Тараздағы орталық алаңға ақыры Назарбаевтың аты берілді

Нұрболат Әлдибек - 02.10.20191175

Совет үкіметі кезінде Ленин, Сталин, Брежнев алаңдары болатын...

Тараз қаласының қақ ортасындағы алаң енді Назарбаев алаңы деп аталатын болды. Бұған дейін «Достық» алаңы, жергілікті жұрт кейде Бәйдібек алаңы деп те атайтын орталық алаңға Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ атауы берілді. Бұл алаңда Бәйдібек бабаның үлкен ескерткіші орнатылған.

Негізі әу баста Жамбыл облысының әкімдігі Тараздағы ең үлкен Төле би даңғылын Назарбаевтың атына ауыстырмақшы болып, тіпті облыстық мәслихат арнайы шешім шығарып, жоғары жаққа бекітуге жолдағанда жамбылдық шенділердің бұл әрекетіне халық қарсы болып, елдің ашу-ызасын тудырғаны белгілі. Кейіннен республикалық ономастика комиссиясы бұл у-шудың ушығып кетуінен қорықты ма, әлде расында баба аруағынан аттап өте алмады ма, әйтеуір халықтың пікіріне құлақ асқандай болып, мәслихат шешімін кері қайтарып, қабылдамай тастаған болатын. Яғни, облыстық мәслихаттың депутаттары Төле би даңғылын Н. Назарбаевтың атына беру туралы ұсынысқа да екі қолдарын көтеріп қолдап, ертеңінде жоғарғы жақтан «бұл дұрыс емес екен» деген пәрмен келгенде өз ұстанымдарын лезде өзгерте салған еді. Бұл жағдай әрине, мәслихат дегеннің биліктің ойыншығы екенін бір дәлелдегені анық.

Таразда Төле би көшесіне өрге қарай қарай параллель Қазыбек би, Әйтеке би, Қонаев, одан арырақ Тәшкент көшесі орналасқан. Міне, осы Тәшкент көшесін Төле би, ал, Төле биді Назарбаевқа ауыстырмақ болған ғой. Бірақ, Назарбаевқа Төле биді жығып беруге арланбаған жамбылдық шенділер Тәшкент көшесін тұңғыш президенттің есімімен атауды құп көрмеді. Сөйтіп Әулиеатаның әкім-қаралары Тараздың орталық алаңына Н. Назарбаевтың есімін беруді жөн көрді.

Алайда, «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, бұл мәселені алдын-ала қоғамдық талқылауға салып, жұрттың ортасына тастап алғандары да рас. Сонымен  «Әділет» нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінің порталында тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып және 2019 жылғы 24 мамырдағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде Жамбыл облысының әкімдігі қаулы етіп және Жамбыл облыстық мәслихаты Тараз қаласының «Достық» алаңын «Нұрсұлтан Назарбаев» алаңы деп қайта атау шешімін қабылдағаны айтылыпты. «Осы нормативтік құқықтық акті әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі» делінген құжатта.

Фото: matritca.kz



Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.