ҰҚК мен сот Сыроежкин үкімі жайлы ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасамай отыр

Дерек көзі: www.azattyq.org - 09.10.201999

Қазақстан сот органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті «мемлекеттік құпияны ашты» деп айыпталып ұсталған ғалым-қытайтанушы Константин Сыроежкинге «сот үкімі шықты» деген ақпаратқа қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жасамай отыр.

Liberty құқық қорғау ұйымының жетекшісі Ғалым Ағелеуов 9 қазанда Facebook парақшасында Сыроежкиннің 10 жылға сотталып, азаматтықтан айырылғанын жазды. Ағелеуовтің сөзінше, Сыроежкин ісін Алматы соты қараған.

Азаттық сот актілерінің онлайн-базасын іске қатысты ақпарат таппады.

Қазақстандық адам құқығы бюросының директоры Евгений Жовтис Азаттыққа өзінің дереккөздерінен екі күн бұрын Сыроежкинге үкім шыққанын естігенін айтты. Жовтис «істе мемлекеттік құпия болғандықтан сот жабық өткен болар» деп есептейді.

Қазақстан әскери соты мен Нұр-Сұлтан қаласының соты Азаттыққа істі қарамағандарын жеткізді. Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің өкілі Азаттыққа бұл ақпаратты растамап я жоққа шығармады. Ол бұл істе мемлекеттік құпия барын, сондықтан қандай да бір ақпарат бере алмайтынын жеткізді.

ҰҚК баспасөз қызметі «Сыроежкин ісіне қатысты ресми ақпарат 9 қазан кешкісін сайтқа жариялануы мүмкін» деген. Бірақ кейін «ақпарат 10 қазан түске таман шығып қалар» деді.

Константин Сыроежкин ісі жайлы ақпараттың көбі құпия. Оның ақпан айында ұсталғаны тек мамырда белгілі болды. ҰҚК «Сыроежкин мемлекеттік құпияны ашты деген айыппен 19 ақпаннан бері қамауда отырғанын» хабарлады. Сол кезде Сыроежкин азаматтығына қатысты да сұрақтар туындаған. Бірақ ресми органдар оның ісі жайлы жеткілікті ақпарат бермеген.

Америкалық Wall Street Journal газеті 10 шілдеде дереккөздеріне сілтеме жасап, «Сыроежкин ақшалай сыйақыға Қытайға құпия құжаттарды сатуы мүмкін» деген ақпарат таратқан. Wall Street Journal Қытай билігінің Сыроежкин ісін «жоқтан бар жасау» деп сипаттағанын ескерткен. Басылым Сыроежкиннің елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр болып тұрғанда оның кеңесшісі болғанына назар аударған.

Мамырда қазақстандық бірнеше ғалым Тоқаевқа қайырылып, бұл істі бақылауына алуды, Сыроежкинді үйқамаққа босатуды сұраған. Бірақ Тоқаевтың ғалымдар хатына жауап бергені жайлы ақпарат шықпады.

Алматыда туып-өскен 62 жастағы Константин Сыроежкин - Қазақстанда Қытай мәселелері бойынша жетекші сарапшылардың бірі. Орыс, ағылшын және қытай тілінде жарық көрген мыңнан астам мақаланың авторы. 2006 жылдан бастап Қазақстан президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері болған.

2017 жылы Қазақстан «елдің мүддесіне үлкен зиян келтіргендерді» және терроризмге араласқандарды азаматтығынан айыру туралы заң қабылдаған. Бұған дейін осы заңның аясында қандай да бір адамдардың азаматтықтан айырылғаны жайлы ақпараттар болмаған.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.