«Масыл» аналарға үкімет ұстанымы өзгере бастады

Мадияр Төлеуов - 07.10.20191705

Көпбалалы отбасында балалардың табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ осындай бастама көтерді. 
Сөзіне сенсек, министрлік атаулы әлеуметтік көмекті беруге қатысты заңды өзгертіп, түзетпек. Сондағы басты бағыты мен ниеттері – еңбекке ынталандыру, азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алудағы ашықтық пен әділеттікті орнату. Министрлік өкілі келтірген дерекке қарағанда, атаулы әлеуметтік көмекті алатын балалардың 60 пайыздан астамы көпбалалы отбасынан  шыққан. 
«Осыған байланысты АӘК алу үшін көпбалалы отбасылар құрамындағы балаларға табысқа қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақыға ауыстыруды ұсынамыз. Бұл көпбалалы аналардың мәртебесін мойындап, олардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Көпбалалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақыны отбасы балаларының санына қарай 42500 теңгеден 73 мың теңгеге дейін сараланған АЕК-ке еселенген мөлшерде белгілеу ұсынылады», – деді Б.Нұрымбетов.
Атаулы әлеуметтік көмек шыққалы қоғамда өршіп кеткен дауды мінекей, осылай шешпек екен. Жоба мен бастама жаман емес сияқты. Естеріңізге сала кетсек, үкімет көпбалалы аналарға өздері атаулы әлеуметтік көмекті беріп алып, кейіннен оларды сотқа сүйреп, заңсыз ақша алдың деп айыптаған еді. 
Мәселен, осындай келеңсіздікті Қарағанды облысындағы Шахан елді мекенінің тұрғыны жеті баланың анасы Назгүл СӘРСЕБАЕВАҒА қатты тартты. Шахтинск қалалық сотының судьясы Сәрсенбаевтар отбасы мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек ретінде бес ай бойы алған  517 мың теңгені кері қайтарсын деген  шешім шығарған  еді. 
Алматы облысының Көксу ауданында 300-ге жуық көпбалалы ана да осындай  сергелдеңге түскен  болатын.

Билік өз қателігін кеш те болса, түсінген секілді. Бірақ, осыған дейін «масыл» атандырып, жүйкесін жұқартқан көпбала аналардан кешірім сұрай ма?

Мақала авторы:

Мадияр Төлеуов

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.