Шырғалаңдағы Шұбартау Оразбаевтан үмітті

Сәтжан Қасымжанұлы - 03.10.20193407

1997-98 жылдары жаппай жүргізілген Үкіметтік деңгейдегі «оңтайландыру» науқанында Шығыс Қазақстан облысындағы Шұбартау ауданы да аудан мәртебесінен айырылып, Аякөз ауданының құрамына өтті. Бір кездері ірі аудан орталығы болған Баршатаспен сол кезден бастап, байланыс қиындап, ауыл ит арқасы қияндағы мекенге айналып сала берді. Аудан орталығы – Аякөзден 180 шақырым қашықтықта жатқан Баршатасқа барып-қайту оңай еместігін жол қатынасының азабын сезінгенде көрдік. Жолай Бидайық, Қосағаш, Мәдениет ауылдарына да ат басын бұрғанымызбен, Баршатастың бейнетінен досың түгілі жауыңа тілемейтін әсер алғанымыз шындық.

 Басынан бағы тайған Баршатас

 Ауыл ішіне кіре бергенде «16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні» екенін еске түсірген ескі баннер көзімізге шалынды. Өткен жылғы Тәуелсіздік мерекесі кезінде ілініп, сол күйі қалып қойғаны көрініп түр. Бұл түк емес екен. Дөңестеу төбешік басына арнайы стелла типінде орнатылған «2003-2005» жыл мен «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деген стелладағы  жазуды оқығанда барып, сол кездегі президент Назарбаевтың бастамасымен бір кездері үш жылды қатарынан «Ауыл жылы» деп жарияланғаны ойыма оралды. Бірақ, сол үш жылды қатарынан еншілесе де, содан бері табаны күректей 15 жыл өтсе де Баршатас ауылының асығы алшысынан түскені қайда, аянышты халге жеткенін аңғардық.

Жөн сұрай жүріп, ауыл әкімдігінің ғимаратына кіргенімізде жергілікті ақсақалдар кеңесі мүшелерінің арыз-армандарын айтуға арнайы жиналып отырған сәтіне дөп түстік. Ауыл әкімі қызметін атқарған Бақытжан ЖҰМАХАНОВТЫҢ денсаулығына байланысты жұмысынанн босатылғанын естідік. Ақсақалдардың бірі жұрттың жағдайымен танысуға «Жас АЛАШТЫҢ» тілшісі келетінінен хабардар болғанын айта келе, сол мақсатта бас қосып отырғандарын мәлімдеді. Жиынға «бас-көз» болуға әкімшіліктің бас маманы Серік ӘМІРБЕКОВ қатысқанымен, қарттардың сөзіне араласпай, жақ ашпаған қалпы тыныш отырды. Алғашқы сөзді Нәдір ақсақал бастады.


«Алғашқыда қаладағы балалардың оқуына, жұмысына сеп болып отырайық деп бірер мал ұстап, көшпей қалып қойдық. Соңғы жылдары ауылдың бұрынғы күш қуаты қайта бастады. «Тірек ауылдар» қалпына да іліге алмай қалды. Сенген елбасымыз «Нұр Отандағы» жиында «паразит ауылдар көбейіп кеткенін» айтқанда, қатты намыстандым. Тап бізді айтып отырғандай күй кештім. Баяғыда біз үшін орыстың «паразит» деген сөзі боқтық сөзбен бірдей болатын. Сол «паразитті» Назарбаев ауылға қаратып айтқан соң, не дейін енді?!.. Қара аспан төндіре беруге де болмас, ептеп көшелерге асфальттар төселіп, «косметикалық әрлеулер» жүріп жатыр. Үміт үзуге тағы болмайды. Ауданмен екі аралықтағы жолдың нашарлығы жанымызға батып отыр», - дейді Н. Қарабалин.

Нәдір қарттан кейін сөз алған осындағы байланыс торабының қызметкері, «Қазақстанның құрметті байланысшысы» атағының иегері Қайыржан НҰРСИПАТОВ сөз алды.

 «Ауыл-ел бесігі» дегенге іліксек екен...»


«Екі аудан біріктірілгелі бері Бваршатастың кетеуі кетіп қалды шынын айтқанда. Шұбартау аудан болып тұрғанда 17 мың халық бар еді. Аудан орталығы болған осы Баршатаста 5 мыңдай тұрғын бар болатын. Аудан тарағалы үдере көшкен халықтан қалған тұрғыны 1 800-ге жете ме, жетпей ме? Әйтеуір, аудан халқының 70 пайызы ауып кеткені анық. Өйткені, Аякөзге қосылғалы аудан орталығы болған Баршатас қағажу күй кешіп, қалтарыста қалды. Ауылды дамытуға арналған небір бағдарламалар шығып жатса да, біріне де іліге алмадық. Үш жыл қатарынан «Ауыл жылы» болып жэарияланғанда, аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ тимеген» күйге ұшырадық. «Тірек ауылдар» бағдарламасына ілінетін шығармыз деп ойладық. Критерий бойынша халық саны жетіп тұрды, екі рет талпынсақ та бос әуре болды. Басқа құлазыған ауылдардағы бос үйлерге жас мамандар оралып, ортаны толтырып жатыр, ал бізде керісінше жастар үйлерді босатып кетіп жатыр немесе жас мамандар келгісі келмейді. Ендігі соңғы үміт елбасының пәрменімен өткен жылдың соңында айтылған «Ауыл- ел бесігі» деген жобасы бар ғой. Шығыс өңірдің Көкпекті, Үржар аудандарында осы жобаға ілігу қолға алынып жатыр екен. Орындалуы 2019 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықты қамтитын жоба орындалар болса, соған Баршатас та енсе, сөне бастаған үмітімізге жан бітер еді. Өйткені, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаға айналып қабылданар болса, әр ауылға 700 млн. теңгеге дейін қаражат бөлінетінін есітіп жатырмыз», -деп ойын ортаға салды Қ. Нұрсипатов.

Ауылынан қозыкөш жер ұзамай шырақшысындай болып отырған аға буын ауданның қазіргі әкімі Ділдәбек Оразбаевқа көп үміт артып отырғандарын да жасырған жоқ. Қ. Нұрсипатовтың айтуынша, ауданның бұрғынғы басшысы Бақытжан Байахметов кезінде аудандық әкімдік болған қазіргі ауыл әкімдігінің ғимаратын жөндеуденг өткізуге өткен жылы 20 млн. теңге бөлінетінін айтқанымен, ол қаражат қайтадан кері қайтарылған. 1983 жылы салынған бұл нысан салынғалы бері ешқандай да жөндеу көрмеген қалпы тұр. Ал, 10 млн. теңге қаражатқа орталық көшені асфальттаған жайы бар. «Кейінгі әкімнен көп үміт күтіп отырмыз. Қазіргі аудан басшысы Д.Оразбаев сәуір айының соңында тағайындалғалы екі рет келіп кетті. Жағдаймен жақсы таныс. Алайда, биыл бюджет қаражаты жыл басында қабылданып кеткендіктен, қордаланған мәселенің шешімі келесі жылға қалғанын айтып отыр», - дейді Қайыржан ақсақал.

Бүгінде тұрғындарының көбі кетіп азы қалған бұрынғы аудан орталығының жүдеу кейпін ары қарай бас маман С. Әмірбековпен бірге араладық. Шындығы керек, Баршатас қана емес, Шұбартау өңірінің бірқатар ауылдары атап айтқанда, Емелтау, Малгелді, Байқошқар ауылдарының әр күні келешекке күмәнмен өмір сүріп жатыр.

Десек те, ертеңгі ұрпақтың көкейінде қандай ой барын білсек, деген оймен, О. Меңаяқұлы атындағы Баршатас орта мектебіне бас сұққанымызбен, оқушы, мұғалім, тұрмақ директормен тілдесе алмадық. Директоры Г. Сиқымбаевадан алдымен рұқсат сұрағанды жөн көріп, кіріп кеткен әкімдіктің бас маманы  оның «республикалық байқауға дайындалып жатқаны себепті тілшімен тілдесе алмайтынын айтып» мойынына су кетіп қайта шықты. Байқағанымыз, мектеп ауласындағы гүлзар ауылдық әкімдік алдындағы құрғаған субұрқақтан әдемі көрінеді екен.  

Ал, Баршатастағы беткеұстар нысан әкімдіктің қарсы алдындағы субұрқағы бар саябақ іспетті көрініп, сонда бет бұрдық. Бірақ, саябаққа кіргенімізбен, көңілдегі кірбің бәрібір тарқаған жоқ. Іші тазартылмаған, шөбі орылмаған, ыдыстарға салынған гүлдің өзі тұрмақ, топырағы кеуіп кеткен. Саябақтың кіреберісіндегі 1931-32 жылғы ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіштің қай жылы орнатылғаны белігісіз. Мәрмәр тасы жарылып, жарықшағына желімқағаз (скотч) жапсырылғанына қарағанда жеті-сегіз жыл өткен секілді.


-Мына ескерткіш қашан орнатылған?, -дедім бас маман С. Әмірбековке.

-Білмедім, шамасы жетпісінші, сексенініші жылдары болуы керек...-деп күмілжіген оның тарихи дүниетанымының өзіне бас шайқамасқа амал қалмады. Өйткені, 1970-80 жылдары ашарашылық құрбандарына ескерткіш орнатпақ тұрмақ, бұл туралы айтудың өзі мүмкін емес болғанынан бас маманның бейхабар болғаны «ит жоқта шошқа үредінің» кейпін танытып тұр еді...

Сонымен, Шұбартау өңіріне барған сапарымыздан серегелдеңге түскен елді, жолы шырғалаңға түскен жерді көріп қайттық. Басқа ауылдарды айтпағанда, бір ғана Баршатастың халін баяндау атқан таңнан батар күнге дейін еркін жетеді. Алайда, шырғалаңға түскен Шұбартау өңірінің жұртшылығы ендігі үмітті ауданның жаңа басшысы Д. Оразбаевтан күтіп отыр. Сапарымызда аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы жұмыс бабымен облыс орталығына кеткендіктен, кездесудің сәті түспеді. Дегенмен, Шұбартау халқы секілді алдағы уақытта тікелей байланысқа шығар деген үмітпен аттандық.


Фотолар автордікі.

  



Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.