Қоғамдық қабылдау және уәдеге тойған астаналықтар

Мадияр Төлеуов - 07.10.2019699

Нұр-Сұлтан қаласы, Сарыарқа ауданында "Нұр Отан" партиясы қалалық филиалының қоғамдық қабылдауы өтті. Тұрғындар аудан әкімі Ерғали ЕГЕМБЕРДІ мен партияның қалалық филиалы төрағасының орынбасары Марат ШҰҢҒИЛШИНГЕ және бөлім басшыларына мәселелерін айтып, сұрақтарын қойды. Қабылдауға келген елуге жуық тұрғындардың көбі шешілмей жатқан жайттарды бөлім басшыларынан бұрын әкімнің өзіне тікелей айтуды жөн көрген. Сол себепті де әкім отырған жерде ұзын-сонар кезек болды. Дегенмен көпшілік қабылдауды бұрынғы ресми түрде өткізілетін "ашық есік" күндерінен айырмасы жоқ деп ұққан сыңайлы. Көктал ауылы, Тастақ көшесінің тұрғыны, зейнеткер Жеңіс ЖАНАЕВ әкіммен тілдесуінен соң бізге сұхбат берген болатын:

«Көшемізде беті ашық жатқан құдықтар көп. Балалар түсіп кетер деп қорқарымыз белгілі ғой. Үйіме жақын тұстағы жабусыз екі құдықтық ауызын өзім таспен бекітіп қойдым. Одан соң көше бойына жарықшамдар орнатылмаған. Толықтай қамты демейміз, ең болмаса үш жеріне ғана орнатып берсе болды. Қыста балалар мектептен қайтарда қиын. Бұл мәселені бұрын да айттым. Шешеміз деп сол күйі қалған. Бүгін де шешеміз ата, уайымдамаңыз деп жіберді. Бірақ күдігім басым» , - дейді ақсақал.

Қабылдау кезінде тағы бір қызықты жайттың куәсі болдық. Полиция департаментіне мәселесін айтып барған анадан сұхбат беруін өтінгенімізде «Жас АЛАШ» ылғи жамандап жазады, басым бәлеге қалар жайым жоқ» деп бетімізді қайтарды. Айналасы бір сағатқа толмайтын уақыттың арасында қабылдауға келген адамдар саябырсып қалды. Ал Күршім көшесінің тұрғыны Жәрдембек САЙЛАУХАНҰЛЫ әкімдер шеттегі ауылдарға мүлдем көңіл бөлгісі келмейтінін айтып отыр:

«Күршім көшесі 2012 жылы атау алып, құрылған. Жол салынбаған соң тұрғындар ақша жинап, өзіміз жол төсеттік. Көшемен автобус қатынайды, дегенмен аялдама жоқ. Қыста, жауынды күні балалар тоңып, автобус күтуге мәжбүр. Бізге шығындалып жақсы аялдама орнатсын демейміз, тек төбесі жабылған шағын аялдама болса да жарар еді. Көшеде арғы бетке өтетін арнайы жолақтар жоқ. Соның кесірінен адам қағып кететін апатты жағдайлар тиылмай тұр. Былтыр Сарыарқа ауданының әкімі Арман АЛАШҰЛЫ деген азамат болған. Ол кісі сауалыма арнайы хат арқылы жауап қайтарған. Көшеге жарықшамдар орнатамыз, тіпті бағдаршам қоямыз деген. Бағдаршамының қажеті жоқ, жарықшамдарын әкеліп орнатты. Сенсеңіздер сол, екі күн тұрған шамдарды шешіп алып кетті. Бұлайша әкімдер кімді алдайды. Жаңа әкіммен сөйлестім. Мәселемді айтсам, биылғы жоспарда жоқ, келесі жылғы жоспарға енгіземіз деп жіберді. Уәделерін неше мәрте алғанымызды білмеймін» , - дейді азамат.

 Қабылдауды ұйымдастырған "Нұр Отан" партиясының өкілдері болса "Халықпен тығыз байланыс орнату үшін қоғамдық қабылдауларды екі ай сайын ұйымдастырып тұрамыз. Барлық мәселелер кезегімен шешіледі" деп отыр.


Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Мадияр Төлеуов

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.