Ақтөбеде "полицияға күш көрсетті" деп айыпталған тұрғынның соты басталды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 08.10.2019229

8 қазан күні Ақтөбе қалалық соты "билік өкіліне күш көрсетті" деп айыпталған Қарлығаш Асановаға қатысты қылмыстық істі қарай бастады. Ақтөбелік белсенді Қарлығаш Асанованың үстінен соңғы үш айда "заңсыз митингілерге қатысты" деп екі рет әкімшілік, бір рет қылмыстық іс қозғалған.

Тергеу материалдарына қарағанда, "2019 жылы 9 маусым күні Ақтөбе облысы әкімдігінің алдындағы алаңға ондаған адам жиналып, заңсыз митингі өткізген. Наразылық білдірушілердің арасында айыпталушы Қарлығаш Асанова да болған. Арнайы жасақ наразыларды автобусқа тией бастағанда Қарлығаш Асанова полиция подполковнигі Бақытбек Сыдықбаевтың ту сыртынан келіп, жамбасына ине тығып алған".

Сотталушы Асанова өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Айтуынша, ол 9 маусым күні облыс әкімдігінің алдындағы алаңға келіп, кезектен тыс президент сайлауына қарсылық білдірген. Сол күні полиция Қарлығаш Асанованы жиырма шақты адаммен бірге бөлімшеге алып кеткен. Кейін бірнеше сағат ұстап, түсіндіру жұмыстарынан соң босатқан.

– 10 маусым күні "заңсыз митингіге қатысты" деген айыппен менің үстімнен әкімшілік іс қозғалды. Әкімшілік сот 50500 теңге айыппұл салған. Яғни, мен бір митингі үшін осымен екінші рет істі болып отырмын. Ал қылмыстық іске қатысты айтарым, мен 9 маусым күні полиция қызметкеріне күш қолданғаным жоқ. Осының бәрі менің белсенді азаматтық позициям үшін әдейі ұйымдастырылған, – деді Асанова.

Ақтөбе облыстық соты Қарлығаш Асанова әкімшілік жауапқа биыл қыркүйек айында екінші мәрте тартылғанын хабарлады. Соттың мәліметінше, "Асанова 29 қыркүйек күні кешкілік Facebook жеке парақшасынан тікелей эфирге шығып, ақтөбеліктерді заңсыз митингіге шақырған. Сол үшін әкімшілік сот Қарлығаш Асановаға 126 250 теңге айыппұл салған".

Қарлығаш Асанованың үстінен қозғалған үшінші іске (бұл жолы қылмыстық іс – ред) куә ретінде шақырылған полиция қызметкерлері сот залында оны жыға тани алмады. Куәгерлердің бірінің сөзінше, наразыларды ұстау кезінде подполковник Сыдықбаевтың даусы қатты шығып, кейін жамбасын сипалап, бір әйелдің соңынан қуа жөнелгенін көрген. Бірақ куәгерлер "билік өкіліне күш қолданған" әйел Асанова екеніне аса сенімді емес.

Жәбірленуші Сыдықбаевтың өзі сот отырысына келмеді. Судья Ербол Әбдіхалықовтың сөзіне қарағанда, подполковник қызмет бабымен басқа өңірге көшіп кеткен.

Келесі отырыс 15 қазанда өтеді.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.