Ербол Теміров. Сайқал

Сайт Әкімшілігі - 04.10.20191199

Өзі өз болып, көйлегі бөз болып, адам санатына іліккен Азат бала күннен бір көруді армандаған Ару қала Алматы, жас сұлудай жасанған, көркімен көз арбаған шаһарға келіп, жұмыс істеймін деп үш ұйықтаса түсіне де кірмеген еді.

Өр Алтайдың баурайындағы шағын ауылда туып, кәмелеттік жасқа келгенде бар жеткен «жетістігі» – талайдың сорына айналып, біреудің бағын жандырған «ҰБТ» атты қорқынышты пәледен оңбай құлаған еді. Әке-шешесінің қарғап-сілеуіне қарағанда өзі де мектепте дұрыс оқып, оңдырмаған ғой?! Енді қайтеді? Әкеге қолғанат болар, тұла бойы тұңғыштары емес пе? Қорадағы төрт-бес Зеңгі бабаның жаз шөбін шауып, қыс қиын тасып жүргенде оқуды мандытып оқығаны шамалы. Енді келіп, тестілеуден сүрінгенін көрмейсің бе? Облыс орталығына барып, ақылы оқуға түсем деуге қайбір шекелері шылқып отыр? «Қалған есіл ғұмырым ауылда сиырдың құйрығын бұраумен өте ме?» деп қайғырып отырғанда құдайы көршісі Базарбайдың өзінен үш-төрт жас үлкен ұлы Самат ауылға келе қалмасы бар ма?  

Мұны көргенде: «Әй, қалқан құлақ, ҰБТ-дан сорлап қалып,  настроениең нәскиіңе түсіп кетіпті ғой» деп жырқ-жырқ күлді. Қапелімде  қайтарар сөз таба алмай, бүгежектей берді. 

– Не ойың бар? – деді Самат онысымен қоймай.

– Не істеуші ем? Келесі жылы бір жөні болар, - деді бұл да аузы салпиып.

– Олай болса, мен саған бір «тегін» ақыл айтайын, - деді Самат мұның қалқиған құлағына төне түсіп. Бұл да «Осы не айтар екен?» деп, демін ішіне тарта қалды.

– Сен менімен бірге қалаға барсаңшы. Келесі жазға дейін бір жыл бойы жұмыс істеп, ақша табасың. Сосын, қалаған оқуыңа түсесің. Әлгі грант алу үшін де қалтаңда сықырлаған көк теңгең немесе көк тіреген нән көкең болмаса түсе алмайтының бесенеден белгілі емес пе?

– Жұмыс? Қандай жұмыс?! – деп селт ете қалды Азат.

– Соншалықты ауыр жұмыс емес! Қорықпа! Стройкаға тығайын деп жатқан жоқпын. Қалада жігіттермен бірігіп, фотоаппарат алдық. Жаз бойы орталық паркте туристерді суретке түсіріп, ақша табасың. Қала берді, «Қазақтың тойы бітпесін» деп той-томалақта моментальный фотоға шығасың. Қалай идея? Ұнай ма?

– Ұнауын ұнайды ғой? Көкемдер жібермесе қайтемін? – деп күмілжіді бұл тағы да.

– Саспа! Ол жағын өзім қатырамын! Әкең үйде ме еді? – деп, аузын жиып болған жоқ, қарағайдан қиған ағаш үйдің ішінен әкесі шыға келді.

Самат мұның әкесін көрген бетте «Асса-а-алаумағалейкум» деп дауысын әндете созып, қос қолын ұсынды. «Бұл қайсың, ей?!» дегендей көкесі көзін сығырайтып қарап, аузы жыбырлап, «Әліксалам» дегенді әрең айтты.

– Танымадыңыз ба, Қазтай аға? Мен ғой, көршіңіз Саматпын.

– Ә-ә-ә! Сені қалада деп еді ғой! Елдің амандығын білуге келдің бе? – деп көкесі Саматтың үй-ішінің, мал-жанның амандығын сұрап, қауқылдай бастады.

– Иә, бір-екі күнге келіп, қысқы шөп пен отынның ақшасын әкеп берейін дегенмін ғой.

