Жамбыл үшін «құрметті азамат» атағынан бас тартты

Нұрболат Әлдибек - 04.10.20193031

Әдетте, бәрі жамырай қол көтеріп, бір-бірінен аумайтын сценариймен өтетін Тараз қалалық мәслихатының бүгінгі кезекті сессиясында мәдениет қайраткері, өңірге белгілі азамат Әлібек ӘМЗЕЕВ «Тараз қаласының құрметті азаматы» атағынан бас тартып, төсбелгісі мен құжаттарын Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВТІҢ қолына ұстатты.

Сессияда сөз алған Әлібек Әмзеұлы:

- Жыл басынан бері әлеуметтік желіде, баспасөз беттері Жамбыл Жабаевтың ескерткіші туралы дау қуған сөздерге тола. Біріншіден, Жамбыл Жабаевтың ескерткішін облыс әкімдігінің алдына қою туралы сөз дұрыс емес. Біз осы қателігімізді қателікпен жөндегіміз келетіні неліктен? Жамбыл ескерткішін жарамсыз дегендеріңізге жылдан асты. Содан бері неге реставрациялық жұмыстар атқарылмады? Қалың ел шу көтергенде ғана Жамбыл ескерткіші естеріңізге түскен жоқ па? Қазіргі облыс әкімдігінің алдындағы плагиаттарыңызды қорғап, оны Жамбылдың шөбересіне көрсетіп мақтанған жоқсыздар ма? Облыс әкімдігінің алдында тұрған бұл ескерткіш өнер туындысы емес, бұл ұрлық дүние. Оны қорғағандар да заң алдында жауап берулері тиіс. Өйткені, олар ұрлыққа жол ашып, жағдай жасағандар. Хәкімжан Наурызбаевтың еңбегі мемлекет қорғауындағы дүние.

Әмзеев бұдан ары Тараз қаласындағы Жамбыл ескерткішіне қатысты әкімдік пен жергілікті азаматтар арасында болған келіспеушіліктер жайын айтты.

- «Жамбыл базардың жолайрығында қала бере ме?» депсің жауап хатыңда. Жиырма миллион халқы бар Мысыр елінің астанасы Каирдегі үлкен төрт көшенің қиылысында ат үстіндегі Кемал Ататүріктің ескерткіші бар. Оған ешкім көзін алартып отырған жоқ. Ал сендер ескерткішті емес, сол жолайрық санап отырған жерге көз тігіп отырсыңдар? Біле білсеңдер ол жолайрық емес, Жамбыл алаңы. Оның құжаттары бар қолымызда. Ол туралы қаулының шешімі білмесеңіздер айтайын, 1963-ші жылы шыққан, - деп бір тоқтады.

Ол бұдан кейінгі сөзін қаладағы қазақтың белгілі тұлғаларының ескерткішіне деген немқұрайдылық туралы сөйлей келіп, «Келесі кезек кімдікі, Бәйдібек баба ма?» деп тоқтады. Сосын, «құрметті азамат» атағынан не үшін бас тартқанын айтты.

- Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев және депутаттар! Сіздер Тараз қаласының тарихына Төле бидің жағасына жармасқан, Жамбылды сақалынан сүйреген, Қайрат пен Ғазизды қорлауға қолдау көрсетіп, қол көтеріп, осындай күнәлі істерге жол бергендер есебінде тарихта қалатын болдыңыздар. Ал мен осы оқиғаларға куә болғаныма өкінемін. Айналамызда осындай жағдайлар болып жатқанда маған берілген «Тараз қаласының құрметті азаматы» деген атақтарынан бас тарту туралы шешімге келдім, - деп Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеевтің алдына «Құрметті азамат» төсбелгісі мен құжаттарын қойды да, есіктен шығып кетті. 

Әлібек Әмзеұлының осы айтқандарын Тараз қалалық мәслихатының сессиясына қатысушылар бастан-аяқ демдерін ішке тартып, үнсіз тыңдап отырды. Тек Ә.Әмзеұлы сөзін аяқтап, құжаттарын стол үстіне қойып сыртқа қарай беттегенде Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев: «Әлібек аға, біз сізді тыңдадық, енді жауап берейік» дегенімен, тыңдаған жоқ. Өз кезегінде Қ.Досаев:

- Осы кісіні түсінбеймін. Сол ескерткіштің ашылуында «бәрі тамаша» деп құттықтау сөз сөйлейді де, арада біраз уақыт өткеннен кейін әлде жеке көзқарасы, әлде саясаттағы пікірі өзгеріп, мұнда келіп бізді сыбайды. Айтқыш екен, сол кезде мақтамай, ашығын айтпай ма? - деп жауап қатты.   

Ал Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев «Тараз қаласының құрметті азаматы» атағынан бас тартқан Әлібек Әмзеевтің әрекеті негізінде заң аясында тиісті шешім шығаратын боламыз деді.

Осылайша, Әлібек Әмзеұлы «Тараз қаласының құрметті азаматы» атағын керек қылмай, мәслихат хатшысының алдына лақтырып кетсе, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Нариман Мәуленов биылдан бастап «Тараз қаласының құрметті азаматы» атағын беруді көбейту туралы сөз қозғады. «Тараз қаласында 364 мың халық тұрады, жылына 5 адамға құрмет азаматын беретін болсақ, қалған мыңдаған азаматтарға қашан кезек келеді» деп бас ауыртты. Оның бұл ұсынысы жиналғандардың күлкісін келтіріп, оған «алдымен әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы аналардың пәтер кезегін шешіп беруді көтермей ме екен?» деп күйінгендер болды.   

Еске сала кетсек, осыдан екі күн бұрын ғана облыс әкімдігі қаулы етіп, Жамбыл облыстық мәслихаты Тараз қаласының «Достық» алаңын «Нұрсұлтан Назарбаев» алаңы деп қайта атау шешімін қабылдаған болатын. Бұл алаңды жергілікті жұрт бейресми Бәйдібек баба алаңы деп те атайтын. Алаңда баба ескерткіші де орнатылған. «Әмзеев «ендігі кезек Бәйдібек баба ма?» дегенде осыны меңземеді ме екен? Бәйдібек бабаның өзін ысырып қойып, Назарбаевтың атын ұлықтауға құмар облыстық, қалалық әкім-қаралар Жамбыл үшін құрметті атақтан бас тартқан қайраткердің бұл әрекетінен қандай да бір қорытынды шығара қояр ма екен?


Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.