WSJ: АҚШ-та Трамп адвокатына көмектескен кәсіпкерлер ұсталды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 11.10.2019196

The Wall Street Journal басылымы АҚШ-та Дональд Трамптың адвокаты Рудольф Джулианиге бұрынғы вице-президент Джо Байденге қарсы "компромат табуға көмектескен" екі кәсіпкер ұсталғанын хабарлады. Кәсіпкерлер Лев Парнас және Игорь Фруманның екеуі де бұрынғы СССР аумағында туған.

"Сайлау кампаниясын қаржыландыру ережесін бұзды" деп айыпталған екі күдікті Вирджиния штатының федералдық сотында жауап береді. Басылымның жазуынша, Парнас пен Фруман Трамптың сайлау кампаниясына 325 мың доллар бөлген дейтін ақпараттар бар.

Associated Press агенттігі бұған дейін "Трамппен және Джулианимен байланыс бар бірнеше кәсіпкер украиналық "Нафтогаз" компаниясының басшылығын ауыстыруға тырысты, Трамп одақтастарының компанияларымен келісімшарт жасатқызуға итермеледі" деп жазған. Құпия дереккөзге сүйенген агенттіктің жазуынша, бұл іске Парнас, Фруман және америкалық мұнай магнаты Гарри Сарджанттың қатысы болуы мүмкін. Парнас пен Фруман сонымен бірге Украинада Джо Байден мен оның ұлы Хантер ісін тексеруді ұйымдастыруға көмектескен көрінеді.

Джо Байден АҚШ-та келесі жылы өтетін президент сайлауында Трамптың басты қарсыласы болуы мүмкін. Демократтар Трампты саяси қарсыласын тықсыру мақсатында Украина президенті Владимир Зеленскийге қысым жасады деп айыптайды. АҚШ президенті Зеленскиймен телефонмен сөйлескен кезде Байденнің ұлы Хантердің ісін тексеріп көруді сұраған. Бұл ақпарат Трампқа импичмент жариялау процедурасын бастауға себеп болды. Трамп тағылған айыпты жоққа шығарады. Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті қысым жасамағанын айтады.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.