Жем-шөп дайындаудың Қазақстандағы озық үлгісі

Қайсар Қауымбек - 02.09.2019287

Алып аумақты алып жатқан Қазақстан үшін ауылшаруашылық саласының халық өмірінде алатын орны айтарлықтай ерекше. Әсіресе ата кәсіп мал шаруашылығы, ұлттың икеміне де, елдің игілігіне де, жұрттың оң жамбасына келетін жұғымды сала. Тарихи тәжірибемізге сүйенсек, малдың басы аман, өнімі мол, күйлі болуы үшін оларға қажетті күтім де жақсы болуы керек екенін көрсетеді. Яғни бұрынғыдай мал шаруашылығын бір әулетті немесе  айналасындағы ауылды ғана асырау үшін емес, алыс жақын шетелдерге де шығарып күллі Қазақстанды қамтуды көздейді. Демек, етті және сүтті малшаруашылығын сапалы жем-шөпсіз дамыта алмаймыз. Сондықтан да агроөнеркәсіптік кешенде төрт түлікке азық дайындау өте маңызды істердің бірі саналады. Осы орайда, қазақстандық кәсіпкерлердің қыстық кезеңге қалай қамданып жатқанына, сонымен қатар ірі-қараға арналған рацион жайлы зерттеу жүргізіп көрелік.

Шаруашылық кәсібі берекелі нәсібі болған шаруалар, мамандар арасында сүт пен ет көлемдерін арттыру, өнімдерді жақсарту, малдың денсаулығына ақау келтірмеу жайлы мәселелердің шешімін тауып, сапасын жақсарту жиі айтылып жатады. Десек те, төрт түліктің сапалы азықтануы арнайы бекітілген рационға да байланысты екендігін ескеруіміз қажет. Бұлай деуге толық негіз бар. Себебі малшы қауым төрт түлікті дұрыс әрі уақытылы, қуатты жем-шөппен азықтандырса, онда міндетті түрде өнімділік жоғарылайды. Нәтижесінде түсетін табыс молаяды. Сондықтанда әлемнің әр бұрышындағы іскер жандар, көп жылдық зерттеу нәтижесіне жүгіне келе жануарларға жем-шөп әзірлеуді бірінші кезекке қояды. Осы орайда, айта кетейік, биыл елімізде қысқа қамдану жұмыстары ойдағыдай сәтті жүргізіліп жатыр. 

Мамандардың айтуынша, биылғы ауа райының қолайлылығы шөптің шығымы мен шабыстықтың түсемі өткен жылдармен салыстырғанда бір жарым есеге көп деседі. Жаңбырсыз ашық күндердің арқасында күніне 200 тоннаға дейін шөп дайындауға сеп болып жатқан көрінеді.

Мемлекеттің қолдауы мен кәсіпкерлердің селбесуінің арқасында алдағы уақыттағы, қолданылмайтын және қалыпқа келтірілген жерлерге байланысты жасылдандырылып, жақсы жаққа қарай ілгері жылжу болмақ. Яғни 2021 жылға дейін Қазақстандағы шабындық аумақтың көлемі 4,4 млн гектарға артпақ. Бұл 2022 жылға қарай 27 миллион тонна азық әзірлеуге мүмкіндік береді. Оның 2,5 миллион тоннасын қоспа жем құрайтын болады. Сонымен қатар мол өнімді жинауға жоспар жасап, дайындықты арттырғанмен артық өнімді ысырапқа жібермей, күзгі жаңбыр мен қысқа қарға қалдырып шығынға ұшырамас үшін де артық өнімге артық қамбалар, қоймаларды да салу күн тәртібінде тұрғаны абзал. Жиналған өнімді қажет уақытына дейін сақтау үшін міндетті түрде қоймалар тұрғызу қажет. Заманауи жабдықталған нысандар азықты ұзақ уақытқа дайындауға мүмкіндік береді.

Ірі қара малды азықтандыру бойынша мамандардың тәжірибесіне сүйенсек, көп дүние рационға байланысты көрінеді. Әсіресе сүт өндірісінде жоғары көрсеткішке жетуде, жетістігің 70 пайыз үлесі дұрыс құрылған және дұрыс дайындалған жем-азыққа байланысты екен.

Заманның қарқынды дамып, жаңа технология мен мүмкіндіктердің пайда болуына байланысты сүт өндірісіндегі жануарлардың рационын да заманауи қылу қажет. Өнімнің тамырына кас сұйықтығы деп аталатын минералды тыңайтқыш сіңіру арқылы өсімдіктерді зиянкестерден қорғап, тезірек бой көтертуге болады. Малға берілетін азықта протеин мөлшері көп болғаны жақсы. Себебі, сиыр сүтті өзі өндіріп, өңдеп шығаратын комбинат. Ол үнемі дұрыс, қалыпты азықтанғаны жөн. Сонда сүт көп әрі құнарлы болады. Соған орай  сиырдың салмағына, жасы мен тұқымына қарай сай етіп шөп, сүрлем, құрама жем мен күнжара беру сүт өндірісінде ең оңтайлы тәсіл десек те болады.

Қыстың қамын жаз ойла демекші, мал азығын уақытында, шөптің құнарланып піскен кезінде шапқан абзал. Сонымен қатар өнімді дайындау үшін тегеурінді техниканың атқаратын орыны да айтарлықтай аса маңызды. Онсыз сапалы азық дайындау мүмкін емес. Мысалы, қазір әлемге әйгілі, қолданыста өте ыңғайлы батыстық комбайндар. Ол ору кешендері істі сапалы әрі жылдам атқарады. Кешенді көліктер арқылы ең алдымен шөп шабылады. Ол дестеге түседі, өнімді бірден жинауға болмайды. Қызып, бөлініп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан да шаруалар оның кепкенін күтеді. Кейбір кездері азық ұзақ уақыт дегдиді. Мұндай сәтте арнайы құрылғы пайдаланылады. Ол дестені жан жаққа аздап шашады. Сонда шөп тез кебеді. Кейін іске дестелеуші кіріседі. Агрегат малға берілетін азықты ұсақтап бір бума етіп жинайды. Нәтижесінде ол төрт түлікке сіңімді болады. Шабындық жұмыстары кезінде шөп орап тасталынады. Сонда суға тимей, күнге күймей сақталады. Сүрлеме пішендеме полителен қапшықтарымен қапталып арнайы орындарға жеткізіледі. Мұның бәрі бірнеше сағаттың ішінде жүзеге асады. Ешқандай қиындығы жоқ. Энергия мен уақыт үнемдеуде зор үлесі бар. Бірақ бір әттегенайы, сапасына қарай құны дегендей мұндай техникалардың бағасы қымбат. Сондықтан да оларды ірі шаруашылықтар ғана сатып алады. Ал орта және ұсақ құрылымдар, өнімділігі төмендеу отандық көліктерге таңдау жасауына тура келеді. Алайда фермер мемлекет қолдауына жүгініп, инвестициялық субцидия бойынша қажетті техникаларды сатып алуына мүмкіндігі бар. Яғни «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында «Технологиялық жабдықты және құрастыруды қажет ететін арнайы техника» жобасы арқылы шаруалар жетіспей тұрған техинкаларына қол жеткізуіне болады.

Мал шаруашылығы өнімдердің, яғни, етті бағыт болсын, сүтті бағыт болсын сапасы мен көлемі 30 пайыз жануардың генетикасына, 10 пайыз күтімге, ал 60 пайыз азықтандыруға байланысты. Бұл аграрлық салада көп жылдан бері еңбек етіп жүрген халықаралық сарапшылардың айтып отырған пікірі. Шөптің сапасы мен көлемі сиырдың өнімділігіне тікелей ықпал етеді. Себебі оның бойында ағзаға аса қажетті дәрумендер бар. Ал сол пайдалы заттар бірнеше факторға байланысты өзгереді. Біріншіден өсімдіктің түріне, екіншіден өсім қарқынына қарай ауысып тұрады. Тағы азықты сақтау мен кептіруде сапаға әсерін тигізеді. Сүрлемнің орны бір бөлек. Ол төрт түліктің тәбетін ашады. Асқорытуды жақсартып зат алмасуды қалыпты деңгейде ұстайды. Сондықтан да мұндай дүниені үнемі рационға қосқан жөн.

Комбикорн, яғни, құрама жем аталатын, мал сүйсіне жейтін заманауи өңделген тағы бір азық түрі бар. Ол азықты ірі-қара малының асқазаны оңай қорытады. Есесіне тәуір салмақты арттырады. Сонымен қатар сүттің де майлылығын өсіреді.

Құрама жем дайындау зауытының бас инженері. Александр Капустянский құрама жем туралы былай дейді:

- Тәуелсіздік алғаннан кейін көп дүниеден айрылып қалдық. Бәріміз білетіндей 90-шы жылдары барлығы құлдырап кетті. Ал қазір біртіндеп қалыпқа келіп жатыр. Мал басы артып, өнім нарыққа шыққаны көңіл қуантады. Үкімет тарапынан қолдау мығым. Осы көмектің арқасында ауылшаруашылығы биік белестерді бағындырды. Қытайлық демеушілеріміз де бар. Олар бізде зауыт тұрғызды. Мұнда жергілікті шаруалардың өсірген өнімдері қабылданып, өңделіп, аспан асты еліне экспортталады. Қазақстандық астық инвесторларға ұнайды. Алдағы уақытта фермерлермен әріптестікті арттырамыз, - дейді.

Сүт шаруашылығында да құрама жемнің өзіндік орны айрықша. Ол ақтың өсіміне өз үлесін қосады. Мысалы, бір сиырдың рационына заманауи азық түрі енгізілген делік. Онда бұл жануар бес бірдей тұяқтың берген өнімін бере алады. Қысқаша айтар болсақ комбикорм сүттің мол сауылып, өндірістің өркендеуіне игі септігін тигізеді. Осылайша өнімнің бәсекеге қабілеттілігі артады.

Осындай тиімді мүмкіндікті көріп,  құрама жемнің пайдасын түсінген көптеген шаруалар қазіргі уақытта оны үйлерінде әзірлеп жатыр. Бүгінде әрбір шаруада шағын ұсақтағыш құрылғы бар. Фермалардан да жигі кездестіруге болады. Олар сол құрылғыға азықты салып үгітіп алады. Яғни өздерінше комбикорм дайындайды. Алайда қарапайым шарулар құрама жемге біз жоғарыда атаған зауыттағыдай биологиялық қоспаларды қоспайды. Басты айырмашылығы осы екен. Деседе негізінде ұсақталып туралған кез-келген өнімді мал сүйсіне жейді.

Шаруашылықтар сатып алып жататын импортталған құрама жемнің орташа бағасын айтар болсақ, 25 кг өнім – 5000 теңге тұрады. Ал отандық тауардың құны әлде қайда төмен. 1 кг азық – 50 теңгені құрайды. Оны елімізде 9 компания өндіреді.

Ғылым алға басты. Қазіргі таңда бізде екі бірдей кисагрегаты бар. Ол өнімді араластырып малға береді. Тағы ұсақтағышты да қолданамыз. Заманауи құрал шөпті майдалайды. Нәтижесінде азық 30 пайызға дейін үнемделеді. Әр жыл сайын төрт түлікке әзірлеген сүрлем пішенделген шөпті ғылыми зерттеу институтына апарамыз. Онда мамандар тексеріп өнімдердің құрылымын, протеин мөлшерін анықтайды. Біз сол анықтамаға сүйеніп қысқы маусымға рацион құрамыз, - дейді агроном Ерұлан Қажыбаев.

Әрине, қай кезде болсын, мейлі қай салада болсын өнімлілікке қарай ілгерілеу, даму қажет екені рас. Ол үшін Қазақстан заман игіліктеріне талпынғаны дұрыс яғни тың технологияларды техникаларды пайдаланып сапалы шөп, сүрлеу мен пішендер  әзірлеу қажет. Дәрумендерді де микроэлементтерді де назардан тыс қалдырмаған жөн. Олар өнімділікті арттыруға айтарлықтай үлес қосады.

Қазақстан аумағындағы бордақылау, сүт фермалары секілді жем-шөпті үнемі қажет ететін өндіріс орындарының сұранысына сай жемазық өндірісін дамыту үшін суармалы жерлердің аумағын арттыру қажет. Бұл іс қазіргі таңда елімізде қарқында түрде жүргізіліп жатыр. Бүгінде арнайы күтіп-бапталатын аумақтардың негізгі бөлігі Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан. Нақтырақ айтсақ танаптың 38 пайызы Түркістан, 29 пайызы Алматы, 14 пайызы Қызылорда және 8 пайызы Жамбыл облысына тиесілі. Әрине, агробизнес саласында алдына үлкен мақсат қойған біздің ел үшін мұнымен тоқтап қалуға әсте болмайды. Болашақта еліміздің ауылшаруашылық министрлігі республиканың солтүстігінде де аумақтарды суаруды жоспарлап отыр. Мұндай бастама өндірісті өркендетері сөзсіз.

Қазіргі таңда еліміздегі суармалы алқаптардың көлемі 1,4 миллион гектарды құрайды. Міне, осындай жерден өсімдік шаруашылығындағы жалпы өнімнің 42 пайыз бөлігі жиналады. 2021 жылға дейін арнайы күтіп бапталатын аумақтарда            600 мың гектарға арттыру жоспарланып отыр. Мұның нәтижесінде Қазақстандағы сурармалы танаптардың жалпы ауданы 2 миллионға жетпек.

Енді тоқсан ауыз сөздің тоқ етер тобықтай түйінін шығарайық. Жануарлардың өнімділігі шаруашылықтың азықтық қорына тікелей байланысты. Егер де төрт түліктің рационы әруақытта да құнарлы жем шөптен тұрса онда өнімде сапалы әрі мол болады. Мұны біз жоғарыда да айттық. Сонымен қатар өндіріс саласының тиімділігі артады. Себебі азыққа байланысты шығын көлемі кем дегенде 50 пайызға қысқарады.

«Малым - жанымның садағасы» демекші, халықтың әл-ауқаты артуы үшін – төрт түлік малының күй-жайы, шем-шөбі мол болуы қажет екені анық.

Фото: jasqazaq.kz



Мақала авторы:

Қайсар Қауымбек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.