Ақын адам халық жағында болу керек

Мұхан Исахан - 05.10.20191788

Біріншіден, әрқайсымыз пікір айтуға қақылымыз. Десе де, діннің атынан дін маманы ғана ой-пікір айтуға құқылы. Әсіресе, уағыз-насихатты ислам оқу-орындарындағы "Дағуа" факультетін бітірген мамандар ғана айта алады. Олар иршад методологиясын жан-жақты меңгергендіктен, әртүрлі әлеуметтік топтың көңіл-күйіне қарай қалай уағыз айту керектігін жетік біледі. Атап айтар болсақ, уағызшы хикметут-ташриға (шариғат хикметі), сиясатул-шария (шариғаттың саясаты), қағидатул-шария (шариғат қағидаттары), хилайи-шария (даналық, тапқырлық), мақаситул-шария (шариғат мақсаттары), бәлаға (шешендік өнер) және т.б. шарттарды игеруі шарт. Яғни, жүз жерден аузыңмен құс тістеген сөзге ділмәр, қызыл сөздің кенішін қазып, құлашыңды жазып сөйлейтін шешен бол, дін маманы, оның ішінде дағуа маманы болмасаң уағыз айтуда қателікке бой алдырасың. Исламдағы осы дәстүрді ескерген ҚМДБ бірнеше жыл бұрын РАНТ-ны (республикалық ақпараттық насихат тобы) құрған болатын. РАНТ-ға мүше болу үшін дін уағызшылары арнайы аттестациядан өтеді. Және олар арнайы "Жадынама " бойынша жұмыс істейді. Егер, уағыз-насихат айту барысында бекітілген ережегеге сай емес ой-пікір айтылса, ол үшін жауапкершілікке тартылады. Осы себептен де бүгінге күнге дейін бірталай уағызшы РАНТ құрамынан шығарылды. Демек, адам өзіне беймәлім іспен шұғылданбағаны жөн. Қазақ "Дүмше молда дін бұзады" деп тегіннен тегін айтпаған.
Екіншіден, бұл мәселеге заңдық тұрғыдан қарайтын болсақ, ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңы бойынша уағыз-насихатты Әділет басқармасының тіркеуінен өткен Діни бірлестіктердің қызметкері және діни миссионер деген лицензиясы бар адам ғана айта алады. Егер, арнайы рұқсаты жоқ адам уағыз-насихат айтса, оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша айыппұл салынады. Білуімше елімізде пәтерге тығылып жиналып алып уағыз айтатын діни топтардың мүшелеріне бірнеше рет айыппұл салынды. Оның ішінде Дарын Мүбаров та бар. Яғни, бей-берекет уағыз айтудан сақтанған жөн.
Үшіншіден, қазіргі қазақ қоғамындағы күйіп тұрған тақырыптың бірі қытай қаупі десек асыра айтқандық емес. Себебі Қытай - әлемдегі алып державалардың бірі. Одан Қазақстан түгілі алпауыт ел АҚШ-тың өзі қауіптенеді. Қарыз беріп, артынан оның бодауына жер сұрайтын елден кім-кім болса да, қауіптенеді. Қала берді демографиямыз үшін де елімізден қытай зауыттарының ашылуы аса қатерлі. Осы тұрғыдан алғанда халықтың алаңдаушылығын дұрыс деп есептеймін. Бұл мәселеге эконмист, қаржыгер, саясаттанушы талдау жасаса құба-құп. Ал ақын адам халық жағында болу керек деп ойлаймын. Демек, әркім өз орнын білуі керек!

Фото: facebook.com

Жазба автордың рұсатымен жарияланды.

Мақала авторы:

Мұхан Исахан

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.