Қазақстан мен Швейцария су ресурстарын пайдалану бойынша әріптес

Асмира Ермекқызы - 09.09.2019261

Қазақстанның ғана емес, күллі дүниежүзінің ауыл шаруашылығында судың атқарар ролі ерекше. Су болғанда оның егістік алқаптар үшін маңызды екені айтпаса да түсінікті ғой, біз айтып отырған маңыздылық – бір елді кесіп өтіп, келесі елге шығатын, тіпті бір өзі бірнеше елді басып өтетін өзендер жайы. Міне, ауыл шаруашылығы саласындағы судың маңызы дегенде ең алдымен осы мәселе еске түседі.

Бұрындары бұл мәселе көп қозғала қоймайтын. Өйткені, онда алдымен тұтынушылық азырақ болды, экология мәселесі қазіргідей көп туындай қоймаған. Сол себепті, елдер арасында суға талас көп байқалмайтын. Ал қазір жағдай мүлде басқа. Су үшін жан алысып, жан берісіп, жаға жыртысып жатпаса да елдер арасында бұл мәселе төңірегінде жиі-жиі келіспеушіліктер болып тұрады. Міне, осындай кезде жағдайды ушықтырмай, су мәселесін орнымен шешу халықаралық саясатта аса маңызды жағдай саналады.

Қазақстанға келсек, көршілес елдермен бір ғана Сырдарияны бөліп пайдалану туралы осы күнге дейін қаншама кеңес, қаншама жиын өткізіліп, қаншама сұрақ талқыланды екен. Сырдария басқа емес, ауылшаруашылығының жетекші аймағы саналатын оңтүстік аймақты кесіп өтетінін ескерсек, сонымен қатар сол Сырдың бір емшегін еміп отырған көрші Өзбекстанның ең алдымен ауыл шаруашылығына арқа сүйеп отырған ел екенін алға тартсақ, бұл мәселенің Қазақстан үшін жай әңгіме болмағаны тағы ақиқат. Сыр туралы сөз тек ауыл шаруашылығына ғана емес, экология проблемасында да зор роль атқаратыны белгілі. Айтпаса да түсінікті шығар, Сырдарияның көңіл-күйі Арал проблемасына тікелей әсер етеді. Сыр тоқ болған кездері Арал толып ағатын. Сырдарияны жөнсіз жұлмалаймыз деп жүріп бір кездегі лықсып тұрған алып теңізден айрылдық. Әсіресе Өзбекстан жағы мүлде қуаң далаға айналып шыға келді. Бұған да өзбек ағайындардың Сырдың суын есепсіз пайдалануы себеп болды деп жүр осы күні. Ал, Қазақстан жағы баяғыдай толқып, шалқып отырмаса да әйтеуір теңізден қалған көл бар. Осы күні соны толтырамыз деп күш салып-ақ жатырмыз.

Одан кейінгі өзенге қатысты мәселе Жетісудың бас өзені Ілеге қатысты. Қазақстан шекарасын бір емес, екі рет қиып өтіп, Қытай асып, қайта келетін Іленің азаюы да Балқаштың тартылуына соқтырғаны белгілі. Бірақ, Аралдан аузы күйген ел тез арада дабыл қағып, сонау Совет өкіметі кезінде-ақ мәселені бір жағына шығарғандай болған. Десе де, содан бері Іленің деңгейін сантиметрлеп өлшегендей болып, Қытаймен қаншама кеңес өткізілді. Міне, осындай өте нәзік мәселе көршілес елдер ғана емес, Еуропамен қарым-қатынаста да маңызды. Өйткені, алыс-беріске, инвестицияға қатысты сөз болғанда елдегі экологиялық жағдай, су ресурстары, көршілес елдермен қарым-қатынас мәселесі алдымен ескеріледі.

Осы және өзге де мәселелерге қатысты Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Швейцариядан келген арнайы өкілмен кездесу өткізіп, Қазақстанның су ресурстарына қатысты ұстанып отырған саясаты мен қарым-қатынасы жайлы әңгімеледі. Швейцария даму және ынтымақтастық агенттігінің арнайы өкілі Гий Бонвэнмен өткен әңгіме барысында қос тарап 2019 жылғы 5-6 қыркүйекте елордада өткен «Орталық Азиядағы су мәселелері жөніндегі диалог: Ұлттық деңгейден жалпыаймақтық деңгейге» тақырыбындағы екінші Орталық Азия сараптамалық форумының қорытындыларын тілге тиек етті. Сонымен қатар Орталық Азиядағы су ресурстарын дұрыс пайдалану, яғни, су ынтымақтастығы мәселелері төңірегінде де біраз талқылау өткізді.

Швейцария даму және ынтымақтастық агенттігінің арнайы өкілі Гий Бонвэн алдымен жоғарыда аталған «Орталық Азиядағы су мәселелері жөніндегі диалог: Ұлттық деңгейден жалпыаймақтық деңгейге» форумына тоқталып, оның ұйымдастырылу сапасына жоғары баға берді. Оның ойынша бұл Қазақстанның суды тиімді пайдалануды реттеу бойынша атқарып отырған бірінші шаруасы емес. Ол Қазақстан Республикасы үкіметінің бұған дейін де Орталық Азиядағы суды бірлесіп пайдалану бойынша жүргізіп отырған саясатына да жоғарғы баға берді.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко өз кезегінде бұл мәселенің, яғни, форумда сөз болған Орталық Азиядағы су мәселелері жөніндегі диалогтардың маңызы зор екенін атап өтті. Ол Қазақстан тарапы бұған дейін де бұл төңіректе талай шаруаға арқау болғанына тоқталып, осы мақсатта тек көршілес елдермен, Орта Азия елдерімен ыгтымақтасып қана қоймай, бұл мәселеге Еуропалық Одақпен, одан өзге де кез келген серіктес елдермен бірлесе жұмыс істеуге бейіл екенін алға тартты. Вице-министр бұл тарапта Қазақстан үшін Швейцариямен байланыстың да орны ерекше екенін айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арал мәселесін алға тартып, Аралдың тағдыры бір Қазақстанға ғана емес, арысы күллі әлемге, берісі Орталық Азия елдеріне әсер ететінін айтып, бұл төңіректе былтыр тамыз айында Түркіменбашыдағы Халықаралық Аралды құтқару қорының саммитінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын тілге тиек етті.

Кездесу барысында Гий Бонвэн Швейцария тарапының Қазақстанмен бұдан былай да ынтымақтастыққа дайын екенін айтып, бұл төңіректе атқарылып жатқан кейбір шаруаларды атап өтті. Ол Швейцарияның «Blue Peace Central Asia» бастамасы аясында Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясымен бірлесе атқарылып жатқан жоба туралы айтып өттіү Бұл жобалар алдағы уақытта өз жемі сін береді деп сенеді шетелдік өкіл.

Фото: mfa.gov.kz

Мақала авторы:

Асмира Ермекқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.