Қазақ балуандары күресе алмайды

Сайт Әкімшілігі - 02.10.20194986

Қазақ топырағында бұрын-соңды мұндай күрес додасы болған емес. Еркін, грек-рим және әйелдер күресінен өткен әлем чемпионатына бес құрлықтың 100-ден аса мемлекетінен 1000-нан астам балуан қатысты. Бұл дегеніңіз – бүгінгі таңда Жер шарындағы ең таңдаулы боз кілем шеберлері елордада бас қосты деген сөз.

Біздің халық күрес десе, ішер асын жерге қояды. Сол ниетпен, сондай бір ыстық көңілмен әлемдік чемпионатты ынтыға, асыға күткен едік.

 

Грек-рим күресі: 21 жыл зарыға күткен алтын жүлде еді

Жарысты грек-рим балуандары  бастады. Шүу дегенде 55 келі салмақтағы Қорлан Жақанша финалға шыға келгенде, 21 жылдан бері әлем чемпионатының алтын медаліне қолымыз жетпей әбден таусыла,  торығып жүрген қазақ жанкүйерлері бір серпіліп, ширығып сала бердік. Бірақ ертеңіне кешкісін грузиннің Нугзари Цурцумия есімді жұдырықтай тарамыс балуаны біздің баланы түтіп жеп қоя жаздады. Әдетте әлем чемпионатының шешуші белдесуінде беттескен жігіттердің шеберлік деңгейі, білек күші жобалас болушы еді. Бұл жолы грузин балуаны  түлкі алған көкжал қасқырдай сұрапыл қимыл көрсетті.  Өз төрінде тас-талқан боп жеңілген Қорланның боз кілемде ботадай боздап жылағанын көру бізге  оңай тиген жоқ. Бұған дейін Азия чемпионатында екі мәрте қола жүлдегер атанған 27 жастағы Қорлан ініміздің бір шырқаған тұсы – осы әлем чемпионатының күміс  белесі шығар. Бұлай деуімізге себеп – күресінде аздаған шикілік бар.

60 келіде 2017 жылғы әлем және Азия чемпионатының күміс медалисі, 25 жастағы Мейрамбек Айнағұловтан жеңіс күткеніміз жасырын емес. Алғашқы үш белдесуде орта деңгейдегі қарсыластарын аса қиналмай ұтқан Мейрамбек жартылай финалда орыс балуаны Сергей Емелинге қарсы түк істей алмады. Емелин етпеттей жатқан біздің жігітті аш белден қапсыра құшақтап, қатарынан төрт рет аунатып тастағанда жанарымызбен жер шұқып отырып қалдық. Әрі қарай Мейрамбек ширыға ма деп едік. Жоқ, мыңдаған тілеулесінің алдында жанұшыра тайталасудың орнына тіресіп, жұлқысып жүрді  де қойды. Бұйырғаны – қола медаль.

Бұған дейін әлем чемпионатының бір күміс, екі қола медаліне қоса, екі рет Азия чемпионы тұғырына көтерілген  31 жастағы  Алмат  Кебісбаев (63 келі) бұл жолы шабандау қимылдады. 2016 жылғы олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, жапон Шинобу Ота біздің жігіттің финалға барар жолын кесіп кетті. Мойындауымыз керек, Ота қазақ жерінде жанартаудай жарқылдап, отты қимылымен қалың жанкүйердің ықыласына бөленсе, Кебісбаев әлем чемпионаттарындағы үшінші қола медалін қанағат тұтты.

Қазақ құрамасындағы Мейіржан Шермаханбет, Демеу Жадыраев, Мақсат Ережепов, Асхат Ділмұхамедов, Азамат Құстыбаев, Ерұлан Ысқақов және түйе балуан Мансур Шадукаев жүлдеге  іліккен жоқ. Бұл жігіттердің ішінен Асхат Ділмұхамедов екі дүркін олимпиада жеңімпазы, екі мәрте әлем чемпионы, ресейлік Роман Власов пен дүниежүзінің чемпионы, серб балуаны Виктор Немешті сан соқтырып көпшілікті ду еткізгенімен, әрі қарай  қарқынын сақтай алмады.

Қадірлі жанкүйер, грек-рим күресінен 1998 жылы Бақтияр  Байсейітов дүниежүзілік чемпионатта топ жарғаннан бері бірде-бір қазақ балуаны әлемдік біріншіліктің алтын тұғырына табан тіреп көрмепті. Бұл дегеніңіз – тұтас ұлттың намысына сын. Бұл дегеніңіз – ең алдымен грек-рим күресіндегі бапкерлік мектептің әлсіздігін, осы салада жүйелі жұмыстың жоқтығын  және іс басындағы азаматтар арасындағы ынтымақтың кемдігін білдіреді. Әйтпесе қазақ жастарының балуандық қабілеті, еңбекқорлығы, табандылығы ешқандай ұлттан кем емес.

Енді өзара салыстыру үшін грек-рим күресінен Грузия, Армения, Болгария, Куба жігіттерінің  1998-2019 жылдардағы алтын жүлделерін есептеп көрейік: Грузия – 6 алтын медаль; Армения – 7 алтын; Болгария – 7 алтын; Куба – 9 алтын медаль. Грузияның халық саны осы кезеңде 4,4 миллионнан 3,7 миллион аралығында болса, Армения тұрғындары 3 миллионға таяу, Болгария халқы 7 миллионнан сәл асады, ал Куба тұрғындары 11,5 миллионға таяу. Осы әлемдік чемпионатта армян жігіттері өз елін айтпағанда, Ресей, Франция, Польша, Бразилия, Болгария және Өзбекстан құрамалары сапында бәсекеге түсіп, грек-рим күресінен орыстар мен өзбектерге бір-бір күміс, болгарларға бір қола медаль алып берді.

Бұл мемлекеттердің экономикалық қуаты Қазақстанның ширегіне де жетпейді. Бірақ балуан жігіттері біздің бауырларға асқар шыңның төбесінен қарағандай тым асқақ жағдайда тұр. Ешкімнің көңіліне келмесін, қазіргі балуандарымызға қарап оларды бір кездегі ұлан-байтақ даланы қорғаған  батыр да балуан бабалардың ұрпағы деп мақтанудың өзі ұят тәрізді. Ашығын айтқанда, жігіттерімізді күш атасы Қажымұқанның, 51 пұт кірдің тасын көтерген Балуан Шолақтың, аюмен жекпе-жекте басым түскен Дәлелқанның ізбасарлары деп кеуде қағуға қысылатын жағдайға тіреліп тұрмыз. Совет Одағы дүркіреп тұрған заманда марқұм Шәміл Серіков қатарынан екі рет (1978-1979 жж.) дүниежүзілік чемпионатта жеке-дара шығып, сол тұстағы 5 миллиондай қазақты  арқа-жарқа қылып еді. Одан кейін Шәміл Серіков пен Жақсылық Үшкемпіров Мәскеу олимпиадасында топ жарса, 1981 жылы Жақсылық ағамыз ауылға әлем чемпионатының «алтынын» тағып оралды. 1989 жылы әлем чемпионатының алтын медалі Дәулет Тұрлықановқа бұйырды. 98-жылы Бақтияр Байсейітов жеңімпаз ағаларының жолын жалғастырды. Осы төрт қазақ кілемге шыққанда біз арқамызды Алатау мен Алтайға нық тіреп, Кавказ, Еуропа балуандарынан еш қаймықпаушы едік. Қазіргі балуандарымыздың көбі Кавказ балуандарымен белдеспей жатып іштей жеңіле салатындай көрінеді бізге. Ал Бақтиярдан кейін не олимпиада ойындарының, не әлем чемпионатының бас жүлдесі қолға тимей, жанымыз күйіп пұшайман күйде жүрміз. Біздің пайымдауымызша, біздің спорт және күрес басшыларының, балуан жігіттердің жыл сайын жығыла-жығыла еттері өліп кеткен тәрізді. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақ еліне сырттан келген Юрий Мельниченко (1994, 1997) мен Мкхитар Манукян  (1998, 1999) екі реттен дүниежүзінің чемпиондары атағын жеңіп алды.

Ақиқатын айтсақ, біз қанша жерден зар илегенімізбен, спорт саласында ұлттық мүдде мен қазақи намыстың қадірін жоғалта бастаған тәріздіміз. Ең бастысы, көп адамның ниеті басқа жаққа ауып кеткен.


Еркін күрес:  65 жылда бір әлем чемпионы жоқ

Бұл түсінген адамға еркін күрестегі ұлттық намыстың өлшемі іспетті жағдай. Яғни қазақ жерінде еркін күрес алғаш тұсау кескен 1954 жылдан кейінгі қызыл большевиктер  заманын айтпағанда, азаттық алған 28 жылда еркін күрес бойынша бір ұлымызды әлем чемпионатының ұшар басына алып шыға алмағанымыз – ұлттық қуатымыздың, оның ішінде бапкерлік мектептің  әлсіз екенін көрсетеді. Яғни біздің осы жолдағы құрған жүйеміз нашар, осы жолға жұмсаған ақыл-ойымыз  таяз, осы жолдағы мақсат-мүддеміз бұлыңғыр, осы жолдағы намысымыз қайраусыз әрі жалаң, қысқасы, 28 жылдағы бар тірлігіміз шатқаяқтаған, алдыңғы екі дөңгелегі ирелеңдеп, бұралаңдаған алқам-салқам ескі арба тәрізді. Ең ауыры, күрестің басы-қасындағы ақсақал, қарасақалдарымыз бас қосып,  табаны күректей 28 жылда еркін күрестің көшін түзеуге жарамады. Бұл ұлттық намысымыздың тоқырауға ұшырағанын білдіреді. Осыдан бірнеше жыл бұрын белді кәсіпкер, ұлт жанашыры Бауыржан Оспанов грек-рим мен еркін күресті жүйелі жолға салу үшін жанын сала кіріскен еді. Бауыржан осы игі іс жолында миллиондаған қаржысын, күш-қуатын, ақыл-парасатын аямай  жұмсады. Бірақ ұлтсыздық пен тәкаппарлық, білімсіздік әбден асқынып, қабындап кеткен жүйені біраз сілкіген соң жүрегі суынып көңілі қалды да, қолды бір-ақ сілтеді. 

Иә, біздің іс басындағы азаматтардың басым көпшілігі қазіргі таңда жеке мүддесін ұлт мұратынан жоғары қоятынын көзі ашық жұрт жақсы біледі. Олар үшін ұлттық намыс түкке тұрмайтын нәрсе. Иә, пайғамбарымыз Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Барлық нәрсе ниетке байланысты», – деген, яғни ниет бұзылған жерден  береке  қашады.

Баз бір оқырман қаттылау кетті деп, бізді сөгетін шығар. Ендеше, мына дерекке не айтасыздар? Грек-рим күресі бойынша азаттық жылдарында Дәулет Тұрлықанов пен Бақтияр Байсейітов дүниежүзіндегі майталман мамандар мойындаған  айтулы балуандардың қатарында нық тұрды. Ал еркін күрестен 65 жылда не бір олимпиада жеңімпазы, не бір әлем чемпионы жоқ қазақ жұрты  дүниежүзі  мойындаған ұлы дүрмекке қай ұлын қосады? Бір уыс қана шешен халқы үш мәрте олимпиада, алты дүркін әлем чемпионы Бувайсар Сайтиевті, біздің бір облыстай ғана Дағыстан екі мәрте олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Мәулет Батыровты, кішкентай ғана авар жұрты олимпиада жеңімпазы, төрт мәрте әлем чемпионы Абдулрашид Садулаевты, Грузия олимпиада және әлем чемпионы Реваз Миндорашвилиді,  Иран елі олимпиада жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы Хасан Язданиді, батыстағы көршіміз Әзірбайжан олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионатының үш мәрте күміс жүлдегері Намик Абдуллаевты төбелеріне көтеріп, мақтан тұтады. Біз кімді атаймыз? Біз  Мәулен Мамыров, Ислам Байрамуков, Дәулет Ниязбеков, Дәурен Жұмағазиев, Ақжүрек Таңатаров, Нұрқожа Қайпановтарды мың алтын медалі бар мың чемпионға айырбастамаймыз. Бірақ қазақ жігіттерінің де Сайтиев, Садулаев секілді әлемдік күрес  көшін жеке-дара бастағанын жан-тәнімізбен қалаймыз.

Тарих дөңгелегін кері бұрасақ, Совет Одағы кезінде Әбілсейіт Айханов, Аманкелді Ғабсаттаров, Аманжол Бұғыбаевтар нағыз әлемдік деңгейдегі саңлақтар еді. Петр Матущак пен Қабден Байдосовтай әлемдік дәрежедегі мамандардың қарамағында  шыңдалған үш ағамыз шын мәнінде олимпиада және әлем чемпионы атағына лайық еді. Бірақ Мәскеудің қыспағы қайран ағалардың бағын байлады. Ал Матущак пен Байдосов тізгінін ұстаған қазақ құрамасы, ұлттық құраманың бапкерлер алқасы 1960-75 жылдар аралығында дүниежүзіндегі таңдаулы ұжымның бірі болды.

Тәуелсіздік жылдарындағы жағдайға тоқталсақ, дүниежүзіндегі үздік шоғырға қосуға жарайтын жалғыз балуан ретінде Мәулен Мамыровты атағымыз келеді. Мәулен нағыз жалынды кезінде қолының ескі жарасы сыр беріп, соның салдарынан бар мүмкіндігін сарқып жұмсай алмады. Ал Мамыровтан кейін әлемдік сайыстарда медаль алып жүрген жігіттердің ешқайсысын балуандық тегеурін және шеберлік жағынан Сайтиев пен Садулаевтың қатарына қоя алмайсың. Қадірлі ағайын, өз бауырларың туралы осылай жазудың өзі жүрекке салмақ, көңілге ауыр тиеді екен. Бірақ ақиқаттан аттап кете алмайсың.

Тағы да статистикаға кезек берейік. 2019 жылға дейін әлем чемпионаттарында жүлдегер  атанған  қазақ балуандарын атасақ: Мәулен Мамыров (1997 жыл), Дәулет Ниязбеков  пен Дәурен Жұмағазиев (2011 жыл), Ақжүрек Таңатаров (2018 жыл) – барлығы төрт қола медаль, Нұрлан Бекжанов (2016 жыл) – күміс медаль. Олимпиада ойындарында алты медаль: Мәулен Мамыров (1996 жыл),  Ислам Байрамуков (2000 жыл), Геннадий Лалиев (2004), Марид Муталимов (2008), Ақжүрек Таңатаров, Дәулет Шабанбай  (2012 жыл). Бұларға қоса, Осетиядан шақырған Геннадий Лалиев 2003 жылы, Дағыстаннан келген Магомед Куруглиев 2005 жылы,  Саха елінің тумасы  Леонид Спиридонов 2009 жылы дүниежүзілік біріншіліктің қола жүлдегері атанды. Баяғыда бабаларымыз көрші елдің балуанын өз атынан кілемге шығаруды ар санаушы еді, қазіргі қазақ белсенділері біреудің ұлына қол соғып отыруды модаға айналдырып алды.

2019 жылғы әлем чемпионатында Дәулет Ниязбеков пен Нұрғожа Қайпанов күміс медальға, Нұрислам Санаев қола жүлдеге ие болды. Совет заманын айтпағанда, кейінгі 28 жылдағы бар олжамыз осы ғана. Осы тұста қадап айтатын бір жағдай: Ниязбеков пен Қайпанов финалда Кавказ жігіттеріне тегеурінді қарсылық жасай алған жоқ. Қола медальға таласқан Данияр Қайсанов, Ғалымжан Өсербаев, Нұрғали Нұрғайыпұлы, Әлішер Ерғали бауырларымыз тегіс жеңіліс тапты. Неге екенін қайдам, біздің бауырлардың күресінде от жоқ. Жігіттердің қимылынан «туған топырағымда, қалың елімнің алдында не жығамын, не жаным кілемде қалсын» дейтін жанкештілікті көре алмадық. Баяғыда Жақсылық Үшкемпіров ағамыз Мәскеу олимпиадасының финалына: «Ұтамын, ұтпасам – сүйегім кілемде қалсын», – деп жанын шүберекке түйіп қасқиып шығып еді. Қазіргі інілерден сондай сұрапыл мінез байқамадық. Кейбіреуі кілемге келе жатқанда-ақ жеңілетінін сезіп тұрасың. Сондай кезде ортаға арыстандай шабынып, кеуделеп ұмтылатын авар Абдулрашид Садулаевқа, жапон Шинобу Отаға, грузин Нугзари Цурцумияға, дағыстан Гаджимұрат Рашидовқа еріксіз сүйсінесің.  Біздің жігіттердің тым «ұстамдылығы» ұлттық құрамадағы ұлттық рухтың жетімсіздігі және спорттық баптың кемдігінен деп санаймыз. Әйтпесе нағыз зар күйіне жеткен балуан алдында жолбарыс тұрса да ақырып қарсы шабады.

