АҚШ "Шыңжаңдағы қуғынға қатысы бар" қытайлық шенеуніктерге визалық шектеу қойды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 09.10.201990

АҚШ мемлекеттік департаменті “Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және өзге де аз ұлт өкілдерінің қысымға ұшырауына кінәлі" деп танылған Қытай үкіметі мен коммунистік партия өкілдеріне визалық шектеу қойды. Бұл шектеу шенеуніктердің отбасы мүшелеріне де қатысты.

"Қытай үкіметі ұйғырлар, этникалық қазақтар, қырғыздар және өзге де мұсылман өкілдерін қудалап жатыр" делінген АҚШ мемлекеттік департаментінің 8 қазанда жарық көрген мәлімдемесінде.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның айтуынша, билік аз ұлт өкілдерін ұстап, қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне жаппай қамап жатыр. Оларды бақылау камераларының көмегімен аңдып, діни наным-сенімін білдіру құқықтарын шектеп отыр. Бұған қоса, шетелде жүрген Қытай азаматтарын елге қайтуға мәжбүрлеп жатыр.

АҚШ мемлекеттік департаменті Қытайды "Шыңжаңдағы қысымды тоқтатып, қамауда отырғандарды босатуға" шақырды.

6 қазанда АҚШ "Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға атсалысқан" Қытайдың 28 компаниясына санкция салған. Қара тізімге енген компаниялар арасында Қытайдың 20 қоғамдық қауіпсіздік бюросы, видео бақылау жүргізетін Hikvision фирмасы, адам жүзін анықтау құрылғыларын дайындайтын Sense Time және Megvii Technology компаниялары бар. АҚШ санкция салған Қытай компаниялары енді Америкадан Вашингтонның рұқсатынсыз тауар сатып ала алмайды.

Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан АҚШ-тың Қытайдың 28 компаниясына салған санкциясын "басқа елдің ішкі ісіне араласу" деп айыптады.

2017 жылдың көктемінен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында этникалық азшылықтарға, соның ішінде этникалық қазақтарға да қысым көрсетіліп, "саяси лагерь" аталған жаппай қамау орындары пайда болғаны туралы хабар тарай бастаған. Қытайдан оралған этникалық қазақтар Қытайға Қазақстаннан жолаушылап барғанда қайта алмай, кейбірі саяси лагерьге алып кеткені жайлы шағымданған.

Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

АҚШ пен Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын "аз ұлттардың мәдениеті мен дінін жою амалы" деп атады. Қыркүйек айында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуінде Пекиннің этникалық ұйғырларды Қытайға қайтару туралы талабын орындамауға шақырды.

Өткен аптада Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Шыңжаңдағы лагерьде қазір қазақтар жоқ" деп мәлімдеген. Ол Қытайдағы қайта тәрбиелеу орталығында қанша қазақ отырып шыққанын ашып айтпады. Бірақ Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген Қазақстандағы "Атажұрт еріктілері" "лагерьде қазақтар қалмады" деген министр сөзін жоққа шығарады.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.