Шыңғыс Маман. Жалғыз

Сайт Әкімшілігі - 03.10.2019708

Өзге емес, өзім айтам өз жайымда...

Қасым Аманжолов 

Өзім туралы айтуды ойласам болды, өңешімнен іштегі дүлейім қылқындырып мұрша бермейді. Сондықтан, жазуды көздедім.

Бүгін әдеттегі алғашқы қыркүйек. Қала шетіндегі екі бөлмелі жалдамалы пәтерімде, сағат 10:00 де ояндым. Анам мен інім мектепке кетіпті. Көрпені аударып-төңкеріп телефонымды тауып алып қарасам сағат 09:47 екен. Әлі ерте болғандықтан әлеуметтік желіні тексеріп жата тұруға көндім. Бұл ауданда интернет әлсіз, сондықтан қожайынның WiFi желісіне құда түсуге тура келді. Ол үшін төсектен тұрып жаттығу жасау қажет, көрпелерді жиыстырып, киініп, бір шөміш су ішіп, дәретханаға барып..., бір атым насыбайды ұмытпау қажет!, әжетпен қатар әлеуметтік желіні тексерсем қатып кететін еді. Алға қойған ұлы мақсатымды көзден ғайып еткен, майда әрекеттердің жоспарына сүңгіп кеткенім де, ғайыптан телефонымда 4G ұстады. Сүйіктімнен смс және футбол жаңалықтары келіп үлгерді де, әрі қарай төрттік желі Ендікке бірақ түсті. Қызым мені сүйетінін жазыпты. Мен секілді оңбаған жалқауды да есі кетіп жақсы көреді-ау... Негізі адамдардың ішіндегі ең жақын сырларымды білетін жалғызы сол. Мен оған айтпадым, сездірдім.

Жә, тұрайын. Әрі қарай автоматты әрекеттер іске қосылып, құрылғы әдеттегі мағынасыздыққа толы өміріне, мақсатсыз қадам басты.

Көшеге шығып дүкенге бет түзедім. Жұрт улап-шулап жүр. Мектеп формасын киген бірнеше оқушыларды көріп, мерекені қайталап есіме түсірдім. Көшенің соңын аспанмен жалғап тұрған алып таулар көрінді. Әдеттегідей, тауға қарап елеңдей бердім. Тау мені күтіп тұрғандай қарайды. Көше бойындағы алаңсыз оқушыларды көріп, тау ортасындағы балғын оқушы бейнемді елестеттім. Қиялға толы әлемде бас кейіпкерді сомдап, алғашқы қоңыраудан қайтатын өзімді көрдім. Мен балалық сәтімді екіге бөлемін. Бірі мүшел жасымдағы ат сүйреген сәтке дейін. Келесі бөлігі әлі де жалғасып келеді. Мүмкін сол сәтте біткен болар. Жұмбақтар мені түнекке сүйреп әкеле жатқандай. Қалауым өзге қалаудың жетегіне байлады. Шым-шытырық көшелер. Бала кезімде қой бағып жүріп, қаладағы өмірімді қиялдап, таза іңкәрлікпен қала адамы болғым келетін. Қаладағы аз ғана өткен сәттерімді елестетіп, тәтті сағынышқа малшынатынмын. Дәл қазір ауылға деген нақ сондай сағыныш бойымды кезіп өтті.

Он бір жыл бұрын ауылдан кеткен едім. Ауылым жақын, жиі барып тұрамын, әр жолым түскенде балалық елесімді, сағыныш себептерін іздеймін, таппай кетемін. Артымнан шыққан аяқ дыбысына қарасам, Джекас екен. Тілін салақтатып келеді, тоқтап маңдайынан сипап қояйын деп едім, сескеніп шегінді. Бәрібір маңдайынан сипап жібердім. Бір жыл бұрын ғана күшік күйің де маған еремін деп көлік соғып кетіп еді, өліп қалды деп жол шетіне дірілдетіп, аузынан қанын ағызып шығарып кеткенмін. Ертесі үйге келсем, ақсаңдап жүгіріп жүр, сөйтіп көлік таптап өткен Джекас бір жыл ішінде айтарлықтай қартайып қалған, көзінен көрінеді. Сен де өзгердің, ауыл да өзгерді, өзгермеген бұлт қана. Қыркүйек келгенде жастық шағым ұрланып, аспанның бұлты қоюлана беретін секілді. Әлде бүгін ғана сондай ма?