– Оның жақсы екен! Әйтпесе, анаң байғұсқа жалғыз өзі қиын ғой! Сені өсіріп, жеткізгеу үшін қандай қиындық көрмеді? Енді өзің де анаңа демеу болып, қолын ұзартып отырсың! Жарайды, жарайды, - деп көкесі Саматтың ісін құптап, шоқша сақалы селдіреген иегін селкілдете берді.

– Қазтай аға, Азатты менімен бірге қалаға жіберсеңізші. Оң-солын танып, аз-көп болсын ақша тауып, тірлік қылар еді, - деді Самат қарап тұрмай.

– Іһм! Бұл өзі сен сияқты пысық та емес, ерке өскен болбыр ғой Ертең бірдеңеге ұрынып, ұятқа қалдырып жүрмесе, - деді мұның көкесі желкесін қасып.

– Қорықпаңыз, өзім бас-көз боламын ғой! Маған сенсеңіз болды, - деп Самат та безек қақты.

– Жарайды, қалағандарың болсын! Ол да жөн шығар! Азамат болып, ел араласын! «Атың барда жер таны желіп  жүріп, ағаң барда ел таны еріп жүріп» деп бұрынғылар бекер айтты дейсің бе?! – деп Қазтай ұлының талабын құптай жөнелді.

Манадан бері «енді не болар екен?» деп іші қыпылдап тұрған Азат қуанғанан екі санын шапалақтап, секіргісі келіп кетті. Бірақ, олай істеуге болмайды. Жас бала емес, жеке куәлігі бар егемен елінің кәмелетке келген азаматы емес пе? Әкесі берген сөзінен айнып қалар ма дегендей, үйге кіріп, сапарға алар оны-мұны заттарын жолдорбасына нығарлап, сала бастады.

Ауылдан жолға шыққанға дейін әке-шешесі бірдеңені сылтау етіп, қалаға жібермей,  алып қала ма деп қорыққан Азат Өскемен-1 вокзалынан Екінші Алматы темір жол бекетіне жеткенде ғана көңілі орнына түсіп, бір «Уһ» деді. Ауасы  қапырық плацкарт вагоннан бір топ жолаушымен перронға топ етіп, сырттағы үлкен шаһардың гуілдеген тіршілігіне күмп етті. Темір жол вокзалының алдындағы алаңда тұрған тас тұлпардың үстінде қаққан қазықтай қақиып отырған Абылай ханның оң қолымен нұсқап тұрған бағытын бетке алып, оның өзі аттас көшеге түсіп, қаздаңдай жөнелді. Одан келіп, өз есімін өзіне ұран қылған, қалмақтың ханы Ағанасты Таушелек пен Жалағаштан түре қуған, тарих сабағында ерлігіне тамсанған, Алматының өз тұрғындары әлі күнге дейін Ташкентский тракт деп атап жүрген,  Райымбек батыр даңғылындағы құжынаған халықпен араласып, Тастақтағы Самат айтқан мекенжайды әрең тапты. Бауырлас Түркия елінің сегізінші президенті Тұрғыт Өзалдың атындағы көшенің бойындағы сығылысқан жер үйлердің жанындағы жаман құжырада  Саматпен бірге тағы да үш жігіт тұрады екен. Азаттың ештеңемен қақ-соғы жоқ, ауылдан шыққан түбіт мұрт жас бала екендігін көрген олар да мұны еш түртпектеп, орынсыз әзілмен қажаған жоқ. Бар болғаны жақын жердегі дүкенге жүгіртіп, анасының жан қалтасына тыққан аз-мұз тиын-тебеніне сыра алдырып, Азаттың қалаға келгенін жуған болды.

