Алматы облысы Беларусь Республикасынан озып кетіпті

Ербол Ілияс - 02.10.20191834

Қоғамдық кеңес алдында есеп берген Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ өңір жетістіктерін жіпке тізді. Әлеуметтік желідегі сауалнама нәтижесінде ең белсенді әкім деп танылған шенеунік Алматы облысының дамуы өзгелерден көш ілгері екенін мақтанышпен жеткізді.

-Қуанатын жағдай. Сіздер білулеріңіз тиіс. Соңғы 3-4 жылда өңірлік ішкі жалпы өнім 1 триллион теңгеге өсті. ІЖӨ көлемін келер жылға дейін 3 триллион теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл үлкен көрсеткіш. Елбасы үнемі жаңа технологияны енгізу керектігін, еңбек өнімділігін арттыру қажет екенін көп айтады. Өндірістегі өсім 2.5 пайызды құрап, 590 миллиард теңгеге жеткен. Ауылшаруашылығы 2.4 пайызға өсіп, 334 миллиард теңгені құраса, сауда саттық 4 пайызға дейін жетіп, 300 миллиард теңгеге жуықтады. Алайда, мұнымен тоқтамаймыз. Көрсеткіштерді ұлғайту үшін жұмыстарды жалғастырумыз қажет-деді, белсенді әкім Амандық Баталов.  

Өңірлер жарысындағы Жетісудың айқын басымдылығы туралы әкім сөзін қоғамдық кеңес мүшелері табжылмай тыңдады. А. Баталов биылдың өзінде Алматы облысына 300 миллиард теңгеден астам инвестиция тартқан екен. Ал, әкім болғалы 5.5 триллион теңгені құрайтын 400-ге жуық инвестициялық жобанының жүзеге асуына мұрындық болғанын айтты. Жалып, елдегі 19 трансұлттық компанияның 9-ы Алматы облысында жұмыс жасап жатыр. Ал, ауыз толтырып айтқан жобалар кімдердің мүддесі үшін қызмет ететінін, облыс халқы үшін қаншалықты пайда әкелетінін тек уақыт көрсетеді. Дегенмен, сөз арасында"біздің басты байлығымыз - адамдар" деген әкім істеліп жатқан игі істердің барлығы да халық үшін екенін айтып қалды.


Әкім сөзіне сенсек, Алматы облысы картоп өсіруге басымдық бермек. Талдықорғанда картоп өнімдерін дайындайтын зауыт салынса, Жетісу өңірі Оңтүстік-Шығыс Азияны картоппен қамтитын болады. Айтпақшы, негізгі аграрлық аймақ саналатын Алматы облысында Баталовтың өзі жақсы көретін қант қызылшасын жинау науқаны басталып кетті. Тәтті түбірдің егістік алқабын биыл Амандық Ғаббасұлы 14 мың гектарға дейін ұлғайтқан еді. Биылғы жоспар 570 мың тонна қызылшадан 50 мың тоннаға жуық қант алу екен. Бірақ, бүгінгі таңға дейін Көксу қант зауытындағы көліктердің кезек мәселесі шешілмей келеді.

-Бұрын әр гектардан 180-250 центнер қызылша алсақ қуанатынбыз. Қазір әр шаруа қожалығының 1 гектар алқабынан 500-600 центнер аламыз. "Мы переплюнули белорусов. Я могу это открыто говорить". Біз олардан көш ілгеріміз. Еліміздегі қанттың қажеттілігі 480 мың тонна болса, болашақта соның 300 мың тоннасын Алматы облысы шығаратын болады, - деді Амандық Ғаббасұлы.

Кедендік одаққа мүше Беларусь Республикасында қант бағасы қанша екенін білмедік. Бірақ, қант шығаратын зауыты бар Балпық би ауылында қанттың килограмы 260 теңгеден 300-ге дейін жетеді.

Жалпы, А. Баталовты қоғамдық кеңес өкілдері қатты мазалаған жоқ. Облыс басшысына жолданған бірді-екілі сұрақтарға тиісті жауаптар айтылды.

Фотолар автордікі. 




Мақала авторы:

Ербол Ілияс

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.