Үміт апай ауылдастарына үлгі болып отыр

Нұрболат Әлдибек - 29.09.2019112

Үлгілі ауылының тұрғыны Үміт Мұқанова кәсібінен тапқан нәсібі арқылы ауылдастарына үлгі болып отыр. Жасы жетпіске келген Үміт апа бала-шағасымен бие байлап, қымыз сатуды кәсіпке айналдырған. Қырық жыл бойы ұстаз болып еңбек еткен Үміт апай зейнеткерлікке шыққаннан кейін ауылдан шағын дүкен ашып, уақыт өте келе үлкен кәсіпті қолға алыпты.

- Биыл жасым жетпіске келді, шырағым, - дейді Үміт Мұқанова бізбен әңгімесінде. - 2003 жылы зейнеткерлікке  шыққаннан кейін осы дүкенді аштым. 2015 жылы отағасы қатты ауырып, Қапшағайда әскери қызметтегі ұлымды қолыма шақырып алдым. Бірақ, ұлыма бұл жақтан жұмыс табылмай, сол жылы үйімізді кепілге қойып, «Құлан дән» деген ұйымнан 4,5 миллион теңге несие алдық. Оған 14 бас бие, 1 айғыр және 4 сиыр сатып алдық. Бірақ, бізге сиыр қолайлы болмады. Бірінен кейін бірі ауырып өлді. Дегенмен де осынау кәсіптен тапқан пайдамыз аз емес. 3 жылдың ішінде 14 биенің қымызы мен құлын-тайларын сатып, биыл ұлыма 5 миллион теңгеге үй сатып алып беріп, бөлек отау қылып шығардым. Несиемізді уақытылы жауып отырмыз. Ауылшетіндегі 4 гектар жерге жоңышқа сеуіп, оны жылына 3-4 рет орып аламыз. Малдың жемін сатып алғанымызбен, шөбінен қиналмаймыз. Реті келіп тұрғанда айтарым, мүмкін болса жергілікті билік қымыз қабылдайтын арнайы орын ашса, біз сол жерге өнімімізді өткізсек деген ұсынысым бар. Қымыз сатудың машақатынан соң биыл құлындарды ертерек желіден босатуымызға тура келді.

Тірліктің көзін тауып, кәсібін дөңгелетіп, Үлгілі ауылына үлгі болып отырғандықтан шығар бүгінде Үміт апайдан ақыл-кеңес сұрайтындар көп екен.

- Өткенде Индира деген келіншек «сіздер несиені қалай алдыңыздар, оның пайызы қандай, біз де бір кәсіп бастасақ деген ойымыз бар?» деп ақыл-кеңес сұрап келіпті. Мен оған қорықпай әрекет етуге кеңес беріп, бұл кәсіптің тиімді тұстарын айттым. Мәселен мен 4,5 миллион теңге несиені 14 пайызбен алғаныммен, оның 10 пайызын мемлекет субсидиялап, үстінен 670 мың теңге шамасында ғана қосып төлеймін. Әйтеуір, бүгінгі заманда әрекет еткен адамға Алла берекесін береді ғой қашанда, - дейді Үміт апай.

Бүгінде үй іргесіндегі алақандай жерден кейбір отбасылар жылына миллион теңге табыс тауып отырса, ал, бір шаруалар 6 гектар жерін жалға беріп қойып, жылына одан бар-жоғы 100-150 мың теңге ғана пайын алып отыр. Осы да әділдік пе? Негізі жер бос жатпай, нағыз жұмыс істейтіндерге берілуі керек қой. Яғни, жер табыс көзі болуы тиіс. Оның ішінде үй іргелік жер әрбір үйдің қазынасына, байлығына айналуы керек.

Фото: informburo.kz                                                                  

Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.