АҚШ мемлекеттік департаментінің терроризммен күрес өкілі Қазақстанға келді

Дерек көзі: www.azattyq.org - 08.10.2019167

АҚШ мемлекеттік департаментінің терроризмге қарсы күрес жөніндегі елшісі Нейтан Сейлс екі күндік сапармен Қазақстанға келді. Бұл туралы 7 қазанда АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Twitter желісінде хабарлады.

АҚШ мемлекеттік департаменті өткен аптада Сейлс 7-8 қазанда Нұр-Сұлтанда Қазақстан билігінің өкілдерімен кездесіп, терроризммен күрес мәселелерін талқылайтыны жайлы ақпарат таратқан. Екі тарап Сириядағы соғысқа барған қазақстандықтарды отанына қайтару мәселесін де талқылайтыны хабарланған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі келіссөзге қатысатындардың тізімі мен дискуссияның тақырыбын жариялаған жоқ.

АҚШ мемлекеттік департаментінің терроризммен күрес бюросының хабарлауынша, 7 қазанда Нейтан Сейлс Қарағандыдағы Сириядан оралған әйелдер мен балаларды оңалту орталығына барған.

Кездесу кезінде Сейлс Қазақстанның Сириядан оралғандарды қоғамға бейімдеу жұмыстарын және C5+1 форматында басқа салалар бойынша тәжірибе алмасу жолдарын, терроризм айыбымен қуғындалғандар мен сотталғандардың ісін талқылайды.

Оқи отырыңыз: С5+1. АҚШ-тың Орталық Азиядағы мүддесі қандай?

Қазақстан билігі биыл «Жусан» операциясын ұйымдастырып, Таяу Шығыстағы соғысқа барған жүздеген адамды елге әкелген. Олардың арасында 500-ден астам бала бар. Сириядан оралғандардың кейбірі қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталды. Таяу Шығыстан келген әйелдер мен балалардың көбі арнайы бейімдеу орталығына орналастырылған.

Тамызда Қырғызстанның бір топ азаматы Сирияда қалған отандастарын елге қайтаруға көмектесуге дайын екендерін айтқан. Соңғы екі айда Өзбекстан мен Тәжікстан да Таяу Шығыста қалған азаматтарын елге әкелетіндерін мәлімдеген.

С5+1 – Орталық Азиядағы бес ел (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан) және АҚШ арасындағы қарым-қатынастың форматы. Бұл формат аясында алты ел экономика, экология және қауіпсіздік бойынша мәселелерді талқылайды.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.