Джекастың құйрығын бұлғаңдатқанына қарап Аққонжықты ойладым. Былтыр әке-шешем ауылдан көшіп келгенде, жұртта итті қалдыруға болмайды деп бірге ала келген. Лайкы деген Сібір тауларынан шыққан иттің тұқымынан тараған өте сүйкімді жануар еді. Ақылдылығы бір төбе. Жақсы ит өлігін көрсетпейді деген, жарты жылдан соң ауырды да жоғалып тынды. Шешем көз тиді деген сөзінен бір танбады, себебі дәл қазір жүріп келе жатқан көшеде Аққонжыққа қызықпаған адам жоқ болар. Әркім еркелетіп, өзіне тартқысы келетін, ол бұрылып қараған былай тұрсын, біреудің ауласына еніп, өзге итаяқтан ас ішпейтін. Қалаға келген соң көп өмір сүрмеді, ауырды, жоғалды. Әлде ол да мен секілді таудағы тәтті өмірін аңсады ма екен? Солай жоғалып кетуі де мүмкін ғой.   

Жол шетінде мектеп формасын киген және формасыз бірнеше оқушыларды көрдім. Әнебір формасыз жігіт колледжге түскен болар. Қалаға келген жылы да өмірім алғашқы қыркүйектен басталып еді. Колледж. Әр түрлі ұлттың оқушылары. Азат дейтін Қордайдың баласы екеуміздің мамандығымыз бір болып, тұрып әңгімелескен едік. Үлкен курстың балалары аға болып көрініп, қыздары әпке боп елестейтін. Сеніміңе селкеу түспеген, әркімнің сөзін құлай тыңдап, көңіліне қарап жүре беретін сәттер. Қазір адамдардың бәрі бірдей, дүкен есігіне келіп қалыппын. Ішке ендім. Дүкен иесі ботқа бет, сыздап тұратын кісі. Адамдарды үнсіз қарсы алып үнсіз шығарып салады. Арақ иісі мүңкіген бір кісі ұсынылған қара пакетті алмастан қолдары дірілдеп ақшасын санауда. Тиынымды ұсынып бір тал темекіні алдым да кері бұрылып шығып кеттім. Есік алдында кішкене сыныптың балалары жүгіріп келіп, мені күтіп қатарынан тұра қалды. Жүздеріне қарап жымидым да кете бердім. Әлгілер асығып дүкенге кіріп кетті.

Үйді бетке алып жүріп келемін. Дүкен көшесінен үйімнің қара жолына бұрылғанымда жол шетіндегі екі кісі отыр екен. Мұрттысы «пузырь» деп айтқанын анық естідім. Қарсы беттегі үй шарбағына асылып тұрған қалпақтағы кісі жымиып басын шайқап тұр екен. Алғашқы қоңырауды тойлатып жүргендерін бірден түсіндім. Кішкене күнімде ауылдың ерлерінің бәрі арақ дәметіп жүретін бейнелерімен есімде қалыпты. Кейбір орта жастағы замандастар сол бейнені жалғастырып келеді. Дегенмен, сирек. Әкемнің өзі де жігіттік желеңін мұнда ғана басқан. Менің қатарластарым да ақылын араққа шайып жүргендерін көрудемін. Ал, мен ше? Темекіні не үшін алғанымды ойламастан, өзгені іштей сынап нем бар?! Адам  – өте опасыз әрі мұңлы болады екен. Өзгені жақсы көре алу, өзіңді қауіпсіз сезінумен тікелей байланысты.

