Жамбылда 102 қызметінің өкілдеріне 102 автокөлік берілді

Нұрболат Әлдибек - 20.09.201925

Жамбыл облыстық ішкі істер Департаментінің басшысы Арман Оразалиев жыл басынан бері сегіз айда жалпы қылмыстардың 12 пайызға төмендеуіне қол жеткізгендерін айтты. Яғни, өңірімізде былтыр осы мерзімде 6464 қылмыс дерегі тіркелсе, биыл 5680-ге дейін қысқарыпты. Нәтижесінде кісі өлтіру, тонау, қарақшылық шабуыл, алаяқтық, бұзақылық, ұрлық, оның ішінде мал ұрлығы және ұялы телефон мен пәтер ұрлығының саны азайыпты.

Тиісінше, облыс орталығында жаяу патрульдер саны артып, бейнебақылау жүйесі кеңейтілуде екен.

Өз сөзінде Арман Оразалиев: «Қолайсыз аудандарда тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Алдын алу шараларының нәтижесінде қоғамдық орындарда және көшелерде жасалатын қылмыстар саны айтарлықтай қысқарды»,- деді.

Есірткі қылмысына қарсы күреске келетін болсақ, сегіз айда өңірімізде заңсыз айналымнан екі тоннадан астам түрлі есірткі заттары, алты келіден астам героин және 115 келіден астам гашиш есірткі заттары тәркіленген. Сондай-ақ, синтетикалық есірткінің таралуына байланысты жарнама жасаған 19 сайт анықталған.
Полиция департаментінің бастығы сонымен қатар «Жолдағы қабылдау», «Ауладағы қабылдау» акциялары шеңберінде азаматтармен кездесулер, мекемелер мен кәсіпорындардың ұжымдарымен кездесулер және фронт-кеңселерде жеке қабылдаулар жалғасатынын атап өтті.

Өз кезегінде Тараз қаласының тұрғыны Бекболат Сейдахметов есімді ақсақал А.Асқаров көшесі бойында орналасқан орталық базарға жақын жолға бағдаршам орнатуды айтса, «Шалғай Қарасу» ықшам ауданының тұрғыны Әйгерім Жалабай балалар алаңқайларының маңында жиі кездестіруге болатын қаңғыбас иттерге қатысты шара қолдануды сұрады.

Бұл күні Тараз қаласының орталық алаңында Арман Оразалиев облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековпен бірге патрульдік полиция қызметкерлеріне жаңа автокөліктердің кілтін табыс етті. жамбылдық полицейлерге құқық бұзушыларды іздеу және құрықтау бойынша заманауи жабдықтармен жабдықталған 102 автокөлік табыс етілді. Осы орайда айта кетерлігі, биылғы шілде айында да 131 автокөлік учаскелік инспекторларға берілген болатын. Ал 2020 жылы әрбір учаскелік полиция инспекторларын қызметтік көлікпен қамтамасыз ету қарастырылып отыр екен. Бұл ең алдымен облыстың шалғай ауылдарындағы криминогендік жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретін болады.

Арман Оразалиев патрульдік полиция қызметкерлеріне өз әріптестері А.Есенов пен Қ.Әбсаттаровтан үлгі алу қажеттігін айтты. Аталған екі полиция қызметкері осы жылдың сегіз айында 1,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық дерегін анықтаған.

«Кез келген, тіпті қоғамдық тәртіп пен тазалықтың ең ұсақ құқық бұзушылық деректеріне қатысты жаза қарастырылуы керек, себебі, тек осылай нөлдік төзімділік әдісімен біз өз өмірімізді жақсарта аламыз», - дейді Жамбыл облысының бас полицейі.

Фото: 24.kz

Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.