Ертеңгі күні ол Саматпен бірге еріп, орыс әдебиетінен оқыған «Челкаш» пен «Изергиль кемпір» хикаяларының авторы, түбін қусаң Пешков, лақап тегі Горький болған орыстың революционер жазушысының атын иеленген орталық паркке келді. Кеше барған бетте  Самат мұның қолына объективі жарқ-жұрқ еткен «Canon» фотоаппаратын ұстатып, онысының тілін біраз үйреткен еді. Бүгіннен бастап, саябақтағы өзі құралпы, тіпті бірер жас кіші балалармен бірге паркке келген адамдарды суретке түсіріп, бағын сынап көрмек. Азаттың алғашқыдан байқағаны жас фотограф балалар әбден әккіленіп, ыслып алғған екен. Алыстан адам көрінсе, жүгіріп барып, қолындағы аппаратын шырт-шырт еткізіп, үстіндегі түймесін басып қалады да, дереу «Әпше, қараңызшы, міне, керемет шығыпты» деп қаланың у-шуынан демалып, суға сүңгуге келген қыз-келіншектерді майлы ішекше айналдырып жібереді. Жанындағы тағы біреуі жасанды гүлдерден құралған дестені әлгілердің басына жапсырып әуре боп жүргені.

Азат болса, алғашында жайлаудан жаңа алдырған, бас білмейтін жылқыдай тосырқап жүрсе де, бірте-бірте бұған да бойы үйреніп, серуендеушілердің жолын кес-кестеп, суретке түсіре бастады.  Күніге тапқан төрт-бес мың теңгенің тамақтан артылғанын Саматтың қолына санап береді. Самат бұған «алсаң ал, алмасаң өзің  өзің біл» дегендей  мың теңгелік жалғыз жапырақты ұстатып береді.

Осылайша, бір айдай уақыт жұмыс істеп тапқан ақшасын ауылға сәлемхат етіп жіберген Азат күндегісінше саябаққа келіп, көзге көріненр қара болмаған соң, амалсыздан фотигін шұқылап тұрған еді. Жазғы формадағы екі полицияның жанына жақындап келгенін де байқамады.

– Әй, бала! Бизнес қалай? Жүріп жатыр ма?! – деді аңтарылып қалған Азатқа өктем сөйлеген сержант шенді ботпақ қара біреуі қалтасынан шылымын шығарып жатып.

– Ей, неге үндемейсің? Тілің бар ма өзіңнің? Сақау емессің бе?– деп, жанындағы ұзын тұра лейтенант та бұған мысқылдай қарап қапты.

– Бар! – деді Азат та қатқыл үнмен. – Өзің сақаусың, - деді іштей күбірлеп.

– Олай болса, жаның барда жүгіріп барып, бізге сусын әкеп бер! Күннің ыстығын-ай! Таңдайым кеуіп барады! – деді сержант.

– Ненің құрметіне әперемін?!  Таң атқалы түк тапқан жоқпын, - деп қасарысты Азат. – Аптап күнде шылым шексең одан сайын шөлдейсің ғой, - деді одан соң қарап тұрмай.

– Ей, сен қалай-қалай сөйлейсің өзің?! Мына парк біле білсең біздің территория! Осындағы әр саудагер бізге налог төлейді. Білесің бе? – деді лейтенант Азаттың қолындағы фотоаппаратқа жармасып. –Ақшаң жоқ болса, қарызға ал! Шаруам жоқ!

Озбырлардың кеудемсоқтылығына шыдамаған Азат полицейдің қолын қағып жіберіп, фотоаппаратты жұлқып қалды. Ауылда өсіп, қара жұмыста шыңдалғаны мұндай жақсы болар ма еді? Бойы ғана сорайған неме тұрған орнында тәлтіректеп қалды. Қапелімде сасқалақтап, ерніне жабыстырған сигаретін түсіріп алған сержант келіп, мұның жағасына жармасты. Азат та қолындағы Кэноннан айырылса, бәлеге ұрынатынын сезіп, сержанттың құлақ-шекесінен шынтағымен бір соғып құлатты да алды-артына қарамай қаша жөнелді. Жас баладан оңбай таяқ жейміз деп ойламаған әлгі екеуі «Ұста, ұста» деп ойбайлағанымен соңынан жүгіруге де жарамады. Анадай жерде бұлардың тәжікелескенін байқап тұрған самса сатушы әйелдің жанына барып тұрды.

Азат сол қашқаннан саябақтан алысқа ұзап, жол-жөнекей кездескен көлікке қалтасындағы соңғы ақшасын төлеп, үйге жетті. Мұның түтіккен түрін көріп, бір бәленің болғанын сезген Самат мән-жайды сұрастырғаннан кейін, біраз ойға шомып, шылымын шегіп алған соң Азатқа тіл қатты.

– Саған енді паркке барар жол жабық. Әлгілер сенің қыр-соңыңнан қалмайды. Біз былай істейік. Қаланың шетінде бір кәріс танысым қонақ үй ұстайды. Әзірше сол жерге орналасып, жұмыс істей тұрасың. Кейінгісін тағы көрерміз.

«Басқа салды, біз көндік» дегендей Азат үндеместен келісті.

Қаланың тау бөктеріне жақын шеткі маңындағы үш қабатты қызыл кірпіштен қаланған қонақ үй биік дуалмен қоршалған екен. Үйдің не қасбетінде, не дуалында «Қонақ үй» деген бір жазу жоқ. Азат алғашында «Өзі дуалмен қоршалған, өзінде бір белгі жоқ қонақ үйді жолаушылар қалай табады?» деп ойласа да аса мән бермеді. Кәріс қожайынның әйелі берген бұйрығын орындап, қонақ үйдің ішіндегі моншаны қыздыратын кочегарға қолғабыс беріп, отынын жарып, көмірін салып, күлін шығарып жүре берді. Кочегар Саша ағай да қақ-соқпен жұмысы жоқ, құлағы мүкіс, мінезі ауыр кісі екен. Азатқа бір шаруа тапсырайын десе, бар дауысымен барылдап сөйлейді. Екеуінің жататын орыны қонақ үйдің ішіндегі аядай бір бөлме. Сыртқы тіршілікпен байланысын үзіп, оқта-текте Саматпен ұялы телефон арқылы байланысқаны болмаса, Азат мұнда адам көруден қалды.

Азаттың бар ермегі Алатаудың қарлы шыңдарына дуалдың ішінен көз салып, ақ сәлделі тауларға алыстан сәлем беріп жүреді. Алматының қысқа күні тау арасынан кеш шығып, тым ерте батады. Ақ жауыны селдетіп өткен кезде ғана қара тұман баттасқан ауа райы күрт ашылып, тынысы кеңи бастайды.

Қонақ үйдің иесі Ким деген кәріс Азат пен Саша ағайды ықтырып, өктем сөйлейді. Барар жер, басар тауы қалмаған бұлардың оның былапыт сөздеріне төзбеске амалдары жоқ. Қызу қанды Азат та іштей тістеніп, «Әй, бір оңашада кездессең ғой!» деп тісін қайрап-ақ жүр.

Бірде Азат шаруаның бәрін бітіріп, ішкі ауладағы кеспек ағашқа құйрығын төсеп, күншуақтап отырған Саша ағайдың жанына келіп, жайғасып жатыр еді, қонақ үйдің ішінен үстіндегі көк форма көйлегінің жағасы жыртылған жас қыз жанұшыра шыңғырып, «Ағатайлап» Азаттың артына тығылды. Іле-шала қожайын да көрінді. Қолына ұстаған сыпыртқымен қарсы алдында тұрған Азатты жасқап, қыздың қолынан тарпақ болды.

– Бұныңыз не? Неге тиісесіз оған? – деген зілді дауысқа бұрылған кәріс, Азаттың өзіне төне түскенін байқап, көзі жыпылықтап кетті.

– Сен кім едің-ей? Өлгің келмесе, құйрығыңды қысып, жайыңа жүр! Бұл қаншықтың сазайын қазір-ақ беремін! – деп қолындағы сыпыртқының таяғымен Азатты қақ бастан салып жіберді.

