Құмарық пилоттық жобаға қатысуға құлшынып отыр

Нұрболат Әлдибек - 28.09.2019201

Үкімет отырысында қолдауға ие болып, жуық арада жүзеге асатын үй іргесіндегі жерді тиімді игеруді мақсат еткен пилоттық жобаның жемістілігіне көз жеткізу үшін Жамбыл облысының әр ауданынан бір-бір ауыл таңдалып алынғаны белгілі. Аталған жобаға Т.Рысқұлов ауданынан Құмарық ауылы іріктеліп алынды. Ал, жоба өз жемісін беріп, ауыл тұрғындарын зор табысқа кенелтетін болса, онда бірте-бірте өзге ауылдық округтердің азаматтары да осынау жобаға қатысуына жол ашылады.

Бүгінде Құмарық елдімекенінің тұрғындарына жобаның жай-жапсары, міндеті мен мақсаты, күтілетін нәтижесі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Пилоттық жоба бойынша әр жобаға 5 миллионнан – 20 миллион 200 теңгеге дейін несиеге қаржы алуға болады. Несиені өтеу мерзімі 5–7 жыл. Ал, жылдық пайыздық мөлшері небәрі 2,5 пайызды құрайды. Жоба несиесі 5 бағыт бойынша: мал шаруашылығы, бау-бақша, ауылшаруашылығы кооперативтерін құру, техникалар алып, қызмет көрсету және өзге де кәсіп түрлеріне беріледі.

Бүгінгі күнге дейін ауыл тұрғындарының тарапынан 60-қа жуық ұсыныс түскен. Дегенмен, олардың ішінде тек 16-сы ғана толықтай құжаттарын өткізіпті. Құжаттарды қабылдау мерзімі осы айдың аяғына дейін  жалғасады. Сондықтан да мамандар мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдалануға шақыруда. Жоғарыда келтірген мәліметтерді біз инвесторларға қызмет көрсету жобалық басқару және цифрландыру орталығының Т.Рысқұлов аудандық бөлімінің басшысы Ерғали Юнусовтан білдік. Ерғали Райымжанұлы одан бөлек бүгінге дейін атқарылған жұмыстарды, жоба арқылы несие алу үшін жылжымайтын заттарды кепілге қою тәртібін, жалпы жобаның жүргізілу процесін толықтай баяндап берді.

Яғни, жер табыс көзі болуы тиіс. Оның ішінде үй іргелік жер әрбір үйдің қазынасына, байлығына айналуы керек. Мәселен, осынау пилоттық жоба тек бау-бақшамен айналысатындарға ғана емес, мал асыраймын, жеке кәсіп ашамын, жалпақ тілмен айтқанда тірлік істеймін дегендерге де қол ұшын созады. Жұрттың бақытын бау-бақшадан іздеп, ауылдағы ағайынның тұрмысын көтеруді мақсат еткен жобаға жүрдім-бардым қарамау керек.

Әзірге бұл ауылдан осынау пилоттық жобаға қатысуға 36 адам өтініш білдіріп, оның 22-сі мақұлданыпты. Кешірек құлақтанған тағы 20 тұрғынның өтініші облысқа жіберіліпті. Яғни, қазірдің өзінде осынау пилоттық жобаға қатысуға бұл ауылдан 56 адам құлшынып отыр.

Фото: wikipedia.org

Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.