Көшербаев пен Көшербай қатысқан тойдың дауы

Мадияр Төлеуов - 02.10.20194783

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында малшылар слетіне бөлінген қаражат тиісті қорға төлінбей отыр. Жыл сайын дәстүрлі түрде Жаңақорған ауданындағы Үсен бауы таулы қыратында малшылар слеті өткізіліп тұрады. Биыл да бұл шараға Ауыл шаруалығы министрі Сапархан ОМАРОВ, сол кездегі облыс әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВ және барлық аудан басшылары қатысып, малшы, шопандарды марапаттап, бағалы сыйлықтар беріп, жоғары деңгейде тойланған. Жалпы еңбегі еленген жандар ризашылықпен тарқасқан. Дегенмен шикілік Жаңақорған ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі ауқымды шараны өткізген "Арман асуы" қоғамдық қорының шығыстарын өтеп бермеуінде болып отыр.

  - Ауқымды шараны өткізуге конкурс жарияланып, нәтижесінде “Арман асуы" қоғамдық қоры барлығын ұйымдастыратын болып шешіліп, маусым айында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен келісім шарт жасалды. Барлығы ойдағыдай өтті. Әр дүниені аудан басшылары, басқа да лауазымды тұлғалармен ақылдасып жасадық. Осылайша ризашылық танытқан басшылар келісім шартта көрсетілген 8 437 000 теңгені қорға аударар уақыт жеткен кезде әр ісімізден кемшілік іздеп, ақыр аяғында себепсіз сотқа шағымданып отыр, - дейді қоғамдық қордың төрағасы Әліби КӨШЕРБАЙ.

Өз кезегінде қоғамдық қордың ісіне байланысты заңгер азаматтар да түсініктіме беріп өтті:

 - Слетқа бөлінген қаражатты орындаушыға төлеуге дәрменсіздік танытқан жауапты тұлғалар онымен қоймай қоғамдық ұйымды сотқа беріп, келісім шартты бұзуды көздеп отыр. Алайда, Қызылорда облысы бойынша Заң консультанттары палатасының тікелей араласуымен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің талап арызында көрсетілген келісім шартты бұзу туралы талабы қараусыз қалдырылды. Ал кейбір болмашы кемшіліктер үшін қоғамдық ұйымды кінәлап,  тиісті шешімдер қабылданып қойған. Бірнеше жыл азаматтық қоғамның дамуы жолында еңбек етіп келе жатқан қоғамдық ұйымның қызметін одан әрі жалғастыру мақсатында Қызылорда облыстық сотына апелляциялық шағым түсірдік. Ендігі ретте, апелляциялық алқаның әділ төрелігін күтеміз. Аталған азаматтық іс бойынша халыққа болған жағдайларды жариялағанымыз жөн, - дейді Қазақстан Заңгерлер одағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Дәулет ІЗБАСАРҰЛЫ.

Жаңақорған ауданы әкімдігі арыз-шағымның жауабын ҚР "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" заңында көрсетілген мерзімнен кешіктіріп берген. Аталған тараптың жауабына сүйенсек, 2019 жылдың 18 мамырындағы "Арман асуы" қоғамдық қорымен жасалған нөмірі 13 келісім шарттың техникалық ерекшелектері келесідей себептермен орындалмаған көрінеді. Олар: сахналық безендірудің дұрыс болмауы, келісілген 10 дана киіз үйдің 8 данасы ғана болуы, сыйға тартылатын 31 ноутбуктың техникалық ережеге сәйкес келмеуі, қонақтарды тасымалдайтын 3 жол талғамайтын көліктің болмауы. Тиісінше қоғамдық қор өкілі келтірілген мәліметтер еш дәлелсіз, ақылға қонбайтын дүниелер екенін айтып, лайықты жауабын ала алмай отырғанын жеткізді:

- Әуелде жасалған келісім шартта мұндай міндеттемелер болмаған. Шараны біз қосымша нұсқаулықсыз-ақ жақсы орындап шықтық. Көңіліміз толды деп кеткен басшылардың аяқ астынан бүлінуін біз түсіне алмадық , - дейді шопандар тойын өткізген жақ.

Заңгер Дәулет Ізбасарұлы «жауапты тұлғалардың "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңының талаптарын сақтамауына қатысты шара қолданған жөн. Халыққа қанша жылдан бері қызмет етіп келе жатқан қоғамдық қорға күйе жағып, тиісті қаражатты аудандық бөлімнің төлемей отырғаны айқын. Іс әрі қарай облыстық сотта қаралады. Тек әділдігін күтеміз» деп отыр.

Фотоны автор ұсынды.

Мақала авторы:

Мадияр Төлеуов

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.