Таңғы және түскі асымды қатар ішкелі жарты жылдан асты. Теледидарды қоссам «Құс қанат ғұмыр» ән кеші өтуде. Ғұмырдың қысқалығы мен адам көңілінің қартаймайтын қасиеті адамзаттың өнеріне түрткі ме екен? Әйтеуір, бітпейтін сұрақтардың құрсауына еріксіз еніп кетемін. Өтіп жатқан өмір. Сұрғылт. Әлгі сарқыттың да әсері таусылып, әдеттегідей жанымды жегідей жеген мазасыз ойлармен алысуым басталды. Таң атады, кештің батуы азапқа толы. Таңым түс, түсім түнге айналды. Қалаға кетіп, өзім секілді жігіттерді тауып алайын десем, соқыр тиыным қалмаған. Жә, ақша маңызды емес. Маңыздысы өзімді өлтіретін ортаға бару мен бармау қалауының тайталасуы. Қыркүйек айынан бастап өзгеремін дейтінмін, бүгін әдеттегідей алғашқы қыркүйек.

Анам мен інім мектептен келді. Екеуін құттықтадым. Анам мұғалім, інім оқушы. Мектеп, колледж, университет бітіргенімен, ешқандай қоғаммен байланысы жоқ, әлемнен жасырынып, жалғыздықтан жанына тыныштық іздеген менің жағдайым өзім үшін аянышты болып елестеді. Анам менің жұмысым мен үй салуды әңгіме етті. Әрі үйленетін де жасым келді. Телефоным несиеге алынған, тапқан пайдама аз уақыттық ләззат іздеймін, тіпті жолыма ақша таппай жүрмін. Осының бәрі санамды қысымға алып, өмірде ешқандай қызық қалмай, күңгірт қапасқа сүйрелеп бара жатқандай.

Белсенділікке итермелеп, ойың арқылы көптеген жетістікке жетелейтін кітаптардың біршамасын оқып, бірнеше тренингтер мен психологтарға қаралдым, ешқандай пайда болмады. Дін атаулысының бірнешеуін ауыстырдым. Мұсылман дініндегі көптеген ағымдарды араладым. Ақыр соңында табиғат берген шөп түтінінен рақатымды тапқандай болғанмын. Бүгінде зардабын шегіп жүрмін. Жалғыз сүйенішім, қандай жағдай болмасын көңілімді қайтармайтын қызым ғана. Ол маған сенеді. Менің жауапкершілікті көтеруге мұршам жетер емес. Кейде іштегі дүлейім қозғанда, амалсыз сол бір кіршіксіз сезім иесінің көңіліне де селкеу түсіріп қоямын. Тынышталғаннан кейін ойласам түкке тұрғысыз дүниелер екен.

Аядай үйге симай жүргенім де, телефоныма сүйіктімнен хабарлама келді. Биыл соңғы курсы, бітірген соң үйленеміз деген келісіміміз бар. Бір ғана жыл. Үлгеремін бе? Жатақхана берілмегендіктен, пәтер тауып орнығыпты. Келші депті. Бір жаз көріспеп едік, алып-ұшып барғым келді. Теңге табуым қажет. Дос балам екі мың теңге қарыз еді, қоңырауымды қабылдамады. Ақшасы болмай жүр-ау. Жомарттың қолын жоқ байлайды деген осы болар. Анамнан сұрауға болмайды. Карточкамда да түк қалмаған. Өмірімде алғаш рет ештеңе ойламастан, киіндім де үйден шығып кеттім. Қалаға жету үшін екі жүз теңге. Көліктерді тоқтатып, сұранып көрейін бе? Қой, ұят болар. Өзім де жетемін. Қала көлікпен қырық минут, белесебетпен үш сағатта келгенмін. Жаяу екі сағат уақыт кетеді..., шамамен.

Телефон қуатын толтырып алғанмын. Соңғы уақыттары санам пайдасыз ақпаратқа уланып кетті деп әлеуметтік желілердің бәрін өшірген едім. Шыдамастан қайта жазып тексеріп қоятын сәттерім де болады. Әлеуметтік желі біздің замандастардың үлкен өмірге қадам басқан сәттеріне дөп келді. Осылайша әр шыққан жаңалық пен технологиялық даму, бізбен бірге жасасып келеді. Біз бар болғаны тұтынушыға айналдық, өзгелер болса жалпы адамзатқа өнім ұсынуда. Оларға осыншама ой мен энергия қайдан келетініне таң қаламын. Осыдан екі-үш жыл бұрын әлемді өзгертіп жіберердей жоспарлар құратынмын, бүгінде күлгін көзілдірігім шешіліп қалыпты. Әлемге шынайы көзқарас тұрғысынан, шарасыз кейіпте қарауға әдеттеніппін. Неткен сорлылық?!

Вивальдидің туындыларын интернеттен таптым да құлаққап арқылы тыңдап, қаланы бетке алып жаяу жүріп келемін. Сағат 15:32. Екінті уақытында қалаға жетсем де жаман емес... Жол бойында ағылған көліктер. Әр жерде көлік тосқан жолаушылар. Күздің салқыны анадай жерде көрінген таулардан самал боп еседі. Үнсіз ғана музыканың ырғағымен қадамдарымды басудамын. Өмір дәл осылай өте беретін болса, шыдай алар ма екенмін? Жә, әлгі кітаптарда көңілді ойлаңдар деген ғой, бірақ санам көңілді ойлауға, мінез тұрақтылығына мұрша бермей келеді емес пе? Қазір, қызымды көрсем бәрі де өзгеріп кетер. Өмір сұрқия қалыбын шешетін секілді. Әйтеуір жалғыз үмітке сүйеніп тірлік етудемін.

Қала шетіндегі шағын аудандардың біріне жақындап қалдым. Жол жүру карточкамда аздаған ақша болуға тиісті еді. Телефон арқылы тексерсем екі жүріс бар екен. Мындағы автобуспен отырып кетсем, қызымның мекен-жайына жақындаймын. Құдайдың берген қуатын сарп ете беруге де болмас, әлі кері қайтуым қажет. Қаладағы достарымның үйіне қонып кетсем де болады, өзге жерге жатсам бастырылып қалатыным еске түсіп, ойымнан айныдым. Осы сәтте ең жақын дос деп айта қояр ешкімімнің жоқ екені есіме түсіп, тағы бір мәрте жалғыздық дертінің шағып алар ойларына беріліп кетіппін.

Тікенді шырмауық ойлардан суырылып шығуыма жүк тиеген Камаздың дабылдатқышы себеп болды. Құлаққаптан өтіп, музыка дыбыстарын жарып-соғып өткен жоғары деңгейдегі жағымсыз дыбыс бүкіл ішкі теңдігіме тиген соққыдай еді. Ішімнен автоматты түрде сыбап алдым да әрі қарай жүре бердім. Алғашқыдай емес, жүрісім баяулаған. Google Maps-тан қарасам он жеті шақырымды еңсеріппін. Бала күнімде ауылға көлік қатынасы өте қиын еді. Он екі шақырым жердегі ауылға дейін барып, әрі қарай біздің ауылдың тұрғындары өздері қайтатын. Көбінесе қаладан сөмке-сөмке жүкпен келетіндіктен, көше басында көлік күтіп әйелдер қалатын. Кейбіреулер ауылдан атпен келіп алып кететін. Жүгі жеңілдер жаяу ауылға жететін. Осы екі аралықты талай мәрте басып өткенмін. Әсіресе, колледж қабырғасында ауылға аңсарым ауып, автобустан түсе сала жаяу кете беретінмін. Қазір бұл екі аралықтан көлік үзілмейтін болған. Халықтың жағдайы көтеріліп, әркімнің үйінде жеңіл көліктер бар. Қаладан ауылға дейін қиналмай жетуге де мүмкіндік мол. Сондықтан, бұл екі аралық маған түк емес деп ақталдым. Әлгі автобустың да қарасы көрінді.

Автобус қалаға ілінген бойда, өзге автобустармен жарысып, ішіндегі халықты шайқап-шайқап әкеледі. Әлі де Вивальдидің әуендеріне елітіп, өзімді сабырлы ұстауға ұмтылдым. Бірнеше кісілер «отын тасып жүрген жоқсың» деген мағынада жүргізушіге айғайлап қояды. Жүргізуші де басынан сөз асырмайтын біреу екен, оған қосылып кондуктары да жұртпен ұрсысуда. Әркімнің бітпес мәселелері көтеріліп, автобустағылар екі жаққа бөлініп ұрсысуда. Түрлеріне қарасаң құдды бір кішкентай балалар секілді. Музыкадан жалыға бастадым...

Іңір боп қалған кезде аялдамадан түстім. Көліктер кептелісі мен көп қабатты тұрғын үйлер демімді қысқандай болды. Кезінде осынау қалада өмір сүрсем деп армандағаным есіме түсті де, іштей өзіме шыдауың қажет дегенді ескертіп әрі қарай тағы да бірнеше көше жаяу сапарымды жалғастырдым. Қызым да мені асыға күтіп жүрген болар, әлде бей-жай кезекті кездесуді ойластырып отыр ма екен? Қайткен күнде де ол да сағынды мені, себебі мен қатты сағындым. Бара салып құшақтап, біршама уақыт үнсіз тұрғанымды елестеттім. Адам қалай қиялдаса да нағыз сәт қана шынайылығыңды көрсетеді. Қиял кейде пайдалы, көбінесе әлемнің күйбеңінен қорғаныш секілді. Өзім тым қияли емеспін, дегенмен тәтті қиялдардың дәмін сезгенмін. Қиял – қияға әкетеді немесе қисық жолдан құтқарады. Санам толы қарама-қайшы ойлар. Мойындаймын. Кезінде Героклитке де маза бермеген қайшылықтар еді ғой.

Қызыма телефон соқтым... Үйінде емес екен. Күте тұруыма тура келді. Тоғыз қабатты үйден пәтер жалдаған екен. Үй жанында торуылдап біраз жүрдім, құрсағым тамақ сұрап шұрылдады. Жә, шыда. Үйге жетпей ешкім тамақ бермейді. Тауып, сұрап, көңілін тауып қарныңды тойдыруға болады, арым жібермейді. Ұялмаймын. Жан-дүниең тұйықталғандағы осынау сәттер де маңыздылығың да артып кетеді.

Ақшам уақыты. Қалтаңда ақшаның жоқтығы ауыр әрі өзіңді сынап көруге қолайлы мүмкіндік. Сонау өзге қаладан, ешқандай ақшасыз үлкен қаланың ортасынан бірақ шыққаныма таңғалдым. Қызымнан смс келді, қолы тимей жатыр екен. Бір сағаттай күтетінім анық. Бұл шағын ауданды торуылдап, үйлер мен аула жобасын анықтап алдым. Қанша дүкен, қанша пәтер барын, тіпті көліктеріне дейін санап шықтым. Интернеттен футбол ойындарының қысқаша аңдатпасының бірнешеуін көруге қырық минутым кетті. Қараңғы батты. Қызым енді қоңырауды қабылдамай бастады. Аздап ашуымның келгенін байқадым. Бәрінен қинайтыны қайтар жолым. Автобус тоқтамай кетіп қалайын ба?

Мен секілді түгі жоқ жігітті не істесін, жігіт деп ауыз толтырып айту да ұят. Осындай ойдың жетегінде, бір сәтте қызымнан үмітті үздім. Аялдамаға асығып қайтып барамын. Аялдамаға келсем, ешкім жоқ. Автобустар да көрінетін емес. Тереңнен тыныс алып, көзімді жұмып сәл отырдым. Осы сәтте телефоныма смс келді. Қызымнан екен. Босағанын, шығып келе жатқанын айтты. Еріксіз орнымнан тұрып, кері қайттым. Үйінің жанына жеткенде, қызым өзге жігіттің көлігінен түсті. Көлік кетіп қалды. Жасанып әдеміленіп шығыпты. Қасына келдім, екеуміз әдеттегідей құшақтасып амандастық. Қайдан жүрген көлік екенін сұрадым. Ол ешқандай да көлік болмағанын, өзінің үйден шыққанын айтты. Өтірік өзегімді өртеп өтті. Ашуланшақ дүлейім оянып кетіп, қызыма көргенімнің бәрін айттым. Кешірім сұрап құтылмақшы болды, көнбедім. Намысым жеңді. Жалған намысым. Бұрылдым да кетіп қалдым. Кетпесем ашу үстінде істеген әрекетіме жауап бере алмай қаламын ба деп қорықтым. Өзімді қолға ұстай алмай келемін, дірілдеудемін. Ең сорақысы, көліктегі кім екенін айтпауы еді. Алабұртып жүрген көңілім әбден өшті. Бет алған бағытым белгісіз кетіп барамын.

Расында біршама уақытқа дейін телефоныма қоңырау соғар немесе смс жазар деп күттім. Өзім жазайын деп оқталсам, әлгі дүлей қылқындырып, тәнімді құрсаулап алады. Ашуланып әрі қимастықтың ортасында қиналып келемін. Түн қараңғыланып кеткен. Достарыма қоңырау шалуды ойладым да тағы да бас тарттым. Шаршаған екенмін, қарным ашқаны емес шөлдегенім қатты білінді. Үйіме қарай көшелермен емес, үйлердің арасымен төтесінен келе жатырмын. Кезекті бір аулаға еніп, отырып тынығып алуды көздедім. Тып-тыныш аула екен.

 Телефондағы мәнсіз суреттерді ақтарып отырдым да, бұғаттап қалтама тықтым. Өмірде ештеңенің де мәні қалмағандай көрінді. Осыншама жерді бағындырып келгендегі қалауым осы болғанына іштей кіжініп әрі қарай жүрмекші болдым. Осы сәтте қаңғыбас кісі келіп отырды.

– Көшіп бара жатсың ба? – деді, отырмастан ұсқынсыз өскен сақалын сипап. – Қайда? – деп түкке түсінбей өзіне сұрақ қойдым. Қолындағы қоқыстан тапқан нанын құшырлана бір тістеді де: – Ақырзаман болатынын естімедің бе? Бәрі тауға көшіп жатыр, әне менің де жүгім жинаулы, кез келген сәтте кетіп қаламын, - деп, қараңғылықтан шеті көрініп тұрған арбаны көрсетті. Әр адамның өлімі өзі үшін заманының ақыры. Менің қазіргі күйім де ақырзаманнан қай жері кем. Үнсіз басымды шұлғыдым да қойдым. Мені таңғалдыра алмағанын түсінген қаңғыбас орнынан тұрып кетіп барады. Арбасының тұсына барды да, кенет бұрылып: - Сағатың қанша? – деді. Қалтама күштеп салған телефонымды қайта шығардым да, сағаттың 21:03 болғанын айттым. Естігені белгісіз арбасын сүйретіп қасымнан өтіп бара жатыр.

– Айтпақшы, бүгін қандай күн өзі? – деді, қалтасынан бірнәрсе іздеген болып. Асықпай орнымнан тұрдым да, телефонды бұғаттап: –  Алғашқы қыркүйек, –  дедім де, мен де қараңғылыққа сіңіп жоқ болдым.


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар