Ауылдағы ағайын бау-бақшаны байлығым деп бағалай ма?

Оралхан Дәуіт - 26.09.2019296

Біз әңгіме еткелі отырған Қасымхан Мәкенов 2007 жылы Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған азамат. Ташкент облысы, Шыназ ауданынан Жамбыл облысының Байзақ ауданына көшіп келген қандасымыз өмір бойы дәнекерлеуші болып жұмыс істегенімен, бау-бақша егіп, оның өнімін саудалау жағына да ебі бар екен.

Яғни, қанша дегенмен жерді еміп өскен өзбек ағайындардың диқаншылық қасиетін Қасымхан ағаның жастайынан қағып алып, кішкентайынан кетпен-күрек ұстап өскені көрініп тұр. Ол кісі ту тіккен Үлгілі ауылы аумағы жағынан Байзақ ауданына қарағанымен, Таразға жақын орналасқан. Содан болар ауыл адамдарының көбісі облыс орталығына қатынап жұмыс істейді. Дегенменде бұл ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігі о бастан қорасындағы малына ғана байланып қалғаны рас. Ал, үйіргелік жерлерін өңдеп, бау-бақшасын жайнатып, соның өнімін сатып, табыс тауып жатқандар сирек.

- Көршілерім негізінен малмен айналысатын болғаннан кейін бе, бау-бақшаға көп қызықпайды. Тек Маусым деген көршім ғана менің кәсібіме қызығушылық танытып, ақыл-кеңес сұрап, екі жылыжай жасап еді. Бірақ, сырқаттанып қалып, бастаған ісі тоқтап қалды, -дейді Қасымхан ағаның өзі.

Дәл қазір Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын жақсарту үшін қосалқы шаруашылықтарды қолдауға бағытталған пилоттық жоба қолға алынғаны белгілі. Енді бау-бақшасын жайнатып, оны табыс көзіне айналдырамын деген жандар болса, осы жоба көшет, тыңайтқыш, пайызы төмен несие беру, басқа да жеңілдіктер жағынан көмектеседі. Адам деген қызық қой... Жамбылда осы жобаға қатысқысы келетіндер көп-ақ. Бірақ, көбісі жақсы түсінбейді. Бұл жоба бойынша бір ғана Жамбыл ауданына 700 млн теңгедей жұмсау жоспарланса, кейбір тұрғындар «одан да сол ақшаны қолымызға санап бере салыңдар, өзіміз жұмсаймыз, өзіміз қатырамыз» дейтін көрінеді. Осыдан-ақ, біреулердің бұл жобаға өте жеңіл қарайтыны байқалады. Өзіңіз ойлаңызшы, үй іргесіндегі алақандай жерден бір отбасы жылына миллион теңге табыс тауып отыр, ал, бір шаруалар 6 гектар жерін жалға беріп қойып, жылына бар-жоғы 150 мың теңге ғана алып отыр. Осы да әділдік пе? Негізі жер бос жатпай, нағыз жұмыс істейтіндерге берілуі керек қой. Яғни, жер табыс көзі болуы тиіс. Оның ішінде үй іргелік жер әрбір үйдің қазынасынағ байлығына айналуы керек. Тіпті, мал асыраймын, жеке кәсіп ашамын дегендерге де қол ұшын созады. Бірақ, ең алдымен жобаның мақсатын түсініп алып, әрекет етейікші, ағайын. Жұрттың бақытын бау-бақшадан іздеп, ауылдағы ағайынның тұрмысын көтеруді мақсат еткен жобаға жүрдім-бардым қарамау керек.

Мәкеновтің бақшасы бос жатпайды

Үлгілі ауылындағы үйлердің жерлері кең. Көбісі әдеттегідей алма-өрік егіп тастаған. Ұят болмасын дегендей бір бұрышындағы тоқымдай жерге көк-сөк еккен сияқты болады. Жазда пісіп, аузына түскенін жейді, піспегеніне еш өкпелемейді. Алма-өрік деген жерде пырдай болып жатады. Былайша айтқанда бау-бақшаны байлығым деп санамайды. Қасымхан Мәкеновтің де жұрт қатарлы үйінің іргесінде 30 сотық жері бар. Шарбағының аяқ жағында тағы да он сотықтай жер бос жатыр екен. Соны да қосып алсам деп жүр. Біз Қасымхан ағаның ауласына кіргенде құйрықтары теңкиген он-он бес қой жайылып жүр екен. Үлкен үйден ары қарай жылыжай басталған. Бақшадағы әрбір жерді тиімді пайдаланғысы келгені көрініп тұр. Тіпті, жалғыз аяқ жолдың шетіндегі аттың тартпасындай созылып жатқан  жіңішке жердің бетін кленкамен қаптап, астына көшет егіп тастапты. Бақша да өсіріп, мал да бағып, екі кәсіпті қатар алып жүрген Қасымхан Мәкенов үй іргесіндегі жерін түгелімен жылыжай етіп қымтапты. Дәл қазір капуста мен редиска жинап жатыр екен. 

- 2008 жылы осы үйді жерімен Сүлеймен деген кісіден сатып алдым, -- дейді Қасымхан Мәкенов. - Бұл жылыжайдың түп-төркіні біздің жақтан басталған. Мамандығым дәнекерлеуші болғандықтан жас кезімде Шыназдағы ағайындарға талай рет жылыжай жасап бердім. Ол жақтағылар диқаншылықты қырым татарларынан үйренген. Осылайша, 2009 жылы үйіргесіне азын-аулақ бау-бақша ектім. Нәтижесі жаман болған жоқ. Содан кейін осы жылыжайға әрекететтік. Оны өз қолыммен жасап, оған қызанақ пен қияр ектім. Өткен жылы Байзақ аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің қолдауымен төменпайызбен 3 миллион теңгенесиеалып, тағы да жылыжайжасадым. Жерімізқұнарлы, ағын судан ешқандай мәселе жоқ. Оның үстіне мен тамшылатып суғаруды алғашқылардың бірі болып қолға алғанмын. Ал түскен өнімді Тараз қаласындағы базарға апарып, көтермесінен өткіземіз. Енді, Алла қаласа, үйге газ кіргізсем деген жоспарым бар. Оған ауыл әкімі көмектесеміз деп отыр. Егер газ кіргізсек, жылыжайдан жылына 4 рет өнім алуға мүмкіндік туар еді.

Қасымхан ағаның бұл кәсібіне баласы Алаухан мен келіні көмектесіп жүр. Алаухан о баста әскери салада еңбек еткен екен. Бірақ, жалақысы аз болғандықтан жұмыстан шығып кетіпті. «Қазір осынау бақшамыздан түсетін табыс отбасымызды асырауға молынан жетеді. Алған несиемізді уақтылы қиналмай төлеп тұрмыз. Тұрмысымызға қажетті бүкіл керек-жарағымызды осы үй іргеміздегі бау-бақшадан айырып отырмыз. Енді несиемізді төлеп құтылсақ, табысымыз тіптен арта түсер еді» дейді Алаухан ағынан жарылып.

Бұл отбасы қазір жылыжайдан жылына үш мәрте өнім алып отыр. Ерте көктемде капуста егіп, оны мамырда жинап алады. Орнына қайтадан қызанақ пен қияр егіп тастайды. Тамызда одан да өнім алып, жерге қайтадан редиска мен капуста егіп, соңғы өнімді қараша айында жинап алады. Міне, әкелі-балалы Мәкеновтер ешкімге алақан жаймастан, ешкімге кіріптар болмастан еңбекқорлық пен қанағаттың арқасында алақандай жерден бүкіл әулетті асырайтын табысқа кенелуде.

Иә, Үлгілі ауылындағы осынау берекелі тірліктер басқаларға үлгі болса, қанеки. Әл-әзірге бұл ауылдан пилоттық жобаға қатысуға 45 адам өтініш білдіріпті. Осының өзі де үлкен қуаныш.

Фото: kerek-info.kz


Мақала авторы:

Оралхан Дәуіт

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.