УЕФА Қазақстан футболына не үшін шүйлікті?

Ербол Ілияс - 10.10.20191043

Қазақстанның футбол біріншілігінде алдын ала келісілген матчтар болуы мүмкін. Мұндай күдікті Қазақстан футбол федерациясына Еуропа футбол қауымдастығының одағы жеткізген. ҚФФ бас хатшысы Азамат АЙТҚОЖИН премьер-лигадағы 2 матчқа қатысты күдік барын растады.

«ҚФФ-ның басшысы Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ УЕФА-дан түскен шағымға қатысты арнайы жиын өткізді. Мәселе, 1-ші және 2-лига ойындарына қатысты. Қазір, "Ақтөбе" мен "Жетісу" футбол клубтарына қатысты тексеру жүргізілді.  Одан басқа, ҚФФ премьер-лигадағы 2 ойынға күмәнмен қарап отыр. Барлық материалдар жиналып, тиісті іс жүріп жатыр», - деді Азмат Айтқожин.

Осыған дейін "Ақтөбе" кәсіпқой футбол клубының директоры Самат СМАҚОВ келісілген ойындарға қатысы бары анықталған "Ақтөбе-Жас" командасының 3 ойыншысымен қош айтысқанын хабарлаған. Артынша, тағы бірнеше футболшы командадан кеткен. Футбол ардагерінің сөзінше, келісім "Жетісу-Б" командасының капитаны мен "Ақтөбе-Жас" және "Ақтөбе-М" ойыншылары арасында болған. Ол келісімді украиналық азаматтар басқарып, бақылап отырған. Мұндай күдіктер жаздың ортасында болған. Алайда, дәлел жеткіліксіз болғандықтан істің мән-жайын айту қиын болды. Самат Смақовтың айтуынша, бұл іске байланысты қазір барлық дәлелдер бар.

Ал, белгілі спорт комментаторы әрі футбол сарапшысы Ермұхамед МӘУЛЕН Қазақстанда сатылатын және келісілетін матчтар бұрыннан болғанын айтады. Бірақ, оны дәлелдеу оңай емес. Спорт журналисі Еуропа футбол одағы Қазақстанда келісілген матчтар анықталса айппұл салуы мүмкін екенін, бірақ, бұл ел футболының имиджіне айтарлықтай нұқсан келтірмейді деп санайды.


«Ағылшын премьер-лигасынан басқасының бәрі сатылады. Мәселен, А сериясында бір жылдары  әлемнің бәрі танитын "Ювентус", италиялық саясаткер Сильвио Берлусконидің "Милан" командасы  да келісілген матчтар үшін жауапқа тартылған.Олардың жанында Қазақстандағы командалар өзара келісіп, ойынды сатпайды деп айту қиын. Күдік туғызған матчтарды айтар болсам уақыт жетпей қалады. Бізде сатылмайтын екі-ақ клуб бар. Олар - "Астана" мен "Қайрат". Қалғандары аратұра күдікті ойындар көрсетіп жатады. ҚФФ күдіктенген матчты, шамамен, мен де біліп отырмын. Жуырда ғана ойнап кеткен "Ертіс"-"Шахтер" және "Оқжетпес" пен "Тараз" арасындағы ойынды тексеруі мүмкін», - дейді футбол сарапшысы Ермұхамед Мәулен.

Қазақстан жанкүйерлерінің күдігін туғызған футбол матчтары аз емес. Солардың бірі 2011 жылы Талдықорғанда өткен "Жетісу" мен "Шахтер" командалары арасындағы ойын болатын. Ел чемпионы атанудан үмітті болған талдықорғандық команда үшін бұл ойында тең ойнап, соңғы турда жеңілмесе жеткілікті болған. Алайда, олар 0:2 есебімен өз алаңында қарағандылықтарға жол берген еді. Бұл ойын жанкүйерлер арасында үлкен күдік туғызған.

Еске салайық, Қазақстан Рахат ӘЛИЕВТІҢ бастамасымен УЕФА құрамына 2002 жылы сәуірдің 25-де мүше болды.

Фотоларды автор ұсынды.

Мақала авторы:

Ербол Ілияс

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.