Ахметов: Мамин мырза, Елбасыға алғысымды жеткіз

Сәтжан Қасымжанұлы - 09.10.20191102

Премьер-министр Асқар МАМИННІҢ ШҚО-ға сапары барысында Семейге келуі қала тұрғындарынан бұрын облыс басшылығын қуантты. Қалаға келген ұлықтар бірден баратын "Қарағайлы" ықшамауданындағы салынып жатқан тұрғын үй нысандарын,"Абай-арена" спорт кешенін тамашалаған үкімет басшысы Семейдің ірі кәсіпорыны- "СемАЗ" зауытында болып, машина құрастыру барысымен танысқан. ҚазИГЗУ ғимаратындағы қала активіне сонда айтылған жайларды қысқаша баяндаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Асқар ҰЗАҚБАЙҰЛЫМЕН кездесуде ерекше көңілді отырды.

Премьер-министр алдында қала дамуына қатысты баяндама жасаған Семей әкімі Ермак СӘЛІМОВ сөзінің басын көзалдау қазақшамен бастап, бұған дейінгі жиында Ахметовтің тыңдалымынан өткен орыс тіліндегі баяндамасын екпіндете оқып берді. Оған Мәмин мән бермеген соң, Ахметов те елеусіз қалдырып Семейдің дамуына экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ерекше қамқорлықпен қарайтынын атап өтті. Сондай-ақ президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ бастамасымен Семей қаласын 2020-2025 жылдар аралығында дамытуға кешенді бағдарлама дайындалғанынан хабардар етті.

Жиын барысында сөз кезегі тиген шенеуніктердің бәрі де (А.Мәминмен ере келген вице-министрлер де) "елбасының қамқорлығындағы Семей" деген әдемі сөз тіркесін қайталаумен болды.

Ал басқосуды қорытындылаған Даниал Ахметов Семейді бес жыл ішінде өркендету үшін үкіметтен қомақты сома бөлініп отырғанын қуана баяндады.

«Семейдегі бүгінгі кездесуде Асқар Ұзақбайұлы қаланы дамытуға 260 млрд. теңге бөлінетінін айтты. Бұл- үлкен қаражат. Бәлкім, бес жылдағы даму барысында 300 миллиардқа да барып қалуы мүмкін. Мұндай қамқорлықты өз басым бірінші рет көріп отырмын. Қала халқының атынан елбасымызға үлкен ризашылығымызды жеткізіңіз»,-деді Ахметов қуаныштан жүзі бал-бұл жанып.

Семейді дамытуға бұған дейін де талай миллиардтар бөлінгені жергілікті жұрт жақсы біледі. Қала дамуын Қарағайлыға қарап бағалайтын Үкімет ендігі 260 млрд теңгені өзге де толып жатқан мәселенің қайсынан бастайтынын уақыт көрсетеді.


Фотоларды автор ұсынды.


Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.