Тұрарбек мырзаға хат: Үндемеші, жарқыным

Дерек көзі: www.azattyq.org - 23.04.20192769

Кәдуілгі жұмыс күні. Жұмысқа келе сала елімізде болып жатқан тұрақты (әрі тұрақсыз) ахуалменен танысатын әдетіме салып бірінші кезекте (иә, екінші немесе соңғы, жай ғана бос уақытта емес жұмысқа кіре сала) «Жас Алаш» газетінің сайтын қарадым.

Көз салсам, басты беттегі бірінші мақала «Бір ай бойы ораза тұту Құранда жоқ» тақырыбымен жарияланған екен. Оқи жөнелдім. Әрине, редакция «автордың көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейтінін» ұмытпай жазған екен.

Сонымен,«Демос» ҚБ-төрағасы Тұрарбек Құсайынов мырзаның аса дәріпсіз мақаласы туралы ой қозғап көрсек. Ананы, мынаны жазып Құраннан дәлел келтіріп мақаланы жазып шыққан екен. Шыны керек, бұл азаматты танымайды екенмін. Зауал шаққа қадамы жақын, орыстың дінді ұмыттыру саясатына қызмет еткен азаматы ма деп ойласам, жап-жас жігіт ағасы екен. Егеменді елде ділі келіскен, діні дәмен жиырлы жұртпыз деп ойлап жүрген менің дәмем зор екен.

Мақалада Тұрарбек мырза Құраннан көп, мардымды дәлелдер келтіреді. Жасынға шығарар дүниелер емес, әрине. Бүкіл ислам әлемі мойындаған аяттар. Оған талас жоқ. Қынжылтатыны сол, дінді бөліп қарауы. Бөліп қарауы дегенім – Құранмен бірге Пайғамбар сүннеті бірге жүретінін ескерместен жалпақ жұртқа елеп-екшелмеген өте шикі мақаласын жариялай салуы. Бәлкім танылғысы келді (хайп дей ме әлгі?), бәлки шынымен халыққа отыз күн ораза тұтып қиналып жүрмесін деп жүректен жазды, дегенмен, бұл – зіпірлік, халықты адастыру, тоздыру.

Жалпы, құранда парыз амалдардың қалай орындалатыны туралы толық көрсетілмеген. Оны айшықтайтын Пайғамбар Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлеметі болсын) болса керек-ті. Құранның «Әли Имран» сүресінің 31-аятында «Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлеметі болсын)  оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла сендерді жақсы көріп, күналарыңды жарылқайды. Өйткені, Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» де» десе, 32-аятында «Және оларға: «Аллаға әрі Пайғамбарға бой ұсыныңдар» де. Егер олар бет бұрса, сонда Алла қарсы болушыларды сүймейді», - деп бажырайтып көрсетілгенді назарға алып, неге дұрыс насихат жасамасқа?!.

Ең сорақысы мақалада «Шындығында, Рамазанда бір ай бойы ораза тұту Құранда жоқ, бұл араб халқының ежелгі салт-дәстүрі ғана» - дегені. Біздің халық ислам дінін арабтарға ғана арналған деп ұғады-ау осы.  Ұнаймайтын немесе күнделікті өмірде сәл ауыртпалық келтіретін хиджап, сақал, намаз іспетті дүниелерді солардың салтына телиді. Ақыры міне, бүйректен сирақ шығарып, отыз күн оразаны солардың салты санап отыр. Ақыры солай екен, қазақтан пайғамбар сайлап алайық. Онсыз да христиан, шаманизм мен исламды араластырып дүбара қылған дінді тағы ластап қазақизм дінін ашайық. Оразаны қысқартайық, намазды айына бір рет оқиық, анаға қол көтерейік, қартты жалғыз тастайық, жемқорлықты күшейтейік, жаңа жылды бұдан аса тойлайық, арақты көбірек ішейік, тағысын тағы. Тұрарбек мырза, бауырым, Алла құранның «Мәида сүресінің» үшінші аятында мұсылмандарға «...Бүгінгі таңда кәпірлер діндеріңнен  күдерін үзді. Ендеше олардан қорықпаңдар, Менен қорқып, Менен ғана именіңдер! Міне, бүгін діндеріңді кемеліне жеткіздім, сендерге деген нығметімді тәмәмдадым және сендер үшін дін ретінде Исламды таңдадым...» дейді. Сен – қара, мен –  сары деп бөлінуді құптамайды және ислам арабтарға келген дін емес екеніне дәлел етпей ме.

Қасиетті ораза туралы дінде дәлел шаш етектен. Ел алдында жүрген азамат болсаң зіпір болып, құрына берудің не реті бар. Мына қыжал шақта қарашаны ұймаға тартып үйелетпей, үлпет болып үндемеші, жарқыным...

Ал, редакцияға өтінішім...

Мені бір діннің «фанаты» көріп қалсаңыз да, оныңызға жол болсын демекпін. Қарсы емеспін, «фанаты» да емеспін және. Онсыз да дінге ындыны кеуіп шөлдеген халқыма қас шығармаларды шығармасаңыздар екен. Оның орнына мәнді материалдар шығарсаңыздар.

Ренат САРТАЕВ,

Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігінің

мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы

Фото: serke.org

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.