WSJ: АҚШ-та Трамп адвокатына көмектескен кәсіпкерлер ұсталды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 11.10.201998

The Wall Street Journal басылымы АҚШ-та Дональд Трамптың адвокаты Рудольф Джулианиге бұрынғы вице-президент Джо Байденге қарсы "компромат табуға көмектескен" екі кәсіпкер ұсталғанын хабарлады. Күдіктілер Лев Парнас және Игорь Фруманның екеуі де бұрынғы СССР аумағында туған.

"Сайлау кампаниясын қаржыландыру ережесін бұзды" деп айыпталып отырған екі күдікті Вирджиния штатының федералдық сотында жауап береді. Басылымның жазуынша, Парнас пен Фруман өткен жылы көктемде Трамптың сайлау кампаниясына 325 мың доллар бөлген-мыс.

Associated Press агенттігі бұған дейін Трамп пен Джулианимен байланыс бар бірнеше кәсіпкер украиналық "Нафтогаз" компаниясының басшылығын ауыстыруға тырысты, Трамп одақтастарының компанияларымен келісім-шарт жасатқызуға итермеледі деп жазған. Құпия дереккөзге сүйенген агенттіктің жазуынша, бұл іске Парнас, Фруман және америкалық мұнай магнаты Гарри Сарджанттың қатысы болуы мүмкін. Парнас пен Фруман сонымен бірге Украинада Джо Байден мен оның ұлы Хантерге қарсы зерттеу ұйымдастыруға көмектескен-мыс.

Джо Байден АҚШ-та келесі жылы өтетін президент сайлауында Трамптың басты қарсыласы болуы мүмкін. Демократтар Трампты "саяси қарсыласын қуғындау үшін" Украина президенті Владимир Зеленскийге қысым жасады деп айыптайды. АҚШ президенті Зеленскиймен телефонмен сөйлескен кезде Байденге қарсы қылмыстық істі қайта қозғауды сұраған-мыс. Бұл ақпарат Трампқа импичмент жариялау процедурасын бастауға себеп болды. Трамп тағылған айыпты жоққа шығарады. Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президентінің өзіне қысым жасамағанын айтады.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.