Сапарбаев сапары: Қарағанды жақсы сақтанып жатыр.

Сайт Әкімшілігі - 04.10.2019431

Жұма күні Қарағанды облысына аялдаған премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бірқатар медициналық нысандарды аралап шықты. Сапарбаевқа ере келген денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов пен облыстар,  астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары дереу жиын өткізіп жіберіп, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың мәртебесін өзектендіру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізу шеңберінде сақтандыру аударымдарының уақтылы төленуін талқылап тастады.

 «Ең бастысы – халықтың мәртебесі. Бізде жақсы тәжірибе бар, алайда кемшіліктерді де жасыруға болмайды. Жыл соңына дейін мәртебесі әлі анықталмаған барлық адамдарды қамту керек. Әрбір қазақстандық бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін, әсіресе ауылдық жерлерде медициналық көмекті қалай ала алатынын білуі тиіс. Төлемдердің уақтылы жасалатынына қатысты тоқталар болсақ, бұл мәселені де шешу қажет. Салық органдары салықты және міндетті әлеуметтік төлемдерді, оның ішінде МӘМС төлеуді бақылауды және жұмысты күшейтуі тиіс. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС іске қосу бойынша тапсырмалар бар. Мерзімдер шегірілмейді.  Барлық өңірлер жыл соңына дейін дайын болуы тиіс», – деп Бердібек Сапарбаев қатқылдау сөйледі.

Дегенмен, Б.Сапарбаев медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық жоғары деп біледі.  

Ал бұл жүйенің керектігін Б. Сапарбаевқа және жиналғандарға медицина саласының ардагерлері кеңінен түсіндіріп өтті.

Мәселен, Абай Байгенжин бүй деді:  «Әлемдегі бірде-бір мемлекет, тіпті ең бай мемлекет өз азаматтарының денсаулығы үшін қаржылық жауапкершілік ауыртпалығын көтере алмайды. Біздің санамызға кеңес заманынан бері мемлекет медициналық қызметтерді төлеуге, қымбат оталарды тегін жүргізуге, дәрі-дәрмектерді тегін беруге тиіс деген пікір берік орнап қалған. МӘМС адамдарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Азаматтар өздерінің денсаулығына жауапты екенін түсінуі тиіс. МӘМС енгізу денсаулық сақтау саласын ресурстық қамтамасыз етуді айтарлықтай арттыруға, медициналық мекемелер мен қызметкерлердің экономикалық қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді, денсаулық сақтауды барынша икемді және тиімді қаржыландыруға жол ашады».  Ардагердің бұл сөзін Б.Сапарбаев бас шұлғып «рас, рас» дегендей ишара білдіріп  тыңдады.  

Жиын соңында Б. Сапарбаев медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, халықтың мәртебесін өзектендіру және халықты ақпараттандыру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Б.Сапарбаевтың  Қарағанды облысына келіп, бұл тақырыпта кеңінен сөйлеу себебі, осы өңір пилоттық режимде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді елден бұрын қолға алған. Яғни, 1 қыркүйектен бері  іске қосылды. Ал басқа өңірлер Қарағанды салған соқпақпен 2020 жылдың 1 қаңтарында жүре бастамақ. 

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар