Жаңаөзен жұмысшылары: "Кәсіподақ құрғанымыз үшін қудаландық"

Дерек көзі: www.azattyq.org - 09.10.2019209

Бүгін, 9 қазанда "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамына қарайтын "Кезби" мердігер компаниясының вахта ауысымына шыққан жүзден астам жұмысшысы Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына жиналды. Олар компанияда "жұмысшылар құқығын қорғайтын кәсіподақ құрғаны үшін қудаланып жатқанына" шағымданды. "Жұмыс беруші компания жұмысшылардың құқықтарын таптайды, себептен-себепсіз жұмыстан шығарады" дейді олар.

Наразы жұмысшылар Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровтың бұл іске араласуын талап етті. Бірақ жұмысшылар алдына әкім емес, оның орынбасары Ғалым Байжанов шықты. Өздерінің әкімге үшінші рет келіп отырғанын айтқан жұмысшылар әкім өтінішімізге құлақ аспады деп ашуланды.

- Халық үшін тағайындалды емес пе? Халық екі рет келді, неге тыңдамайды? Әкімді көрейік, мұң-мұқтажымызды тыңдасын. Менің өміріме де қауіп төніп тұр. Жұмыс беруші жұмысшыларға қысым көрсетіп жатыр. Кәсіподақ жұмысына заңсыз араласып отыр. Оларды қорқытып, арыз жаздырып, бригадаға барып, қорқытып жүр. Жеке меншік мекемеміз дейді. Сонда халық жеке меншік пе? Адам құрлы көріп отырған жоқ, - деді кәсіподақ төрағасы Азамат Жапаров.

Ғалым Байжанов жұмысшылардың шағымын еңбек инспекциясына жібергенін, оны қарау үшін 1-2 ай уақыт қажет екенін айтты. Ол мәселені білмей жатып "нәтиже жоқ" деп қысқа қайыра салуға болмайтынын, жұмысшылардың мәселесін шешу үшін жұмыс атқарылып жатқанын алға тартты. Ал жұмысшылар "өтінішіміз қаралғанша жұмыссыз қаламыз" деп арыз-шағымдардың баяу қаралатынын сынады.

Ғалым Байжанов жұмысшыларды "Кезби" компаниясының кеңсесіне барып, мәселені сол жақта талқылауды ұсынып еді, наразылар "жұмыс беруші осы жаққа келсін" деп келіспеді.

Компания жұмысшысы Азамат Жапаровтың айтуынша, кейінірек жұмыс берушілер әкімдікке келіп, үш тарап болып мәселені талқылаған. Бірақ ортақ мәмілеге келе алмаған.

Жиыннан соң кәсіподақтарын қорғауға тырысқан жұмысшылар әкімдік алдында тұрып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, көмек сұрады.

"Біз, "Кезби" жұмысшылары, әріптестік әлеуметтікті нығайту мақсатында алғашқы кәсіподақ ұйымын ашқан болатынбыз. Алайда бізге жұмыс беруші тарапынан түрлі қысым көрсетіліп жатыр. Атап айтсақ, кәсіподақ мүшелерін кәсіподақтан қоқан-лоқы көрсетіп, шығарады. Кәсіподақ төрағасының өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге барып жатыр. Мекеменің жоғары лауызымды басшылары қарапайым халықты кәсіподақтан шығуға үгіттеп жатыр" деді үндеуді оқыған "Кезби" жұмысшыларының бірі Айберген Аққозиев.

Жұмысшылар тәуелсіз кәсіподақсыз жұмысшылар құқығы мен олардың еңбек жағдайын жақсарту мүмкін емес екенін, оны сақтап қалу өте маңызды екенін айтты.

Азаттық тілшісі "Кезби" мекемесінің кеңсесіне хабарласты. Есімін Мергүл деп таныстырған компанияның Ақтаудағы бас кеңсесінің қызметкері 9 қазанда кешке жақын "кеңседе заңгер жоғын, ертең хабарласуды" өтінді. Ол жұмысшылардың шағымына байланысты жауап бере алмайтынын жеткізді.

"Бұған дейін жұмысшылар қысым жайлы шағымданып па еді?" деген сұраққа ол "жоқ, ондай шағым болған жоқ" деп жауап берді. Компанияның техникалық директоры Нұрлан Кезбаевтың қол телефонына бірнеше рет хабарласқан Азаттық тілшісі жауап ала алмады.

"Кезби" компаниясы жұмысшыларының кәсіподағы ресми түрде 2019 жылы 25 шілдеде тіркелген. Ол Жаңаөзен қаласындағы "Ынтымақ" салалық кәсіподағының құрамына енген. Кәсіподаққа 600-ден астам жұмысшы мүше.

"Кезби" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1992 жылы құрылған. Ол Маңғыстау облысындағы мұнай компанияларына ұңғымаларды жөндеу бойынша қызмет көрсетеді.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.