Енді Қазақ елі дербес мемлекет ретінде күрестен әлем чемпионатына алғаш рет қатысқан 1993 жылдан бастап (1993-2019 ж.ж. ) бірнеше мемлекет балуандарының дүниежүзі біріншіліктеріндегі алтын медальдарын ғана санап шығайық: Армения – 5 алтын медаль; Болгария – 8 алтын; Грузия – 9 алтын; Куба – 8 алтын; Өзбекстан – 3 алтын медаль (легионерлерді қоспай, өзбек жігіттерінің нәтижелері есептелді). Осы деректердің өзі  біздің еліміздегі еркін күрестің даму сапасы мен  деңгейін анық көрсетіп тұр. Егер Қазақстан еркін күрес балуандарының осы кезеңдегі нәтижелерін Ресей, АҚШ және Иранмен салыстырсақ, бұдан да сорақы көрініске тап болар едік. Ондай жағдайда кейбір мамандар мен оқырмандар «бұл үш державаның экономикалық әлеуеті, халқының саны бізден  бірнеше есе артық» деп уәж айтуы мүмкін. Сондықтан жоғарыдағы бес мемлекетпен ғана салыстыра кеткенді жөн санадық. Соның өзінде халқы 4 миллионға да жетпейтін Грузия құрамасы қанжығаға байлаған 9 «алтынға» мына түрімізбен 2030 жылы қол жеткізе аламыз ба, жоқ па деген қауіп барын жасырмаймыз.

 

Байлам

Егер шын жанашырлықпен бапкер іздейтін болсақ, ұлттық құраманы өрге сүйрейтін жігіттер өз ішімізден табылады. Екі тізгін, бір шылбырды толық ұстатсаң,  Боранбек Қоңыратов грек-рим құрамасын, Алтай Танабай еркін күрес құрамасын тартып кетеді. Екеуі де мінезді, ұлты үшін жанын қиюға әзір азаматтар. Боранбек әлемдік деңгейдегі бірнеше балуанның ұстазы болса, Алтай ұлттық құраманы басқарып көрді. Танабаев бас бапкер болған тұста  ұлттық құраманың рухы көтеріліп, нәтижесі көз алдымызда өсе түсті. Алтай бас жаттықтырушы болған кезде Мәулен Мамыровтан кейін араға 14 жыл салып Дәулет Ниязбеков пен Дәурен Жұмағазиев  әлемдік чемпионаттың қола медалін ұтып алды. Мәуленнен кейін олимпиада ойындарының бір медаліне зар болып жүрген кезімізде Алланың қалауымен, Алтай Танабаев пен Бауыржан Нұрмаханның табанды тірлігі арқасында Ақжүрек Таңатаров Лондон олимпиадасында үшінші орынға табан тіреді.

Қадірлі ағайын, біздің спорт басшылары табаны күректей 28 жылда грек-рим және еркін күрестен баяғы Вадим Псарев, Петр Матущак, Қабден Байдосов, Аманкелді Мұсабековтердей біліміне білігі сай, мінезді мамандар даярлай алмады. Ұлттық құраманың тізгінін  өз  позициясында нық тұратын, жан-жақты білімді, алмас қылыштай өткір, тәжірибелі, ел мойындаған маман ұстамайынша, күрес көшін түзеймін деу бос әурешілік. Ал біздің басшылар өз айтқанынан шықпайтын адамды бас бапкерлікке сүйреуге әуес. Япырау, сонда біреудің көлеңкесін сағалайтын бапкер ұлттық құраманы қалай ілгері сүйрейді?! Бір кездегі көгалдағы хоккейдің айтулы жаттықтырушысы Эдуард Айрих пен грек-рим күресінің әлемдік дәрежедегі майталманы Вадим Псаревті жуас адам еді деп ешкім айтпайды. Ал орыс хоккейінің әкесі саналған Анатолий Тарасов марқұм керек кезінде патшамен тең сөйлесетін өрелі, адуынды адам еді. Біз болсақ бәрін жайдақтап барамыз. Жайдақ тірліктен жанартау атқылайды деу есекті аламан бәйгеге қосумен пара-пар дүние.

Біздің осы сөзіміз  қазіргі мәдениет және спорт министрі  Ақтоты Райымқұловаға жетіп, ол кісі Мәншүк пен Әлияның сіңлісіне тән өр мінезбен күрес құрылтайын шақырып жіберсе, талай азаматтар іштегі шерді ақтаруға дайын отыр.

Қыдырбек Рысбек, журналист

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар