Жаңатастың астындағы кен орны 110 шақырымға созылып жатыр

Нұрболат Әлдибек - 15.09.2019212

Жаңатастың астындағы кен орны 110 шақырымға созылып жатыр

Қала мәртебесін алғанына жарты ғасыр толып отырған Жаңатастың дүрілдеп, бұл шаһарға сырттан қоныс аударушылардың көп келгені, тұрғындары үдере көшіп, иесіз қалған жұртқа ұқсаған кездерді де бастан өткергені белгілі.

Өткенге шегініс жасасақ, шағын қаланың шежіресі  1964 жылдан бастау алады. Сол жылы бұрынғы  Бүркітті қыстағының аумағында «Жаңатас» кеніші ашылып, оны өндірістік тұрғыдан игеруге басымдық беріледі.  Осылайша қарт Қаратау қойнауында қауырт жұмыс қарқын алады.  Кен қазумен  қатар кент құрылысы да қатар дамиды. Жаңатас кенді алабы Бүкілодақтық құрылыс алаңы деп жарияланады. Жұдырықтай жұмылған жерде жұмыс өнімді болмай ма? Аз ғана уақыттың ішінде әлеуметтік нысандар бірінен кейін бірі бой көтеріп, халық саны да едеуір артып шыға келді. Ал 1969 жылы 25 маусымда Жаңатас поселкасына қала мәртебесінің берілгендігі жөнінде Жарлық шықты.

Жаңатастың 50 жылдық мерекесіне жиылған көпшілік алдымен «Еңбек Ерлері» аллеясында болып, бокс мектебі жанынан жасалған «Street Workout» алаңшасындағы спортшылардың қойылымдарын тамашалады. Мұнан соң «Ұрпақтар» аллеясын аралап, жаңадан салынған баскетбол алаңында өтетін  жарыстың ашылу салтанатына қатысты. Аудандық мәдениет үйінің алдындағы алаңшада қойылған қолөнер және сурет көрмелері, кітаптар инсталляциясы, «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің таныстырылымы  шараның шырайын арттыра түсті.

Келесі кезекте Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек құттықтау сөз сөйлеп, шаһардың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтарды сахна төріне шақырып, сый-құрмет көрсетті. Ал кешкісін қаланың  орталық алаңында «Жаңатас – орындалған армандар қаласы» атты мерекелік  композиция қойылып, отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Тамаша думан ғаламат отшашумен өз мәресіне жетті.

Бұл тойдан біз не түйдік? Халқымыздың «Елу-ердің жасы» деген тағы бір тәмсілі ойға оралды. Жалындаған жиырмасында жадап-жүдесе де жасымаған Жаңатас отызында оңалып, қырқында қайраттанып, елудің белесіне еңсесі тік қалпында жетті! Бұл мереке еңбек пен ерік-жігер тізе қосқан жерде еңсерілмейтін қиындық болмайтынын түйсіндіргендей.

Жалпы, Жаңатастың астындағы кен орны 110 шақырымға созылып жатыр. Ресейдегі дәл осындай кен орнының фосфоры таусылуға жақын. Ал, Жаңатастың астында, яғни, осы өңірдегі Созақ, Сарысу, Таластың топырағында 13 млрд тонна фосфор қоры жатыр екен. Миллион емес, миллиард... Қазір фосфор пайдаланбайтын сала кемде-кем. Лайым, осы байлық елдің игілігіне жарай берсін. Жарты ғасырлық мерейтойың құтты болсын, Жаңатас!

Фото: tengrinews.kz

Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.