Пилоттық жоба: Жеке қосалқы шаруашылықты қолдау

Оралхан Дәуіт - 18.09.2019208

Осыдан бір жарым жыл бұрын үкіметте кооперативтер құруға байланысты жұмыстарды ауылшаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев «саны бар, сапасы жоқ» деп сынағанда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бұған біраз қарсы дәлелдер келтірген болатын.

Сонда сол кездегі үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаев «Жақсы, Асқар Исабекұлы, өзіңіздің ойыңызды Жамбыл облысында үлкен дәрежеде көрсетіңіз. Бәріне үлгі болсын» деген еді. Міне, содан бері Асқар Исабекұлы басқа облыстарға үлгі болатын, ең бастысы ел-жұртқа шынымен пайдасы тиетін жобалармен бел шешіп айналысқан сияқты. Осы аптадағы үкімет жиынында ауылдарда жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау арқылы Жамбыл облысының тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны іске асыру жолдары қаралды. Яғни, үкімет мүшелері Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов дайындап алып келген жобаны арнайы талқылады.

Жасыратыны жоқ, біздің министрлер мен әкімдер ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағытында талай-талай тәтті әңгімелер айтқанымен, жеке қосалқы шаруашылық мәселесі көбінесе тасада қалып кете беретін. Жеке қосалқы шаруашылық дегеніміз үйдің іргесіндегі бау-бақша ғой. Шамасы «қосалқы» деген сөздің өзі бұл шаруашылықты кішірейтіп, көзге де ілінбейтін, тіптен, жеңіл-желпі дүние сияқты көрсететіні анық. Ал, бірақ, шынында еңбек етіп, табыс табамын деген адамның алғашқы қадамы осы бау-бақшадан басталып, оның іскерлігі сол кетпен мен күректі қалай ұстауымен сыналмай ма? Міне, осы күні Асқар Мырзахметов жұрттың бақытын осы бау-бақшадан іздеп жүр.  

- Ауыл тұрғындарының табысын жақсарту үшін қосалқы шаруашылықтарды қолдауға бағытталған мақсатқа мемлекеттік саясат қажет деп санаймын, - деді Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов үкімет жиынында. - Ауылды жердегі халықты жаппай жұмыспен қамтудың бірден бір жолы – ол қосалқы шаруашылыққа қолдау көрсетіп, дамыту. Талдау көрсеткендей, қосалқы шаруашылықтар өндіріс пен табыс көзі екенін көрсетіп отыр. Облыстың жалпы ауылшаруашылық өнімінің 43 пайызын, ал сүт пен еттің 60 пайызын осылар өндіреді. Бұл мемлекеттік қолдаусыз.

Жалпы алғанда Жамбыл облысындағы халық саны 1 миллион 125 мың болса, олардың 60 пайызы, яғни 680 мыңы ауылда тұрады. Оның ішінде, еңбекке жарамдысы 328 мың адам. 177 мың адамның белгілі дәрежеде тұрақты табысы бар. Ал, қалған 151 мың халық әлеуметтік төлемдер, маусымдық жұмыстардан, қосалқы шаруашылық есебінен күнкөріс кешуде. Енді осы пилоттық жоба жүзеге асатын болса жыл сайын 35-37 мың адам жұмыспен қамтуға болатын көрінеді.

Асқар Исабекұлының айтуына қарағанда алдымен облыстағы барлық елді мекендегі 138 мың аула толық зерделеніпті. Нәтижесінде бір үйдің ай сайынғы қосалқы шаруашылықтан орташа табысы 25-30 мың теңгені құрайтыны анықталған. Сонымен бірге, айына 500 мың теңге тауып отырған қосалықы шаруашылықтар да бар. Табыстың төмен болуының себебі – негізінен орталықтандырылған сатып алу, сақтау, алғашқы өңдеу, тасымалдау, керек материалдық-техникалық жабдықтау, жем-шөптің жетіспеушілігі, қолжетімді қаражаттың жоқтығы.

Сондықтан Жамбыл облысының әкімі халықтың тұрмысын жақсарту үшін үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалануды, үй ауласында мал және құс өнімділігін арттыруды, ауыл сыртындағы пайлық үлес жерлерді ұтымды пайдалану, сол арқылы жем-шөп, жайылым мәселесін шешуді, қосалқы шаруашылықтардың тиімділігіне қол байлау болып отырған мәселелерді кооперативтер арқылы шешу және ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыруды ұсынады. Осы 5 бағыт бойынша жалпы құны 46,4 млрд. теңге көлемінде 31 мыңнан астам жобаны іске асыру мүмкіншілігі анықталып отыр. Осының нәтижесінде 131 мың отбасы немесе 600 мыңнан  астам адам айына орташа есеппен 128 мың теңге көлемінде тұрақты табыспен қамтылады. Бұл бүгінгі деңгейден 4 есе жоғары. 68 мың өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкерге айналады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 34 пайызға, сүт пен етті қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 30 пайызға артпақ. Және жаңа өңдеу кәсіпорындарын құруға мүмкіндік ашылады. Ең бастысы, ауылдағы үй іргесіндегі және пайлық жерлердің тиімділігі артады.

«Осылайша жобаның ауқымын және қаржы мәселесін ескере отырып, бірінші кезеңде, биыл әр ауданнан бір ауылдық округта бастауды ұсынамыз, жалпы саны 10 ауылдық округ 23 елді-мекен. Бұған 7,2 миллиард теңге қажет. Ал, екінші кезеңде, 2020-21 жылдары қалған 143 ауылдық округке 39,2 миллиард теңге қажет болады» дейді А. Мырзахметов.

Үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бойынша 10 пилоттық округтердегі 7 мыңнан астам аулада 1117 гектар үй іргесіндегі жерлер бар. Олардың 853 гектары әр түрлі деңгейде пайдалануда, соның ішінде 157 гектарына өнімділігі өте төмен жоңышқа егілген. Ал 264 гектар немесе 24 пайызы игерілмей жатыр. Бұған қоса қолданыстағы жердің де өнімділігі өте төмен. Себебі,  сапалы тұқым, тыңайтқыштар мен пестицидтер қолданылмайды және өнім бір-ақ рет  алынады. Енді жоба аясында кооператив есебінен тиімді дақылдардың сапалы тұқымымен, пестицидтер және тыңайтқыштармен қамтамасыз етіледі. Және дақылдар екі айналымда егілетін болады. Бұның бәрі әр ауылдық округтың табиғаты, жері, суы ескеріле отырып саналды. Ол үшін  298 тонна тұқым, 715 мың көшет, 3,7 тонна пестицид, 164 тонна тыңайтқыш сатып алынады. Бастама ретінде 76 отбасылық жылыжай салынады және сумен қамтуға қатысты жұмыстар жүргізіледі. Технологияны сақтау үшін ауылдық округтер агрономмен қамтылады. Нәтижесінде өнімділік 2 есеге, өнім көлемі 3 есеге артатын болады.

Ауладағы мал шаруашылығы, оның да тиімділігі аз. Небәрі аулалардың 56 пайызында ғана мал бар, бірақ өнімділігі өте төмен. Бұның бірден-бір себебі жем шөптің, жайылымның жетіспеуінде және рационның құнарсыздығында. Қосалқы шаруашылықтың бұл бағытының тиімділігін көтеру үшін, аулалардың мүмкіншілігін ескере отырып, 44 мың мал-құс сатып алынбақ. Қолдағы және сатып алынатын мал-құсты тиісті жем-шөппен қамтамасыз ету үшін, тұрғындардың ауыл сыртындағы пайлық жерлері пайдаланатын болады. Осылайша барлық бағыттар бойынша шынайы тірліктер атқарылмақ.

Әзірге әр ауылдық округте 10 пилоттық көпсалалы кооперативтер тіркеліпті. Әрбір кооператив жұмыс істеп тұрған 13 қайта өңдеу кәсіпорнына байланатын болады. Жобаны іске асыру үшін ауыл шаруашылық басқармасының штаттық саны 18 қызметкерге көбейтілген.

Мырзахметовтың бұл бастамасы ел ішінде де қызу талқыланып жатыр. Осы көктемнен бері облыс әкімі ауыл-ауылдарды аралап, әңгіме арасында жамбылдық дүнгендердің тұрмыс-тіршілігін мысалға келтіріп, ауылдағы ағайынның намысын қайрап, санасын жаңғыртуға тырысып жүргені рас. Шынында ежелден еңбекқор дүнген халқы алдындағы алақандай жерден көл-көсір табыс тауып, отбасын асырап отыр. Ал, бұл бастама мал емген қазекемдерге қаншалықты оң келеді? Ауылдағы ағайын алдындағы бау-бақшаның қадірін түсініп, оны байлығым, бағым, несібем деп есептей ме? Сондықтан алдымен түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет сияқты. Әрине, Мырзахметовтың баяндамасына сенсек, бәрі керемет. Содан да болар бұл жобаны үкімет басшысы Асқар Мамин бірден қолдады. Сөйтіп ауыл шаруашылығы мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне қыркүйек айының соңына дейін пилоттық жобаны іске асыру тетігін қарауға енгізіп, сондай-ақ жарияланған көрсеткіштерге уақытылы қол жеткізудің тиісті бақылауын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен, Асқар Мырзахметов тағы бір бастаманы қолға алды. Нәтижесі де жаман болмайды деп үміттенеміз.

Фото: zhambylnews.kz

Мақала авторы:

Оралхан Дәуіт

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.