Бұдан әрі шыдап тұра алмаған Азат қожайынды құлақ-шекеден күрзідей жұдырығымен қойып жіберді. Мектептегі сабаққа бармаса да, бокс үйірмесіндегі жаттығуларды қалт жібермейтін бозбала жігіттің жойқын соққысы қожайынды есеңгіретіп жіберді. Ортаға Саша ағай түсіп, араша сұрамағанда Азат әлгінің түте-түтесін шығарар еді. Құр боқса қоқаңдағаны болмаса, барып тұрған сужүректің өзі екен. Көкжалға таланған бұралқы иттей қыңсылап, ініне тығылған суырдай қонақ үйге жып берді. Осы кезде ғана қалшылдап тұрған Азат бір уыс болып бүрісіп қалған қызға назар аударып, қолынан тартып тұрғызды. Жасы өзімен шамалас, түрі қазақтан гөрі өзбекке ұқсас талдырмаш қыздың көздерінен аққан жас бетін айғыздап, түрін бұзып тұр екен. Далада жатқан шлангтан су ағызып, жуындырып, қолына сүлгі ұстатты. Мән-жайын сұрастырса, жақында ғана осы қонақ үйге бөлме жинаушы болып кірген екен. Сарвиноз есімді қыздың тумасы тәжік екендігін білді. Туған жерінде жұмыссыздықтан қашып, осындағы бір ағайындарын паналап келген болса керек. Қонақ үйде жұмыс істеуге сұранған кезден-ақ, қожайынның мұны аш көзімен жеп қоярдай қарағанынан-ақ бір бәленің боларыз сезсе де, амалсыздан жұмысқа тұрған. Тапқан табысының жартысынан көбін, ауылындағы анасы мен бауырларына жіберіп, қалғанын өзінің ішіп-жеміне жұмсаған Сарвиноздың жұмысы анау айтқандай аса ауыр емес екен. Қонақ үйде жолаушы жатып шыққан бөлменің ішін тазалап, кір жаймаларды ауыстырады, олардың орнына тазасын жаяды. Алдында ақталып тұрғандай сөйлеген қызды аяп, кеудесіне өксік тығылғандай болған Азат ішке ентелеп кірген полиция патрулін байқап, орнынан атып тұрды. Ұрыста тұрыс жоқ, сақадай сайланған патруль Азаттың қолын артына қайырып, сыртта тұрған Уазиктің ішіне допша атып, полиция бөлімшесіне алып келді. Көзілдірік киген жұқалтаң капитан отырған кабинетке кіргізген бойда өздері тайып тұрды. Бөлме іші көкала түтін. Сегізінші сыныпта жасырып темекі тартып жүргенде қыстық жем-шөпке жинаған бір мая шөпті өртей жаздап, басы пәлеге қалған Азат шылым көрсе аза бойы қаза болатын. Қолындағы сигаретін бипаздап отырған капитан мұның тыжырынғанын байқамады.

– Иә, жігітім, қайдағы бір жәлепті қорғаймын деп қожайыныңды ұрғаның не? Сау басыңа сақина тілеп алдың ғой.

– Сіз жала жауып тұрсыз, – деп айқай салды Азат та көпе-көрінеу әділетсіздікке шыдамай. – Сарвиноз ондай қыз емес! Ал, Кимді ұрғаным рас. Әттең, жұдырығымның қышуы қанбай қалды. Мұрнын бет қылар ма еді тағы да?

– Сен, бала, байқап сөйле! Ол – мәслихат депутаты, осы аудандағы сыйлы адам. Мандаты бар кісіні ұрып, жеткен ұшпағыңды көрейін. Әңгіме былай, әлгі оқиға жабулы күйінде қалсын. Екеуіңнің де бір-біріңе претензияларың болмаса, іс қозғалмайды. Сондықтан сен есің барда еліңді тап. Түріңе қарасам жас баласың! Қазақ болған соң, жаным ашып, айтып тұрмын! Әйтпегенде, кэпэзэға он бес тәулікке жапуып тастаушы едім. Мына қағазға қолыңды қой да, сау бол!

Екі жақты келісім туралы қағаздың өз фамилиясы тұрған тұсына автографын сүйкектетіп, тез арада босап шыққаннына сенбеген күйі Азат РОВД-ың ауласынан шығып келе жатқан бетте қарсы алдынан оң жақ бүйірінде «Полиция» деген жазуы бар ПАЗ автобусын көрді. Бетперде киген, кеудесінде үлкен әріптермен «ОМОН» деген жазуы бар жасақтар  автобустың ішінен жартылай киімшең, жартылай жалаңаш, жамылғы жабылған қыздарды түсіре бастады. Аңтарылып тұрған Азат автобустан түсіп келе жатқан Сарвинозды көріп, үстінен біреу мұздай суды төге салғандай, бір орында сілейді де қалды.


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар