"ҚДТ-ны қолдады" деп айыпталған отставкадағы майор сотта жауап берді

Дерек көзі: www.azattyq.org - 08.10.2019126

8 қазанда Талдықорғанның қылмыстық істер жөніндегі сотында 68 жастағы оставкадағы ІІМ майоры Болатхан Жүнісовтің соты жалғасты. Зейнеткер биыл екінші рет істі болып жатыр. Оған Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған ҚДТ қозғалысының жұмысына араласты деген айып тағылған.

Айыпталушы Жүнісов сотта адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің, прокурор және судья Бейбіт Тұрысовтың сұрақтарына жауап берді. Жүнісов өз сөзінде Қазақстанда билік жүйесінің бейбіт жолмен президенттіктен парламенттікке өзгергенін қалайтынын айтты. Бұған қоса, айыпталушы Мұхтар Әблязовты (ҚДТ қозғалысының жетекшісі, Қазақстан билігін сынаушы экс-банкир – ред.) танымайтынын, одан ақша алмағанын, ҚДТ қозғалысына мүше еместігін жеткізді.

Жүнісов сотта 6 шілдеде ешкімді митингіге шақырмағанын айтты. Отырыс кезінде судья Бейбіт Тұрысов "Facebook парақшасында "Шал, кет!" деген лозунг жариялайтынын, "шал" деп кімді меңзейтінін сұрады. Айыпталушы "шал" деп Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты айтатынын жеткізді. Болатхан Жүнсіов шілдеден бері қамауда отыр.

Келесі сот отырысы 11 қазанда өтеді.

2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған. Осыдан кейін ұйымның жақтастары жауапқа тартыла бастаған. Кейбір заңгерлер ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп таныған сот шешімімен келіспейді.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.