Баталов Талдықорған халқын құттықтауға келмеді

Ербол Ілияс - 05.10.20193015

 Жетісудің шенеуніктері Талдықорған қаласының кезекті туған күнін атап өтті. Жәй ғана атап өтпеді, дүркіретіп өткізді. Қала әкімі Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ пен «Nur Otan» партиясы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар САРЫБАЕВТАР таңертең ұйқыларынан тұра сала, оңға-солға бұрылмастан тура перзентханаға тартты. Дәл осы күні босанған әйелдерге бұл екі мырзаның қандай еңбек сіңіргенін білмедік. Бірақ, әкім мен билік партиясының өкілі келе жатыр дегенде он бір келіншектің толғақтары қатар келіпті. Он бір анаға алғыс айтып, денсаулық тілеп, сыйлық табыстаған сәттерін операторлар таспаға басып, фото тілшілер суретке түсіріп біте салысымен шенеуніктер перзентханадан алимент төлегісі келмейтін әкелердей атып шықты. Он бір сәбидің аттарын да тәпіштеп сұрамаған олар 10 жыл дегенде құрылысы әрең аяқталған қала сыртындағы коттедж қалашығына ойысты. Мұнда олар перзентханада төбелері көрінбеген зейнет жасынан асқан облыс әкімі А. БАТАЛОВ пен облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек КЕЛІМСЕЙТТІ күтіп алды. Сосын, бәрі бірігіп көпбалалы аналар және Ауған соғысың ардагерлеріне 100 баспананың кілтін табыстады. Әдеттегідей, қоныс тойында "Тақиялы періштенің" басты рөлінде ойнаған Әлімғазы РАЙЫМБЕКОВ ақсақал сөз сөйледі.

 Қаланың мерейтойына жергілікті ақжағалылар космонавт Айдын АЙЫМБЕТОВТІ де шақыртқан екен. Ғарышты көріп қайтан талдықорғандық азаматты осындай той-жиынға арнайы алдырту, төрінде көрнекі құралдай тұрғызып қою үйреншікті жағдайға айналған. 

Кешқұрым Жастар паркінде жалғасқан мерекелік шарада Талдықорған халқын қала күнімен құттықтауы тиіс Амандық ҒАББАСҰЛЫ келмеді. Айтпақшы, Амандық БАТАЛОВ әкімдік қызметінен кеткен соң Талдықорғанда емес, Алматы қаласында тұрғысы келетінін бұған дейін баспасөзде ашық айтқан еді. Зейнеткерлік жастағы Амандық ҒАББАСҰЛЫНДА енді әкім ретінде Талдықорған тұрғындарын құттықтай алатын мүмкіндік бола ма, болмай ма, оған енді уақыт төреші. Бұл жолы оның қала күніне келмеуін «шетел инвесторларымен жолығып, қолы босамадымен» түсіндірді.  Дегенмен, дәл осы күндері қалаға келген шетелдік инвесторларды Талдықорған күніне арналған кешкілік мерекелік шараға облыс әкімінің өзі неге бастап келмеді екен? Әлде, қарапайым қала тұрғындарын шетелдік иневесторларға көрсетуге қысылды ма?

 Жалпы, мерекеге орай безендірілген сахна, паркте жағалай қойылған көрме шетелдіктерді  тәнті етердей еді. Танымал әншілер Маржан Арапбаева, Меломен тобы, Арман Қоңыр мен Аша Матайлар да шетелдіктерге қазақи эстраданы таныстырып жіберер еді.  Мерекелік отшашу да біздерді бәрі бар деген мырзалықты кеңінен көрсетіп, инвестордың сенім арттыратын еді. Амал не, Амандық ҒАББАСҰЛЫ олармен оңашада, халықтың қатысуынсыз жолығуды жөн көріпті.

Жалпы, қандай ел, мемлекет, аймақ, өңірге инвестор келер кезде сол ортаның, сол жердің билігі халықтың алдында қаншалықты ашық, қаншалықты есеп береді деген мәселеге жете мән береді. Өйткені ашықтық, көпшілік алдында есеп болмаса, онда билік пен халық арасында сенімсіздік орнайды. Ал сенім жоқ жерде инвестор жобасы да, тәуір бастама да дамымайды. Осы қарапайым қағиданы қаперге алып, шетел инвесторларына айқара құшағын ашқандай боп жатқан Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласының әкімі мен оның баспасөз қызметінен мерейтойға кеткен қаржы көлемін сұраған едік. Міне, бүгін екінші күн өтіп барады, қала әкімі мен баспасөз қызметі ұрлық істегендей үн шығармай отыр.

Мақала авторы:

Ербол Ілияс

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар