дәл төбесінен жанып-өшіп баяу ғана қозғалып барады.

Байқағаным сол еді, тағы ойға шомып кетіппін. Бұл жұлдыздан  (жұлдыз емес шындығында) мен өзімді көрдім. Түр-түсі менің арманым сияқты. Бірде айқын, бірде қараң. Оның жанып-өшіп тұрғаны іспетті. Бағыты белгісіз. Тұрақты орны жоқ.

Жомарт сауалына жауап берейін деп мойнымды бұрсам ол күбірлеп төсегінен тұрып жатыр. Таң атыпты. Ал мен әлі түнгі ойдамын.

Мен қос әлемде ғұмыр кешем. Семей өңірінде тудым. Кейіннен оңтүстік шаһарға отбасым қоныс аударуды жөн деп тауыпты. Бос әурешілік менің денсаулығыма байланысты.  Бірде есті, бірде ессіз күйге түсетінім жасырын дүние емес. Маған күннің жарық сәулесі мен құлақ тұндырар дыбыс естілсе дертім асқынып кететіні бар.

 

***

Қыс. Алматы. Түн. Кейпі қашқан сүреңсіз көше. Дауыл алдындағы тыныштық. Жабырқау көңілге медеу болар бес жеткіншек. Өмірге құштарлық. Болашаққа үміт.

Үміт – Адам ата жерге түсірілгеннен  бергі бізге берілген Жаратушы сыйы. Ол өлсе адам да өлмек, жүрек те қараймақ, гүл де солмақ. Өмірдің мәнін үмітке ғана сыйдыруға болады.

Түн ызғарына жарық жылуы арқылы тойтарыс беруді ойлаған кішкене бүлдіршіндер... Ата-ананың тар көшедегі кең дәлізі. Суық отаудағы жылуы, шаршаған ой мен сананың тынысы, абдыққан көңілдегі жүрек тыныштығы еді. Алаулаған жарық ызғарына жұтылып кете барды... Ақпан жарығына...

 

***

– Көке, жұлдыздар күндіз де көріне ме?

Мен үндемедім.

– Әні қарашы, аспанда жұлдыз сияқты жарқырап бір көрініп төменге қайтадан түсуде, –   деп мәз болды.

Айнала у-шу. Жамыраған жұрт айқайынан мән-жайды білу үшін тысқа кетіп жүгіріп келген Жомарттың әкесі жанұшыра айқай салды:

– Қашыңдар! Бұл бомба!

Бәрі жанталаса жүгіруде. Мен қалтырап тұрып қалдым.

 

***

 «Жарығым! Қарғыс атқан сол жарықшақ түбімізге жететін болды-ау! Полигонда не жұмыстарың бар еді, құдай жазасын берсін олардың!» Әжемнің осы сөзі 89 жылдан бері есімде қалды. Алыстан орағыта келген жарық сәулесінен дүмпу естіліп, ойын балаларын назарын өзіне бұрған бұл жарық Атом бомбасы екенін кім білген...

 

Соңы

Семей... Алматы... Арыс... Полигон... Ақпан түні... Арыс оқиғасы... Мен бәрін сезінудемін. Өзімнің жарық бірақ қараңғы оқиғамда бес бүлдіршінді де айта кеткім келді. Ұмытқан әрбір азаматтың жадына! «Жарықты көргенде бізді елестет, сенің де қорыққаның дұрыс».


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар