Талдықорғанда футболды мұғалімдерге мәжбүрлеп көрсетеді

Ербол Ілияс - 04.10.20191070

Мәртебесін былай қойғанда құқықтары үнемі аяққа тапталып жататын мұғалімдерді әр түрлі жұмысқа жегіп жататыны әдетке айналған. Бірақ, оларды футбол матчтарына жанкүйерлік ету үшін стадионға жинау жергілікті атқарушы биліктің шектен шыққандығы һәм шарасыздығы шығар. Әлбетте, біздегі футбол шын футболдай болса, стадион өзінен өзі толып, ине шаншыр орын қалмас еді. Амал не, ондай керемет күн болмаған соң, Талдықорған мұғалімдері зорлықпен жанкүйер боп, стадионда кісі көптің кебін келтіріп жүр. Мұғалімдердің мәжбүрлі түрде стадионға жиналатынын қоғамдық кеңес отырысында ЖСДП Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат КҮНБОЛАТОВ айтты. Партия өкілі облыс әкімі А. Баталовқа бағыттаған сөзінде облыстық білім басқармасы ешқандай шара қолданбай, ай қарап жүргенін жеткізді.


- Амандық Ғаббасұлы, мұғалімдер бұл өтінішті сізге жеткізсін деп еді. Қарасай ауданындағы мектептерде ұстаздар циркке ақша жинап жатыр. Ал, Талдықорған мұғалімдері футболға жанкүйер ретінде мәжбүрлі және ерікті түрде тартылады екен. Қай мектептің ұстаздары десеңіз, айтайын. Бірақ, анонимді өтініш болған соң, көпшіліктің алдында жария қылғым келмейді. Аталған мәселені бірнеше рет облыстық білім басқармасының блогына жаздым. Бірақ, осы уақытқа дейін ешкім жауап берген жоқ, - деді  ЖСДП Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат КҮНБОЛАТОВ.


Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен ЖҮНІСОВ жауап бере алмай қиналған мәселені әкім Амандық БАТАЛОВТЫҢ өзі шешемін деп уәде берді. Шенеунік бұл мәселеге қатысты арнайы қызметтік тексеріс жүргізілетінін айтты.

Амандық Баталов білім басқармасын ауызша ғана сөккенше бұл сауалды облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, қазір "Жетісу" кәсіпқой футбол клубының директоры боп жүрген Серік МҰҚАНОВҚА қойса артық болмас  еді. Себебі, стадионға жанкүйерлерді тарту бастамасын кезінде Серік Мейірханұлы да құптаған болатын. Оған түрткі болған ел чемпионатында  "Жетісудың" матчына жиналатын жанкүйерлердің тым аздығы еді. Мәселен, былтырғы маусымда жергілікті клубтың үйдегі ойындарын небәрі 17 мың 300 адам тамашалаған. Яғни, әр матчқа мың жарым адам жиналған екен. Бұл - ел чемпионатындағы ең төменгі көрсеткіш. Әрине, клуб басшылығы үшін  премьер лигадағы 5500 адам ғана сиятың ең кішкентай стадионға адам жинай алмаудан асқан проблема жоқ шығар, кім білсін?! Ал, қай салада болмасын үздіктер қатарынан көрінгісі кеп мақтануды әдетке айналдырған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен оның командасына бұл үлкен сын. Айтпақшы, ертең "Жетісу" өз алаңында Павлодардың "Ертісін" қабылдайды. Ұстаздар мерекесінде аталған матчқа мұғалімдер келіп жатса тек өз еркімен келетін болар.


Оқи отырыңыз: 1) Алматы облысы Беларусь елінен озып кетті 

                         2) Қазақ балуандары күресе алмайды 


Фото: sportx.kz


Мақала авторы:

Ербол Ілияс

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.